Бүгінде Қаражанбас тәулігіне Еділ өзенінен Астрахан-Маңғыстау су құбыры арқылы келетін 17,5 мың текше метр су көлемін пайдалануда. Су тұщыту зауытын іске қосу кен орнын сумен қамтамасыз етіп, аймақ халқының қажеттіліктері үшін айтарлықтай су көлемін босатуға мүмкіндік береді. Оған қоса құрылыс аяқталғаннан кейін тағы 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар кәсіпорынды іске қосу арқылы «Қаражанбасмұнай» АҚ-ындағы бірқатар технологиялық мәселені шешу жолын табады.
Атап айтқанда 2021-2035 жылдары аралығында «Қаражанбасмұнай» АҚ кен орнындағы мұнай өндірісін кемінде 700 мың тоннаға арттыруды, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеуді азайтуды, грифондардың пайда болуын шектеуді жоспарлап отыр.
Осы орайда коронавирус пандемиясы салдарынан зауытты іске қосу үшін қажетті қондырғыларды жеткізу мерзімі созылып, құрылыстың тапсырылуы үстіміздегі жылдың желтоқсан айынан 2021 жылдың 1-тоқсанына шегерілгенін айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек баспасөз туры барысында «Қаражанбасмұнай» АҚ экологиялық жобалары және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметі таныстырылды. Компанияның бұл саладағы жаңалықтары мен жоспары туралы айтылды.
«Қаражанбасмұнай» АҚ өткен жылы бұрыннан қалыптасқан тарихи қалдықтар мәселесін біржолата шешті. Компания уақытша сақтау полигонындағы бар-жоғы 180 мың тоннадан астам қалдықты кәдеге жаратыпты. Атап айтқанда 2010 жылға дейін – 104 тонна, 2010-2016 жылдары тағы 43,8 тонна қалдық жойылды. Ал 2019 жылы «Қаражанбасмұнай» АҚ полигонда қалған 36 мың тонна қалдықты толығымен кәдеге жаратқан болатын.
Компания табиғатты қорғау шараларын жіті назарда ұстайды. Бұған жыл сайын ауқымды қаржы бөледі екен. Мысалы, 2016 жылы 168 млн теңге бөлінсе, биыл 479 млн теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда «Қаражанбасмұнай» АҚ жалпы көлемі 350 гектар болатын мұнаймен тарихи ластанған жерлерді тазарту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда. Бүгінге дейін оның 143 гектарын тазалап үлгерген. Сонымен қатар компания Каспий теңізінің жағалауы аймағында 1970 жылдардың аяғында бұрғыланған 11 ұңғыманы жапты.
Сол 2019 жылы «Қаражанбасмұнай» АҚ және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес «Қаражанбасмұнай» АҚ еншілес компаниялары – ҚБМ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ – келісімшарт аясында мұнаймен ластанған жерлерді тазалау, сондай-ақ жабдықталмаған шлам жинағыштарында орналастырылған қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі міндеттерді қабылдады.
Атырау облысы