Руханият • 02 Қараша, 2020

Шайбани хан және «Мехман нама-и Бухара»

3838 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты еңбегінде ұлы Абай: «Бұлар Шағатай нәсіліне қарап жүргенде, Жошы нәсілі өзбек халқын билеп жүрген екен. Сол Жошының Сибан яки Шибан деген баласының тұқымынан бір белгілі Шайбақ деген хан шығып, Әмір Темір тұқымынан Һират, Бұхар, Самарқан шаһарларын тартып алып жүргенде... біздің қазақ біз әуелден өзбек жұртымен аталас едік және де Шыңғыс хан тірі күнінде бізді Жошыға тапсырып еді, «сарт – садағам, өзбек – өз ағам» деп, Шайбаққа қарап кетіпті», деп жазғаны белгілі. Мұнда данышпанның Шайбақ хан деп отырғаны Шайбани хан.

Шайбани хан және «Мехман нама-и Бухара»

 

Терең тарихымызда айрықша із қалдыр­ған, алайда әлі күнге лайықты бағасын ала алмаған тегеурінді тұлға­лар­дың бірі, Жошының ұлы Шибаннан тарайтын Әбілқайырдың немересі, Қасым ханның туған бөлесі – Мұхаммед Шайбани хан. Шайбани әулетінің негізін қалаушы, көрнекті ақын әрі «заманның има­мы һәм халифасы» атағын иемденген саяси тұлға 1451 жылы дүниеге кел­ген. Әкесінен ерте айырылып, атасы Әбіл­қайыр ханның қамқорлығында өскен сайып­қыранның аты тарих кітаптарында Үндіс­танды билеген Бабыр, Иранға үкімін жүргізген Шах Исмаил және Осман­лы елінің қаһарлы әміршісі Яуыз сұл­тан Селиммен бірге Тұранның ең көр­некті тұлғаларының қатарында аталады.

Оның ержетіп, ел ісіне араласа бас­таған кезі Әбілқайыр хандығының әлсіреп, Орталық Азиядағы ру-тайпа­лар­дың этностық қайта түзілу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Дәл осы кезеңде Мәуреннахрда Темір әулеті, Жетісуда Моғолстан, Еділ бойында Ноғайлар, Шығыс Дешті даласында Қазақ хандығы тарих сахнасына шығып, олардың арасында әскери-саяси һәм рухани-мәдени байланыстар үздіксіз жүріп жатқан еді. Шайбани осындай аласапыран заманда атасынан қалған ұлы хандықтың шаңырағын қайта тіктеп, ұлыс туын жоғары көтеруді мұрат еткен Шыңғыс ұрпақтарының бірі ретінде тарих сахнасына шығады. Әбілқайыр хандығының іргесі сөгілген соң, ол ағасы Махмудпен бірге Атабег-Ұйғыр хан мен Әмір Қарашынның көмегімен Дешті Қыпшақ даласын уақытша тастап, Астрахан билеушісі Қасым ханды паналауға мәжбүр болады. Кейін еліне оралып, әскер жасақтап, Темір ұрпақтарына жалдамалы ретінде қызмет етеді. 1470 жылдардың басында Сырдария маңындағы қалалар үшін жорықтар ұйымдастырып, бірнеше бекіністерді жаулап алады. Көп ұзамай Шағатай билеушісі Махмуд хан жағына өтіп, бірқатар жорықтар ұйымдастырады. Осындай шайқастардың бірінде Бұрындық ханның қолын жеңіп, Түркістанға иелік етеді. Шайбани осында әскери қуаты мен ықпалын арттырып, Темір әулетінің мұрагері Хусейн Байқараның иелігіндегі Хорезмге қарсы жорыққа шыққанымен, нәтижесіз аяқталады. Тек 1490 жылдардан бастап Темір әулетінің билігі ішкі жанжалдардан әлсірей бастағанда Бабырды ойсырата жеңіп, Мәуреннахрға біржола үстемдік етеді. Ол осылайша 1499 жылы соғыссыз Бұхараны, 1500 жылы Самарқанды басып алады. Қазақ хандығы иелігіндегі Түркістан, Сығанақ, Сауран қалаларын да жаулап алып, 1504 жылы Хисар, Құндыз, Бадахшам, Балх, кейіннен Хорезм мен Гератты өзіне қаратады. Көп ұзамай Иранның Мешхед және басқа да қалаларын иемденеді. Алайда бұл үстемдік ұзаққа созылмайды. Ол 1509-1510 жылдары Сыр бойындағы қалалар үшін болған соғыста Қасым хан бастаған қазақ қолымен кездесіп, Абдаллах Балхидің «Зубдат әл-асар» атты шығармасында жазғанындай ойсырай жеңіледі. Артынша дәл осы жылы Ирандағы Сафавидтер әулетінің билеушісі Шах Исмаилге қарсы жорық ұйымдастырып, Мерв маңындағы Мургаб өзенінің жағасында Тахрирабадта жеңіліске ұшырап, тұтқынға түседі. 1510 жылы 12 желтоқсан айында Исмаил шахтың бұйрығымен басы алынып, бас тұлыбына сабан толтырылып, Османлы билеушісі II Сұлтан Баязитке жіберіледі. Ал бас сүйегін Исмаил шах алтынмен қаптап, шарап ішетін ыдысқа айналдырады.

