Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Алматы облысы 50 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні Алматы облысының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы және оның дамуына мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетілуде. Биылғы жылы қант қызылшасының алқабы 16 мың гектарға жетті. Одан 550 мың тонна өнім алып, 50 мың тонна ақ қант өндіру жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы 50 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр

Елбасының қант қызылшасының бұрынғы даңқын жаңғырту туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыс басшылығы 2014 жылдан бастап барлық қажетті шараларды қабылдады.

Егер 2014 жылы қант қызылшасының алқабы 1,2 мың гектар болса, 2020 жылы ол 16 мың гектарға жеткізіліп, 14 есеге жуық көрсеткішке ұлғайтылды.

Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін облыстың шаруа қожалықтарына субсидия беріліп, Франция, Германия, Дания елдерінен әкелінген жоғары өнімділікті тұқым берілді. Арнайы техника және жанар-жағармай мәселесі де шешілді.

"Жетісу" ӘКК" ҰК" АҚ-ның қатысуымен қант қызылшасы бағытында 29 сервистік-дайындау орталықтары құрылып, құны 6,4 млрд теңге болатын 621 бірлік арнайы техника сатып алынды. СДО-лар үшін барлығы 1200 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, қаржылық лизингіге берілді.

"Біз қант қызылшасын өсірумен қатар өңдеу ісін де шештік. Қызылша өсіру өте ауыр жұмысты талап етеді. Сондықтан оның әр тал өнімін шашау шығармай өңдеуді жолға қоюымыз керек болды. Сондықтан біз ең алдымен жылдар бойы тоқтап тұрған Көксу қант зауытын, одан кейін Ақсу қант зауытын іске қостық. Инвесторлар тарттық. Олар зауытты қайта жаңғыртудан өткізіп, отандық, ресейлік, украиналық және басқа да шетелдік ең озық үлгідегі құрал-жабдықтарды орнатты. Сол сияқты зауыттарда бұрыннан істеген мамандарды қайта шақырдық", - деп атап өтті А. Баталов.

Қазіргі кезде Көксу қант зауыты 260 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын 80 % қайта жаңғыртылды, өндіріс толық автоматтандырылған, бұл қант сапасын еселеп арттыруға ықпал етуде. Тағы бір маңызды жайт – бұл зауыт табиғи газға қосылды. Кәсіпорынның экологиялық таза отынмен жұмыс істеп тұрғанына екі жыл болды. Бұл нысанға экономикалық жағынан тиімді болса, өңір үшін экологиялық жағынан тиімді. Бұрын зауыт маусымына 10 мың тонна мазут жақса, газға көшкелі отынға кететін шығын 1,5 есе кеміген.

Бүгінгі күні Ақсу қант зауытының кезекті жаңғырту жұмыстарынан кейін өңдеу қуаттылығы 350 мың тоннадан 500 мың тоннаға ұлғайтылды.

Зауытта қант қызылшасынан шығатын жомды кептіруге арналған және оны түйіршіктейтін желі іске қосуға дайын.

"Қызылша жомы – малға таптырмайтын азық. Облыста мал бордақылау алаңдарының қатары артып келеді, сондықтан кептірілген жомды өткізу қиындық туғызбайды. Оның үстіне жаңа технологияның арқасында жом брикеттеліп, құрғақ күйінде жеткізіледі. Сонда ол ұзақ сақталады әрі өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтпайды. Сол сияқты ашытқы зауыты мен құрамажем зауытын салу арқылы өндірісті одан әрі кеңейту жоспарда бар. Сөйтіп зауыт қалдықсыз өндіретін кәсіпорын болады. Өндірістік қуатын арттырудың арқасында бізге тағы бір зауытты іске қосудың қажеттілігі тумайды. Біз қазір суармалы жерлерді ұлғайтумен, оған қоса қант қызылшасы алқабының көлемін арттырумен айналысып жатырмыз", - деді қант қызылшасы өндірісін дамыту туралы жоспарларымен бөліскен Амандық Баталов.

Жом теңге брикеттеледі, 1 тең 800 кг салмақ тартады. Қант қызылшасы өңделгенде 100 %-тің 22 %-інен сапалы жемдік қоспа шығады. Инвесторлармен бірлесіп, қант зауытында қамыс шикізатын өңдеу бағытында жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл зауыттың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралардың арқасында 2023 жылға қарай облыс еліміздің ақ қантқа деген сұранысының 70% қамтамасыз ете алады.

Алматы облысының қант қызылшасының бұрынғы даңқын қайта жаңғырту бағытында атқарған жұмыстары осындай.