Сұхбат • 30 Қазан, 2020

Талғат Күзембаев: Абайдан аянып қалған кезім жоқ

811 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Күзембаевқа тағдыр талайы 10 жыл бойы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында Абай болып толғануды жазыпты. Жыл басында Босния және Герцеговина астанасында халықаралық «Сараево қысы» фестивалінің ашылуы аясында оның орындауында «Абай» операсынан ариялар шырқалды.

Тарих беттерін парақтайтын болсақ, Мұхтар Әуезовтің либреттосына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірігіп жазған атақты опера алғаш рет 1944 жылдың 24 желтоқсанында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында қойылған. 1958 жылы қойылым қайта жазылып, жаңартылады. Бұл шығарма содан бері ешбір өзгеріс көрмепті. Бекзат еуропалықтардың «Абайдан» алған әсерлері туралы «Сол бір күндері өң мен түстің арасында қалықтап жүргендей күй кештім. Еуропадағы Абай күндері неміс композиторы Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығымен тура келді. Бастысы, көрерменнің ықыласын көріп, маған жүктелген образды сәтті орындап шыққанымды жүрекпен сездім. Себебі өнерде шекара жоқ. Еуропа Абайды жүрекпен қабылдады» дейді опера әншісі.

Талғат Күзембаев: Абайдан аянып қалған кезім жоқ

– Талғат, ұстазыңыз Ғафиз Есімов Абай рөлінде ойнағанда сіз Жи­­рен­ше болып жүрдіңіз. Соңғы 10 жыл көлемінде Абайды сомдап жүр­сіз. Сіз ақын рухын бойы­ңыз­­ға сіңіре алдыңыз ба?

– Қиын сұрақ екен. Абайдың партиясы – қазақ опералық репер­туа­рын­да­ғы баритонға арнап жазылған туын­ды. Партия­ны орындау оңай емес, себебі орындау­шы­ға осы бейненің барлық тереңдігін паш ету жүктелген. Музыкалық жа­ғы­нан да бәрі сондай оңай емес, себебі партия лирикалық баритон үшін емес, өте «мықты» баритон дауысқа арнап жазылған. Оны мінсіз орындап шығу үшін, драматургия музыкамен үйлесім табуы тиіс.

Абай бейнесін бірнеше тамаша әншілеріміз сахнада сомдаған екен. Жас орындаушыларды айтпағанның өзінде, Ермек Серкебаев, Мұрат Мұсабаев, Ғафиз Есімов Абайлары – жеке-жеке сараланып, зерттеуді қажет ететін бөлек тақырыптар. Солар­дың ішінен Абайды көрермен-тың­дау­шы­ларына етене жақындастырып өзіндік орындауымен ұрпақ санасына өшпестей із қалдырған әнші – Ришат Абдуллиннің еңбегі ерекше көрінеді. Әншінің 80 жылдық салтанатты кешінде сөйлеген күміс көмей әншіміз Бибігүл Төлегенова: «Ришат Абай партиясын бірінші орындаған озық әнші болып тарихта қала бермек», деген еді. 10 жылдан бері сіз айтпақшы, Абай болып толғанып, Абай болып шерленіп келемін. Мүмкіндігім мен талантымды Абайдан аяп қалған кезім жоқ. Опера тарихында Абайды сомдап шыққан әншілердің қатарынан орын алғаным үшін тағдырыма ризамын.

– Тарихи жанр сіздің таби­ға­ты­­­ңыз­­ға жақын сияқты. Абылай хан. Ма­хам­бет. Абай…

– Ол рас. «Абай» операсында – Абайдан бұрын Жиреншені ойнадым. Жиренше арқылы жағымсыз кейіпкерді көрсету қолымнан келе­ті­нін, тіпті маған ұнайтынын, ол актер­дің ширығып қалыптасуына мүм­кін­дік беретінін түсіндім.

Қазір ойлап қарасам, операдағы жолым жағымсыз кейіпкерлерден бас­талыпты. «Қыз Жібекте» – Беке­жан, «Біржан салда» – Жанбота.

– «Абылай хан» операсы 2004 жылы қарашадан бері жүріп келе жа­­тыр. 2006 жылы «Абылай хан» үшін Мемлекеттік сыйлық алды­ңыз­­дар. Біз көргелі Абылай ханды сіз ғана сомдап келесіз... Неге?

– Абылай рөлі екі актерге бекі­тіл­ген болатын. «Не себепті сіз ғана орын­дайсыз?» деген сұрақты маған емес, басшыларға қойғаныңыз жөн шы­ғар. Актер ретінде айтарым бұл партия өте күр­делі. Оны тек дра­ма­­лық баритон да­уысты әнші ғана орын­дай алады. Тыныс жағынан да солай. Композитор Еркеғали Рах­мадиев, либ­рет­то авторы Әбіш Кекіл­ба­ев тарихи драманы жаңа ты­ныс­пен алып келді.

– Оны байқамау мүмкін емес. Ән саласыздар, сонымен бір мез­гіл­­де музыканың ырғағымен сөй­лей­сіздер.

– Дұрыс айтасыз. Музыка ырға­ғы­мен қоса мәтіннен жаңылмау – басты талап. Бұл, әрине айтуға оңай. Симфониялық оркестр жетегінде қа­жет­ті интонацияны барлық акценттермен сақтау өте қиын.

 – Адамның жасы оның дауыс ерек­шелігіне әсер ете ме?

– Әсер етеді. Мысалы, жасым 50-ге жақындап қалды. Менің даусым енді қалыптасып келе жатыр. Басқаша айт­қанда, екінші тынысым ашыла бас­та­ды. Енді бес-алты жылда бас баритон дауысымен орындауға болады. Менің даусымның табиғаты соған жақындап келеді.

– Трагедиялық рөлдер жайлы не айтасыз?

– «Трубадур» операсындағы Граф Ди Лунаға да дер кезінде келдім деп ойлаймын. Бұл өте күрделі бейне. Мен оны тек Қазақстанда ғана емес Кипрдің, Пафос қаласында да орындадым.

– Сол сапарға бірге барғандар сіз­дің аяқастынан қиыннан қиыс­ты­ра білетін тапқырлығыңыз жайлы жиі айтады.

– Кипрде тек қазақстандық қана емес, ресейлік опера әншілері де қа­тыс­ты. «Трубадурдағы» келісім бо­йынша алғашқы және үшінші қойы­лымды ресейлік, ал екіншісін мен орындайтын болып келіскенбіз. Бірақ Граф Ди Лунаның екінші орындаушысы өзін нашар сезінгені белгілі болды. Сол сәтте ұйымдастырушылар Күзембаев екі спектакльді де орындап шығады деп шешті. Келісім бойынша мен алғашқы күні ойнап, қалған күндерімді демалуға, қаланы аралауға арнаймын деп шешкенмін. Теңіз жаға­ла­уында орналасқан театрда 3000 көрермен отыр. Ұйымдастырушылар мені асығыс шақыртып алды да бетім­ді әрлеп, дайындай бастады. Содан соң сахнаға шығып кеттім.

– Көрермендер байқаған болар...

– Әрине Еуропада бір операны екі әншінің орындауы қалыпты жағдай. Себебі бір орындаушының басынан аяғына дейін бір әнді орындап шығуы өте қиын.

– Қазақ әншілері үшін партияны шет тіл­дерінде орындау қиындық тудыр­май ма?

– Қазақ, орыс және италиян тіл­де­рінде ән шырқау қазақ әнші­лері үшін қалыпты жағдай. Бұрын­да­ры орыс тілінде жүретін еді. Тәуел­сіз­дік алғаннан кейін әр опера өз елінің тілінде орындалатын болды. Консерваторияда италиян тілін үй­ре­теді. Негізінен музыкалық тер­мин­­дер­дің бәрі сол тілде ғой. Сөйлеп кет­пеген­мен, түсінесің.

 Әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс бойынша операның өз тілінде орындалғаны жақсы, құлаққа да жағымды естіледі әрі көрерменнің қабылдауына әсері ерекше болады.

– Біздегі опера әншілерінің басым көпшілігі Гранд операда ән салсам деп армандайды. Музыка ұлтқа, тілге бөлінбейді. Онда тек ән құдіреті ғана бар. Әлемді кө­мей­ден төгілген сұлу әуен­мен ғана мойындатасың. Әлде қазақ­стан­дық тыңдарманның ерек­ше­лігі бар ма?

– Барлық жерде тыңдарман бірдей. Олардың жүрегін жаулап алу әншіге, дирижерге байланысты. Әр операда бір жетекші болады. Мысалы, бізге Доминго келсе, бойымызға қан жүгіріп, рухымыз көтеріліп, өзімізді жақсы жағынан көрсетуге тырысамыз.

– Қазақстандық көрермендердің тал­ғамын қалай бағалайсыз, көңі­ліңіз тола ма?

– Бізде операның аудиториясы әлі қалыптаспаған. Опера мәдениеті кең көлемде жарнамаланбайды. Менің бағым, хан Абылайды немесе Әнұранымызды орындап, көптің назарына ілініп қалғаным шығар. Әйтпесе қазақта даусы керемет опера әншілері жетеді. Оларды бағалау да кемшін түсіп жатыр. Мұның себебі оның табиғатын жіліктеп, майдан қыл суырғандай етіп талдап беретін опера сыншыларының аздығында болар.

