Тарих • 27 Қазан, 2020

Жалған жаланың құрбаны

1559 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1937 жылдың қанды қырғы­нында болған мына оқиғаны га­зетіміздің жанашыры, белсенді ав­торларымыздың бірі М.Оспанова айтып берді. Оқиға 1937 жылы Преснов ауданына қарасты Баян ауылында болған. Жан-жақта «ха­лық жаулары» «әшкереле­ніп», газет пен радио сұңқылдап жатқанда ел арасындағы үрей де өрекпіп тұрған.

Жалған жаланың құрбаны

Адамның икем­делмейтін дү­ниесі бар ма, кей­біреулер ала­шапқын дүрмекке ілесіп, өзімен әлденеге келіспеген жандар­д­ы көрсете салуға да «епті» бо­ла бас­тайды. Сондайдың бірі осы Баян ұжымшарының сол кез­дегі басқарма төрағасы болыпты. Ол өзімен жұмыс барысында ке­ліс­пей қалған есепшісі Фазыл Бай­ғасқаұлының үстінен «колхоз құру науқанына қарсы» деген айыппен НКВД-ға шағым жазады. Оған тіпті қарамағындағы алты адамға куәгер ретінде қол қойдырады. Мұндай шағымдар НКВД жендеттері үшін көктен сұрағаны жерден табылғандай болады. Өйткені, жоғарыдан бе­рілген «разнарядкаға» сәйкес репрессия құрбандарының санын толтыра алмай жатқан ғой.

Фазыл Байғасқаұлы отба­сын­дағы бір қора жанның жалғыз бас көтерері екен. Оны ұстауға келгенде қарт әкесі мен шешесі Байқасқа мен Бәди, жас інілері Жағыпар, Құдайберген, Қалинұр, Қамза, қарындасы Кәмаш, жары Дәріш пен кішкентай қызы Ләззат – бәрі зар илеп қалады. Ауылдағы ақжүрек, қайырымды, оның үсті­не өнерге де жақын азаматтың басына түскен зауалға бүкіл жер­лестері қайғырады. НКВД-нің екі жендеті оның қасына ешкімді жақындатпай, үйдің ішін тінтіп, зат атаулының бәрін лақтырып, ақырып-зекіріп бала-шағаның жүрегін шайлықтырады. Есіл ер үйден желкелеп шығарарда: «жы­ламаңдар, менің ешқандай кінәм жоқ, қайтып келемін» деген сөздерді ғана айта алған екен. НКВД-шілер оны белгісіз бағытқа арбамен ала жөнеледі. Соңынан ұлардай шулап, ере жүрген туыс­тарын қорқытып, аспанға оқ та атады...

Бұл 1937 жылдың 2 қазанында болған оқиға екен. Содан кейін Фазылдың жарқын жүзін туыс­тары қанша талпынса да көре алмаған. Тек 1941 жылдың қазан айында аттанған мекенжайы деп Омбы қаласындағы 4-ші линия көшесіндегі 90-шы үй деп көрсетілген жерден Фазылдың амандығын айтқан үшбу хат ке­леді. Латын қаріптерімен жа­зылған бұл хатты салушы қа­зақ азаматы өзі­нің Фазылмен бір­ге абақтыда отырғанын көрсеткен екен. Бірақ бұл азаматты іздеп ба­рып жолығысуға сол кезде жү­ріп жатқан соғыстың лаңынан мүм­кіншілік болмаған. 

Сталиндік репрессия құрбан­да­рын ақтау жөніндегі Хрущевтің жылымық жылдарында Фазыл­дың інісі Жағыпар ізденіп, ағасын ақтау туралы прокуратура ор­ган­­­дарына арыз жазады. Оған аудандық прокурор Ф.Кос­тяев жа­­уап беріп, құрамында қыл­мыс­тық іс болмағандықтан Фазыл Бай­ғаскиннің ісі қайта қара­ла­тынын, қазір үкім шығарылу үшін сотқа жіберілгенін айтқан жауабы 1958 жылғы 27 ақпанда келеді. Осы жылдың 5 наурызында облыстық соттың судьясы В.Соколдың шы­ғарған үкімімен Фазыл Байғас­кин заңсыз сотталғандығы себепті то­лықтай ақталады. Үкімде оған та­ғылған «колхоз құрылысына қарсы шықты» деген айып дәлел­денбегендігі айтылады. Сөйтіп, жазықсыз жан өкіметтің сүргінінің кесірінен жазықсыз зардап шегіп, өмірін өксікпен өткізген екен. Сүйегінің қайда қалғанын сұраған сауалға оның 1942 жылы түрмеде қайтыс бол­ғаны туралы хабар келеді. Бұл кезде Фазыл 35 жаста ғана екен. Ол бізге әңгіме айтып берген М.Оспанованың нағашысы болып келеді. Анасы Кәмәштің туған ағасы.

Марқұмның жары ерінің артын үш жыл тосып, басқа жанға тұрмысқа шығады. Артында қал­ған жалғыз тұяғы жастай қайтыс болады.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары қарындасы Кәмәш ағасы­ның ісімен танысу үшін Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің облыстық депар­таментіне қайрылады. Ал­дын ала жіберілген өтінішке сәй­­кес марқұмның ісі көтеріліп, қа­рындасының алдына тартылады. Туысының қолымен жазылған қағаздары, қолтаңбасы жылдар бойы сағыныштан, қайғыдан қан жұтқан жүректі тебірентіп, қа­рындасы екі көзінің жасына ие бола алмайды. Алпыс жыл бұрын жазылса да олар сол сә­т­тің суық сарынын бойына сақ­тап тұрғандай әсер қалдырады. Кә­мәш апай ағасының тергеудегі жауаптарын, 10 жылға соттаған «үштіктің» үкімін, қойған қолын көріп, ағасы көз алдына елестеп, ол жерден қатты қайғырып шығады. Бір жаманы – осы уақытқа дейін ағасының үстінен жазылған арызды және оған кімдер қол қой­ғаны көрсетілмейді. Сол кездегі қалыптасқан тәртіп солай еді. Енді Президент Қ.Тоқаевтың ­саяси қуғын-сүргін құрбандарын  ақтау туралы Жарлығы шықса оны көруге де мүмкіндік туар. Басқа республикаларда мұндайға баяғыда қол жеткізілген.

Міне, жазықсыз сөнген бір аза­­маттың тағдырын ойрандаған арыз­­­дың арты осындай болған екен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы