Руханият • 06 Қараша, 2020

Мәшһүр мұрасы – Ескелді бауырында

1448 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биылғы күз де жылы. Есіме, 2006 жылғы қараша айы түседі. Осы жылы Баянауылда Мәшһүр Жүсіп кесенесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл рухани құрылыстың жаңғырып қайта оралуына, ғұламаның немере, туыстарының өтініштеріне орай, қолдау көрсеткен Даниал Ахметов, Қайрат Нұрпейісов, Ерлан Арын секілді бұрынғы облыс әкімдері, өндіріс басшылары, сол кездегі аудан әкімі Қорабай Шәкіров бастаған аудан әкімдігі үлес қосты деуге болар.

Мәшһүр мұрасы – Ескелді бауырында

Ал ауданның  Құрметті азаматы Мұрат Рахметовтің айтуынша, Мәшекеңді ұлық­тау 1977 жылы басталған. Кеңес кезінде де азаматтар оның бейітін қалыпқа кел­тіруді бастаған. Ғұламаның кіші келіні Нұ­рила апа бұған жол ашып берген екен.      

Ал енді Жаңажол ауылынан өткен соң-ақ, Ескелді жазығы аталатын биік төбеден Мәшһүр Жүсіптің көк күм­безді кесенесі көрінеді. Кесененің ірге­тасы, баспалдақтың сыртқы қабаттары Баянауылдың Жаңатілек, Бірлік ауыл­дарының қызыл, жасыл түсті тау таста­рымен әрленді. Кесене мен аудан орталы­ғы­ның екі арасы жүз шақырымдай жол. Биыл талай жылғы уәделер ақыры жү­зеге асып,  жолы да жөнделіпті. Әулие бабамыздың кесенесін салу жобасын ал­ғаш рет марқұм Өзбекәлі Жәнібеков  бастаған екен.

Баянауылдық Мәшһүр Жүсіп (1858-1931) – ақын, философ, жылнама­шы, этнограф, тарихшы, шежіре мен ха­лық ауыз әдебиетін жинаушы бел­гілі ағартушы. Ташкент, Бұқара мен Түр­кіс­танға барып, Шығыстың ғалымдары мен ойшылдарының мәдениетін, шы­ғармаларын зерттейді. Араб, парсы, орыс тілдерін меңгереді. Өлеңдері, ма­қа­­лалары 1888 жылы «Дала уәлаяты» газетінде жарияланады. 1907 жылы Қазанда «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Өмірлік тәжірибе», «Хал-ахуал» туын­дылары жарық көреді. 1905 жылы пат­шалық манифесті сынағаны үшін қуда­ланады. Шығыс мақамында жазыл­ған «Ғибратнама», «Гүлшат-Шеризат», «Баяннама» дастандары, «Көшпелі бол­ған жұрттың шаруасы», «Анама хат» өлең­дері бар.  Ел аузынан Бұқар жырау, Шор­танбай, Шөже шығармалары мен Абай, Сұлтанмахмұт Торайғыров өлең­дерін жазып алған.

Ел-жұртымызға аты дүр этнограф, тарихшы, шежіреші, ақын, философ Мәш­һүр Жүсіп қазақтың шежіресін қаттаған «Дала уәлаяты» газетінде халқымыздың өмірі мен тұрмысына, ауыз әдебиеті мен өне­ріне арналған көптеген мақалалар жариялап, ағартушылық-ұстаздық қызмет атқарғаны белгілі. Ел еркіндігін күткен ұлы тұлға қандай қиындық, тосқауыл болса да, мақсатына адал, күрескерлік рух көрсетті. Жүрегін күйзелткен жайлар ту­ралы Абайға хаттар жазып, рухты ой­ла­рын айтқан.

Ал былтыр ғұламаның өмірі мен шы­ғар­машылығына арналған Мемориалдық музей ашылып және «Мәдени-рухани қонақүй кешені»  салынды. Қазір зиярат етушілер үшін салынған  қонақүй кешенінің екі қабатты ғимаратына 40 адамға арналған қонақүй бөлмелері, асханасы қызмет көрсетуде. Мүмкіндігі шек­теулі жандарға да  жағдай жасалған.

– Музейдің мақсаты белгілі ғой, Мәш­һүр Жүсіп атамыздың тарихи-мәдени және ғылыми мұрасын сақтау, оның ең­бегін насихаттау, ұрпақтарына жеткізу. Мә­дени мұраны мирас етіп сақтау. Негізі, 1977 жылдан бері жәдігерлер жинаудамыз. Музейдің бір ерекшелігі – кесененің жанында орналасуы, Баянауылға келе­тін көптеген туристер кесенеге зия­рат етеді, музейді аралайды, көне  дү­ние­мен танысады. Екіншісі, музей сөр­леріндегі жәдігерлер ғұламаның өзі қол­данған заттары болғандықтан, негізгі қорды құрайды. Бүгінгі күні музейдегі жәдігерлердің негізгі қордағы жалпы саны 611-ге жетті, – дейді музей меңгерушісі Қажымұқан Пазыл. 

Осылай деген Қажымұқан Пазыл  болса, Мәшһүр Жүсіптің кенже ұлы Мұхам­мед Пазылдан туған тікелей ұр­пағы. Қа­жымұқанның ұлы Әсет Пазыл қазір музейде жәдігерлер таныстыру­шы қызметін атқарады, рухани-мәдени танымдық экскурсия жүргізеді.  Әсет 1976 жылы  Жа­ң­а­жол ауылында дүниеге келген. 1997 жылы еңбек жолын Қарағанды қалалық Абай  атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімінен бастап, кейін ауылына қайта оралған.  Сөйтіп «Мәшһүртанушыларға» атты оқу құралы мен «Мәшһүр Жүсіп ке­сенесі» тақырыбында туристерге,  жұрт­шылыққа арналған 1000 даналық таныс­тырылым кітапшасын жазып, шы­ғарған.

Әсет Қажымұқанұлының айтуынша, музей жалпы 3 залдан тұрады. Оқыр­ман­дарға, келуші туристер мен қонақтарға  коворкинг орталығы ашылған, кітап көр­месі ұйымдастырылып, Мәшһүр Жү­сіп­тің еңбектері және сыйлыққа бе­ріл­ген кітаптар орналастырылды. Ғұ­лам­­аның өмірі мен ғылыми еңбектері туралы жинақталған бейнебаяндар көр­сетіледі. Әкімшілік бөлмелерінде музей құжаттары, жаңа заманға сай ком­пьютерлік техникалар қойылып, интернет желісі тартылған.

Негізгі үлкен зал Мәшһүр Жүсіптің ғұмырнамасы мен шығармашылығына арналған. Келесі залда ғұламаның тас мүсін ескерткіші, жез легені мен жез  шәйнегі, суреттерден жиі көрінетін  үкілі тақиясы, отбасы қолданған  10 литр­лік жез самауырыны, ас ішкен үлкен дөңгелек қоңыр түсті ағаш табағы, көзіл­дірігі, өзі ұстаған қара түсті ақша сала­тын күмәжнигі, қалта сағаты, қызыл түсті гүл­дер­­мен әшекейленген сорпа, қы­мыз ішетін кесесі, ақ гүлдермен әш­е­кейленген көк түсті шай кесесі, қол­данған қасығы сияқты жеке заттары  қойылған.  Мысалы, XIX ғасырдың басын­да Орталық Азия стилінде қолдан то­қыл­ған, қазақи оюлармен өріл­ген, бір­неше түспен безендірілген кілем, 1931 жылы  Мұхаммед Пазылдың үйі­нен алын­ған. Бұл кілеммен ғұламаны жерлегенде денесін орап шығарған екен. Тағы бір көне жәдігер саналатын 1930 жылы өзі қаз­дырған зиратынан шыққан мәрмәр  көк тас бар. 

Үшіншісі – Мәшһүр Жүсіптің сандық түбінде сақталып келген көне кенеп шалбары. Әбден көнерген киімді астанадағы «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің директоры Ырза Тұрсынзада жөндеп, тозған жерлерін кестелеп тігіп,  қалпына келтіріпті.

«Бұхар, Ташкент, Самарқан, Түркіс­танды үш-төрт барып тамаша еттім» – деп жырлаған Мәшһүр бабамыз бұл киімі шығыс шеберлерінің қолынан шыққан болуы да мүмкін. 

– Биыл қыркүйек айында музейде жәдігерлердің онлайн көрмесі өтті. Көр­меде ғұламаның мемориалдық музейіне алғаш рет қойылған ақынның өзі, туыс­тары қолданған «Құран» кі­табы, үлкен келіні Ақзейнептің жаулы­ғы, Мұхамед Пазылдың шапаны, қол­данған айнасы, немересі Қонақ Көпейдің суреті,  қайыс қамшысы көрсетілді, – дей­ді Әсет Пазыл.

Сонымен бірге өткен жылы «Ұлт­тық мәдени игілік нысандарының» мем­­­лекеттік тізіміне  музейде тұрған ғұлам­аның «Кәләм Шәріп» құран кітабы, үлкен аталарынан қалған  көне «Көк құран» кітабы, тұмары, мүйізден жасалған мүс­тек тіс тазалағышы қорабымен, тіс таза­лағыш құралы, шақшасы енгізілген. Тіс тазалағыш құралды 1981 жылы Мәш­һүр Жүсіптің немересі Төлеубай Ша­рапиев музейге тапсырған. Ағаштан,  теріден жасалған екі зат. Ағаштың басы күміспен қапталған. Теріден жасалған тысының асты шашақ тәрізді кесілген.

Айтпақшы, жақсы бір жаңалық, Ес­кел­дідегі «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мемориалдық музейінің» қызметкері Әсет Пазыл республикалық «Рухани қа­зы­на» атты байқауда «Ауылдық маңы­зы бар музейдің үздік қызметкері» аталымында жүлдегер атаныпты.

Бұл байқаудың  2018 жылдан бері Мәдениет және спорт министрлігінің ұйым­дастырумен   өткізіліп келе жатқаны белгілі. Биыл індет таралуы жағдайына орай байқау онлайн форматқа көшіріліпті. Байқауға еліміздің өңірлерінен музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар қатысқан екен.

– Осы  «Рухани қазына» байқауы­ның мақсаты – мәдениет саласы қыз­меткер­лерінің өзара тәжірибесімен алмасу, қазақ­стандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту ая­сын­да ұлттық мәде­ниетті насихаттау жә­не өңірлік мәдениет ұйымдарының имид­­жін көтеруге бағыт­талған үз­дік­ әлеу­меттік-мәдени және білім бе­ру­ тәжіри­белерін көрсету, – дейді 
Қ.Сәт­­­­баев мемориалдық музейінің қыз­мет­­кері Жаннұр Мұсабаева. – Әсет ру­хани қазынаны жинақтауда, аудан­дық музей­дің бір бөлімшесі ретінде  ашылған Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мемориалдық музейінде ғұламаның мол мұ­расын жинауда және насихаттауда. Соны­мен бірге «Мәшһүр Жүсіп және дін қағидаттары», «Мәшһүр-Жүсіп Кө­пейұылының мұрасы», «Степ­ной провидец – Машхур Жусуп» атты кітаптары  жарыққа шықты.  Қазір ол экскурсия жетек­шілерінің, гид­тер­дің біліктілігін арттыру курстарына қа­ты­суда. 

Жаннұр Мұсабаеваның айтуынша, байқаудың талабы: халықтың рухани және моральдық әлеуетінің дамуына ықпал ету, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тарту арқылы жастарға патриоттық және эстетикалық тәрбие беру. Әсет Қажымұқанұлы осы талап үде­сінен көрінді, өзге музей қызмет­кер­леріне үлгі. Қазір ол анықтамалық картотекалар, жинақтар, музейтану саласында ғылыми-әдістемелік әдебиеттер, моно­графиялар шығару, тарихи-мәдени, ғылыми шаралар өткізуге дайындалуда. Жыл сайын ғылыми-әдістемелік семи­нарлар, ғұламаның өмір жолын және шығармашылығын зерттеуші жас ғалымдарға кеңестер мен дәрістер, Мәшһүртану оқулары жүйелі түрде өткізілуде.    

Біз биыл қыркүйек айында Баян­ауыл ауданына жолсапарға барған ке­зіміз­де аудан орталығындағы «Қаныш Сәтбаевтың  мемориалдық музейін­де» болған едік. Музей еліміздің Мә­де­ниет және спорт министрлігінің «Қол­­жаз­­­­балар және сирек кітаптар Ұлт­тық ор­талығы» және Е.Бөкетов атын­дағы Қа­рағанды Мемлекеттік универ­си­теті­нің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу ор­та­лықтарымен  өзара тиімді байланыс­та жұ­мыс істеуде.

Музейдің  басқа  музейлермен  рухани мәдени байланыстар барысында  Алматыдағы  «Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығы» қызмет­кер­лері былтыр Баянауылда,  облыс орта­лығы Павлодарда көрме өткізіп, көрмеге Мәшһүр Жүсіптің  29 көне қолжазбасын әкеліпті.

Көрмеге кітапхана қорында сақталған Мәшһүр Жүсіптің қолжазбалары, ескі кітаптары және қазақ зиялыларының жаз­ған хаттарының түпнұсқалары қойылған болса,  29 құжаттың 25-і қолжазба, қал­ғандары «Сарыарқаның кімдікі екен­дігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көр­­­ген бір тамашамыз» және екі «Хал-ахуал» кітаптары. Бұл кітаптар ғылыми кітап­­хана қорында 1950 жылдардан бері  сақталуда.

Ал еліміздің «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» бағдарламасы бойынша әзірленген жобаға біздің об­лыс­тан  78 киелі орын қосылды.  Жоба­дағы не­гізгі орынның бірі – Баянауыл­дағы Мәш­һүр Жүсіп кесенесі. 

– Биыл «Ұлттық мәдени игілік нысан­да­рының» мемлекеттік тізіміне тағы да 13 көне жәдігер ұсындық. Олардың ішін­де жиені Жолмұрат  Жүсіпұлының жеке мұрағатынан  алынған  Мәшһүр атаның  «Құран» кітабы, 1907 жылы Қа­зан­дағы Кұсайыновтардың баспаханасынан шыққан «Хал-ахуал» кітабы, 1907-1927 жылдар аралығында жа­зыл­ған Мәшһүрдің 59 туындысынан алынған қол­жазбалар, 1931 жылы өзі салғызған мазарында тұрған қара түсті шкафы, 1957 жылы мазарды бұзғанда Мұхаммед Пазыл алып кеткен болатын. 2019 жылы әкем музейге тапсырған.  Ағаштан жаса­лынған сандығы, құл­пы­тас тасы бар. Бүгін­гі күндері Ескел­ді бауырындағы Мәшһүр­дің бай  мұра­сын  сақтау үшін жәдігерлер санын то­лықтыру мақсатындағы жұмыс­тар жал­ғасуда. Келіңіздер, көріңіз­дер, есік ашық, – дейді Әсет Пазыл.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы