Аймақтар • 29 Қазан, 2020

Қазығұрт Ұлы Жібек жолы бойындағы туристік соқпақ болады

447 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?..» Тереңіне бойлай білсеңіз, Қазығұрт атауының әлімсақтан бері адамзаттың аузында келе жатқандығын түсінеміз.

Қазығұрт Ұлы Жібек жолы бойындағы туристік соқпақ болады

 

Аңызға сенгіш халықтың ұр­пағы ретінде көнекөздер осынау құт мекеннің қадір-қасиетін ұрпақтар санасына ұялатып келеді.

Жаһанданумен жаға ұстас­қан бүгінде бұл рухани майдан бұрынғысынан да қыза тү­суде. Ұлттың ұпайын түген­дер тұста тағылымды тарихы бар Қа­зығұрттың қадір-қа­сиетін кейінгі толқынның кө­ңіл көк­жиегіне қон­дыру үшін бір­қатар ауқымды жұмыс қолға алынуда.

Сол ершімді еңбектің ішінде оңтүстік журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбек ағамыз төрағалық ететін «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының тындырымды тірлігін ерекше атап өтуге болады.

2000 жылдан бері киелі Қа­зығұрт тауының тарихи маңы­зын жан-жақты насихаттау мақ­сатында құрылған қоғамдық қор бүгінге дейін көптеген іс-ша­ра атқарды.

Тарихқа тағзым жасалған сол шаралардың бірінде, нақ­ты­рағы 2007 жылы «Киелі Қа­зы­ғұрт» қоғамдық қорының ұйым­­­дастыруымен Қазығұрт та­уы­ның ұшар басына биіктігі 7 метр, табан ауданы 4х4 метр болатын «Қазығұрт – Алтын қа­зық» атты ескерткіш қойылған еді. Ескерткіштің төбесіндегі диаметрі 1 метр болатын айнашар бүгінде Шымкент қаласынан жарқырап көрініп тұрады.

Осы ескерткіштің симво­ли­калық белгісі, яғни «Қазығұрт – Алтын қазық» арнайы белгісі 2012 жылдан бастап түрлі сала­ларда елеулі жетістікке жеткен, ел татулығы мен бірлігінің ны­ғаюына айтарлықтай үлес қос­қан, сонымен қатар өзінің игі іс­терімен көпшілікке үлгі болып жүрген мемлекетшіл һәм елжанды тұлғаларға беріліп келеді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде та­бысталатын бұл марапатқа би­ы­­л өлкенің өркендеуіне еңбек сіңірген 4 азамат лайық деп танылыпты.

Міне, сол игі шараны өткізу үшін таңмен таласа тал бесік – Қазығұртты бетке алған бір топ зиялы қауым әуелі Төлеби ауда­нындағы Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиеге, онан әрі Ақбура әулие кесенесіне зиярат етіп, Қа­зығұрттың етегіне бір сәт дамылдады.

«Жебе» баспа үйінің директоры Жарқынбек Төлтебаев Қа­зығұрттың көпшілік біле бер­мейтін құпияларымен бөлісіп, туристерге қолайлы орта қа­лып­тастыруды мақсат тұтқан жобалармен таныстырды.

Бір әттегенайы, экс әкім Жан­сейіт Түймебаевтың тұ­сын­да қолға алынған «Наурыз Қазығұрттан басталады» шарасы, Қазығұрт тауын туризм ор­талығына айналдыру жобасы жалғасын таппай отыр. Жер­гілікті билік өкілдерінің айтуын­ша, бірінші әлемді жаулаған індет, екіншіден бюджеттік қол­байлау келелі іске кедергі кел­тіріпті.

Қазақстанның киелі жерлер тізіміне енген әулиелі орындарға жасалған сапардың соңы облыс­тық «Оңтүстік Қазақстан» га­зетінде жалғасын тапты. Қор­дың төрағасы Байдулла Қонысбек өткен шараның мән-маңызына тоқ­талып, салтанатты марапаттау рәсімін ашып берді.

«Киелі Қазығұрт» – елді ын­тымақ-бірлікке, достыққа шақы­ратын қордың бірі. Өйткені «Кие­лі Қазығұрт» деген атауының өзі үлкен жауапкершілік пен ауқым­ды міндет жүктейді. Құ­рыл­ғанына 20 жылдан астам уа­қыт болды. Сол жылдардың ішін­де алға қойған мақсаты – Нұх пай­ғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағанын, сөйтіп күллі адамзат­тың тіршілігі осы жерден өсіп-өніп, тараған деген ақиқаты басым аңызды жалпақ әлемге жариялау. Қолымыздан келгенше соны насихаттап келеміз. Бұл туралы бірнеше деректі фильм, мультфильм түсірдік. Кітаптар шығардық. Бүгінгі табысталар марапат, марапатталушы азаматтар арқылы біз Қазығұрт атауы­ның беделін онан бері биіктете береміз», дейді қордың төрағасы Байдулла Қонысбек.

«Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен дәстүрлі түрде өткізілетін «Қазы­ғұрт – Алтын қазық» марапаты биыл 4 азаматқа тапсырылды. Олар – республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Да­рхан Қыдырәлі, Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының, Қазығұрт, Төлеби аудандарының Құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының құрметті аза­маты Әбдіғани Ташқараев, Түркістан облысы, Шымкент қала­сы әкімінің бұрынғы орынбасары Ербол Садыр.

Алқалы жиында марапат иегерлерінің қай-қайсысы да өз саласында ел игілігі үшін еңбек еткен елеулі тұлғалар екендігі тілге тиек етілді. Әрі барша ма­ра­патталушыларды «Киелі Қазы­ғұрт» атауына қызмет етуге, наси­хаттауға шақырды.

Белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақа­ласындағы мәселелер осы қоғам­дық қордың жұмысымен ұштасып жатқанын айтты.

«Елбасының мақаласында «Туған жер» бағдарламасы туралы керемет айтылған. «Қазақстанның қасиетті орындарын көркейту үшін жергілікті әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар не істеу керек?» деген мәселені нақты көр­сетіп берген. Сол «Туған жер» жобасының аясында «Кие­лі Қазығұрт» қоры да үлкен жұ­мыс атқарып келеді. «Қазы­ғұрт – Алтын қазық» белгісі киелі жерлерді насихаттау үшін түрлі саладағы қоғам және мемлекет қайраткерлеріне беріліп келе жатыр», деді қарымды қаламгер.

Шара соңында осыған дейін аталған сыйлықтың 30-ға тарта азаматқа тапсырылғанын, олар­дың қатарында ел үшін аянбай тер төккен тұлғалар баршылық екендігі айтылды. Мәселен, «Ас­қар Мырзахметов, Сауытбек Аб­драхманов, Бекет Тұрғараев сынды ел ағаларының марапатқа ие болғандығы аталған сыйлықтың беделін биіктете түсті», дейді шара ұйымдастырушылары.

Өз кезегінде кеудесіне медаль таққан алқаулы азаматтар сөз алып, қор төрағасы мен мүше­леріне өз алғыстарын білдірді.

Келелі жиында аңызға арқау болған Қазығұрт тауын Ұлы Жібек жолы бойындағы туристік бағыттың бір тармағына айналдыру үшін мемлекеттен қолдау сұрайтын хат дайындалатын болды. Сондай-ақ Қазығұрт асуында қаңқасы тұрған алып кеменің макетін жаңарту үшін кәсіпкер азаматтарды қор жұмысына белсене атсалысуға шақырды.

 

Қазығұрт – Шымкент