Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Бурабайдың күзгі кештері

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғат құбылыстарын зерделеуден туған халқымыздың күнтізбесі мен өмір сүру салтында мизам шуағы деген ұғым бар. Оның дәл қай күні бас­талып, қай күні аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Әйтсе де жаймашуақ жазға бергісіз, тіпті үп еткен жел де соқпай тына қалған жанға жайлы құбылыс көп жағдайда қазанның алғашқы онкүндігіне сәйкес келіп жүргенін байқауға болады. Осы есепке сайғанда қазақ жерінің інжу-маржандарының бірі, курортты өңір – Бурабайда соңғы күндері мизам демалушылардың жүзіне кәдімгідей шуағын жүгірткеніне куә бола аламыз.

Бурабайдың күзгі кештері

Көкше еліміздің солтүстік белдеуіне біршама таяу орналасқандықтан, өзге өңірлерден демалуға келетін отан­дас­тар арасында: «Мұнда салқын мен ызғар ерте түседі» деген түсінік қа­лыптасқан. Сондықтан да олардың бір­қатары артынып-тартынып, жылы киімдерін ала келгенге ұқсайды. Де­генмен кейінгі күндері оның қажеті болмай қалып жүргені табиғат те­резесі арқылы жіберілген сый-сия­паттай көрінеді. Бурабай жыл мез­гілінің қай кезеңінде де көркін қашыр­май, ажарын жоғалтпай тұра беретін таңғажайып өңір екеніне тағы бір мәрте көзіміз жете түсті.

Бурабайдың басты емі мен шипасы көкіректі бірден ашып жіберетін саф, жұпар ауасы, самырсын мен балқарағай ағаштарынан бөлінетін өлшеусіз оттегі екені айтылып та, жазылып та жүр. Айдын көлдер мен биік шоқылар, ұзынынан көсіле жайғасқан қия құздар Көкшенің атмосфералық тепе-теңдігін сақтауға септігін ти­гізіп тұрғаны талассыз. Сірә, дана Абай «Сылдырап өңкей келісім, Тасбұлақтың суындай» деп осындай көркемдікті айтса керек. Күн еңкейген сайын Көкшенің қайталанбас көрінісі, Бурабай курорты маңайының көздің жауын алатындай сан алуан бояу­лары бұдан әрі түрленіп, көл айдындарына сұлбасын түсірген шың-құздар маңғаз кейіпке көшеді.

Көкшеде күні кеше жадыраған жаздың өткеніне Бурабай кентінің іргесінде орналасқан қайық «стансасы» куә бола алатын секілді. Олардың басы біріктіріліп, ұқыпты түрде бір бұрышқа жинақталыпты. Өткен аптада бұл ма­ңай жым-жырт, тым-тырыс күйінде күз­дің хабарын беріп тұрғандай еді. Ал бү­гінгі көрініс басқашалау. «Станса» ма­ңында қараң-құраң еткен адамдар көрінді. Көл бетінде қайықпен се­руендеушілер пайда болып, олар батар күннің шұ­­ғыласына малынып жүр­гендей әсерде қалдық. Айдынның ай­наласына әртүрлі жас шамасындағы адамдар келіп, дірілі мен толқыны жоқ ты­мық көл бетіне қызықтап қарап тұр­ды.

Бір кезде жағадағы қойтастардың арасынан ел аузында сүңгуір-шүрегей деп аталып кеткен үйрек пішіндес көл құстары барқылдап шыға келді де айдын ортасына қарай жылжи жөнелді. Бурабайдағы күзгі кештің қараңғылығы қоюлана түскенімен, батқан күннің шоқтай қызыл шапағы шатқалдың үстінде көп уақытқа дейін жоғалмай тұрып алды.

– Ертең күн тағы да жылы болады. Өйт­кені күн ұясына алаулап қызарып бат­ты ғой, – деді осы сәтте жанымдағы сері­гім мүлгіген тыныштықты тіліп тү­­сіп.

Жанға жайлы тиіп, қиялға ерік беретін Бурабайдың күзгі кештерінің көрінісі біраз уақытқа дейін көкейден кете қоймас, сірә.