Аймақтар • 29 Қазан, 2020

Жабасақта еңбекқор жан көп

832 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жабасақ – облыс орталығынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен. Әдетте шалғай ауылдардың тұрғындары қартайып барады, жастар жаппай қалаға кетіп жатыр дейміз ғой. Алайда журналистік сапар барысында Жабасақ ауылынан мұндай көріністі байқай алмадық. Айталық, округ аумағында 32 шаруа қожалығы болса, дені орта жасқа дейінгі жастардың жұмысы екені сүйсіндіреді.

Жабасақта еңбекқор жан көп

Әлбетте, малдың санын түгендеп, жанның саны мен саулығын сұрауды екінші ке­зекке ысырып тастайтын әдет­тен де құралақан емес еке­німізді жасырып қайтеміз. Осы орайда соңғы жылдары Ж­а­басақ ауылындағы тұр­ғын­дардың саны табиғи өсім есебінен толығып келе жатқаны қуантады. Ауылдық округ әкімі Әкімгерей Ақмурзиннің ай­туынша, жабасақтық жас отба­сылардың әрқайсысы 4-5 бала тәрбиелейді. Тек биылғы жаңа оқу жылында шағын ауыл­да 22 балдырғанның даяр­лық тобына баруы ауыл басшысы айтқан әңгіме шын­дық­тан алыс емес екенін айғақ­тай­ды.

Бұған қоса мектеп жанын­дағы интернатта 25 бала оқып жүрген көрінеді. Зәулім де сәнді клуб пен кітапханаға келіп, рухани тұрғыдан ой-өрісін байытып жүрген ауыл азаматтары да аз емес. Бүгінде интел­лектіні дамытудың бас­ты кө­зінің бірі – ғаламтор. Осы орайда ауылдағы интернет желісі жылдамдығының тө­мендігі ел мен жер, әлем тынысын білмекке құмар ауыл жас­та­ры мен зиялыларының жігерін жасытып жүргендей көрінеді. Жабасақ ауылы тұр­ғын­дарының туған ауылына деген сүйіспеншілігі, тұрмыс мәдениеті жоғары деңгейде екені аңғарылады. Айталық, газ құбыры өткізіл­ме­ген, күн са­йын көмір, қи жағып отырған ауылда күл-қо­қыстың көрінбегені таңғал­дыр­ды. Мұның сыры – арнайы полигон жасақталып, қажетсіз тұрмыстық қалдықтар сол жерге апарылып жойылады екен.

Жабасақта ауыз су мәселесі толық шешімін тауып, су құ­быры өткізілген. Оның сапасы өте жоғары екенін тұр­ғындар риза кейіпте әңгімелеп берді. Со­нымен бірге жергілікті жол­­­дардың жөнделгеніне және оған орташа деңгейде күтім жасалғанына куә бол­дық. Мұның басты дәлелі – қат­қыл табанды грейдермен жолға қиыршық тас төселген. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің айтуынша, бұл жергілікті құрылыс мате­риа­­лы көршілес Хромтау ауда­ны­нан жеткізілген екен.

Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары иелерінің басты кәсібі – мал өсіру, оның өнімдерін өндіру. Бұл мәселеде түйткіл туғызып жүрген тұс­тар да жеткілікті. Мәселен, Жабасақ ауылында шағын шаруа қожалықтарының көп болуы аталған елді мекен тұр­ғындарының еңбекқор кей­пін көрсетеді. Бұл талас жоқ, қолдауға тұрарлық оң құбылыс. Әрі бұл көрініс жастарды ата кәсібіміз мал шаруашылығына икемдеудің таптырмас жолы да, түптей келгенде еңбек тәрбиесі де­ге­ні­міздің өзі де – осы. Ал екінші бір қырынан қа­рас­тырғанда, ұсақ шаруа қожалықтарының лизингке техника сатып алуға, мал тұқымын асылдандыру мен селекциялық жұмыстарды жүйелі жүргізуге әлеуеті бола бермейтіні де басы ашық мәселе. Бұл ретте ұсақ та болса өзіне тиесілі шаруаны шашау шығармай қамдастырып келген қожалық иелерінің кооперативке біріге қоюының да өзіндік иірімдері аз емес. Біз барған кезде Жабасақ ауылдық округінің әкімі Әкімгерей Ақмурзин осы мәселенің кіл­тін іздеп жүргенін жеткізді.

Шаруа қожалықтары жетек­­шілерімен әңгімелесу кезін­де олар несиелік қаржы инсти­туттарына қатысты сөз­бұйдаға салынып жүрген жайттарды жіліктеп берді. Мұның ең бастысы, құжат жинақтау мен жасақтау кезінде орын алатын әкімшілік кедергілер. Соның салдарынан бұл үдеріс тым ұзаққа созылады. Соның ішінде «Даму» несиелік құры­лымынан несиеге қол жеткізу аспандағы айды алып берумен бірдей қиын іс болып кеткенге ұқсайды.

Әңгімемізді түйіндей ке­ле, адал еңбегінің құнын өз дең­гейінде пұлдай алмау, жүн мен терінің ешкімге ке­рек­сіз болып қалуы, мал өсіру­ге кеткен шығынның ақталмауы – Жабасақтағы мал өсірушілердің қабырғаларына қара тастай батып жүргенін айта кеткіміз келеді. Әрі бұл көрініс бір Жабасақ ауылы­на ғана емес, облыстың бір­қатар мал өсіретін ұсақ құры­лымдарына тән құбылыс десек, тиісті өкілетті органдар бұл мәселені шешу мен реттеу тетігін қарастырғанын қалар едік. Іздестіре білсе, оның жол­дары жеткілікті деуге болады. Бұл мәселенің тұтқасы табылса, Жабасақ ауылының еңбекқор жандарының мал өсіруге деген құлшынысы одан әрі арта түсетініне сенім мол.

«Жабасағым – жас өлкем,

түлеп қайта жасап жаңарған.

Болашағың әсем – ән өлкем, таң нұрындай таралған.

Мақтан етіп өзіңді, әнге қоссын ұл-қызың,

Отанымның төрінде, жайнай берсін жұлдызың», деп жер­гілікті ақын Қуаныш Ал­тынбаев жырға қосқандай, жаба­сақтық жастардың жұл­ды­зы жоғары бола берсін демекпіз.

 

 

Ақтөбе облысы,

Әйтеке би ауданы,

Жабасақ ауылы