Үш құрамдасты интеграцияланған жүйе (бұдан әрі – ҮИЖ) – деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасынан, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйеден (құрылғыдан), сондай-ақ сауданы басқаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстар орындауды және тауарлардың есепке алынуын автоматтандыру жүйесімен жарақтандырылған жабдықтан (құрылғыдан) немесе интеграцияланған жүйенің барлық үш құрамдасын алмастыратын бағдарламалық-аппараттық кешеннен тұратын интеграцияланған жүйе.
Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режімін қолданатын дара кәсіпкерлер үшін ҮИЖ қолданудың бірқатар артықшылықтары бар. Біріншіден, салық кезеңіндегі, яғни жарты жылдық кіріс бойынша шегі 24 038 АЕК-тен (66,8 млн теңге) 94 086 АЕК-ке (261,4 млн теңге) дейін ұлғайтылды. Екіншіден, ҚҚС бойынша шек 30 мың АЕК-тен 144 184 АЕК-ке дейін, яғни 83,3 млн теңгеден 400,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда, бұл ұлғаю ҮИЖ-ді пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз нысанда (яғни банк карточкалары арқылы сатып алушылармен есеп айырысу) жүргізілетін айналымдарға ғана қолданылатынын ескеру қажет.
Осылайша, қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың күнделікті өсуімен де жеке кәсіпкердің салықтарды оңтайландыру үшін әртүрлі схемаларды қолданудың қажеті жоқ. ҮИЖ-де салықтық есепке алу модулі бар. Бұл жүйеде тауарлардың қозғалысы, сондай-ақ салық есептілігін, оның ішінде қызметкерлердің жалақысы бойынша қалыптастыруға мүмкіндік беретін элементтер көрсетіледі. Бұл жүйе жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін есепке алуын және орындауын жеңілдетуге арналған.