Айнымас сертінен, киелі Маңғыстау
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда аталған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өткір тұрған мәселелері, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың облыста жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ, Мемлекет басшысының 11 қазанда жүктеген тапсырмаларының орындалу шаралары баяндалды.
Брифингті жүргізген Алтай Әбибуллаев әуелі жиналған қауымды Ұлттық валютамыз – теңге күнімен құттықтап, төл ақшамыздың мән-маңызын таратып айтты. Сөйтіп, осындай айтулы күнмен сәйкес келген Маңғыстау облысының есепті шарасына тоқталды. Қойнауы сан қырлы қазынаға толы Қарт түбекте Менделеев кестесіндегі барлық химиялық элементтер бар. Өңір еліміздегі Атырау, Ақтөбе облыстарымен және Түркіменстан, Өзбекстан елдерімен шекараласады, деген Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі, баспасөз мәслихатында сөз болатын тақырыптарды атап өтті.
Айнымас сертінен, киелі Маңғыстау
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда аталған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өткір тұрған мәселелері, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың облыста жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ, Мемлекет басшысының 11 қазанда жүктеген тапсырмаларының орындалу шаралары баяндалды.
Брифингті жүргізген Алтай Әбибуллаев әуелі жиналған қауымды Ұлттық валютамыз – теңге күнімен құттықтап, төл ақшамыздың мән-маңызын таратып айтты. Сөйтіп, осындай айтулы күнмен сәйкес келген Маңғыстау облысының есепті шарасына тоқталды. Қойнауы сан қырлы қазынаға толы Қарт түбекте Менделеев кестесіндегі барлық химиялық элементтер бар. Өңір еліміздегі Атырау, Ақтөбе облыстарымен және Түркіменстан, Өзбекстан елдерімен шекараласады, деген Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі, баспасөз мәслихатында сөз болатын тақырыптарды атап өтті.
Қарт түбектегі елдің қатпарлы тыныс-тіршілігі жөнінде облыс әкімінің газетіміздегі материалында жан-жақты айтылатын болғандықтан, біз негізінен шараның екінші бөліміндегі сұрақ-жауапта көтерілген мәселелерді сөз қыламыз. Бірден айталық, облыс әкіміне журналистердің төпелетіп қойған сұрақтарының бәріне бірдей жауап беру оңайға соққан жоқ. Сауалдың басы – Ақтауда «жасап» өндірілген планшеттерге қатысты болды. «Өтірік өндіріліп жатқан өнімнен өңір басшысы Сіз, қалай бейхабар қалдыңыз?», – деп сұрады тілші. Әкім қазіргі күнде бұл қылмысты іспен құқық қорғау орындары шұғылданып жатқанын, оның анық-қанығы белгілі болғанда бұл сұраққа толық қанды жауап беретінін айтты.
Баспасөз мәслихатында Жаңаөзен туралы да әңгіме қозғалды. Әкімнің айтқанына сенсек, ондағы жағдай қалыпты. Тіпті, қала күн озған сайын жақсарып та келеді екен. Әйткенмен, монақалада мәселелер жоқ емес. Мәселен, жұмыс орындары, яғни тіршіліктің табыс көздері тек мұнай-газ саласында ғана болғандықтан, 120 мыңнан астам адам өмір сүріп отырған қаладағы тұрғындардың бәрін жұмыспен қамту мүмкін болмай тұр екен. Кезінде осы қаланың 60-70 мың жұмысшы-мұнайшы тұрғындарымен түбекте жылына 16 млн. тонна мұнай шығарылған болса, бүгінде бұл жерден 5-6 млн. тонна ғана мұнай өндіріледі, деді әкім.
Жаңаөзендегі халық саны тек сырттан көшіп келіп жатқан адамдардың ғана есебінен емес, табиғи өсіммен де көбейіп жатыр. Жыл сайын Жаңаөзенде 3 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді, деп жалғады сөзін А.Айдарбаев. Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту өте қиын екенін айтқан облыс әкімі, қайткенмен саланы оңалту шараларының үзіліссіз жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Тіпті өңір тұрғындарының өндірген мал етін сонда жұмыс істеп жатқан алпауыт мұнай компанияларына өткізу шараларын да мықтап қолға алыпты. Бұған дейін жергілікті малдың етін жұмысшы-қызметкерлерінің тағамына пайдаланбай келген ірі өндіріс ошақтары, бұйыртса, бұдан былай маңғыстаулықтардың бордақысын қораларынан сойдырып әкететін болады екен.
Қарт түбектің ахуалы тым нашар деп ойлаған әріптестерімізге де лайықты жауап берілді. «Маңғыстау облысы Алматы қаласы мен Атырау облысы құрайтын республикалық бюджет «донорлары» үштiгiнiң бiрi болып табылады. Мұнай-газ өндiру секторы мемлекеттiк бюджет пен Ұлттық қорға құйылатын түсiмдердiң үлкен бөлiгiн құрайды. Мәселен, 2013 жылдың 9 айында түсiмдердiң жалпы көлемi 662 млрд. теңгеге жеткен», дедi облыс басшысы. Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың 9 айында өңiрде 13,4 млн. тонна мұнай өндiрiлген. Нәтижесінде облыста халық саны артып жатқан көрінеді.
«Ең алдымен, облыстың басты байлығы – өңiр тұрғындары жайында айтар болсақ, халық саны артуда. Бүгiнде облыстағы халық саны 580 мың адамға жеттi. Күн сайын Маңғыстау перзентханаларында 50 сәби дүниеге келедi. Туу көрсеткiшi бойынша облыс республикада 1-шi орынға ие. Сонымен қатар, iшкi миграцияның да артқанын атап өткiм келедi. Бұл бiздiң өңiрдiң сәттi дамығанын және келешегi бар екенiн көрсетедi. Жыл басынан берi облыстағы халық саны 14,6 мың адамға көбейді, деп сөзін бір қайырды», А.Айдарбаев. Облыста халық санының өсуіне байланысты тұрғын үй бағдарламасы да жемісті жүзеге асып жатыр екен.
«Сондай-ақ, жер телімдеріне деген сұраныс та өте жоғары. Бүгiнгi күнi осы мәселе бойынша әкімдiктерге берiлген өтiнiштердiң саны 146 мыңнан асады», дедi облыс басшысы.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».
Аймақтың ажары да, айбыны да арта түседі
Республикамыздың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Маңғыстау облысы Түркіменстанмен, Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Иран, Ресеймен шектеседі. Облыс 1973 жылы 20 наурызда құрылды. 1988 жылдың 2 маусымында таратылып, 1990 жылдың 17 тамызында тарихи «Маңғыстау» деген атпен қайта облыс болып құрылды. Облыс орталығы – Ақтау қаласы. Маңғыстау облысының жер көлемі 16 564,2 мың га құрайды. Жер қойнауы мұнай, газ, фосфорит, көмір, марганец, әртүрлі тұздар, ұлутас қорларына бай. Маңғыстау облысы – Қазақстанның негізгі донор өңірлерінің бірі. Облыстың экономикалық белсенділігі өңірдегі пайдалы қазбалардың көп болуына, соның ішінде, мұнай және газ кен орындарының игерілуіне байланысты. Соңғы 20 жылдың ішінде Каспий теңізінде орналасқан көптеген ірі мұнай және газ кен орындары игеріле бастады.
Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанның мықты болуы ең алдымен аймақтардың мықты болуын қажет етеді. Сол себепті мұнайлы Маңғыстауда еліміздің дамуына әр салада үлес қосып, өзінде бар мүмкіндікті кең көлемде кәдеге жарату бағытындағы жұмыстар негізге алынған. Мемлекетіміз экономиканы сапалық тұрғыдан өсіруді қамтамасыз етуге, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі іске асыруға, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, даму жолын таңдады. Демек, Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда нығайта түсу, тұрғындар ахуалын арттыру шаралары Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған тапсырмаларға, сондай-ақ басым мемлекеттік және стратегиялық, салалық бағдарламаларға сәйкес құралды. Киелі Маңғыстауда қазір мұнай-газ өндіру секторын, өңдеу саласын дамыту, аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру, құрылыс индустриясын, туризм мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, сондай-ақ тұрақты даму жобаларын өркендету басым бағыттар болып табылады.
