Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Жанашырлықтың жетісулық үлгісі жеміс беріп отыр

108 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақынға жанашыр болудың бір үлгісі Жетісу жұртында көрініс табуда. Бүгінде аймақта індетпен күресу мен алдын шараларына толыққанды көңіл бөлініп, коронавирустың болуы ықтимал екінші толқынына дайындық жұмысы күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ, карантин кезеңінде туындаған қиындықтардың зардабын жоюға да көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешу бағытында бірқатар бастама жемісті жалғасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жанашырлықтың жетісулық үлгісі жеміс беріп отыр

Жалпы, Алматы облысының мұқтаж тұрғындарына "Біргеміз" республикалық қайырымдылық қоры мен "Біргеміз Жетісу" қорының қаржысы есебінен және демеушілердің көмегімен 4,9 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген кен. Мұнан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен әулет санатына кіретін 15,6 мың отбасына жалпы сомасы 5,5 млрд теңге болатын атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал атаулы көмек алатын 1-6 жас аралығындағы 19 мың балаға кепілді әлеуметтік пакет берілген. Бұл мақсаттағы көмектің көлемі 712,5 млн теңгеге жетті. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі төлемді облыстың 368,2 мың тұрғыны алған-ды.

Қазіргі кезде табысынан айырылған адамдарды жұмыспен қамтуға баса назар аударылып отыр. Жалпы, Алматы облысында жүзеге асып жатқан бағдарламалар аясында 56,2 мың жұмыс орны құрылса, оның 30,1 мыңы тұрақты жұмыс орны ретінде ерекшеленеді. Яғни, карантин кезінде жұмыстан босап қалған азаматтарды еңбекпен қамтуға "Жұмыспен қамту жол картасы" ерекше серпін берді. Осы бағдарлама бойынша құны 105,6 млрд теңге болатын 1051 жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" тұрғындарға жұмыс тауып берумен қатар өңірдегі құрылыстың жандануына жол ашты. Мұның игілігі ретінде өңірдегі 7 мектеп пен 8 дәрігерлік амбулатория құрылысының басталғанын, 35 мектептің күрделі жөндеуден өткенін, 64 елді мекендегі ауыз су жүйесінің жасалғанын және 220 ауылдың ішкі жолы толықтай жөнделгенін айтуға болады.

Жұмыссыздықты жою жолындағы жемісті істің тағы бір парасы «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асуынан көрінеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды масат еткен бағдарлама бойынша биыл 16,1 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Нәтижесінде кәсіби техникалық білім алуға 1535 адам жіберілсе, қысқа мерзімді даярлық курсынан 1263 адам өтті. Осы тізімдегі 710 адам тұрақты жұмыс тауыпты. Сонымен бірге әлеуметтік орындар мен қоғамдық жұмыс тартылған және  "Жастар тәжірибесі" бойынша тіркелген 22 мыңнан астам жұмыссыз жан табыс табуға мүмкіндік алған екен.

Әрине, жұмыс орындарының көптеп ашылуы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына тікелей тәуелді екені анық. Ал Алматы облысы кәсіпкерлікті қолдау бойынша тұтас елге үлгі болып отыр. Жалпы, аймақта «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары аясында және "Даму" қорының қаржысынан 16,2 млрд теңге қаржы шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген. Бұл бағытта 158 жоба қаржыландырылып, 836 адам шағын несиелер алған екен. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3645 адам оқуға жіберіліп, жаңа бизнес-идеяларды дамытуға  да 1659 грант берілген-ді. Қысқасы, облыста кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдаудың аясы кеңіген сайын, шғаны және орта бизнестің адымы ширай бастады деуге толық негіз бар. Ал жыл соңына дейін Үкіметтің нақты демеуін сезінген шағын және орта бизнес саласында дайындалған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн теңгеге дейін жетеді деген боддам бар. Яғни, кәсіпкерлердің жалпы өңірлік өнімдегі биылғы үлесі 34 пайызды құруы тиіс Өткен жылы бұл көрсеткіш 33,6 пайыз шамасында болған.

Айтпақшы, облыс кәсіпкерлерінің дағдарыс жағдайындағы жұмысына қолдау жасаудың тиімді тетігі ретінде салық жеңілдіктерінің жүзеге асқанын да айтуымыз парыз. Төтенше жағдай кезінде Президент пәрменімен іске қосылған салық жеңілдігіне өңірдегі 118,9 мың бизнес нысаны ие болған-ды.

- Дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде бизнестің Алматы облысында 641 кәсіпкерлік нысанының несиесі кейінге шегерілді. Бұл – 23,7 млрд теңге көлеміндегі қаржы. Мұнан бөлек, 6,5 мың бизнес нысанның жалға алу төлемі 30 пайыздан 90 пайызға дейін төмендетілді. Ал 690 кәсіпкер коммуналдық меншік саласы бойынша мүлікті жалдау ақысын төлеуден толық босатылды. Осының бәрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдаған дағдарысты еңсеру жоспарының нәтижесі. Облыста ірі кәсіпорындардан бөлек шағын және орта бизнес нысандарының жұмысына мемлекеттік қолдау жалғаса береді, дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы