Қоғам • 16 Қараша, 2013

Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ: «Дүниедегі ең жақсы қасиеттер өз халқымның бойынан табылса деймін»

1341 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ер жасы елудің белесіне енді ғана шыққан Дәулет Тұрлыхановтың өмірдегі, спорттағы жолын қыран самғауына баласақ бек жарасар еді. Халқымыздың аймаңдай ұлы ХХ ғасырда қатарынан үш Олимпиадада олжа салған жалғыз қазақ спортшысы. Грек-рим күресінен жеті жыл бойы ешкімді бет қаратпай жеңіп, қатарынан жеті рет КСРО чемпионы атағын қанжығасына байлаған баһадүр балуан. Он жылдан астам Кеңес Одағы сияқты ұлан-байтақ елдің құрамасында болуы нағыз Қажымұқан атасына тартып туған тарландығын танытар-ды. Онымен қоймай әлем чемпионы, бірнеше дүркін Еуропа чемпионы, екі мәрте Әлем кубогының жеңімпазы, Азия ойындарының чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы болған саңлақ сайыпқыран.

Дәулеттің қайраткерлік қияларындағы самғауы да әсте пәс емес. Пешенесіне төрт мәрте Парламент депутаты болу жазылыпты. Дәулет Тұрлыханов спорт саласын басқарған жылдардың мәуелі жемістерін әлі де теріп жеп келеміз десек, ол да артық айтқандық болмас.

Дәулет жай өмірде де жомарт жүректі жайсаң азамат. Жаны сүйіп айналысқан кәсібі, соған орай Алланың берген адал нәсібі бар.

Ер жасы елудің белесіне енді ғана шыққан Дәулет Тұрлыхановтың өмірдегі, спорттағы жолын қыран самғауына баласақ бек жарасар еді. Халқымыздың аймаңдай ұлы ХХ ғасырда қатарынан үш Олимпиадада олжа салған жалғыз қазақ спортшысы. Грек-рим күресінен жеті жыл бойы ешкімді бет қаратпай жеңіп, қатарынан жеті рет КСРО чемпионы атағын қанжығасына байлаған баһадүр балуан. Он жылдан астам Кеңес Одағы сияқты ұлан-байтақ елдің құрамасында болуы нағыз Қажымұқан атасына тартып туған тарландығын танытар-ды. Онымен қоймай әлем чемпионы, бірнеше дүркін Еуропа чемпионы, екі мәрте Әлем кубогының жеңімпазы, Азия ойындарының чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы болған саңлақ сайыпқыран.

Дәулеттің қайраткерлік қияларындағы самғауы да әсте пәс емес. Пешенесіне төрт мәрте Парламент депутаты болу жазылыпты. Дәулет Тұрлыханов спорт саласын басқарған жылдардың мәуелі жемістерін әлі де теріп жеп келеміз десек, ол да артық айтқандық болмас.

Дәулет жай өмірде де жомарт жүректі жайсаң азамат. Жаны сүйіп айналысқан кәсібі, соған орай Алланың берген адал нәсібі бар.

– Дәулет, жалпы, өмірдің өзі күрес қой. Ал қазақтың мақ­танышына айналған өзіңіздей балуанның өмірі бүтіндей со­ған арналады десек те болар. Осы өмір-күрестің алғашқы қадам­дары қалай басталып еді?

– Осылай дегенде көз алды­ма Семей өңірі, Жарма ауданы, Георгиевка селосында өткен балалық шағым оралады. Ұстаздар отбасы. Әкем Болат Тұрлыханұлы денешынықтырудан, анам Мәрзия Айтбайқызы физика-математика пәнінен сабақ береді. Отбасында сегіз ұл, екі қыз болдық. Қыстың күні сабақ 8-де басталатын болса, біз одан да ерте тұрып, малды жайлап, суын, жем-шөбін беріп, сонан кейін ғана мектепке баратынбыз.