– Табиғат сізге ешкімге ұқса­май­­тын керемет дауыс берді. Әріп­тестеріңіз сіздің даусыңыз атақты ше­телдік режиссерлердің өзін таң­­ғал­дырады дейді. Ал шетелде шы­ғармашылық иелерінің басым көп­шілігі өнерін жарнамалайтын, әлем­дік деңгейдегі театрларда өнер көр­сетуге келісімшарттар әзір­лейтін арнайы агенттер ұстайды. Бұл сіз тәрізді тума талант­тар үшін ауадай қажет сияқты?

– Бұл қажет. Тіпті кезі келді деп ойлаймын. Осы жақында ғана ұлты өзге әріптестеріміз өз қаржысымен Италияға кетті. Қазақ әншілерінде мұндай мүмкіндік жоқ. Амал жоқ, қосымша кіріс көзін іздейсің. Той-томалақта ән саласың. Операның табиғаты эстрадаға келе бермейді.

Шетелден келген режиссерлерге қыруар қаржы төлейді. Демек, қаржы бөлінбейді деп өкпе артуға болмайды. Кейде опера әншілеріне шетелдік әріптестеріндей жеке агенті болса, олар шетелдік өнер ордаларымен келісімшарттар жасаумен айналысса деп армандайсың. Бізде бұл тәжірибеде бар ғой. Мысалы, эстрада әншілерінің бәрінде продюсер бар.

– Қазақтың той бизнесі эстрада әншілерінің күре-тамырына қан жүгіртіп тұр. Ал қазақ операсының жай-күйі қалай?

– Бекзат өнер десек те, операда ондай мүмкіндік жоқ. Опера жанр­ы әзірге танымалдылыққа ие бола қой­ған жоқ. Танымайтын адамына сәлем бермейтіндер қазақ арасында көп. Сондықтан операның жарнамасы, әншілерінің жеке агенті мәселесімен Мәдениет министрлігі айналысуы тиіс.

– «Астана Операға» ауысуға қа­лай қарайсыз?

– «Астана Опера» әншілерге конкурс жариялағанда қатысып, бақ сынап көрдім. Тыңдалымда үш турдан да өттім, алайда штатқа қабылдамады. Келісімшарт негізінде жұмыс істейтін болып келістік, қажет кезінде шақырамыз деді. Әншілерге шек қоюға болмайды. Олар еркін құс секілді, көкке самғаған сайын еркін ұшады. Реті келіп жатса, әншілер кез келген опера театрында алма-кезек партияларды орындағаны дұрыс. Сол арқылы әнші өзін бұрынғыдан да жан-жақты дамыта түсер еді.

– Сіздер үшін «Астана Опера» бәсе­ке­лес пе, әлде әріптес пе? Қай­сы­сы­ның салмағы ауыр?

– Бәсеке бар жерде өнер өшпейді, өседі. Өзіңмен бірдей дауыстағы әншімен өзіңді салыстырасың да кәсіби деңгейіңді төмендетіп алмауға тырысасың, бұл – биіктерге же­те­леудің төте жолы. Вокалдағы ән­шілер де спортшылар секілді, ірі жа­рыстарға жіберетін кезде оларды іріктейді емес пе, сол секілді опера әншілерін де дауыстары мен кәсіби деңгейіне, тәжірибесіне сай іріктеуден өткізіп, жоғары деңгейде өтетін мемлекеттік концерттерге қатыстырып отырса тамаша болар еді. Әдетте бізде салтанатты концерттерге шетелде өнер көрсетіп жүр­ген қандастарымызды қосады. Ол да жақсы. Республикамызды әлем­дік аренада таныстыруға атсалы­сып жүрген өнер тұлғаларының қай деңгейде екенін елі де білгені абзал. Болашақта мерекелік ірі іс-ша­ра­ларды ұйымдастырудың басы-қа­сын­да жүретін азаматтар еліміздің театр­ларындағы опера әншілерін де ес­ке­русіз қалдырмаса деген тілек бар.

– Опера сыншылары да­у­­сыңыз­­ды драмалық-баритон жан­ры­­на жақын дейді. Еуропа сын­­шы­лары сіздің даусыңызды өте сирек кез­­де­се­тін дауысқа жат­қызып, бас бари­тонға теңейді. Абылай хан рө­лі­не бекітілуіңізге дау­сыңыздың осы ерекшелігі көп әсер еткен шы­ғар.

– Олай деп біржақты кесіп айтуға болмас. Хан Абылайға дейін Жанботаны, Абайды, Бекежанды сомдадым. Бірақ Абылай бейнесі өмірімнің түбегейлі өзгеруіне әсер етті. Хан Абылайды сомдағаным үшін Мемлекеттік сыйлықты алдым. Тәуелсіздік тарихында ең жас Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреаты атандым.

 «Абылай ханның» либреттосы – Әбіш Кекілбаевтікі, композиторы – Еркеғали Рахмадиев. Әуел баста «Абылай хан» ұстазым, халық әртісі Ғафиз Есімовке арнап жазылған болатын. Айналып келгенде шәкіртіне –  маған бұйырды. Менің орындауыма Еркеғали аға қарсы болған жоқ, сыртымнан бақылап жүргенге ұқсайды.

Бастапқыда Абылай ханның жас­тық шағы мен ел ағасына айнал­ған шағы, яки хан өмірінің екі ке­зеңін екі актер орындайтын болып ұйғарылған-ды. Жастық шағын Талғат Мұсабаев, ел ағасы кезеңін орындау менің еншіме тиді. Операны қоюға Санкт-Петербургтен белгілі режиссер Юрий Александров пен қоюшы-суретші Вячеслав Окунев шақырылды. Қоюшы режиссер көп нәрсені шешеді ғой, Юрий Александров келген соң маған кейіпкердің жас кезінде айтылатын ариялардың бәрін жаттап ал деген тапсырма берді. Оны да реттедім. Талғатқа да ел ағасы кезінде орындалар арияларды түгелдей жатта деген болса керек, сәл қиналыңқырады әрі уақыт та тығыз болатын. Белгіленген уақытқа жаттап үлгере алмаймын деп ойлаған болу керек, Талғат рөлден бас тартты. Себебі операдағы негізгі оқиғалардың бәрі ел ағасы кезеңінде өтеді, елшілерді қабылдайды, көп­теген монологы бар дегендей. Оны драма театрындағыдай емес, сим­фонияға ілесе отырып орындауың керек. Содан басынан аяғына дейін жалғыз өзім орындайтын болдым.

– 2015 жылы қараша айында «Абылай хан» операсы аншлагпен өтті. Бірақ көрермен ретінде атақты Абылай қалмақ әйелі То­пыш­тың айтқанынан шыға алмай қалатын тұстарын қабылдай алма­дым. Бұл да режиссерлердің шешімі ме?

– Мен бұл сынды көп естідім. Атақты Абылайдың, сіздің тіліңізбен айтқанда, қалмақ әйелінің айтқанынан шыға алмай қалған сәттерін 100 па­йыз қабылдадым деп айта алмаймын. Бірақ біз алдымызға келген рөлді орын­даймыз. Мазмұнына әсер ету немесе ұнамайды деп алып тастау біздің міндетімізге кірмейді.

– «Абылай ханды» сахналағанда да, «Астана Опера» театрының жаңа қойылымдарына да сырттан режиссер шақырады.

– Сырттан режиссер шақыру  өзімізде кәсіби мамандар жоқ деген ұғымды білдірмесе керек, бұл – өнер ордаларында ежелден бар үрдіс. «Мың естігеннен бір көрген артық» демей ме халық даналығы. Сол айтпақшы, өз саласында талай қайталанбас туындыларды көрермен көзайымына айналдырған есімі әлемдік деңгейде белгілі дарын иелерімен қоян-қолтық жұмыс жасау біле білгенге нағыз шеберлік мектебі. Бір жағы тәжірибе алмасу, екінші жағынан атақты режиссер шыққан биігінен төмендемес үшін де соған лайықты дүние тудыруға бар күшін салатын болады. Бұл деге­ніңіз жекелеген өнер иелерінің емес, тұтас ұжымның да бір кісідей тастүйін жұмылып, жұмыс жасауына кепілдік беретін тамаша мүмкіндік. Осылайша сырттан шақырылған талантты тұлғаның деңгейіне сай биік өнер көрсетуге басты партиядан бас­тап, көпшілік сахнасындағы әрбір актер бар ынтасын салып, талпыныс жасайтын болады. Бар ынтаңмен атқарылған еңбек қашанда нәтижелі. Сондықтан да орындаушыларды немесе қоюшы режиссерлерді сырттан шақырғанға үрке қараудың еш қажеті жоқ.

– Шет жаққа шақыртулармен жиі шығып тұрасыз ба?

– Шақыртуға келгенде онша мақ­та­на алмаймын. Өте сирек. 2007 жылы Қазан қаласындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театры шақырып, бір қойы­лымға қатыстым. Сол жылы Абай атындағы опера және балет театрының опералық труппасымен Кипрдегі Пафос қаласында «Афродита» фестиваліне қатысып, сахнасында Вердидің «Трубадур» операсындағы Граф ди Луна партия­сын орындадым.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

Алматы

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше