Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Қоймада дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қауіпті індеттің бірінші толқынында атыраулықтардың дәрі-дәрмек таппай, қиналғаны ұмытыла қоймас, сірә. Енді содан сабақ алып, дәрі-дәрмек сақтау қоймаларын қажетті препараттарға толтырып қоюға толық мүмкіндік болды. Ендеше қазіргі ахуал қандай? Емханалардың қоймаларында дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме? Осыған көз жеткізу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірге медицина мекемелеріндегі дәрі-дәрмек қорына мониторинг жүргізді.

Қоймада дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, медициналық мекемелерде коронавирус инфекциясына қарсы препараттардың жеткілікті қоры жасақталған. Жеке қорғаныш құралдары апта сайын үздіксіз жеткізіледі. Ал қауіпті індетке шалдығып, ем алып жатқан науқастар үшін амикацин, азитромицин, натрий гепарині, дексаметазон, дексамедетомидин секілді басқа да антибиотиктердің бірнеше түрі бар. Алайда мониторингтік топтың мүшелері №3 Атырау қалалық емханасындағы жағдайдың басқаша екенін анықтады. Өйткені, олар емханаға кіреберісінен-ақ медициналық бетперденің болмағанына көз жеткізген. Ал жауапты қызметкер бетперденің қазір ғана таусылып қал­ға­нын айтқан. Қаладағы 4 900 тұрғынға қызмет көрсететін емхананың қорындағы кейбір дәрі-дәрмектің саны жеткіліксіз болып шыққан.

– Мамандардың айтуынша, мәселен «Ксарелто» таблеткасы мен «Декса­ме­та­зонның» шамамен екі айға жеткілікті мөлшері 5 мың дана болуы қажет. Мұн­да­ғы қоймада аталған дәрілердің тек 10 дана қорабы бар. Аталған емхананың директоры Айман Өтегенова өзге дәрі-дәрмектер бірінші қабаттағы дәріханада барын мәлім етті. Бірақ, мониторингтік топ мүшелері бұл жауапқа қанағаттанбай, қоймадағы қажетті дәрі-дәрмектің қо­рын әлі де толықтыру қажеттігіне назар аударды, – деп хабарлады өңірлік департаменттің баспасөз қызметі.

Қоғамдық бақылаушылар тобы «СҚ-Фармация» мекемесінің Атырау облысындағы қоймасынан дәрі-дәрмекті де, жеке қорғаныш құралдарын да таба алмады. Бір таңданыс тудыратын мәселе – Атырау облысына берілуі тиіс екі айлық дәрі-дәрмектер Ақтөбе облысында сақталатыны. Неге бұлай? Мұның себебін аталған мекеме өкілдері түсіндіре алмайды.

Осындай олқылық облыстық кардио­ло­гиялық орталықта да кездесіп отыр. Өйткені мұнда да коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу­ге қолданылатын дәрі-дәрмектің екі айлық қоры қоймаға жеткізілмеген. Орталық директоры Марат Қонысовтың пікірінше, қауіпті індетті жұқтырған науқастарды кардиологиялық ауруларға арналған дәрі-дәрмекпен емдеуге болады екен.

Өңірдегі медициналық ұйымдардың қоймасында сақталған дәрілік заттардың екі айлық қорына қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұс­та­нымы қандай? Шынымен де ах­­­уал дәл осылай қалыптасып отыр ма? Емханалар дәрі-дәрмекпен толық қам­тылды ма? Әлде... Басқарманың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Денсаулық сақтау министр­лі­гінің №666 бұйрығы бар. Онда коронавирус инфекциясын емдеу үшін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету көзделген. Соған сәйкес, осы жылдың 20 шілдесінде емдеу тізіміне үш антикоагулянт пен екі қызу түсіретін дәрілік препарат енгізіліпті. Қазір облысқа атал­ған препараттардың 194 460 данасы әке­­лінген. Яғни бұл дәрілік заттардың бар­лығы бастап­қы медициналық сани­тар­­лық ұйым­дар­дың қоймаларында сақ­тау­лы тұр.

– Ал Атырау қалалық №3 емханаға қатысты айтар болсақ, 53 380 дана дәрілік зат қорда тұр. Пандемияның бірінші толқынында аталған емхана тіркелушілерінің 1 пайызы ғана коронавирус инфекциясына шалдыққан. Осы көрсеткішті ескерсек, №3 емхананың қоймасында қазір тіркелушілердің 7 пайызына жететіндей дәрілік заттар бар. Емханаға келген топ емханадағы күнделікті дәріні ғана қараған, – дейді облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының медициналық көмекті ұйым­дас­тыру және лицензиялау бөлімінің басшысы Нина Оспанова.

Оның айтуынша, мониторингтік топ негізгі қоймаға барған кезде «СҚ-Фармация» ЖШС өкілі операциялық қоймаға дәрілік заттар тек медициналық ұйымдардың сұранысына сәйкес әкелінетінін алға тартқан. Батыс өңірі үшін дәрілік заттар Ақтөбе қаласындағы қоймада сақталады. Атырау облысындағы филиалдың сұ­ра­нысына сай дәрілер әр аптаның сәр­сен­бісінде әкелінеді. Мониторингтік топ қоймадағы дәріні облыстағы меди­ци­налық ұйымдарға таратып, қойманың босаған кезіне тап келген-міс.

– Қордағы дәрі мәселесі көтерілгенде Денсаулық сақтау министрлігі және «СҚ-Фармация» ЖШС басшылығымен хабарласып, Атырау облысына тиесілі дәрілік заттарды өңірдегі қоймаға әкеліп қою туралы сөйлескен едік. Бірақ, олар Атырау облысындағы емханалар мен қоймада қажетті дәрілік заттардың жеткілікті екенін алға тартып отыр. Мәселен, 21 қазанда «СҚ-Фармация» ЖШС қоймасына 35,6 млн теңгенің 80 түрлі дәрісі әкелінді, – дейді Нина Оспанова.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының мәліметіне сүйенсек, облыс әкімінің тапсырмасымен, сондай-ақ демеушілік қолдаумен «Іңкәр» ЖШС арқылы 251 млн теңгенің дәрілік заттары алыныпты. Бұлар Атырау қа­ла­сы­ның Геолог кентіндегі емхананың қой­масында сақтауға қойылыпты. Со­нымен бірге «Атырау» әлеуметтік кә­сіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 500 млн теңгеге дәрілік заттардың тө­мен­демейтін тұрақтандыру қоры жасақ­талды. Қазір бөлшек саудамен айна­лысатын дәріханалар үшін екі-үш айлық дәрілік заттардың қоры «Іңкәр» ЖШС қоймасында сақтаулы екен.

 

Атырау облысы