Жыл басталғалы бергі 10 ай Маңғыстау өңірі үшін қолайсыз болған жоқ, облыстың жалпы дамуында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бұл аралықта Маңғыстау облысы республика бойынша өнеркәсіптік өнімді шығару көлемінен 2-ші, құрылыс жұмыстары бойынша 6-шы, жұмыскерлердің орташа айлық номиналды еңбекақысы мөлшері бойынша 2-ші орын биігінен көрінді. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесін таныта түсу үшін, тағы да деректерге сүйенер болсақ, облыс 2012 жыл қорытындысы бойынша даму деңгейінің рейтингінде 4-ші орынға табан тіреп, жан басына шаққандағы инвестиция көлемі бойынша өңірлер арасынан 3-орынға ие болды. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша 2012 жылы 2,17 трлн. теңге, 2013 жылдың 10 айында 1,66 трлн. теңге құрап, 2-орыннан көрінді. Жыл басынан бері Маңғыстау облысынан республикалық бюджетке түсімдер өсімінің қарқыны 22%-ға өсті.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама аймақтардың алға басуына, сол арқылы еліміздің нығаюына серпін берген бастама болды. Баспасөз беттерінде жазылып жүргендей, Маңғыстау қазір алып алаңға айналды, өңірден қазір дамудың жаңаша қарқыны байқалады. 2010-2012 жылдары облыста 23 жоба аяқталып, 1 828 тұрақты жұмыс орны құрылды. Биыл жалпы құны 280,1 млрд. теңге болатын, жаңадан 8,8 мың жұмыс орнын құратын 34 жоба енгізілді. Оның 2-уі Республикалық картаның еншісінде, қалғаны өңірлік деңгейдегі жобалар. Жуық арада біздің алдымызда екі жобаны ел игілігіне ұсынып, тұсауын кесу қуанышы тұр. Олардың бірі – Ақтау қаласындағы «Caspi Bitum» БК» ЖШС-нің «Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумдарын өндіру» жобасы болса, екіншісі – «Каспий Цемент» ЖШС-нің Шетпе ауылындағы цемент зауыты.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 26 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 83,4 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұл орайда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асырудың ықпалын айта кетуге тиіспіз, аталмыш бағдарлама аясында ағымдағы жылы 3,175 млрд. теңге сомасына 35 жоба мақұлданды.
Аймақта еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорындар, яғни өңірдегі өндірістің 31 пайыздан астамын, республика бойынша 8 пайызын қамтамасыз ететін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ-тың 100% еншілес компаниясы болып табылатын «Өзенмұнайгаз» АҚ, Маңғыстау облысындағы алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші кәсіпорындардың үздік үштігіне кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ, Ақтау маңындағы Доңға кен орнының 60 пайыздық үлесі мен операторлық құқығына ие «MaerskOil» компаниялары бар. Бұлардың барлығында да жаңа технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүзеге асуда. Сондай-ақ, мұнайшылардың тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді.
Маңғыстау – ежелден тоғыз жолдың торабы. Қазіргі таңда бұл мүмкіндіктің маңызы арта түсті. Сондықтан көліктік-логистикалық әлеуеттің дамуы – өңірлік экономиканы әртараптандырудың басым бағыты болып отыр. Өңірде өткен жылы «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолы құрылысы аяқталып, «Жезқазған –Бейнеу» теміржол бөлігінің құрылысы басталды. «Атырау – Ақтау» автомобиль жолын қайта құрылымдау жұмыстары мен Ақтау портындағы инфрақұрылымдарды жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Жол қашықтығын қысқартып, жүк тасымалдау әлеуетін арттыратын бұл жолдардың еліміз үшін маңызы аса зор.
Оралман ағайындардың үздіксіз көшіп келуі облыста тұрғындар санының күрт артуына себеп болды. Бүгінде өңірде 580 мың адам тұрады, жыл сайынғы өсу қарқыны шамамен 4 пайызды құрап отыр. Бұл бізге тек өңірдің сыртқы бейнесін қалыптастырумен шектелмей, ішкі өзекті мәселелерді үнемі назарда ұстап, тиісінше шешіп отыру қажет екендігін ұқтырады. Бұл облыста тұрғын үй, мектеп, балабақша, емхана, өзге де әлеуметтік нысандар құрылыстары қарқын алмаса, екпінін бәсеңдетуге болмайтындығын аңғартады. Біз алдағы уақытта да бұған дейін жасалған жұмыстарды жалғастырып, әрі қарай жаңашылдықпен жұмыс жүргізе беретін боламыз.
Алик АЙДАРБАЕВ,
Маңғыстау облысының әкімі.
Дерек пен дәйек
Биыл облыста құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлінген 25 млрд. теңгенің 7 млрд. 500 млн.-ы білім беру нысандарын салуға арналған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 9 мектептің 7-уі биыл, 2-уі келесі жылы пайдалануға берілмек.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын салуға 6 млрд. 580 млн. теңге бөлінген. Оның 1 млрд. 50 млн. теңгесі жалдамалы тұрғын үй салуға арналған. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу аудандарында жүруде.
3 млрд. 100 млн. теңге тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі бойынша бөлінді. Ақтау қаласындағы 40 пəтерлік 5 үй, жас отбасылар үшін 100 пəтерлік тұрғын үй салынуда. Республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге көлеміндегі қаржы тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, орнына басқа үй салу үшін бөлінді.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында ауылдарда дəрігерлік амбулаториялар салуға 1 млрд. 123 млн. теңге бөлінген. Бейнеу, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарында құрылысы жүріп жатқан 9 дəрігерлік амбулатория биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жыл басынан бері 9,5 мың адам жұмыспен қамту органдарына тіркелсе, қазіргі таңда олардың 6 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды.
Жыл басынан бері өңір кəсіпорындарында кəсіпкерлік субъектілерінде 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Ал өткен жылы осы уақытта 14420 жұмыс орны ашылған болатын. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, ашылған жұмыс орындары саны жағынан Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, Қарақия, Бейнеу, Мұнайлы, Маңғыстау аудандарында өткен жылғыдан көп, ал Түпқараған ауданында 800-ге азайған. Әйтсе де, Қашаған жобасының іске қосылуы бұл аймаққа оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
Маңғыстауда жұмыссыздық деңгейі 6 пайызды құрайды.
«Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында фельдшерлік-акушерлік пункттер мен автокөлік жолдарының құрылысы, мәдениет үйлерін, балабақшаларды күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған 87 жоба жүзеге асырылуда.
«ҚР ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-тың өкілдігі Маңғыстауда 80 адамға 200 млн. теңге несие берді. Осы 80 адам 177 жұмыс орнын ашады деп күтілуде. Құны 118,9 млн. теңге тұратын 48 жоба агроөнеркəсіптік кешенді дамытуға, 14 жоба жеңіл өнеркəсіпке бағытталған.
Республикалық көрсеткіш бойынша Маңғыстауда өндірістің өнеркəсіптік үлесі – 12,5 пайыз.
«Жергілікті өзін өзі басқару» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерді көркейтуге 216 млн. теңге бағытталса, 40 жоба елді мекендердің еңсесін көтеруге арналған.
2013 жылы «2012-2020 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарын» жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 8,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 795,8 млн. теңге, барлығы 9,4 млрд. теңге бөлінген. Шағын қалалар санатындағы Жаңаөзенге республикалық бюджеттен бөлінген 1,2 млрд. теңге мұнайлы қала мен оның маңайындағы Теңге кентін, сондай-ақ Қызылсай ауылын абаттандыруға, кəсіпкерлікті қолдауға және ауылдардың инфрақұрылымын жасауға жұмсалуда.
Биыл Маңғыстау облысының мал шаруашылығын дамытуға республикалық жəне жергілікті бюджеттерден 77 млн. теңге бөлінді. Мемлекеттік ветеринарлық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру үшін 216,1 млн. теңге бөлініп, қазір жабдықтар жеткізілуде.
Облысымыздың суармалы жерінің жалпы алаңы – 1200 гектар, оның 750-770 гектары көкөніс-бақша өнімдерін өсіру үшін игерілуде. Аймағымызда өсімдік шаруашылығын ұлғайту жаңа технологияларды енгізу мен дақылдардың жоғары өнімді түрлерін өсіру жолымен іске асырылады. Қазір аймақта 6,2 гектар алаңға орналасқан 6 жылыжай тұрғындарды көкөніспен қамтамасыз етуде.
Қуатты қос зауыт құрылысы жүруде
Маңғыстаудың құла даласының құшағы – қазба байлықтардың тұнбасы. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өлкеде барды ұқсатып, халық игілігіне жарату қажеттігін ұқтырды. Істің ыңғайын біліп, қолда барды кәдеге асыра алатын кәсіпкерлер мен мамандар іске кірісіп-ақ кетті.
Жол-көлік саласын дамыту, жол сапасы мен бағыттарын арттыру бойынша серпінді жұмыстарды қолға алған елімізде жол құрылысы үшін қажетті материалдың бірі – битум. Осы бұйым енді Маңғыстауда өндіріледі. Республикалық индустрияландыру картасы аясында осыдан үш жыл бұрын іргетасы қаланған зауыт құрылысы жобасының құны 43,5 млрд. теңге болса, зауыттың құрылысы 38,3 млрд. теңгені құрайды. Еліміздің «Мұнай және газ» институты жобалаған жобаның құрылыс жұмыстарын «КазСтройСервис» мемлекеттік құрылыс компаниясы» АҚ мен «CITIC Kazakhstan» компаниясы жүргізіп жатыр. Міндеттері де сараланған. «КазСтройСервис» Ұлттық мемлекеттік құрылыс компаниясы» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын, жалпы зауыттық құрал-жабдықтарды жеткізуге міндетті болса, «CITIC Kazakhstan» компаниясы ЭЛОУ-АВТ технологиялық құрал-жабдықтарын жеткізу, битумдарды түрлендіру, оларды өлшеп, бөлшектеумен айналысады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, шикізат көзі қашық емес – Қаражанбас кен орны. Жаңа зауыт жылына 1 млн. тонна мұнай пайдалана отырып, жыл бойы 406 мың тонна жол битумын өндіруді межелеген. Оның ішінде 161 мың тонна түрлендірілген битум, бензин-дизель фракциясы 255 мың тонна, вакуумдық газойль көлемі 330 мың тоннадан кем болмайды деп отыр. 300-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ұсынып, ел экономикасының дамуына үлес қосатын зауыт жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Үлкен жолға сақадай-сай жаңа зауыт қазір сахнаға шығатын әншідей бойын түзеп, соңғы дайындықтарын жүргізіп, іс-әрекетін пысықтау үстінде. Зауыттың технологиялық блоктарында технологиялық құрал-жабдықтар сынақтан өтті, ауамен тексеру жұмыстары жасалды. Жылу алмастырғыштар мен ыдыстық құрал-жабдықтарды, колонналарды жылумен оқшаулау жұмыстары да мәреге жетті. Кабельдер төсеу, оларды бақылау-өлшеу, автоматика құралдарына сұрыптау желісінің электр жылытқыштарын монтаждау жөніндегі жұмыстар тиянақталуда. «Салқындай» сыннан өткен жабдықтарды енді «ыстықтай» сыннан өткізу жұмыстар жүруде. Алдын ала отандық мұнай өңдеу зауыттарында – 36, Қытайда 33 маман тәжірибеден өтті. Ақтаудағы Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі мен Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің 20-ға тарта түлегі, сонымен қатар, Ақтау қалалық әкімдігінің қолдауымен балалар үйінің тәрбиеленушісі де зауытқа жұмысқа орналасты.
Осы жылы битум өндіретін зауыт іске қосылатын Маңғыстауда цемент зауытының тұсауы кесілетін күн де қашық емес. Бұл цемент зауытының экономикадағы маңызын айтпағанның өзінде, ол бұған дейін ірі кәсіпорны болып көрмеген Шетпе кентіндегі ең алғашқы ірі зауыт болуымен ерекшеленеді. Оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындарының шикізатын тауар өндіруге тұтынатын зауыт құрылысы жұмыстары еңсерілді. Істің орайын білгенге қиын ештеңе жоқ, шикі өнім алу үшін кен орындарына жол салып, 6 шақырымдық темір жол төсеп, бұрынғы темір жол желісін жөндеуден өткізіп, электрмен жабдықтау орталығының құрылысын салған «Каспий Цемент» ЖШС алдымен зауыт маңының инфрақұрылымын жүзеге асырып алды. Жерасты су көздерін пайдалану үшін 7 ұңғыма қазып, су дайындау нысанының құрылысын алдыңғы кезекте қолға алды. Жұмысшылар үшін 150 орындық вахталық кент салынды. Құны 100 млн. еуро тұратын зауыттың құрылыс жұмыстарына 800 адам жұмылса, ол өз қуатына енген сәтте 300 адамның нәпақа айыратын орны болмақ.
Өңірдің индустриялық-инновациялық жобаларына қарап, құрылысқа, мұнай саласына, күнделікті тұрмысқа қажетті ірілі-ұсақты бұйымдар, азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды көбейтуді межелеп отырғандығын аңғаруға болады. Жақсы бастаманың жолда қалмауы ғана жасампаздыққа бастайды.
«Егемен-ақпарат».
Жаңаөзенде жақсы іс көп
Өлкеде мұнай кен орнының ашылуына байланысты 1968 жылы іргетасы қаланған Жаңаөзен қаласы әу баста 40 мың тұрғынға лайықталып салынғанмен, бүгінде іргелес орналасқан Қызылсай, Теңге, Рахат ауылдарымен бірге 128 мыңнан астам тұрғынның мекеніне айналды. Мұнайшылар мекені Жаңаөзен – еліміздің ірі мұнай-газ өңдеу-өндіру орталығы болып саналады.
Мемлекет басшысының шағын қалаларды дамыту бағытындағы тапсырмасына орай, Жаңаөзен жаңа тынысын ашты. Көшелерді желекке бөлеп, жарықтандырып, тұрғын үйлерді жаңарту арқылы бұрынғы шаң құшағына оранған сұрқай қаланың көркін арттыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Ең бастысы – қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін ұтымды шешу және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.
Бұл жұмыстарды жүргізу барысында біз бағдаршам ретінде мемлекеттік бағдарламаларды, кешенді жоспарларды басшылыққа аламыз. Қазіргі таңда Жаңаөзенді дамыту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар бір ізге түсіп, кең сипатқа ие болды.
Қаладағы өнеркәсіп өндірісінің негізгі көлемін, мұнай және газ өндірудің өсімі мен тұрақтылығын «Өзенмұнайгаз» АҚ пен «ҚазГӨЗ» ЖШС құрайды. Биыл жыл басынан бері көрсеткіш екі есеге жуық артып, 101,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
«Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында Теңге, Қызылсай елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар мен мәдениет үйлері, Қызылсай селосында 4 пәтерлік муниципалдық коммуналдық 2 тұрғын үй, «ҚазМұнайГаз» АҚ есебінен екі 200 пәтерлік коммуналдық тұрғын үй тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.
Үкімет тарапынан мұнайшылар қаласын дамыту үшін барлық жағдайлар жасалып отыр. Қалада құрылыс жұмыстары қарқынды. Жаңадан салынған «Рауан» шағын ауданынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне пәтерлер беріліп, балабақша және шағын орталық ашылды. Шағын ауданнан ішкі істер басқармасы қызметкерлеріне арналған 160 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталды.
Қаламызда жылу желілерін қайта жаңғырту мен кеңейту жұмыстары толық аяқталды.
«Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамытудың 2012-2014 жылдарға арналған арнайы жоспары» қабылданып, кәсібін ашамын деген азаматтарға үлкен қолдау көрсетілуде. 2013 жылдың басынан бері 16 кәсіпкерлік жоба қаржыландырылды. Республикада тұңғыш рет кәсіпкерлікті қолдау, дамыту мақсатында қаламызда құрылған «Бизнес-Инкубатор» орталығындағы кәсіпкерлер саны бүгінгі таңда 45-ке жетіп, 140 адам жұмыс жасап жатыр. Сонымен бірге, осы бағытта қала бойынша құс фермасы, бинт кесу цехы, қонақүй кешені құрылысы секілді 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Жыл басынан бері 335 жұмыс орнымен 7 коммерциялық нысан ашылды.
Әйтсе де қалада жұмыссыздық мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отырғанын жасыра алмаймыз. Бірақ, мұны еңсеру бағытында жұмыстар ұйымдастырылуда.
Халқы көп қалада әлеуметтік саланың ахуалын арттыру – қалыпты жағдайдағыдан мейлінше өзекті. Мектептер, балабақшалар салынып, халық игілігіне ұсынылып жатыр. Бірақ, қалада туу көрсеткішінің жоғары болуы балабақша мәселесінің күрделілігін азайтар емес. Жаңаөзендік және өзге өңірлерден келуші жастар үшін қалада 5 арнаулы орта оқу орны бар. Бұлардағы 63 мамандық бойынша 6000-нан астам жас мамандық меңгеру үшін білім алуда. Денсаулық сақтау саласына қарасты 4 жекеменшік, 7 мемлекеттік мекемелердің медициалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы жолға қойылып келеді. Былтыр орталық ауруханаға компьютерлік томография алынса, биылғы жылы «ӨМГ» АҚ-тың демеушілігімен 22 млн. теңгеге орталық ауруханаға жасанды бүйрек аппараты, қалалық емханаға құны 25 млн. теңге жүрек және ішкі құрылыстарды зерттейтін 2 УЗИ аппараты, биохимиялық кешенді зерттеу анализаторы алынуда. Биыл 80 төсектік балалар ауруханасы іске қосылды. «Рахат» поселкесінде 250 орындық емхана, терапиялық корпус салынып жатыр.
Қай істе де «болдым, толдым» деп айту – әбестік. Жаңаөзенде жасалған жұмыстармен бірге әлі күнге өзекті саналатын жайттар аз емес. Бәрін бір күнде, бір жылда шешу мүмкін болмағанмен, олардың бірте-бірте реттелетініне күмән жоқ.
Серікбай ТҰРЫМОВ,
Жаңаөзен қаласының әкімі.
Ақтау порты – әлемге ашылған қақпа
Көк теңіздегі көшбасшы порт саналатын Ақтау халықаралық теңіз порты дамудың жаңа дәуірін бастан кешуде. Ол енді Достық және Қорғас шекара маңындағы темір жол стансалары кіретін, көлік-логистикалық жағынан «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы басқаратын мультимодалды хабтың маңызды бөлігі болмақ. Бұл порт үшін қаржы тартуға қолайлы жағдай тудыратын болады.
Қазақстан Қытай, Ресей, Шығыс және Батыс Еуропа сияқты бірнеше ірі сауда нарығына қатысушылар аралығында орналасқандықтан, Ақтау теңіз порты Каспий, Қара және Жерорта теңіздері, Балтық бассейні, Парсы шығанағы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері порттарына шығуды қамтамасыз ететін ТРАСЕКА және Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерінің құрамдас бөлігі болып табылады. Біздің еліміздің ірі ойыншы ретінде дүниежүзілік сауда-логистикалық хабқа айналу мүмкіндігі мол. Жыл сайын Қазақстан арқылы 16 млн. тонна транзиттік жүк өтеді. 2020 жылға қарай транзиттік жүк ағымын 10 есе арттырып, 170 млн. тоннаға жеткізу міндеті қойылған. Осы мақсат жолында Парсы шығанағына шығатын Жетіген – Қорғас, Өзен – Түркіменстан бағытында екі қуатты темір жол пайдалануға берілді. Қазір Бейнеу-Жезқазған жаңа темір жол желісі құрылысы жүріп жатыр. Мемлекетіміз көлік тораптарының құрылысына мол қаражат салу арқылы бағыттарды жүздеген шақырымдарға қысқартып, экспорт-импорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау ұтымдылығына жағдайлар жасауда. Бұл біздің тауарларымыздың дүниежүзілік нарыққа шығуына көмектеседі. Қазір порттағы ауыстырылып тиелетін жүк көлемінің төрттен үш бөлігі мұнай, ал келешекте мұнай құбырының кеңеюіне байланысты бұл көлем барынша қысқаратын болады. Сондықтан басқа жүктерді тасымалдауды қолға алу үшін дайындық жұмыстары қазірден бастап қолға алынды. Келешекте жылдық жүк ауыстырып тиеу көлемі шамамен 20 млн. тоннаға жетеді деп күтілуде. Ақтау теңіз порты жүктерді жеткізудің мерзімі, құны бойынша дүниежүзілік көлік дәліздері, соның ішінде Транссібір дәлізі және Оңтүстік теңіз жолымен бәсекелесетін болады. Ол үшін «Қазақстан темір жолы» көлік қызметтерін сату бойынша бірегей интернет-портал құруды жоспарлауда. Болашақта дүниежүзілік трейдерлердің бүкіл жолына бір тариф ұсынылатын болады.
Қазіргі таңда Каспий теңізі арқылы 30 млн. тоннаға жуық жүк тасымалданатын болса, мұндағы Ақтау портының үлесі 29%-ды құрайды. Соңғы жылдары Ақтау теңіз портының ауыстырып тиеу көлемі жылына 30%-ға артып, үш есеге ұлғайды.
Ақтау портында паром терминалының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 2001 жылғы қайта құрудан кейін терминалдың жобалық қуаттылығы артты, қазіргі ол жылына 2,5 млн. тоннаны құрайды. Сонымен қатар, соңғы үш жылда паром жүгін тасымалдау 9 есеге өсті.
Ақтау порты арқылы ауыстырып тиелетін негізгі жүктер – мұнай, қара металл жаймасы, астық, Қытайдан, Ресейдің Орал өңірінен және Парсы шығанағынан тасымалданатын транзиттік жүктер. Порттың Каспий теңізіндегі көшбасшылық орнын сақтау үшін жүк тасымалын әртараптандыру, жаңа жүк ағымын тарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. 2015 жылға қарай портта жалпы жүк тасымалы жылына 11,5 млн. тоннадан 15 млн. тоннаға дейін артатын болады.
Ақтау портының өндірістік қуаттылығын күшейту, жұмыс тиімділігін арттыру шаралары аясында енгізіліп жатқан жүк тиеу жұмыстарын автоматтандыру негізінде жүк өңдеу уақыты қысқарып, порттың өткізу қабілеті жылына 1 млн. тоннаға ұлғаяды. Іске қосылған веб-портал Каспий теңізінің барлық порттарын біріктіріп, кемелердің қозғалу географиясын, аялдау мерзімін, порт терминалдарының мәртебесі мен жұмысбастылығын, жүктің бар-жоқтығын, жүк иесінің сұратуын, жөнелтімнің жағдайы мен тарифтер туралы мәліметтерді нақты уақыт режімінде көрсететін болады.
Ақтау порты арқылы жүк тасымалының ұлғаюы – Батыс Қазақстанда ірі мұнай кен орындарының белсенді игерілуіне, түрлі жүктер экспортының артуына, елдегі және аймақтағы ірі инфрақұрылым жобаларының іске асырылуына байланысты.
Келешекте порттың жүк тасымалдау ауқымы артатын болғандықтан, Ақтау портын солтүстік бағытқа кеңейту инвестициялық жобасы жалғасуда.
Берік УАНДЫҚОВ,
«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ уәкілетті тұлғасы.
Айқарма бетті әзірлеген «Егемен Қазақстанның»
Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы.