Парламент • 22 Қазан, 2020

Бюджетте азаматтарды қолдауға басымдық берілді

184 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Палата Спикері Нұрлан Нығматулин кеше Мәжілістің жалпы отырысын аша келіп, алдағы Парламент сайлауына қатысты пікір білдірді және халқымыздың сайлауға қатысты жо­ғары саяси мәдениеті қалыптасқанын атап көрсетті. Ал жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары еліміздің басты қаржылық құжаттарының жобаларын мақұлдады.

Бюджетте азаматтарды қолдауға басымдық берілді

 

Қосымша қаржы пандемиямен күреске бөлінеді

Әуелі Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы қаралды. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4 трлн 770 млрд теңгені құрайды. Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің айтуынша, заң жобасында 2020 жыл бойынша осы соманы қолданыстағы кепілдендірілген трансферт туралы заңда көрсету қарастырылып отыр.

Бұдан кейін Ұлттық экономика ми­нистрі 2020 жылға арналған нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Бұл болжамды нақтылау барысында бірнеше фактор ескерілді.

Атап айтқанда, 2019 жылғы ішкі жалпы өнім бойынша өзектендірілген есептік деректер, биылғы жедел деректер, мұнай өндірудің жоспарын түзету, сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнайдың бағалануы.

«2019 жылғы өзектендірілген ішкі жалпы өнім көлемі 0,9 трлн теңгеге ар­тып, 69,5 трлн теңгені құрады. Бұл биыл­ғы болжамды есептеу базасын ұлғайт­ты. Сонымен қатар болжамда эконо­ми­ка­ның нақты секторындағы, қызмет көр­сету саласындағы үрдістері мен мұнай баға­сының конъюнктурасы ескерілді. Әлем­дік экономика өсімі Халықаралық ұйым­дардың консенсус-болжамы бойын­ша ағымдағы жылы минус 5 пайызды құ­райды. Ал 2021 жылы өседі деп күтіл­ген.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан эко­номикасының биылғы нақты өсімін минус 2,3 пайыздан минус 2 пайыз ара­лы­ғында бағалайды. Келесі жылға тұрақ­ты өсімді болжап отыр. Экономика сала­ла­рындағы үрдістерді ескере отырып, біздің бағалауымызша, 2020 жылғы нақты ішкі жалпы өнімнің өсімі минус 2,1 пайызды құрайды. 2020 жылы номиналды ішкі жалпы өнім 69,8 трлн теңге көлемінде бағаланды. Бұл бұрын нақтыланған көрсеткіштен 102 млрд теңгеге жоғары. Мұның себебі 2019 жылғы базалық көрсеткіштердің өсуімен байланысты», деді Р.Дәленов.

Министрдің келтірген деректеріне сәй­кес, экономиканың нақты секторларының сала­лары өсуі тиіс. Мәселен, жоспар бойынша құрылыс – 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы – 4,9 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 3,7 пайызға өсуі күтіледі. Алайда ведмоство басшысы пандемияға байланысты шектеу шараларының салдарынан қызмет секторының қарқыны бәсеңдеуі мүмкін екенін айтып отыр.

«Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2020 жылға арналған респуб­ликалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. «Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2020 жылы 6 трлн 539 млрд теңге көлемінде бағаланды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 4 трлн 770 млрд теңге көлемінде сақ­талады.

Республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 205 млрд тең­геге ұлғайып, 14 трлн 475 млрд теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге қатысты 3,5 пайыз деңгейінде сақталады. Ұсынылып отыр­ған параметрлер республикалық бюджет­тің тұрақтылығын қамтамасыз етеді», деді Р.Дәленов.

Бұдан кейін сөз алған Қаржы министрі Е.Жамаубаев коронавирус пандемиясына байланысты республикалық бюджеттен жұмсалатын қосымша шығындар туралы айтып берді.

«Нақтылаудың негізгі міндеті – меди­циналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету және COVID-19-дың таралу мүмкіндігінің екінші толқынына қарсы белсенді шаралар қабылдау. Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 млрд теңге сомасында қосымша шығыс қарастырылады.

Бұл қаражат мына бағыттарға жұмса­лады: карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төленеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеуге 83,2 млрд теңге жұмсалады. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін 11,7 млрд теңге сыйақы беріледі.

Әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күштік құрылымдарды әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд теңге бөлінеді», деді Е. Жамаубаев.

Осылайша республикалық бюджеттің түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн теңгеге жетпек. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 205 млрд теңгеге өсіп, 14,5 трлн теңгені құрайды.

 

Індет жағадан алғанда, инфляция аяқтан шалады

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев­тың сөзіне сүйенсек, биыл пандемияға байланысты инфляция көлемі де ұлғаяды. Әсіресе азық-түлік саласында баға өспек.