Әкем еркін күрестен секция жүргізетін. Сөйтіп, мен де еркін күреске бардым, кішкентай болсам да үлкен сыныптың балаларымен тайталасатын едім. Кейін есейе келе, алтыншы сыныпта оқып жүргенде әкем мені Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектебіне апармақшы болды. Сол кезде анамның: «Болат пен Мәрзия 10 баласын асырай алмай интернатқа беріпті деп ел сөз қылады», деп қарсылық білдіргені де есімде. Бірақ әкем тамыз айында Алматыдағы Тимирязев көшесінде орналасқан мектеп-интернатқа алып келді. Ол жерде еркін күрес жоқ екен. Әрі кешігіп келіппіз. Сол арада Касаев Марат деген жас маманға кездесіп қалып, әкем сөйлесіп, сосын бірден соның кабинетінде емтиханды өткізіп жіберді де, мені классикалық күреске қабылдатты. Сабақтың басталуына 3-4 күн қалған. Әкем: «Ал жақсы. Осында қал енді», деп мені тастап кетті. Бұл 1976 жыл болатын, мен сонда алтыншы сыныпты жаңа бітірген оқушы едім.

– Баласыз ғой. Дегенмен де, жаңа өмірге тез көндігіп, үйрен­ген шығарсыз?

– Әрине. Бұрыннан осында оқитын оқушылар келе бастады. Мектеп қабырғасындағы оқуым басталып кетті. 3 жыл оқып, сол жылдары мектеп оқушылары арасындағы КСРО чемпионатында жүлдегер болдым, 2 рет елдің спорт мектептері арасындағы жарыстарда ұттым, Бүкілодақтық жарыстарда жүлде иелендім. Оныншы сыныпта ересектер арасында «Динамо» спорт қоғамының да жарысын ұтып, спорт шебері атандым.

Үнемі жарыстарда жүргенде оқу бағдарламасынан қалып қоясың. Өз бетіңше дайындалғанмен, ол бәрібір мұғалім түсіндіргендей болмайды. Сол кезде ұстаздардың өз баласына қарағандай үлкен түсіністікпен қарағанын еш ұмытпаймын. 3-тің орнына 4, ал 4-тің орнына 5-те қойып та жіберуші еді.

– Осы мейірім мен еңбек бас­палдақтары өзіңізді Олимпия биік­теріне әкелді емес пе?

– Олимпиада ойындарына мен 3 рет қатыстым. Сеул Олим­пиадасында 74 кило салмақта 2-ші орын алдым, Барселона Олимпиадасында 82 кило салмақта қола жүлдегер болдым. Сонан кейін аға жаттықтырушы бола жүріп Атлантада 84 кило салмақ санатында 4-ші орынды қанағат тұттым. Бір өкініші, алтын бұйырмады. Соған азырақ әттеген-ай, дейміз.

– Ол әттеген-айдың да кейбір себептері жоқ емес шығар?

– Ол кезде Олимпиаданы айт­пағанда, сыртқы жарыстарға қатысатын құраманың өзіне кіру үшін көп қажыр-қайрат керек болатын. Ресей бастап, Украина, Белоруссия, Кавказ республикалары, Орта Азия республикалары бар, солардың барлығының ішінен суырылып шығуың керек. Мен КСРО чемпионатын 7 рет қатарынан ұт­тым. Ондай табыс ешкімде жоқ. Менде ғана болды.

Сеулдегі Олимпиада кезінде өте жақсы бабымда болдым. 6 кездесудің бәрінде барлық балуан­дарға дес бермей, тез-тез таза жеңіп отырдым. Ақтық бәсекедегі қарсыласым Оңтүстік Корея балуаны еді. Ол 1 ұпай ұтылыспен шыққан болатын. Сол кезде менің жанымда: «Дәулет, сен мынау корей төрінде корей балуанымен кездесіп жатырсың. Төрешілердің бәрі саған қарсы жұмыс істейді, жанкүйерлер де саған қарсы шулайды», деп айтатын жанашыр болмады. Ол кезде қазақ жаттықтырушыларын санатқа қоспайтын. Содан не керек, 2:1 есебімен ұтылып қалдым. Сол Олимпиададан кейін 3-4 ай ауырдым. Ұтып тұрған балуаным еді ғой, әттең, деп қалдым. Психологиялық күйзеліс қой, сол ойыма түссе налып ауырамын. Қазір мен халықаралық күрес федерациясының мүшесімін ғой. Сол кездесуде қандай келісім жүргенін, Оңтүстік Корея күрес федерациясы халықаралық күрес федерациясымен қандай қарым-қатынаста болғанын, кімдерге қандай сыйақы бергенін, бәрін сұрастырып білдім, соның бәрі бұл күндерде белгілі болып жатыр. Ал енді сонау финалда кез­дес­­­кен Ким Ен Наммен дос­пыз. Қазақ тілінде, орыс тілінде же­тік сөйлейді. Қазақстан-Корея бір­лескен кәсіпорнында осында қыз­мет істейді. Көбіне уақытын Ал­ма­тыда өткізеді. Отбас­ы­­мызбен ара­ласып тұрамыз.

Барселона Олимпиадасында өзімнің салмағым 72 кило болса да 82 кило салмақта күрестім. 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырап кеткен кез. Соның өзінде барлығын мәскеуліктер басқарып отырды. Бірақ мен сонда да іріктеу жарыс­тарында олардың екі мықты балуанын жеңдім. Біздің бірнеше боксшымыз Мәскеудің қысымымен Олимпиада ойындарына жіберілмей қалды. Өйткені, біз халықаралық жарыстарға ТМД құрамасы сапында бардық. Сол кезде спортты басқарып отырған Қаратай Тұрысов ағамыз: «Дәулет, еліміздің туын өзің ұста», деді. Сөйтіп, мен ең ал­ғаш тәуелсіз Қазақстанның туын спорт аренасында алып жүрдім. Ерте­ңінде жарыс... 17-ақ секунд қал­ған кезде, 2:1 есебімен ұтып тұ­рып ұтылып, 3-ші орын алып қал­дым. Қола медальға қуана тұрсам да, бұл да бір өкінішім.

Атлантада өзімнің салмағым 74 кило тартып тұрды да, Бақтияр Байсейітов деген бауырымыздың бағы жансын деген оймен 74-ке соны шығардым. Ал өзім тағы 82-де күрестім. Ол кезде аға жат­тықтырушымын, қай салмаққа кімді қоямын десем де өзім шешетін кез. Алайда, ол ұтылмайтын балуанға ұтылып қалды. Ал мен 82 кило салмақта өте қиын 7-8 кездесу өткізіп, 4-ші орынға табан тіредім. Әйтпегенде, 74-тен алып-ақ тұр едім бас бәйгені.

– Спорттағы адамгершілік қасиеттер туралы айтып отыр­сыз. Бұл күнде Атым­тай жо­­март­­­тығыңыз бен қайырым­ды­лығыңыз әмбеге аян. Ер Дәу­лет­сіз. 90-шы жылдардың басын­да Алматыда спорт сарайын сала бастадыңыз. Жап-жас кезіңіз болса да, сондай үлкен шаруаларды қол­ға алдыңыз, соған не себеп болды?