Мұхаммед Шайбани аз уақыт билік еткен мерзімде өзін текті әулеттен тарайтын көреген билеуші, батыр қолбасшы әрі терең ойлы парасат иесі екендігін көрсете білді. Осы ойымызды айқындай түсетін мына үш маңызды жайтқа тоқ­талғымыз келеді: ол біріншіден, Түр­кіс­танда ірі мемлекет құрған ұлы билеу­шілердің соңғысы болды, Мәурен­нахрдың тұтас территориясын сақтап, оны Тұранның Иран шекарасына дейін жеткізіп, үлкен аумаққа иелік етті; екіншіден, Орта және Батыс Азиядағы өзара тайпалық соғыстарды тоқтатты; үшіншіден, ғылым мен өнердің өркен жаюына жағдай жасап, сүнниттік сенімді нығайта отырып, шиизмге қарсы күресті.

Шайбани әскери жорықтармен қатар мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп, халықтың рухани дамуына зор ықпал етті. Ол ғалымдар мен дін қайраткерлеріне үлкен құрметпен қарап, Әмір Темір сияқты Дамаск мен Алеппо ғұламаларымен діни пікірталастарға қатысты. Оқу-ағартушылық істеріне аса мән беріп, Сауран, Йасы және Самарқан шаһарларында мешіт-медреселер салдырды. Мемлекетті экономикалық және саяси тұрғыдан нығайту үшін бірқатар реформалар жүргізіп, Зарафшан, Сырдария, Отырар аңғарларында егін шаруашылығын жандандырып, жергілікті халықты отырықшыландыру үрдісін дамытты. Осы мақсатта Әмір Темір кезеңіндегі ақшаларды пайдалануға ты­йым салып, 1507 жылдан бастап күміс пен мыс теңгелер шығартып, оны өз иелігіндегі барлық аймақта сауда айналымына енгізуге бұйрық берді.

Шайбанидің түркі өркениетіне қосқан үлесінің бірі – түркі көркемсөз өнерін дамытудағы айрықша ықпалы. Ақындар мен ғалымдарды әрдайым қолдап отырған ол түркі және парсы тілдерінде ғазалдар мен рубаилер жазды. Оның бірқатар өлеңі, 1508 жылы жазған «Бахрул худо» дастаны, ұлы Темір сұлтанға арнап 1507-1508 жылдары жазған кеңес кітабы (жалғыз көшірмесі Түркияда сақталған) бүгінгі күнімізге жетіп отыр. Ол кітап оқу мәдениетіне аса құрметпен қарап, барлық әскери жорығы кезінде кітапханасының бір бөлігін өзімен алып жүруді әдетке айналдырды.

