Үкімет келесі жылы атқарылатын сан түрлі атаулы даталар мен мерейтойлардың тізбесін бекіткен кезде, тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан бастап күні кешеге дейін ұлттық заңнамамыздың қалыптасып, дамуына орасан зор үлес қосқан, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған, еліміздегі барлық заңгерлердің ұлағатты ұстазы, Сәтбаев тәрбиелеген ғалымдар шоғырының еңселі тұлғасы, өмір бойы арына дақ түспей өткен ардақты асыл ағамыз Салық Зимановтың есімі еленбей қалыпты.
Шын мәнінде, бұл – ыңғайсыздау оқиға. Өйткені келесі жылы біз тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Аталған меже – бір азаматтың ақыл тоқтатып қана қоймай, нағыз орда бұзатын үлкен мөлшерлі жасы. Міне, осындай жасқа келген елімізді барын бағалай алмайтын «жас бала» деу қиын. Сондықтан егемендіктің 30 жылдық мерекесі тәуелсіздігімізді өз қолымен нығайтқан, білім-білігімен молайтқан, қазақстандық патриотизмді қалыптастырған, ғылыми мұрасымен ғана емес, барша іс-әрекеті, болмыс-бітімімен үлгі-өнеге болған Салық Зиманов сияқты біртуар азаматтарды ардақтаудан басталғаны дұрыс.
Оның үстіне, келесі жылдың ақпан айында Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толады. Мұхтар Құл-Мұхаммед депутаттық сауалда осының бәрін қадап тұрып айтты.
«Салық Зиманов – әріптестері көзі тірісінде-ақ «заң ғылымының патриархы» деп бағалаған тұлға. Ол 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі бар ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Ұлттық Ғылым академиясының Философия және право институттарын басқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, 30-дан астам ғылым докторы мен кандидатын даярлады. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде көптеп саналады. Мемлекет теориясы мен тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, конституциялық құқық, қазақтың ата заңдары және заң ғылымының өзекті мәселелеріне арналған көптеген монография мен ғылыми еңбек жазып, соңына 10 томдық мол ғылыми-шығармашылық мұра қалдырды», деді сенатор.
Шын мәнінде, Салық Зиманов тәрбиелеген шәкірттердің алды Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінде және тағы басқа облыстық, аудандық деңгейдегі барлық құқық қорғау органдарында жұмыс істеп келеді. Ұзақ жылдар еліміздің Жоғарғы сотын, Бас прокуратурасын басқарған, Сенат Төрағасы болған Қайрат Әбдіразақұлы Мәми және осы депутаттық сауалды жолдап отырған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өздері де Зимановтың шәкірттері екенін әлі күнге дейін мақтанышпен айтып та, жазып та жүр.
Қазақ мемлекеттік университетінде ашылған заң факультеті еліміз бойынша жоғары білімді заңгерлер даярлайтын ең алғашқы және сол кездегі жалғыз орталық болатын. Салық Зиманов соның деканы ретінде факультеттің оқу бағдарламаларын жасап, кафедраларын ашып, ондағы профессорлар мен оқытушылар құрамын да тәрбиеледі. Сондықтан академик Зимановты Қазақстандағы бүкіл заңгерлер даярлау ісінің бастауында тұрған ұлағатты ұстаз деуге толық негіз бар.
Ол бұдан кейінгі өмірін Ғылым Академиясында өткізді. Академия Төралқасының бас ғалым-хатшысы қызметін атқарды. Ұзақ жылдар бойы Ғылым Академиясының Философия және құқық институтын басқарды. Ол кезде көрші Қырғызстанда және тағы басқа одақтас республикаларда заң ғылымынан докторлық диссертация қорғайтын кеңес болған жоқ. Сондықтан ТМД елдерінің көптеген мемлекетіндегі жас ғалымдар Салық Зимановтың тәлім-тәрбиесін көрді. Оның жетекшілігімен докторлық, кандидаттық диссертацияларын қорғады. Олар да жас мөлшері жағынан қазір нағыз кемеліне келген іс басындағы азаматтар.
Салық Зиманов, расымен-ақ, көзі тірісінде «қазақ заң ғылымының патриархы» деген бейресми құрметті атаққа ие болды. Оның есімін әріптес інілері, академиктер Мұрат Тәжі-Мұратұлы Баймаханов, Сұлтан Сартайұлы Сартаев, Қайрат Сапарғалиұлы Сапарғалиев, Әбдуәли Еренұлы Ереновтер әрдайым зор құрметпен атап өтті.