– Менің де бір кісідей жомарт­тығым бар. Бар болса – бересің, жоқ болса – бере алмасаң да, іштей ниеттес боласың. Қазақта тек деген бар, тегінде, осы қасиет аталарымның қанымен берілген шығар. Үлкен атам Қасен қажы деген, қысталаң заманда қажылыққа барған, ақылман кісі болған. Жарма ауданына қарасты Тарбағатай сілемдерінде әлі күнге дейін сары балшықтан соғылған зираты жатыр. Туған қыстағында атын байлаған тасы да әлі күнге орнында тұр. Ауық-ауық ақсақалдарды ертіп барып құран бағыштап тұрамыз. Қасен қажы баласы Тұрлыханға білім беріп, арабша-орысша сауат аштырған. Кейін келе ол кісі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған. Көкпекті және басқа аудандарда білім бөлімін басқарған. Затаевичке 13 ән жазып берген. Тұрлыхан атамды осы Алматыда мектеп директоры болып тұрған кезде 1937 жылы 27 желтоқсанда ұстаған екен. «Халық жауы» ретінде 7 жыл беріп, анау Ресейдің Екатеринбург іргесіндегі Нижний Тагиль қаласында қамауда болған. Кейінірек 1942 жылы қайтыс болыпты. Сол жерге мен осы жаздың басында барып ФСБ-ның рұқсатымен ГУЛАГ архи­­­віне кіріп, атамның бүкіл іс қаға­здарымен танысып, солардың көшір­­месін алып келдім. Қыдырбек Рыс­­бек бауырымыз атамыз туралы деректі хикаят жазып, ол кісінің шығармаларын қосып, «Қайтпас қайсар қазақпын» атты кітапты дүниеге келтірді. Жақында анамыз Мәрзия Айтбайқызы бастап Нижний Тагильге 31 адам барып, атамыздың басына құлпытас қойып қайттық.

Енді жомарттыққа келер болсақ, халқыма біраз қол ұшын бердім. Елім де мені құрметтеп, Жоғарғы Кеңестің, Мәжілістің депутаттығына түскен кезде тік тұрып қолдады. Қазір де меце­наттықтан шет емеспін. Туған күнімнің алдында да қарттар үйі, балалар үйлеріне қамқорласуға Шығысқа ұшып бара жатырмын. Бердібек Сапарбаев ағамыздың «Туған жерге тағзым» деген үлкен бағдарламасы бар. Әр өңірден шыққан спортшылар, іскер азаматтар өздері шыққан ауылына, туған жеріне бір жақсылықтар жасаса екен деген игі ниеттен туған. Мен қазір Жарма өңірінде үлкен спорт мектебін салып жатырмын. Құдай бұйыртса, 1-2 айда бітіреміз. Енді, мұқтаждарға кезінде көп көмек көрсеткен кездер болды, спортшыларға машина мінгізген жайлар бар. Чемпиондарға жеке демеушілер тауып беріп, баспана әперген кездеріміз де болды. Оның ішінде боксшылар да, балуандар да, ауыр атлетшілер де бар. Осының бәрі қазақ спортының өркендеуі үшін жасалған қамқорлықтар.

– Ал енді, спорттық биліктің басында біраз болдыңыз ғой. Сол кез туралы бірер сөз айтсаңыз?

Қазақ айтады ғой: «Тәні саудың дені сау», деп. Біз халықтың денін сауықтыруды ауруханалар мен емханалардан емес, спорт мектептерінен бастауымыз керек. Мен кезінде іс басында жүрген кезімде Премьер-Министр Даниал Ахметовке 200 ауданда бірыңғай үлгідегі спорт сарайларын салу туралы ұсыныс апарғанмын. Оны қаржыландырудың жолын да таптым. Басшылар: «иә, қараймыз», деген, сол ұсыныс қалып қойды. Себебі, іле-шала «100 аурухана, 100 мектеп» деген бағдарлама басталды. Соған осы спорт сарайларын да кіргізген жөн болар еді. Елбасының тапсырмасымен бірталай спорт кешендері салынып жатыр. Қысқы Азия ойындары өткен Спорт сарайы да, соның бәрі Мемлекет басшысының нұсқауымен іске асқан шаруалар. Президент айтпаса, ешкім қозғалмайды.

Тағы бір айтарым, бізде спорт мектептері көп. Бірақ солардың бюджеттері мүлдем мардымсыз. Ол сондағы жаттықтырушылардың алатын жалақысы, коммуналдық шығындар, салықтарға кетіп қалады. Ал балаларды облысқа, республикаға жарысқа шығаруға тиындары жоқ.

– Спорт саласындағы істі ти­ім­ді ету үшін не істеуге болады?

– Спорт саласын біз страте­гиялық бағытқа енгізуіміз керек. Бірден-бір бағыт, бұл – хал­қымыздың денсаулығы. Әнеукүні спортты басқарып отырған Ерлан Қожағапанов Парламенттің алдында: «Көп облыстарда спортты мұрнына исі бармайтын азаматтар басқарып отыр», деді. Онымен келісуге болады. Мұны енді Агенттіктің басшысы мен облыс басшысы біріге отырып шешуі мүмкін, ол, енді, өңірлерге байланысты ғой.

Менің жасағаным, әр облыс орта­лығында олимпиадашыларды даяр­лау орталығын аштырдым. Әр өңір өз мектептерінен шыққан талантты баланы сол орталыққа апарып дайындап, үйретіп, жарысқа апарады. Бұған қаражат бөлінеді. Содан кейін білім саласына қарайтын барлық спорт мектептерін спорт департаментіне бергіздім. Аудандарда жабылып қалған спорт бөлімдерін ашқыздық. Олар не үшін керек еді? 16-18 ауыл бар ғой, ауданға қарайтын. Сол ауылдардан шыққан балаларды дұрыс жолға салу керек болды. Сонан кейін республикалық спорт бюджетін көбейттірдім.

Сол бір жылдарда спорт саласына Үкіметтің көзқарасы өзгеріп, жарыстарды көбірек өткізе бастадық. Ауылдардағы спорттық шаралар, ұлттық спорт ойындарын жандандыра бастадық. Елбасының қолдауымен Қаскелең ауданында олимпиадашыларды даярлау орталығын салуға кірістік. Ол жерде 21 спорт нысаны бар. Қазір сол құрылыс та бітейін деп қалған шығар. Сосын Шучье қаласында, яғни Бурабайда қысқы спорт түрлеріне арналған үлкен кешен салынды. Алғашқы мемлекеттік бағдарламаларды қабылдадық. Спорт саласына ерекше көңіл бөлетін кезеңге сол уақыттарда жетіп едік.

– Ал енді өзіңіз, қазақ спор­тының жарық жұлдызы, бауырымыз, өткенді бағамдайтын, бо­лашақты бағдарлайтын бір бе­лес­­ке келіп қалған екенсіз. Хал­қыңызға не дейсіз?

– Жылдар оқылған парақтардай судырап, уақыт жарқ етіп өте шығады екен. Артыма бұрылып қарасам, 1996 жылы Елбасы өз қолынан Атланта Олимпиадасына баратын ел құрамасының Туын менің қолыма тапсырған еді. Ол кісінің батасын алғаннан кейін ат үстінде болып, біраз жұмыстар істедім. Парламентте және спорт билігінде жүрген кезімде өзімнің көп жігер-күшімді сол салаларға беріппін. Спортшыларымыз жеңіліп жатса, солармен бірге жеңіліп, күйініп, күйзеліп, қапаланып, ал жеңіп жатса, солармен бірге қуанышқа бөленіп, керемет күй кешетінбіз. Сөйтіп жүргенде өз балаларым да өсіп кетіпті, туған-туыстарға да бұрылуға көп мұрша бола бермепті. Қазір қолым бос, өзімнің жеке отбасылық кәсіп­терім бар. Жерге жақынмын. Егін егеміз, мал өсіреміз. «Семаз» ат­ты ауылшаруашылық саласына қа­жетті автомобиль құрастыру зауы­тын ашқанбыз. Бірнеше машина құрастырып үлгердік. Алғаш құрас­тырған тракторларымызды көп балалы отбасыларға сыйға тарттық.

Қай азаматқа да халықтың өзі баға береді. Ең жақсы тілектерді өз халқыма арнаймын. Және дүниедегі ең жақсы қасиеттер өз халқымның бойынан табылса деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.