Шайбанидің аса көрнекті тарихи тұлға болғанын айғақтайтын көптеген тарихи шығарма жазылып, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалды. Мәселен, сол дәуірдегі тарихшылар жазып қалдырған «Шайбани-нама», «Бабыр-нама», «Мехман нама-и Бухара» және «Зубдат әл-асар» сынды тарихи шығармаларда оның ғұмырбаянына қатысты мәліметтер кеңінен баяндалады. Бұхара тарихшысы Молла Банаи өзінің «Шайбани-нама» еңбегінде оның өмірі мен шайқастары туралы кеңінен баяндаса, Шайбани сарайында қызмет еткен Мұхаммед Салих та сондай атпен еңбек жазғаны белгілі. Ол туралы Бабырдың еңбегінде де кеңірек айтылады.

Шайбани туралы мол мәлімет жеткізген тарихшылардың бірі «Мехман нама-и Бухара» («Бұхаралық қонақтың жазбалары») атты тарихи шығарманың авторы – парсы тарихшысы Фазлуллах ибн Рузбихан. Тарихшының аталған еңбегінде Шайбанидің жастық шағынан бастап өмірінің ақырына дейінгі оқиғалар қамтылып, оның Орталық Азиядағы әскери жорықтары және діни жиындарға қатысқан оқиғалары кеңінен баяндалады. Сонымен қатар онда Түркістан аймағында ислам дінінің дұрыс насихатталуы мен Ясауидің дәстүрлі бағытын жалғастыруда белсенді рөл атқарғандығы және дін ғұламаларымен пікір таластыра алатын деңгейдегі терең білім иесі болғандығы жазылады.

Рузбиханның Шайбани ордасында тұрып, Бұхара тарихшысына айналуы Аққойлы әулеті құлап, оның орнына келген Сафавид билеушісі шах Исмайлдың шийзм ағымын мемлекет діні етіп жария­лап, сүнниттерді жаппай қудалау саясатымен тікелей байланысты. Осылайша, тағдырдың айдауымен өз отанынан жы­рақ­тап, Түркістан топырағына қадам басқан тарихшы Мұхаммед Шайбанидің ақыл­шысы әрі үзеңгілес серігіне айналады.

Заманының озық ғалымы, тарихшы Фазлуллах ибн Рузбихан 1457 жылы Исфаханда зиялы отбасында дүниеге келген. Ол жастайынан Таяу Шығыс пен Мысырда болып, Мекке мен Мединеде мұсылман ғұламаларының алдын көріп, терең білім алады. Білімі кемелденген тұсында Аққойлы династиясының билеушісі Сұлтан Якуб Аққойлы, Әмір Темір әулетінен шыққан Сұлтан Хусейін мырза, сонымен бірге өзбек хандары Мұхаммед Шайбани мен Убайдулла сұлтандардың сарайында түрлі қызмет атқарып, олардың жорықтарына қатысып, көптеген тарихи ірі оқиғаның куәгері болады.

Рузбиханның әйгілі тарихи шығар­масында Орталық Азияны мекендеген өзбек, қазақ халықтарындағы хандық биліктің ерекшелігі, әлеуметтік-экономикалық өмірі, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі, қалалар мен қамалдар, жағырапиялық-аумақтық мәліметтер, сауда-саттық түр­лері, көшпенділердің көші-қон бағыттары мен әскери өнері туралы мол дерек берілген. Сонымен бірге Таяу Шығыс, Иран, Ирак секілді ислам мемлекеттері, оның билеушілері, ислам діні, мұсылман құқы мен шариғат заңдары, мазһабтар мен ағымдар ортасындағы талас-тартыс­тар жайында да мәліметтер қоры бай. Әлбетте, тарихи-этикалық туындының басым бөлігі ислам мәдениеті мен философиясы туралы ілім-білімді қамтып, автордың сол замандағы білікті маман екенін таныта түседі.

Фазлуллах ибн Рузбиханның «Мех­ман нама-и Бухара» шығармасының негізгі арқауы Шайбани хан және оның 1508-1509 жылдың қысында қазақ ханы Бұрындық, Жаныш және Та­ныш сұлтандар иелігіндегі қазақ еліне жасаған «ғазауат» майданындағы шапқыншылық жорықтар деуге болады. Шығармада Мұхаммед Шайбани, Убайдулла сұлтан, қазақ ханы Бұрындық, Қасым сұлтан, Жаныш сұлтан, оның ұлы Ахмет сұлтан, Таныш сұлтан  секілді қайраткерлердің өмірі, геосаяси көзқарасы, текетіресі, соғыс жорықтары айна-қатесіз суреттеледі. Автор көшпелі өркениеттің салтанатты қазыналарын, қазақтардың мыңғырған малын, жазиралы кең даласының таңғажайып табиғатын, сахара елінің шалқыған бақуатты тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, шаруа­шылығы мен мәдениетін шабыттанып сүйіспеншілікпен қағазға түсірген. Еңбекте сол кезеңдегі халықтардың қарым-қатынасы, сауда-экономикалық байланыстары, Астрахан хандығы, Қазақ Ордасы, Өзбек ұлысының ара байланысы, этностық қалыптасу үдерісі толық қамтылады. Фазлуллах ибн Рузбихан қазақ билеуші элитасы туралы: «Ол кезде қазақтардың ұлы да даңқты билеушісі Бұрындық хан болатын. Ал олардың арасындағы атақты батыры Қасым сұлтан еді», деп жазады. Расында да, әйгілі тарихшы айтқандай, Дешті Қыпшақтың Жо­шыдан кейінгі даңқты билеушісі Қасым ханның айбынды байрағы Қазақ даласында жеңістен жеңіске жетіп желбірей түседі.

Рузбихан еңбегінің ең құнды тұсы Ор­талық Азиядағы халықтардың этнос­тық тарихы мен әлеуметтік құрылы­мын айқын­дауға көп көмектеседі. Мәсе­лен, сол заманда өзбек-қазақ ұғымы­ның этностық айырмашылығы білінбей­тін­дігі де автор­дың еңбегінде көрініс тап­қан. Әйткенмен Қазақ хандығын билеу­ші Бұрындық ханның иелігі Дешті Қып­шақ, кейде Дешті атауымен, ал Мұхаммед Шайбани билеген ұлыс ме­кені Мәуреннахр екендігі айқын жазыл­ған. «Бұлар Шыңғыс хан ұлысының ең атақтылары саналатын өзбектер жамағатының тайпасына жатады. Бүгінгі күнде олардың бірі – шайбанилер, яғни ұлы мәртебелі хан бірнеше атадан балаға жалғасқан (билік мұрагерлігі бойынша) олардың патшасы саналады. Екінші ұлыс – қазақтар, олар өздерінің күш-құдіреті, ержүректігімен бүкіл әлемге әйгілі. Ал үшінші тайпа – маңғыттар, яғни олар Қажы Тархан (Астрахан) патшалары. Өзбек мемлекетінің (ұлысының) шекараларының бір шеті теңізбен шектеседі, шекарасының тағы бір шеті Түркістанмен, тағы бір шеті Дербентпен, тағы бір шеті Хорезммен және бір шеті Астрабадпен шектеседі. Бұл жерлердің барлығы өзбектердің қыстау-жайлаулары. Бұл үш ұлыстың хандары әрдайым бір-бірімен жанжалдасып тұрады және бірі екіншісіне шабуылдап жатады», деп сол кезеңдегі Ұлы даланың этно-сая­си үдерісінен хабар береді. Әлбетте, сол замандағы ғылыми әдебиетте өзбек/қазақ атауларының аражігі онша алшақтай қоймағанын мына мысалдардан нақтылы байқауға болады: «Қазақ әулетінен болған өзбектер садақтан оқ жаудырып, шайбани өзбектердің әскеріне тойтарыс беріп жатты».

Сонымен бірге Рузбихан Қазақ хандығының алып жер аумағы, саяси түзімі, жарғысы бекем, экономикасы мен әскери қуаты зор, дербес ел екендігін дәлелді атап өтеді: «Жоғарыда қазақ хандарының да Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы ханның ұрпақтарынан тарайтынын айтқан болатынбыз. Олардың саны өте көп әрі қару-жарақтары есепсіз мол. Олардың қазіргі уақыттағы ұлы ханы – олардың бір бөлігінің атауы «қазақтар» деп аталатын Өзбек (ұлысының) ұрпағынан тарайтын Бұрындық хан. Жоғарыда аталғандай, Бұрындық хан қазақ ұлысының барлық тарапына жорыққа аттанарда «атқа қоныңдар» деп бұйрық берсе, олардың біреуі он жігітке татитын төрт жүз мың әскер дереу жиналатын еді. Олардың мал-дүниесі мен қару-жарағының молдығы сонша, тіпті қазақтардың көп бөлігі Атымтайды өздерінің кедейі деп атайтын еді», дейді. 

Қазақ хандығы Шыңғыс ханнан жал­ғасқан әйгілі Жаса (Йаса) заңын жаң­ғыртып, құқықтық негіз етіп отырғанын да автор тілге тиек етеді: «Әрбір атақты ұлыста, ол өзінің халқымен белгілі бір орында, көне атажұртында тұрақтайтын, Шыңғыс хан ұрпағынан шыққан өздерінің толыққанды билеушісі бар. Олар әлі күнге дейін сонау Жошы хан мен Шайбани ханның заманынан бері сол жерде отырады және жайлауларды пайдаланады. Дәл солай олар Жаса заңына сәйкес белгіленген жерлерде орналасып, өмір сүреді», деп тың деректер келтіреді.

Фазлуллах ибн Рузбихан «Түркістан мемлекетінің сипаттамасы» деген тарау­да Түркістанның әлемдік өркениеттен алатын орнына да шынайы баға беріп: «Әлемнің барлық өңірлерінің әйгілі ғалымдары және ғұламалары Түркістан мемлекетін «бас» деп есептейді. Себебі жерді адамның денесі кейпінде бейнелейтін болсақ және жердің әрбір бөлігін адамның бір дене мүшесіне теңесек, бұл аймақ адам денесінің өзге мүшелерінің атаулары сияқты – бөгде жерлердің арасында «бас» сияқты болып ерекшеленіп тұрады. Түркістан Сейхун өзенінің бойында орналасқан отыз қамалдың аймағынан тұрады», деп жазады. 

Қазақтың салқар көш жолдарының жайлау, күзеу, қыстау аралығындағы жүйелі бағытын да, көш керуеннің сән-салтанатын да автор ерекше таңырқап, дәйекті суреттейді: «Олардың үйлері арба түрінде жасалған және аспан күмбезіндей үлкен дөңгелектерге отырғызылған, ал түйелер мен аттар керуен сияқты созылып, оларды бір тұрақтан екіншісіне алып барады... Және бұл сансыз көп үйлердің иелері текті әулеттен тарайтын өте білекті батырлар. Олардың әрқайсысы шайқас күні дұшпанның күшті әскерінен онын тұтқынға түсіре алады немесе атақты батырлардың онын қанжығасына байлап кете алатын баһадүрлер... Олардың жол жүру тәсілі Атил деп атайтын Еділ өзенінің аймағы шекараларынан... арбаларын жайлауды бойлап қар үстімен жүргізіп, екі айдан соң қысқы қыстауларына жетіп келеді. Олардың қыстау мекені – Сыр деп атайтын Сайхун өзенінің жағалауы», деп Орта ғасырдағы қазақ қоғамынан мол мағұлмат береді. 

Түйіндей келгенде, Фазлуллах ибн Рузбиханның «Мехман нама-и Бухара» атты тарихи шығармасы сол дәуір­дегі тарихи оқиғаларды көз көрген естелік сипатта жазылғандықтан, дерек­тік, айғақтық мәні зор құнды туынды ретінде бағаланады. Еңбектің әр тара­уын жорыққа қатысушы автор оқиға­ның ізі суымай хатқа шұғыл түсіріп отыр­ғандықтан, оқырманға беретін әсері орасан болғанын зерттеушілер орынды аңғарған. Еңбектің тілі сол дәуірдегі шы­ғыс ғұламаларының сарай стиліне тән қасаң тіркес, мадақтамалық орамдардан құралады. Дүние сырына ислам шариғаты бойынша Құран Кәрім мен хадистерден пәтуа берген автордың діни толғамдары жинақтың басым бөлігін қамтуы оның ислам дінінің сүннитік бағыттағы имам шафиғи мазһабын ұстанған көзқарас танымы тұрғысынан өрнектеліп отырады. Ақындық тебіреністен туған поэтикалық әсірелеулер мен әрлеуге бай шұрайлы тіл сол замандағы Шығыс даналарының тарихи шығармаларына тән болуымен философиялық-әдеби қатпарларды қалыңдата түсетіні мұраның түзілісіне зор ықпал еткен. Сонымен бірге Орталық Азияға алғаш рет табаны тиген саяхатшының өзіне тосын көрінген әр құбылысқа таңырқай қарауы эмоциялық реңде поэтикалық үстеме бояулармен әрленіп, шығарманың ажарын аша түседі.

«Мехман нама-и Бухара» тарихи шығармасы түпнұсқасының бірі Ыс­там­бұлдағы Нури Османийе кітапханасында, екіншісі Өзбекстан ҒА Шығыстану институтының қолжазба қорында сақ­талғаны мәлім. Бағалы қолжазба 1934 жылы жеке тұлға тарапынан Өзбекстан кітапханасына келіп түседі. 1935 жылы қазақ тарихшысы С.Аспандияровтың жетекшілігімен жарық көрген «Ежелгі Қазақстан туралы материалдар мен деректер» деген еңбекте шығарманың қазақ халқына қатысты тараулары ық­шам­далып, орыс тілінде жарияланып, қолжазба иесін Салиев деп көрсетеді. Бұл өзбек тарихшысы П.Салиев екендігі айқын болғанымен, оның қолындағы қолжазба Өзбекстан кітапханасына түс­кен нұсқа ма, әлде басқа бір жеке үлгі ме, бұл жағы әлі белгісіз. Әйткенмен, «Мех­ман нама-и Бухара» туындысы қазақ тарихы үшін аса маңызды дереккөз екен­дігін Кеңес Одағы жылдары ғылыми айналымға енгізушілердің алдыңғы легінде болған С.Аспандияров болашақ ұрпаққа аманаттап, жол сілтеп, шығыс деректемелерінің тоғыз іргелі еңбегінің қатарында арнайы көрсеткен сынды.

Өзбекстанда шығыстанушы ғалым Р.П. Жалилова тарапынан осы еңбектің өзбек пен қазақ халықтарының тарихына қатысты таңдаулы тараулары орыс тіліне ықшамдалып аударылып жарық көрген болатын. Қолға түспейтін ділгір кітапқа айналған бұл бағалы жинақты ғалымдарымыз ұзақ уақыт ыждағаттылықпен пайдаланып келгенімен, туындының толық аудармасын жасау ісін уақыт талабы алға шығарып отыр. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының арнайы жобасы аясында шығыстанушы, белгілі аудармашы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесінің мүшесі Зәріпбай Оразбаев құнды мұраны Тегеранда 2005 жылы жарық көрген нұсқа бойынша қазақ тіліне тәржімалап бітірді. Қазақ тарихы үшін орта толтырып, олжа салған құнды еңбек таяуда оқырманға жол тартады.