Атилла Рихтер көптеген турнирдің тоқтатылғанын және кенеттен келген өзгерістер әдеттегі өмірдің бір бөлігіне айналғанын өкінішпен айтты. Ол ATP-ің батыл шешімінің нәтижесінде күнтізбеде осы жылы қосымша 4 турнир, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы турнир қосылғанына да тоқталды.
– Қазақстан теннис федерациясына, ең алдымен федерация президенті Болат Өтемұратовқа қазіргі жағдайға қарамастан, Қазақстан үшін алғашқы тарихи турнирді өткізуге мүмкіндік жасағаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Сіздің басшылығыңызбен, соңғы онжылдықта, қазақстандық теннистің дамуында үлкен серпіліс орын алды. Президент мырза, тенниске деген адалдығыңыз бен қолдауыңыз үшін көп рахмет. 6 апта бойы ұйымдастыру шараларына қатысқан ұжымға және әрбір атсалушыға рахмет, сіздердің еңбектеріңіз ақталып, жиналған қауым риза болды деп сенемін. Жарысқа қатысқан барлық ойыншыларға ризамыз. Бұл жаңа турнир болды, алдын ала болжам жасап, қалай өтетінін дөп басып айту мүмкін емес еді. Барлығыңызды келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында күтеміз», деді турнир директоры Атилла Рихтер.
25 қазан мен 1 қараша аралығында еліміздің бас шаһарында өткен Astana Open-2020 турниріне әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне енген 30-дан астам атақты теннисші бақ сынады. Атап айтар болсақ, франциялық Бенуа Пер (26) мен Адриан Маннарино (39), осы жарыстың тұңғыш жеңімпазы – Джон Миллман (43) қатысты. Сонымен қатар әлемдік ареналарда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Михаил Кукушкин (88), Александр Бублик (49), Дмитрий Попко (171), Тимофей Скатов (438), Денис Евсеев (373), Андрей Голубев (89) және Александр Недовесов (333) сынды теннисшілер де аталған жарыста бақ сынады.
Өкінішке қарай, өз жерімізде өткен жарыста бірде-бір спортшымыз үздіктер қатарынан көріне алмады. Жарыстың бірінші күнінде бір емес, үш спортшымыз алғашқы айналымнан ары аса алмады. Дмитрий Попко әлемдік рейтингте 90-орында тұрған молдовалық Раду Алботтан, Тимофей Скатов финляндиялық Эмил Руусувуориден (84) жеңіліп қалды. Ал турнирдің 1/8 финалында әлемнің 28-ші, осы жарыстың бірінші ракеткасы саналған франциялық Бенуа Пэрді 2:1 (7:6, 6:7, 1:6) есебімен жарыс жолынан шығарып жіберген жерлесіміз Михаил Кукушкин ширек финалда финляндиялық Эмил Руусувуориге екі сетте 6:3, 6:1 нәтижесімен есе жіберді. Бір жарыста екі бірдей жарыс қожайынын турнирден шығарып жіберген Руусувуори жартылай финалда франциялық Адриан Маннаринодан (36) айласын асыра алмады. Сондай-ақ Денис Евсеев пен Андрей Голубев жарыстың іріктеу кезеңінен өте алмағанын да айта кеткен жөн.
ATP сериясының Нұр-Сұлтанда өткен тұңғыш жарысының финалына аустралиялық Джон Миллман мен франциялық Адриан Маннарино шықты. Екі сетке созылған бәсекеде аустралиялық теннисшінің мерейі үстем болды. Екі теннисші арасындағы кездесудің бірінші сеті аса тартысты өтті. Есеп 5:5 болғанға дейін екеуі де өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Тек соңғы екі доп қосу кезінде ептілік танытқан Миллман бірінші сетте 7:5 есебімен басымдық танытты.
Екінші сетте франциялық спортшы басымдықтың өз қолына алатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ Джон Миллман да өзінің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін бірден аңғартты. Екінші сетте қарсыласына бір ғана партияны берген Миллман кездесуді 6:1 нәтижесімен түйіндеді. Осылайша, Джон Миллман Astana Open турниріндегі жеңісі үшін ATP рейтингінде 250 ұпаймен 13 мың доллар еншіледі. Аустралиялық теннисші матчтан соң қарсыласына, Қазақстан теннис федерациясына алғысын білдіріп, қысқа мерзімде турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған ұжымға жылы лебізін білдірді.
– Бұл – мен жеңіп алған АТР 250 санатындағы турнирдің алғашқы бас жүлдесі. Бұл жарыстың орны ерекше. Өйткені Нұр-Сұлтанда карьерамда үлкен табысқа қол жеткіздім. Адрианға көрсеткен тамаша ойыны үшін рахмет айтамын. Матч оңай болған жоқ. Сен мықты қарсылассың. Сенімен кортта шеберлік байқасу оңай емес екенін білдім, – деді Джон Миллман.
Айта кетейік, Қазақстан Теннис федерациясы жыл сайын 50-ге жуық халықаралық турнир өткізеді, олардың қатарында Президент кубогы мен Дэвис кубогы бар. Биыл елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған АТР 250 әлемдік туры жылына 40 рет өтетін. Алайда пандемияға байланысты осы маусымда оның тек 17-сі ғана өтті.
Нұр-Сұлтандағы турнир маусымдағы соңғы жарыс және АТР рейтингінде осы жылдың соңғы 250 ұпайын алу мүмкіндігін ұсынды. Турнирдің жүлде қоры 275 000 долларды құрады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Astana Open көрерменсіз өтті. Жұптық сында аустралиялық жұп Макс Перселл мен Люк Сэвиллді жеңген Бельгия өкілдері Йоран Флиген мен Сандер Жилле жеңіске жетті.