Қоғам • 27 Қазан, 2020

Итбалыққа қауіп қайдан төніп тұр?

819 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамда итбалық мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Итбалық өлексесін кезіктіргендер оның өлімі жағалаудағы адам қолынан болды деген ұйғарымға тоқтайтын болған. Оған себеп – теңіз жағалауындағы бірлі-жарым оспадар әрекет. Шындығында, итбалық өлімі тек жағалауда ма? Жасының жетуі, денсаулығында ақау болу себебіне қоса өз мекені теңізден теперіш көруі де әбден мүмкін.

Итбалыққа қауіп қайдан төніп тұр?

 

Жуырда Каспий теңізінің биоалуан­дығын сақтауға арналған зерттеулер мен шаралар жүргізуді көздейтін жоба қол­ға алынды. Теңіз тазалығын қарау, Кас­пий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі итба­лықтардың жоғалған мекендерін қал­пына келтіру мақсатындағы жоба туралы баяндаған «Гидробиология және экология институты» мекемесі батыс сек­торының басшысы Тимур Баймұқанов Кас­пий итбалығы балық аулауға арналған тор­ға түсуден өліп жатқанын айтқан болатын.

– Осы жоба аясында 2019 жылдың кү­зінде Түпқараған түбегінің ба­тыс жағалауында жүргізілген өлі итбалық­тардың денесін зерттеудің нәтижелері олар­дың өліміне балық аулау торларына түсуі себеп болғанын көрсетті. Бұл экс­педиция 2019 жылдың қыркүйек-қа­зан айларында ұйымдастырылып, үш ап­таға созылды. Осы уақыт аралығында 500-ге жуық тастап кеткен торлар
(2 850 кг) және 6 500 кг шыны, плас­тик, тұрмыстық қалдықтар, өзге де қоқыс-қалдықтар жинап алынды. Кас­пий теңізінің жағалау бөлігіндегі 94 шақырымға жуық аумақ тазартылды. Жағалаудан табылған торлардың көп­шілігі моножіптерден және ірі көзді тор­лардан тұратынын атап өткен жөн. Нақты осылар итбалық үшін өте қауіпті. Себебі жануарлар оған тез оралып қалып өледі немесе жаралы күйде жүреді де, кейін бәрібір ажалы жетеді. Сонымен қатар жағалаудан тексеру барысында ені 50-ден 100 метрге дейінгі жолдың әрбір шақы­рымынан орта есеппен 120 кг болатын плас­тикалық бөтелкелер және өзге де қат­­ты тұрмыстық қалдықтар табылды, – деді Т.Баймұқанов.

Зерттеулер пластикалық материалдың өте ұсақ бөлшектерге бөлінетінін көрсет­кен. Спикердің айтуынша, итбалықтар қорек­тену кезінде пластик материалдарды жұтуы мүмкін.

– Сонымен қатар микропластик жа­­нуарлардың ағзасына азық тізбегі арқы­лы, яғни олар жеген балықтар мен шаян тәрізділер арқылы енеді. Кас­пий итбалығы азық тізбегін тұйық­тау­шы болғандықтан, олардың ағзасын­дағы пластик бөлшектердің болуын зерт­теу мәселесі өте өзекті болып тұр. Жаға­лау­дағы және Итбалық аралдарының акваториясында тастап кеткен торларды жинау Каспий итбалығының тіршілік ету мекенін сақтап қалу үшін қажет және Каспий теңізін қоқысқа толудан тазарту мен торлардан арылтудың маңызы өте зор, – деді ол.

Осы мақсат аясында жұмыс жүр­гіз­ген арнайы экспедицияның сапа­ры қыркүйек айында Маңғыстау шыға­нағының жағалауынан «Пиранья» аэро­глиссері мен «Славир-6» арнайы жүзу құралымен басталды. Итбалық аралдары мен Каспий теңізінің таяз суларына арнайы тасталған балық аулау тор­ларын, теңіз қоқыстарын жинау экс­пе­дициясы дәстүрге айналған деуге болады. Биыл үшінші жыл қатарынан ұйым­дастырылған тазарту жұмыстары «Подгорный», «Рыбачий», «Морской», «Құлалы» (оңтүстік бөлігі) аралдарының жағалауында және аралдар арасындағы теңіз айдынында жүргізілді.

– Арнайы балық аулауға тасталған торлар жойылып бара жатқан Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балық­тардың өкілдерін қоса алғанда, теңіз өмірі үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Итбалық аралдарының маңында тас­талған балық аулау торлары мен теңіз қоқыстарын жинау бойынша ұйым­дастырылған экспедиция нәтижесінде биыл 3 790 кг тор және 1 578 кг басқа теңіз қоқысы жиналды, – деді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.

Теңіздегі тіршілік иелеріне тажал әкелуші торлар аралдардың жағасынан да, судан да табылған. Табылған капрон және балық аулау торларының бекіре тұқымдас балықтарды аулауға қойылатындығы белгілі, әйтпесе итбалықты тор салып топ-тобымен аулаудың қажеттілігі жоқ. Ма­ман­дар аралдардағы бұл торлар алыс­тан желмен тартылды деп болжайды, сондай-ақ оларды жергілікті балықшылар да салуы мүмкін екенін айтады. Өйткені су­ға тасталған, бірақ шатастырылмаған тор­ларды жасыру үшін көптеген желіде арнайы ауыр зәкірлер де болған.

Теңіз тазалығын, сондай-ақ теңіз жануарлары өлімінің себебін білуге ұм­тылған экспедицияға аймақта жұмыс істей­тін кәсіпорындар қаржылық қолдау көрсеткен.

– «Теңізшевройл» ЖШС Каспий теңізінің қазақстандық секторында био­алуандықты сақтауға үлкен көңіл бө­ліп келеді. Біз тасталған балық аулау торларын жинау жобасын 2017 жылы бастап, содан бері шамамен 3 тонна тор жинадық, сондай-ақ теңізге 52 тірі бе­кіре жібердік. 2019 жылы үш аптадан кем уақыт аралығында Түпқараған түбегінің аумағында 2 856 кг тор мен 6 496 кг қоқыс жиналды. Биыл қоқыс көлемі азайған сияқты, бірақ торлар са­ны едәуір артып кеткені байқалып отыр, – деді ТШО-ның Үкіметпен және жұрт­шылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Сондай-ақ экспедиция барысын­да Каспий теңізінің Маңғыстау шығанағын­дағы микропластика құрамын және Кас­пий итбалығының негізгі қоректену нысандарын – балықтарды, шаян тәрізділерді бағалау үшін 200-ден аса сынама жиналды. 18 итбалықтың қалдығы табылып, олардан жасын бағалау үшін қабыр­шақтар алынды, жолда аралдарда жүзіп жүр­ген бір ғана мөр табылды. Жиналған бар­лық қоқысты, соның ішінде тасталған тор­ларды қайта өңдеуге лицензиясы бар кәсіп­орын қауіпсіз түрде утилизацияға жіберді.

Сапар соңында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы, «Теңізшевройл» ЖШС, Гидробиология және экология институты, сондай-ақ бас­қа да үкіметтік емес ұйымдар Каспий теңі­зіндегі биоалуандық үшін аулар мен торлардың зияны туралы ақпараттандыру жұмысын үзбеу қажеттігін ұғынды. Олар теңіз флорасы мен фаунасын қорғау жөніндегі бағдарламаларды іске асыруды жалғас­тыра түспек.

– Итбалықтардың торға түсіп жә­не плас­­тик қалдықтар кесірінен жа­па­ ше­­гіп жатқандығы рас. Яғни балық­шылардың торына түсіп қалған итбалық атмосфералық ауамен тыныс алу керек болғандықтан тұншығып өледі. Ал плас­тик қалдықтарынан су жануарларына, оның ішінде итбалықтарға тиетін зиян туралы ғаламтор желісінде ақпарат жет­кілікті. Егер белгіленген жерлерге ғана тор салуға рұқсат етілетін болса, онда осы талапты тек қана заңды балықшылар орын­­дайды, яғни браконьерлер бәрібір өз­де­рінің торларын ұнаған жерлерге сала береді. Мәселені шешу үшін барлық мүд­­делі тараптан ұсыныс алып, шешімін табу керек деп ойлаймын, – дейді эко-амбас­садор, «Табиғи орта» Батыс Қазақ­стан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Әділ­бек Қозыбақов.

Жалпы, итбалықтардың өліміне қауіп жағалаудан гөрі теңізден көбірек төнеді. Нақтылай түссек, жағалаудағы адамдардан гөрі теңізге енген адамдардың кесапат-зияны көп, яғни залалдың бәрі адам қолымен жасалады. Тор құрып, теңіз ортасында топалаң келтіретіндер былай тұрсын, теңізден жүріп өтетін кемелердің терең табаны, теңіздегі мұнай кәсіпшілігі судағы тіршілікке, әсіресе суда тыныстап, суда қоректенетін тіршілік иелеріне әсер етпейді деп үзілді-кесілді ешкім айта алмайды.

– Мен ол жерде болдым. Келгенім кеше ғана. Ол учаскеде жағымсыз иіс­тер сезіледі, әсіресе метан, судың бетінде мұнайгаз өнімдерінен қалған қал­дық­тар кездеседі. Осылай жалғаса бер­се итбалық немесе басқа да су жануар­ла­рын айтпағанда, адам баласының ұзақ ғұмыр кешуі екіталай. Ол жерден адам­­дар балық аулап жейді. Көптеген арал бар болғанымен, мүлдем өмір сүр­у­ге келмейді деуге негіз бар. Тіптен сол­ аумақта ауа райының өзі нашарлай­ түскен. Оның үстіне сол ластанған аумақ­­тан бері қарай жел соғып тұр. Сол иіс­­тен-ақ осы мәселенің өзекті екенін түсін­у­ге болады, – дейді ихтиолог Ербол Есқалиев.

Сонымен итбалықтардың өліміне тек торлар, «баклашкалар» ғана әсер етеді деу – біржақтылық. Жағалаудағы пластик қалдықты балық жұтып ауыратын болса, сол суды ішіп, балықты жеп отыр­­ған жағалау жұртының асқазаны плас­тик құтыға айналып, бір басынан аурудың алуан түрі табылатыны анық. Демек, тұрғындар мен туристерден теңіз жағалауын таза ұстауды заңмен талап ету қажет.

Теңіздегі тіршілік иелерінің тағдыры, амандығы теңізге тасталған тор секілді. Ол туралы әңгіменің бір ұшы жағалауда болса, бір шеті теңіздің өзінде жатыр. Жағалаудың ластығы, теңіздегі өндіріс, тыныштықтың, таза ауаның болмауы, қолқаны қабатын иіс пен қоқыс-қалдық теңіздегі тынысты тарылтып, тұңғиықтың кірпияз тарпаңдарына теңкие өлуден басқа жол қалдырмай тұрғаны анық. Су мекенінен у шықса итбалықтар өлмей қайтсін?!

 

Маңғыстау облысы