Көзіқарақты жұрт ғұлама ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың «Осы жұрт Зимановты біле ме екен?» деген эссесін ұмыта қойған жоқ. Манаш Қабашұлы осы эссесінде Зиманов туралы егіліп те, төгіліп те жазды-ау.
Депутаттық сауалда академиктің заң шығарушылық қызметіне де баса мән берілген.
«Салық Зиманов 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, комитет төрағасы әрі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының жобасын дайындаған депутаттық комиссияның басшысы болды. Кейін, 1991 жылы 14-16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау барысында 2 күн айтыс-тартысқа түсіп, мәселе тығырыққа тірелгенде тағы да келісім комиссиясының құрамына кіріп, бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы атты жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келгенін күллі әлемге танытқан тарихи құжаттың қабылдануына заңгер депутат ретінде зор үлес қосты. Оның сол кезде сөйлеген сөздері мен тегеурінді пікірлері Парламент мұрағатында сайрап тұр. Ол 1994 жылы Жоғарғы Кеңеске екінші мәрте депутат ретінде сайланып, өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Сенат пен Мәжіліс Төрағалары, Премьер-Министр және республикалық құқық қорғау органдары басшыларына ұдайы өзінің толымды ұсыныс, тағылымды пікірлерін жолдап отырды. Елбасының саяси-құқықтық реформаларына үнемі қолдау көрсетті», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Реті келгенде айта кетер жайт, Нұрсұлтан Әбішұлының 70 жылдық мерейтойында, әлемнің алты бірдей мемлекет басшысы қатысқан іс-шара кезінде ел ағасы ретінде бүкіл халықтың атынан Елбасына бата берген де Салық Зиманов ағамыз болатын.
Шындығында, Конституциямыздан бастап, барлық заңнамалық актілерімізге жол ашқан құжат 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация болды. Бұл Кеңес Одағының күйреп, оның орнына жаңа, жас мемлекеттер енді ғана бой көтеріп келе жатқан кезең болатын.
Тәуелсіздік бізге бірден келе қалған жоқ. Одан бұрын біздің республика алдымен өзінің егемен ел екенін жариялады. Дәл осы қадам Қазақстан сияқты көпұлтты елдің мемлекеттік тәуелсіздігіне тура бастаған даңғыл жол болды. Аталған құжатты әзірлеу барысында Жоғарғы Кеңесте басым бөлігі кешегі қып-қызыл коммунистерден тұратын, сыртқы күштердің айтақтауы мен айғайына қосылып, делебесі қозып кететін алуан түрлі, арам пиғылды топтар болды. Олардың мысын басып, қитұрқы сұрақтары мен қиғаш ұсыныстарын қисынға келтіріп, керек кезінде тойтарыс та берген тұлға Жоғарғы Кеңес өз қолымен құрған Келісім комиссиясының төрағасы тағы сол академик Салық Зиманов ағамыз болған. Бұл туралы Зиманов өмірін зерттеушілердің талай рет тамсана жазғаны да белгілі.
Салық Зиманов ұлттық заңнамамызға кесек кірпіш болып қаланған көптеген заң актісінің авторы, оны қабылдау барысында ұсыныс-пікірлерін енгізген депутат ретінде отандық заң шығару қызметінің қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Мұны бүгінгі депутаттардың ұмытпай, әділ бағасын беріп отыруын үлкенді сыйлау әрі ұрпақтар сабақтастығы деп білеміз.
Депутаттық сауалда Салық Зимановтың қаһармандығы туралы айрықша атап өтілген.
«Академик Салық Зиманов – Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман. Ол соғыс кезінде-ақ көптеген орден, медальдармен, соның ішінде Кеңес Одағының Батырларына берілетін «Алтын Жұлдыз» бен Ленин орденінен кейінгі үлкен марапат – «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталды. Жаһандық соғысты даңқты қолбасшы, маршал К.К.Рокоссовский басқарған 2-Белорусь майданы құрамындағы 6-механикаландырылған корпустың 615-миноментті полк командирі ретінде аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен бірдей әскери шенде – полковник дәрежесінде аяқтады», деген Мұхтар Құл-Мұхаммед майдангер Зимановтың елге тек 1946 жылы ғана оралғанын жеткізді.
Иә, біз биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өттік. Осы мерейлі датаға қатысты түрлі кереғар пікір айтылғаны белгілі. Дегенмен 1 миллионнан астам қазақстандық майданға шақырылғанын, олардың жартысы ұрыс даласында қаза тапқанын ескеріп, солардың рухын сыйлау үшін Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагер азаматтарымызды әрдайым құрмет тұтуымыз керек. Сондықтан бұл Ресейдің ғана емес, Қазақстанның да ұлы Жеңісі екені даусыз.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ерлігі мен батырлығының даңқы аспандай түсті. Бізден екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров, Сұлтан Баймағамбетов сияқты ерліктің ғажайып үлгісін көрсеткен ерлер, Әлия мен Мәншүк сияқты қаһарман қыздар, Бауыржан Момышұлы сияқты аты аңызға айналған қолбасшылар шықты. Осы қатарға ешбір әсірелеусіз Салық Зимановты да қосуға әбден болады. Сауалда айтылғандай, ол соғысты Бауыржан Момышұлымен бірдей әскери дәрежеде – полковник шенінде аяқтап, полк басқарды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтан шыққан жалғыз генерал болды. Ол – Сабыр Рахимов. Оның Өзбекстанда туғаны үшін екі халыққа ортақ батыр ретінде қарастырылып келгенін де жақсы білеміз. Сондықтан сол тұста полковник шенінде полк, дивизия басқарған қазақтардың мәртебесі одан еш кем емес еді. Олардың өзі саусақпен санарлықтай. Сол қатардан Салық Зимановтың ерен тұлғасын көруге болады. Демек Ұлы Отан соғысында есімін алтын әріппен жазған, қолбасшылық тактикасы барлық әскери оқулықтарға енген К.К.Рокоссовскийдің тікелей басшылығымен шайқасқан нағыз батырымыз да Салық ағамыз болып шықты.
Табиғатынан сабырлы, салмақты, асыра мақтау, мадақтауды ұнатпайтын ағамыз бұл туралы көп айта бермейтін. Сондықтан осы мәліметтерді көп адамдар білмеуі де мүмкін. Бірақ сауалда көрсетілген бұлтартпайтын деректер Салық Зимановтың жай ардагер емес, Ұлы Отан соғысының нағыз қаһарманы, батыры екенін көрсетеді. Оған майдан даласында жүріп алған марапаттары мен әскери наградалары да айқын дәлел бола алады.
«Аға буын өкілдері қаһарман Салық Зимановтың азаттығымызға жарқын жол ашқан Желтоқсан көтерілісінен кейін зиялы қауымның ерік-жігерін басу үшін 1986 жылдың 29 желтоқсанында Ұлттық Ғылым академиясына келген М.С.Соломенцев пен Г.В.Колбиннің алдында ақырып теңдік сұраған ақсарағат сөздерін де ұмытқан жоқ», деді сенатор өз сауалында.
Осы тұрғыдан келгенде, өмір бойы қайтпас қайсарлығынан, принципшілдігінен жазбаған Салық Зиманов барша қазақтың қабырғасын қайыстырған қаһарлы Желтоқсан оқиғасы кезінде де Мәскеуден жедел жеткен сол кездегі КОКП Орталық комитетінің хатшысы сұрқай Соломенцев пен «қаңғып келген шүрегей» Колбиннің алдында қасқая қарсы сөз сөйлеп, жастарымыздың іс-әрекетін қорғап қана қоймай, оны ғылыми тұрғыдан дәлелдеген азамат екенін ұмытпаған жөн.
Бүгінде бір кездері Желтоқсан оқиғасына қатысқан жазықсыз жас ұландарды соттауға, жазалауға, қудалауға атсалысқандар арасында өздерін батыр ретінде насихаттап жүргендер бар. Ал нағыз батыр – Салық Зиманов, Сафуан Шаймерденов және Жұбан Молдағалиев сияқты ағаларымыз. Мұны ешқашан естен шығаруға болмайды.
«Осыған орай, академик Салық Зимановтың ғасырлық мерейтойын лайықты атап өту үшін: қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, танымдық-тағылымдық шаралар өткізу, есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұраймыз», делінген сауалда.
Депутаттық сауалдарды күнде тыңдап жүрміз ғой. Олардың арасында жергілікті басшылардың өздері әбден шешуге болатын мәселелерді республикалық деңгейге шығарып, дабыра етіп көтеретіндері де жеткілікті. Ал ұлттық рухқа дем беретін, бүгінгі жас ұрпақты ағалардың адал жолымен тәрбиелейтін, өткенге құрметпен қарауды үйрететін мұндай сауалдар жиірек жолданса, нұр үстіне нұр болар еді. Салық Зимановтың өнегелі өмірі мен өшпес ерлігі бізді осыған шақырады.
Айта кетейік, депутаттық сауалға үш Комитет төрағасы, үш генерал және үш академик қол қойған.