Ведомство басшысының айтуынша, «Ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін орнату» жобасына сәйкес, тұтас республика көлемінде 2,4 млн адам қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазір елімізде 20 мың шақырым «оптика» төселіп, оған 3,5 мың мемлекеттік нысан қосылды.
«Талшықты-оптикалық байланыс желісі, яғни ТОБЖ – газ немесе су секілді инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз еткенмен бірдей. Интернетті ауылға – мектептерге, ауруханаларға және әкімдіктерге жеткіземіз.
Ал әр үйге тарту – бұл «мобильді интернет» жобасы. 928 ауылдық және шалғай елді мекендерде антенді-діңгек құрылымдары, 601 мыңнан астам адамды қамтитын базалық стансалар орнатылды», деді Б.Мусин.
Ведомство басшысы ТОБЖ-ны салу арзанға түспейтінін, сондай-ақ елді мекендердің ерекшелігіне байланысты оны тартуда техникалық қиындықтар бар екенін жасырмады. Бірақ министрлік бұл мәселені шейринг келісімі арқылы шешуді көздемек. Министр ұялы байланыс операторлары келісімге келгенін, атап айтқанда үш түрлі қондырғының орнына 3 оператор бір ортақ желіден байланыс ұстап, тарататынын жеткізді.
«Байланыс операторларының жеке радиожиіліктерді пайдалануға лицензиялары бар. Бірақ белгілі бір жиіліктерді тек операторлар ғана сатып алуға немесе жалға алуға құқығы жоқ. Біз радиожиіліктерді бөлу қағидаларын қайта қарауды және арттыруға міндетті аукционды сауда-саттық енгізуді ұсындық», деді спикер.
Цифрлық даму министрлігі байланыс және интернет сапасын да бақылауды күшейтпек.
«Байланыс сапасына тоқталсақ, реттеуші орган ретінде бізде оның сапасын анықтауға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық актілер бар. Егер де байланыс белгісі байқалса, онда талапқа сәйкес – интернеттің ұстап тұрғанын, демек белгілі бір байланыстың бар екенін аңғартады. Әйтсе де оның сапалы жұмысына бұл байланыстың жеткіліксіз екенін түсінеміз. Сондықтан екі проблеманың бар екені анық. Нақты айтқанда, интернеттің сапасы бойынша нақты талаптар жоқ. Екіншіден, қай жерде, қандай жағдайда, байланыс ұстай ма, әлде жоқ па дегендей сұрақтарға қатысты сараптама жоқтың қасы», деді жауапты ведомство басшысы.
Десе де спикер аталған мәселені реттеудің тетіктері бар екенін айтты.
«Бұл проблеманы шешіп, ғаламтор сапасын бақылау үшін екі жолды таңдадық. Біріншіден, Bailanys.bar халықтық бақылау қызметіне жүгіну арқылы. Қазір бұл қызмет жұмыс істеп тұр. Бір түймені басу арқылы кез келген пайдаланушы дерекқорға жылдамдыққа байланысты мәліметтерді жібере алады. Бұл өз кезегінде республика аумағындағы қандай да бір елді мекеннің координаттары мен тарату жылдамдығын көрсетуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, осы деректерді базада жинақтай отырып, еліміздегі ахуалды және байланыс хабарламасы әлсіз аймақтарды көріп отырмыз. Осы халықтық бақылау қызметі кеңінен тарап, арнайы өлшеу құрылғыларымен байланыстың әлсіздігін түзетуге және белгілі бір айыппұлдар салуға құқылы. Сол секілді өкілеттігі бар инспекторларымызды қайда жіберуге болатындығын білетін боламыз. Бұл тұтынушылардың шағымдарына жауап беруге және осы ақпарат арқылы интернетке қатысты барлық мәселені шешу үшін жоспарлы жұмыс жүргізуге жол ашады», деді Б.Мусин.
Ведомство өкілдерінің сөзіне сүйенсек, Bailanys.bar – сапаны жақсартудың алғашқы қадамы. Қазір оның көмегімен 50 мыңнан астам тексеру жұмыстары атқарылып, тиісті деректер жинақталды.
Екінші қадам – заңнамалық деңгейде бірқатар өзгерісті талап етуге құқылы реттеушінің рөлін күшейту.
«Бақылауды күшейту мақсатында интернет сапасына байланысты белгілі бір талаптарды күшейтіп, анықтауды жоспарлап отырмыз. Мәселен, операторлар ұсынуға тиіс интернет сапасының нақты көлемін көрсетуі қажет. Екіншіден, мүдделі тараптармен бірлесіп, радиожиіліктерді бөлу талаптарын бекітіп, әзірлейміз. Бұл байланыс сапасын таратуға кедергі келтіретін латифундизммен күресуге көмектеседі. Үшінші ұсыныс – байланыс операторларына салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайту. Оған қарсылық танытқандар жоқ. Қазір заң жобасының тиісті мәселесін шешу бағытында жұмыс істеп келеміз», деді ведомство басшысы.
Сонымен қоса талшықты-оптикалық байланыс желілерін тартпай тұрғын үй кешендерін пайдалануға беруге тыйым салынады. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тиісті уағдаластыққа қол жеткізілді. Саладағы тағы бір жаңалық Ақпараттық қауіпсіздік комитеті отандық IT жүйелерін тұтастай тазартуды көздейтін 5 бағытты ұсынып отыр.
«2010 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтары деректер базасынан анықтамалар бере бастағанда, олар жеке тұлғаға қатысты ақпаратты көре алады деген күдікке ілінгені есімізде. Сол кезде бұл мәселені әр адам электронды үкіметтегі жеке кабинетіне кіріп, ХҚКО операторының дерекқорға кірген-кірмегенін бақылауға мүмкіндік алды. Енді мұндай талап басқа да мемлекеттік органдарға қатысты болады», деді министр.
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің мамандары «есептен шығару» құқығын пайдалануды ұсынып отыр. Демек, жеке мәліметтерді интернеттен толық жою көзделмек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс деп түсіндірді ведомство өкілдері.
«Ақпараттық қауіпсіздік комитеті бұл бағыттағы жұмысты қолға алды. Қазір комитеттің рұқсаты берілген бірнеше өтініш бар. Оның ішінде жеке мәліметтерді келісім негізінде пайдалану бойынша бастама қамтылған. Мысалы, сіз банкке келіп, несие алғанда өз ақпаратыңызды өңдеу үшін белгілі бір келісімге қол қоясыз. Әрине, несиені өтеп, банкпен байланысыңыз тоқтайды. Бірақ банк немесе бірінші кредиттік бюро қандай да бір алгоритмдерді жүргізу үшін және тағы басқа мақсатта сіздің ақпаратыңызды одан әрі өңдеуге құқылы. Сондықтан адамдарға жеке мәліметтерін пайдалануға берген келісімдерін кері қайтарып алуға мүмкіндік бергіміз келеді. Егер де 10 жыл бұрын қандай да бір құжатқа қол қойсаңыз, бұл жеке мәліметтердің өмір бойы өңделуі мүмкін дегенді білдірмейді», дейді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ министрлік ақпараттық жүйелердің, атап айтқанда мемлекеттік органдардың осал тұстарын нұсқаған азаматтарға сыйақы төлеуді жоспарлап отыр. Б.Мусин мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ретке келтіру үшін Инжиниринг және цифрлы трансформация орталығы құрылатынын жеткізді.
«Қазір мемлекеттік органдарда көптеген ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Бұл жақсы да, жаман да үрдіс деп айтуға келмейді. 15 жылда көптеген ақпараттық жүйені құрдық. Бұл БҰҰ рейтингінде белгілі бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. БҰҰ электронды үкіметті дамыту рейтингінде үздік отыздыққа кіреміз. Алайда кейбір жүйелер ескірген, қолданыстан шыққан немесе пайдаланушылардың қазіргі талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан осы орталықты құрып, мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелерді құратын компанияларға ықпал ету үшін министрлік пен «Зерде» холдингінің рөлін күшейтеміз. Осы арқылы барлық бизнес үдерісі нақты жазылмақ. Яғни цифрландыру процестеріне сәйкес келетін бірыңғай заманауи IT архитектурасы мен келісімі қалыптасады», деді еліміздің бас цифрлы офицері.
Қала маңындағы елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін құзырлы орган антенді-діңгекті құрылғыларды орнатпақ ниетте.
«Нұр-Сұлтанда немесе басқа да үлкен қалалардың маңындағы елді мекендердегі жеке секторды оптикалық интернетпен қамту қымбатқа түседі. Сондықтан қазір мобильді интернеттің сапасын арттыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Мысалы, Қосшыда 3-4 ай бұрын антенді-діңгекті құрылғылар орнату жұмыстары басталды. 10-ға жуық құрылғы қойылып, қазір бесеуі іске қосылды», деді министр.
Б.Мусиннің айтуынша, арнайы құрылғыларды орнату жоспарлары әр қала бойынша бекітіліп, ведомствоның сайтында жарияланады. Ал «оптикалық» интернетті тұрғындар көршілермен бірігіп, оператордың қызметін пайдалану арқылы өз қаржысы есебінен тартуға құқылы. Жауапты министрліктің басшысы «Сергек» үлгісіндегі ақпараттық жүйелерді әкімдіктер мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асыратынын айтады. Қазір бұл жүйе Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Шымкент өңірлерінде қанатқақты жоба ретінде енгізілуде.
«Қазақстанның аумағына әкелінетін жабдықтар қажетті тексеру іс-шараларынан өтіп, егер де қандай да бір қауіп туындаса, нақты санкциялар қолданылады. Бірақ қазір ондай жағдай тіркелген жоқ. Десек те мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін тек қытайлық өнімдерді ғана емес, кез келген камераларды пайдалануға болады. Бұл ретте барлық ақпараттық жүйе Қазақстанда жасалатынын және осы жұмысқа қытайлық бағдарламашылар тартылмайтынын айта кеткен орынды. Камера тек құрылғы ретінде ғана пайдаланылады», деп нақтылады спикер.
Министр бейнебақылау камерасы нысанды суретке түсіріп, дерекқорда өңдеу үшін қолданылатынын жеткізді. Сол себепті алаңдауға еш негіз жоқ деді.