«Әлемдік қаржы және тауар нарықтары коронавирус індетінің екінші толқынына және жаңа шектеу шараларын енгізуге байланысты әлі де құбылмалы. Оған қоса АҚШ пен Қытай сауда қатынастарының нашарлауы, Америкада өтетін президенттік сайлау да қосымша фактор болып отыр.

Осыларды ескере келе, Үкімет биыл­ғы ішкі жалпы өнімнің 1 пайызға қысқа­руын ескеріп отыр. Бұл Ұлттық банктің жаңар­тылған болжамына сәйкес келеді. Ұлттық банк 2020 жылға арналған бюджеттің өлшемдерін нақтылау үшін ақша-кредит саясаты көрсеткіштерінің және төлем балансының болжамын жаңартып ұсынды.

Біздің бағалауымыз бойынша, инфляция 2020 жылдың соңына дейін 8 пайызға дейін жетеді. Жылдық инфляция ағымдағы жылғы қыркүйекте 7 пайыз болды. Бағаның өсуіне азық-түлік құнының артуы үлес қосады. Биылғы қыркүйекте баға өсімі 10,8 пайызды құрады. Оған жеткізу тізбегінің бұзылуы, шикізат өнімі­нің қымбаттауына байланысты өндіруші­лердің бағаны көтеруі әсер етті», деді Е.Досаев.

Әйтсе де, азық-түлікке жатпайтын та­уар­­лар бағасының өсімі 5,5 пайызды құра­ған. Биылғы жылдың соңына дейін ком­му­налдық қызметтер мен көлік тарифтері жос­парланған.

Бұдан кейін жалпы отырыста Ұлттық қордан 2021-2023 жылдарға арналған кепіл­дендірілген трансферт туралы мәселе қаралды.

«Заң жобасында Ұлттық қордан рес­пуб­­­ли­калық бюджетке берілетін кепілден­­дірілген трансферттің мөлшерін 2021 жылы – 2 700 млрд теңге, 2022 жылы – 2 400 млрд теңге, 2023 жылы 2 200 млрд тең­ге сомасында белгілеу көзде­леді. Сон­дай-ақ кепілдендірілген трансферт­ті пайда­ланудың нысаналы бағыты ай­қын­далды.

Ұлттық қордан кепілдендірілген транс­фертті республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағыттау ұсынылады. 2021-2023 жылдарға белгі­ленген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшерлері Ұлттық қордағы қаражаттың ішкі жалпы өнімнің 30 пайыз мөлшерінде төмендемейтін қалдық бо­йынша шарттың орындалуын қамтамасыз етеді», деді Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов.

Жалпы отырыста 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы қаралып, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Қаржы министрі Е.Жа­маубаев, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Р.Дәленовтің сөзіне сай, болжам мына факторларды ескере отырып жасалған.

«Біріншіден, 2019 жылғы ішкі жалпы өнім бойынша есептік статистикалық деректер және биылғы қаңтар-шілдедегі экономиканың даму қорытындылары. Екін­шіден, әлемдік экономиканың өсуі бо­йынша халықаралық қаржы ұйымдары­ның жаңартылған болжамдары. Корона­вирус пандемиясы аясында 2020 жылы әлемдік экономика 5 пайызға төмендеп, 2021 жылы 4,9 пайызға дейін өседі деп күті­леді. Үшіншіден, әлемдік тауар нарық­тарындағы үрдістер. Халықаралық қаржы ұйымдарының мұнай бағасы бойынша консенсус бағалауы – 2021 жылы бір барреліне 45 және 2022 жылы 55 долларды құрайды», деді Р.Дәленов.

Ведомство басшысының айтуынша, 2021 жылы мұнай өндіру 86 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі. Өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7 пайызға көтеріліп, кен өндіру өнеркәсібіне қарағанда 2,9 пайыз озық қарқынмен өспек. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында – 6,2 пайыз, саудада 5,5 пайызды құрамақ.

«Тауар экспорты 2021 жылы 41,4 млрд долларды құрап, 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтіледі. Импорт 2021 жылғы 36,3 млрд доллардан 2025 жылы 37,8 млрд долларға дейін өседі. Әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары – инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, сапалы адам капиталы және теңгерімді өңірлік даму», деді министр.

Р.Дәленовтің айтуынша, макроэко­но­микалық көрсеткіштер негізінде респуб­ликалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2021 жылы 6 трлн 926 млрд теңгені құрамақ. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 9 трлн 217 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Сондай-ақ кепілдендірілген трансферт 2021 жылы 2 трлн 700 млрд теңгеден 2023 жылы 2 трлн 200 млрд теңге көлемінде ұсынылады.

«Даму бағдарламаларын қаржылан­дыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынылады. Осылайша болжам бойынша түсімдер 2021 жылы 11,4 трлн теңге, 2022 жылы – 11,8 трлн теңге, 2023 жылы 12 трлн теңгені құрайды.

Республикалық бюджеттің шығыстары 2021 жылы – 14 трлн 049 млрд теңге, 2022 жылы – 13 трлн 873 млрд теңге, 2023 жылы 13 трлн 889 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Жалпы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақ­тылықты сақтауға және нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған», деді Р.Дәленов.

 

Тұрғындарға көмек көрсету – басты назарда

Қаржы министрі Е.Жамаубаев биылғы бюджетті жоспарлауда әлемдегі экономикалық ахуалдың нашарлауы мен қолайсыз санитарлық-эпидемиялық ахуалдың ескерілгенін атап өтті.

«Макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, 2021 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы 2021 жылы ішкі жалпы өнімнің 3,4%-нан 2023 жылы кезең-кезеңмен 2,1%-ға дейін төмендеуімен жоспарланған. Шығыстар 2021 жылы 14 трлн теңгені құрайды.

Бюджет жобасын қалыптастыру кезін­дегі басты қағидат орта мерзімді кезеңге айқындалған бағыттар мен міндеттерді, сондай-ақ қабылданған барлық әлеуметтік міндеттемелерді жүйелі түрде іске асыру болды.

Осылайша үшжылдық кезеңде әлеу­меттік саланың шығыстары – 23,4 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы ағымдағы жылмен салыстырғанда 394 млрд теңгеге ұлғайып, 7,1 трлн теңгені құрайды. Шығындардың жалпы көлеміндегі әлеуметтік саланың үлесі келесі жылы 50,4 пайызға жетеді. Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығыстар орта мерзімді кезеңде – 3,2 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы 1,7 трлн теңгені құрайды», деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне сүйен­сек, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агро­өнер­кәсіптік кешенді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалардың іс-шара­ларын қаржымен қамтамасыз ету бюджеттің басым бағыты болып қала бермек. Заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында депутаттардың ұсыныстары бойынша бірқатар түзету енгізілді.

Мәжіліс Төрағасы 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын мақұлдау барысында сөз сөйлеп, бюджетте ең алдымен, пандемия кезінде азаматтарды қолдау жағдайы ескерілгенін атап өтті.

Заң жобаларын талқылау барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар сұрақ қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин пандемия кезінде шағын және орта бизнесті қолдау қазіргі ең маңызды және ең қажетті мәселелердің бірі екенін айтты.

«Осы жолда Елбасының да, Мемлекет басшысының тапсырмасы да бар. Тиісті қаражат бюджетте қаралып отыр. Енді, ең бастысы, осы барлық қаражат қолжетімді болу керек. Ол әрине Үкіметтің, Ұлттық банктің міндеті», деді.

Сонымен бірге Палата Спикері жеңіл­де­тілген несиені жүзеге асыратын механизм де ашық және түсінікті болу керектігін, сонда ғана азаматтарымыз, шағын және орта бизнесте, осы қиын кезеңде жұмыс істей алатынын айтты.

Үшжылдық бюджет жобасын талқылау барысында депутат Ә.Бектұрғанов педагог­тердің жалақысын 25%-ға арттыру кезінде спорттық жаттықтырушы мамандар арасында олқылықтың орын алғанын айтты. Мысалы, республикалық деңгейдегі спорттық бағыттағы мұғалімдерге қосымша қаражат қаралып, ал әкімдіктер жанындағы спорттық ұйым­дардың педагогтері бұл қолдаудан тыс қалған. Жақында ғана бюджетті нақтылау кезінде осы олқылықтың орнын толтыру үшін 5 млрд теңге қаржы қаралды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы алдағы уақыт­та мұндай жағдайға жол беруге болмай­тын­дығын баса атап өтті.

Сонымен қатар бюджеттік заң жобасын талқылау барысында мемлекеттің тұрақ­ты дамуына экономикалық және әлеумет­тік ахуалға қатысты мәселелер жан-жақты қаралды. Нәтижесінде, 2021-2023 жыл­дарға арналған республикалық бюджетті мақұлдау жөніндегі қаулы қабылданды.

«Бүгінгі мақұлданған бюджет жоба­сының орны да ерекше, маңызы да өте зор. Бүкіл әлемге тараған коронавирус індеті біздің елімізде де орын алып отыр. Сондықтан алдағы үшжылдық бюджетте ең біріншіден, пандемия кезінде азаматтарды қолдау жағдайы ескерілді. Сонымен бірге жылдағы дәстүр бойынша экономиканы дамыту, әлеуметтік міндеттер, денсаулық, білім, еңбек салаларына ерекше назар аударылды. Себебі республикалық бюджетті қалыптастыру – Елбасы және Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттерді сапалы орындаудың кепілі. Енді, Үкіметтің де, барлық мемлекеттік органдардың да негізгі жұмысы ол осы бөлінген қаражаттарды жоспар бойынша өз уақытында, ашық, сапалы және нәтижелі пайдалану. Ал оны бақылау әрқашанда депутаттық корпустың назарында болады», деді Нұрлан Нығматулин.

Сондай-ақ Палатаның бейінді комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.