Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Заң қабылданды, орындалуы қалай?

501 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Республика тұрғындары мен білім беру саласының өкілдері елеңдей күткен қабырғалы құжаттың бірі «Педагог мәртебесі туралы» заң еді. Олардың ой-тілектері іске асырылып, республикамызда осы аталған заңның қабыл­данғанына да бір жылға таяп келеді. Кез келген заң орындалуымен құнды екені хақ. Осы орайда аталған заңның жүзеге асыры­луы туралы ой қозғауды жөн көрдік.

Заң қабылданды, орындалуы қалай?

Бұл бағытта ең алдымен айтарымыз, қол­данысқа енгізілген заң төрт бағытты қамтығаны. Біріншіден, педагогтердің құқықтарын кеңейтуге және оларды өздеріне тән емес жұмыстардан бо­сатуға, оның есесіне жүктемесін кеңей­туге басымдық берілген. Сондай-ақ мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Бұған қоса материалдық емес ынталандыру тетіктері мен мате­­риал­­дық тұрғыдан ынталандыру заң­­ның маңызын арттыра түсті. Қа­зіргі қол­да бар деректер Білім және ғы­лым министрлігі аталған заң аясында бір­қатар нормативтік-құқықтық құ­жаттар (НҚҚ) әзірлеп іске қосқанын көр­се­теді. Соған сәйкес біріншіден пе­да­гог­тер тарапынан жүргізілетін іс-құ­жат­тарды мейлінше оңтай­ландыра түсу көз­дел­ген. Әрі шамадан тыс есептілікті азай­туға көңіл бөлінген.

Екіншіден, іске қосылған НҚҚ-да педагогтерді материалдық жағынан қол­­­дау шаралары нақты көрініс тапқан. Айта­лық, елімізде педагогтердің жала­қысы биылғы жылдың басында 25 па­йызға өскені мәлім. Бұған қоса алдағы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да осыншама көлемде өседі деп күтілуде. Соның ішінде магистранттарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстемеақы төленеді. Ғылым кандидаттары 17 және ғылым докторлары 34 АЕК көлемінде айлық алады. НҚҚ-ға сәйкес сынып жетекшісіне және дәптер тексеруге төленетін қосымша ақы да екі есе­ге өскені материалдық тұрғыдан әжеп­тәуір қолдау екені кәміл.

Сонымен бірге тәлімгерлік қызмет атқар­ғандар да құр қалмайды. Олар­ға қосымша 17697 теңге төленеді. Бұ­ған қоса НҚҚ-да үздік ұстаздарды көтер­мелеу, соған сәйкес оларға сый­ақылар беру жағы қарастырылған. Сонымен бір мезгілде марапаттау мен әлеумет­тік қолдау шаралары белгіленген. Бұл ретте педагогикалық шеберлігі қосым­ша ақысы барлық педагогтерге лауа­зым­дық жалақының 30 пайызынан 50 пайызға дейінгі мөлшерде төленетіні де «Педагог мәртебесі туралы» заңның тигізген шапағаты деп түсінгеніміз жөн. Тек қосымша ақының бұл түрі аттес­таттаудың нәтижесі бойынша төлене­тінін ескерген жөн.

Кәсіптік қызметін жүзеге асыру ке­зінде бұған дейін мұғалімдер мен педа­гогтердің құқықтары өз деңгейінде қор­­­ғал­май қалған жағдайлары жиі кез­дес­кені белгілі. Мұндай жайттар олар­дың кәсіптік қызметін қамтамасыз ету ке­зінде де орын алғаны мәлім. Айталық педа­гогтерді кәсіптік қызметке тән емес жұ­мыстарға тарту заңды белден ба­су екені айтпаса да түсінікті емес пе? Сон­дай-ақ педагогтер қызметіне негізсіз тексерулер жүргізу ісі де жалғасып келгені мәлім.

Жаңа заңда оның бәріне тыйым салу арқылы жеке нормалар қарастырылған. Яғни осы атал­ған нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзылуының субъек­тісіне байланысты 20-120 АЕК-ке де­йін айыппұл салынады. Мысалы, Ақ­төбе облысында жоғарыда айтылған жайт­тар шеңберінде білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне «Педагог мәртебесі туралы» заң талабы бұзылып, ата-ана мұғалімнің іс-әрекетіне заңсыз араласып, оның кәсіби қыз­метіне кедергі келтіргені үшін педагог тарапынан арыз-ша­ғым түскені жөнін­де аталған депар­тамент басшысының орын­баса­ры Жа­нар Мұхамбеталина ха­барлады. Со­ған сәйкес департамент тара­пы­нан жүргізілген тексерулер қо­ры­­тын­дысын­да педагогтің жазған ша­ғымы толықтай расталып, ата-анаға 30 АЕК көлемінде, яғни 84 340 теңге айып­пұл салыныпты.

Тұтастай алғанда білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Ақ­төбе облыстық де­пар­таменті тарапынан педагогтердің құқық­тарын қолдау мен мәртебесін арттыру жөніндегі іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіле бас­тағаны айқын аңғарылады. Бұл іс өз кезегінде олардың өз ісіне деген құл­шынысы мен ынта-ықыласын көтеруге әрі кәсіби тұрғыдан толыға түсуіне ал­ғы­­шарт қаламақ. Білім беру сапасы тек осындай жағ­дайда ғана толыққанды бола түсетіні анық.

Сөз жоқ, баршаға ортақ заң талап­тары мен нормалары ешкімге артық­шылық бермейді әрі ешкімді орынсыз кемсітпейді. Бұл ретте «Педагог мәр­тебесі туралы» заңның педагогтердің әдеп-нормаларын да қоса қарастырғаны оның тағы бір өміршең өзгешелігі бол­мақ. Қазіргі кезде жоғарыда айтылған заң аясында бекітілген нормативтік-құ­қықтық құжаттарға сәйкес елі­міз­дегі білім беру ұйымдары жанынан педа­го­гикалық әдеп кеңестері құрылғаны да – қол­дауға әбден тұрарлық іс.

Жасыратыны жоқ, білім мен тәрбие беру ісі кезінде педагогтер тарапынан да әдеп нор­маларының бұзылу деректері кездесіп қалады. Мұны ақтап алуға мүл­дем келмейтін оғаш қылық деуге әб­ден болады. Осы орайда педагогтер өз құ­қықтарының қорғалуын талап етіп қана қоймай, сонымен бірге өз тараптарынан әдеп нормаларының сақталуын ұдайы назарында ұстаса, моральдық білім болмыстары одан әрі биіктей бермек.

Түйіп айтқанда, өткен жылдың жел­­­тоқсан айында Парламент қабыр­ға­сында қабылданған «Педагог мәр­тебесі тура­лы» заңның аясы өте кең еке­нін айта кеткеніміз жөн. Оны жер­гі­лікті атқарушы билік пен құқық қор­ғау ор­гандарының және білім беру ұйым­­да­рының өкілдері қоян-қолтық өз­ара бір­лесе отырып жү­зеге асыратын болса, заңның орындалуы да соғұрлым нәти­желі болары талассыз.

 

 

АҚТӨБЕ