Экономика • 02 Қараша, 2020

Жол қауіпсіздігін қалай арттырамыз?

816 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, жыл сайын 1,3 млн-ға жуық адам жол апатынан қаза болады. Демек, күніне үш мың адамның жүрегі жол үстінде тоқтайды. Бұған жыл сайын шамамен 25 млн адамның түрлі жарақат алатынын қосыңыз. Осының салдарынан әлем экономикасына айтарлықтай шығын келуде. Шығынның көлемі кейде ішкі жалпы өнімнің 3 пайызына жетіп жығылатын кездер де жоқ емес.

Жол қауіпсіздігін қалай арттырамыз?

Статистика «сөйлейді»

Енді ел ішіндегі статистикаға назар аударайық. Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы 17 жылда Қазақстанда ресми түрде 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам түрлі жарақат алған. Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар. Қара жол өмірін жалмамағанда, олардың бәрі ел мен жерге қызмет етер еді... Экономикалық тұрғыдан қыруар пайда әкелер еді?.. Жоқ дегенде ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп, елдің демографиясын жақсартары анық еді ғой...

Экономикалық зардап дедік. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары (14 168 оқиға тіркеліп, 3 037 адам қайтыс болған және 29 872 адам жарақат алған) салдарынан ел экономикасы 9 млрд АҚШ долларына пара-пар зардап шеккен. Азия даму банкінің мәліметінше, бұл дегеніміз ішкі жалпы өнімнің 4 пайызына тең.

Бейбіт күнде мұншама адамнан айырылу – қасірет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліметінше, Қазақстан жол-көлік оқиғалары салдарынан тіркелетін адам өлімі бойынша 175 елдің ішінде 74-орында тұр. Яғни, 100 мың тұрғынға шаққанда, қайтыс болу көрсеткіші 17,6 адамды құраған. ТМД елдері ішінде Ресейде – 18 адам, Өзбекстанда – 11,5 адам, Беларусь елінде 8,9 адамға тең болған. Қауіпсіз елдер рейтингінде Еуроодақ көш бастаса (5,5 адам), ең төмен көрсеткіштер Африка мен Латын Америкасы елдеріне тиесілі. Бұл елдерде 100 мың тұрғынға шаққанда шамамен 35 өлімнен айналады екен.

Дегенмен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жол-көлік оқиғалары кезінде қайтыс болу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 10,4 адамды құрады. Яғни, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінде жарияланған көрсеткішпен салыстырғанда адам саны 7,2-ге немесе 41 пайызға қысқарған.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Замир Сағыновтың сөзінше, көрсеткіш әлі де болса жоғары. Сондықтан жол қауіпсіздігі жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру керек.

– Жол-көлік оқиғасына түрлі факторлардың әсер ететіні белгілі. Мұндай келеңсіздіктер табиғи жағдайларға, жол сапасына тікелей байланысты. Ал көп жағдайда адами фактор әсер етеді. Көлік жүргізушілері жол үстінде қателікке ұрынып, ажал құшып жатады. Осының бәрі біздің елде көлік жүргізу мәдениетінің тым төмен екенін көрсетеді. Мәселен, Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларына көп жағдайда жылдамдықты шамадан тыс арттыру себеп болады. Статистикаға сүйенсек, елдегі мұндай келеңсіздіктердің 30 пайызы жылдамдықты арттырудың салдарынан орын алады екен, – деді Замир Сағынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

 

Ажалға асыққандар

2008 жылы Женевада Жол қауіпсіздігі жаһандық әріптестігінің отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулық қабылданған. Оған сәйкес жылдамдықты 10 км/сағатқа қысқарту өлімге алып келуі мүмкін жол-көлік оқиғаларының ықтималдылығын 37 пайызға төмендетеді деген тұжырым жасалған. Демек, сапалы жол инфра­құ­рылымын салудан бөлек, жылдамдықты бақылау жол қауіпсіздігін арттырудың маңызды құралы болып саналатынын естен шығармау керек.

Нақты мысал да келтірейік. «Нұр-Сұлтан – Щучинск» ақылы жол учаскесі 2013 жылы іске қосылды. Сол уақыттан бері аталған жолда 279 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 86 адам көз жұмып, 437 адам жарақат алған. Енді аталған жолдың ақылы учаске атанбай тұрған шақтағы статистикасына назар аударайық. 2006-2012 жылдары «Нұр-Сұлтан – Щучинск» жолында 474 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 245 адам қайтыс болған және 701 адам жарақаттанған. Жол сапасының жақсаруымен қайғылы жағдайлардың кемігенін байқауға болады. Десе де, тақтайдай жолда тоқтамай жүйткитіндер көп.

– Біз «Нұр-Сұлтан – Щучинск» жолына зерттеу жүргіздік. 2020 жылдың 9 айында аталған учаскеде жылдамдықты 150 км/сағаттан асыру бойынша 8 280 заң бұзушылық тіркелген. 58 жағдайда жылдамдық 200 км/сағаттан асып түскен. Тіркелген ең жоғары жылдамдық – 238 км/сағат. BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші жылдамдықты дәл осылай арттырған. Аталған учаскедегі есепке алу камералары Әкімшілік полиция комитетінің деректер базасымен интеграцияланбаған. Соның салдарынан жылдамдық режімін бұзушылар жазасыз қалып отыр. Олар өз өміріне ғана емес, өзгелердің де өміріне қатер төндіретінін білмейтін секілді. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін Әкімшілік полиция комитетінің деректер базасымен міндетті түрде ықпалдастыра отырып, автомобиль жолдарын есепке алу камераларымен қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнамалық негізде «орташа жылдамдықты» айқындау әдісін енгізу қажет деп санаймын, – деді З.Сағынов.

Әдетте көлік жүргізушілері бейнекамералар орнатылған аумаққа келгенде ғана жылдамдықты азайтады. Кейін қайтадан арттырады.

– Негізі екі елді мекен арасындағы жолды қанша сағатта жүріп өтуге болатынын анықтап, соның орташа уақытын белгілеу керек. Соның негізінде көліктің жылдамдықты арттырғанын, я аттырмағанын анықтауға болады. Әрине ол үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Десе де, ұтымды ұсыныс ретінде қарастырып көруге әбден болады және бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние, – деді ол. 

 

Жаяулардың жауапсыздығы

Жол-көлік оқиғасына түрткі болатын фактордың бірі – жаяу жүргіншілердің жауапсыздығы. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда, яғни 2015-2019 жылдары елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 37 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл жалпы оқиғалар санының 42 пайызына тең. Оқиғалардың 75 па­йызы немесе 28 мыңы жаяу жүргіншілер жолағында орын алса, 9 мыңы немесе 25 пайызы жолды рұқсат етілмеген аумақтан жүріп өту кезінде тіркелген. Әсіресе мұндай оқиғалар жол бойындағы елді мекендерде жиі орын алады.

– Сондықтан жол пайдаланушылардың қырағылығын арттыратын көп деңгейлі өткелдермен және жол қозғалысы қауіпсіздігінің сапалы элементтерімен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту керек. Сондай-ақ халық арасында автомобиль жолдарынан өту ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу қажет, – деді Замир Сағынов.

 

Иесіз мал өлімге итермелейді

Тағы бір өзекті мәселе жол бойында бейберекет жайылып жүретін төрт түлікке қатысты. Елімізде жолға шығып кеткен малды басып кету дерегі бойынша орын алатын жол-көлік оқиғалары көп. Осылайша үйдегі малын қараусыз жіберетін тұрғындар адам өліміне себепші болып жатады.

Замир Сағыновтың айтуынша, соңғы бес жылда жол үстінде жүрген малдың салдарынан 643 оқиға тіркелген. Мұндай жағдайларда жүргізушілердің материалдық шығынға ұшырайтыны өз алдына, кейде жолаушылар ауыр жарақат алады. Қаза табатындар да аз емес. Тек өткен жылдың өзінде республикалық трассаларда дәл осындай 104 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 140 адам жарақат алып, 36 адам қайтыс болды.

– Үй жануарларын жол бойында бейберекет жаюды тыю үшін ең алдымен мал иелерінің жауапкершілігін қатаңдату қажет. Сондай-ақ оларды жауапкершілікке тарту мәселесін заңдық негізде нақты тетіктермен бекіту керек, – деді кәсіпорын басшысы.

 

Белгі бермейтін белгілер

Сондай-ақ жол қауіпсіздігіндегі маңызды элементтердің бірі – жол белгілері мен таңбалары. Бұл ретте Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қазан айында белгілер мен таңбалардың сапасын бағалауға қатысты жалпы республикалық акция өткізді. Акция аясында 5 мыңға жуық белгі тексерілген. Өкінішке қарай, олардың 46 пайызы нормаға сәйкес болмай шыққан. 1 620 шақырым жолдың 251 шақырымындағы жол белгілері стандартқа сай емес. Сонымен қатар қала көшелеріндегі белгілердің 50 пайызы және таңбалардың 40 пайызы стандартқа сәйкес келмейді. «Көлік жүргізуші белгіні көрмесе, ол қалайша дер кезінде дұрыс шешім қабылдап үлгереді. Сондықтан жол белгілері мен таңбаларына да мұқият болу керек» дейді З.Сағынов.

– Рас, елімізде жол мәдениетін қалыптастыру бағытында Ішкі істер министрлігі және басқа да тиісті мекемелер көп жұмыс атқаруда. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Оны жалғастыра береміз де. Мақсатымыз – азаматтарға жол қателікті кешірмейтінін түсіндіру. Өз өмірімізге – өзіміз жауаптымыз. Осыны әр азаматтың санасына құйсақ дейміз, – деді З.Сағынов.

Айтпақшы, бұдан былай еліміздегі телеарналардан, қала көшелеріндегі ЛЭД-экрандардан жол-көлік оқиғаларына себеп болатын жағдайларға байланыс­ты түсірілген бейнероликтер көрсетіле бас­тайды. Осылайша Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қазақстандықтарды қауіптің алдын алуға шақырмақ.