Руханият • 06 Қараша, 2020

Үт

1542 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейде қазақ сөзінің қатпар-қатпар тереңіне бойлаған сайын тарихи та­нымыңның тұғыры өсіп, бағзыда салып кеткен бабалар жолының көне сорабына қалай түскеніңді аңғармай да қаласың. Өкінішке қарай көшпелі түркі тайпаларының, оның ішінде қазақ ұлысының қаншама көне сөзі айналасы бір ғасырдың ішінде аяусыз қысаспен санадан сүрілді. Ұлттың жаны тіл екенін жақсы білген басқыншылар алдымен қазақтың бай сөздігіне жымысқы саясат пен астыртын соғыс бастағаны белгілі. Нәубет науқан тілімізді егінше отады. Мұрнынан тізілген мұралардың ішінде қазақтың таным-түсінігіне, әдет-ғұрпына, таным-түсінігіне қатысты, жекелей айтқанда мезгілдерге байланысты, ай атауларына қатысты қаншама сөздері жадымыздан жоғалды. Көне мағыналары көп жайттарға жетелейтін небір сөздер күресінге сүйрелді.

Үт

Кейін келе соның салқыны айықпас дерт, созылмалы сырқатқа айналып, қағынан жеріген құландай жауһардан қымбат, сары алтыннан салмақты өз сөздерімізді өзіміз қолдан арзандатып, тіпті айтуға арланатындай халге жеттік. Айталық, үт деген сөзді айтсаң үрке қарайтындар табыла бас­тайды. Жалпы атасы баласын түсінбейтін жаһанданған алмағайып заманда құрбан болған бұндай сәулелі сөздердің қатары қисапсыз. Бүгін үнемі қолданыла бермейтін үтті әдейі айтуымызға бірнеше себеп болды. Негізі үт сөзінің түбіне үңілсек ұлтқа жанашыр жарық сәуле барын көру қиын емес. Бұл үт жай ғана жабықтан түс­кен қарапайым күн көзі емес, я болмаса ай­налаға шуақ әкелген амал айындай көк­темнің тұңғыш хабаршысы да емес, бұл – біздің ұлтымызды қараңғы қапастан, түбі жоқ терең түнектен алып шығар жарық шұғыла сияқты темірқазық сөз.

Осыдан он-он бес жыл бұрын әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай Қарағанды қаласындағы облыстық телеарнадан «Үт» деген авторлық бағдарлама жүргізді. Ең өкініштісі, бұл хабардың түпкі мұратын ұқпақ түгілі оның атауындағы таңсықтау сөздің мағынасын сол хабар жабылып қалғанша түсінбей өткендер болды. Оған әлбетте бірінші кінәлі – санамызды сары су қылған социалистік жүйе. Екіншіден, айдың-күннің аманында өзіміздің төл тарихымыз бен ата-дәстүрімізден жеріген, түрі қазақ, тілі орыс қалың топ. Тәуелсіздікті енді алып жатқан елең-алаңда оған қарсы тұрар қазақ зиялыларының қауқары аса күшті болмады. Бойымызды әбден дендеп алған әлгі ызғар буын-буынымызды сырқыратып, тіпті отырып-тұруымыздың өзі мұңға айналды. Ызғар ықпаған сайын ел болуға бекінген ынта-жігер жасыды. Ең сорақысы, санамызға үт түсірмейтін сол үскіріктің екпіні әлі де басылған емес.

Былайша айтсақ үт дегеніміз – қазақтың зиялы қауымы, ұлтқа жанашыр үркердей аз тобы. Олардың саңылаудан түсірген жарығын сезінер сең алайда көрінбейді. Үт дегеніміз – қазақтың нәзік тілі. Адасқан ұлтты жақтаудан түскен жарықтар тығырықтан шығарар деп сенеміз. Бірақ...

Бұл сөзді көп жұрттан сұрасаң өмірі естімеген өзге сөз сияқты өзіңе қарайды. Жалпы айтпағымыз бұл сөздің мәнін ашу демесек те айрықша сөзге аз-маз ақпарат қоса кеткеніміз дұрыс. Үттің ай атауы екенін, жабықтан түскен жарық сәуле екенін көзі қарақты жұрт жақсы білуі керек. Этнограф, жазушы Кәмел Жүністегі бір сөзінде бұл атаудың мағынасын жан-жақты жақсы түсіндіріп келіп: «Үт кірді – құт кірді» дейді қазақ. Сондағы үті не? Осы айда жабықтан, түңліктен, терезеден түсетін күн сәулесінде аппақ тозаң тәрізді ұшқын жүреді. Сол сәуледегі ұшқынды халық үт дейді. Бұл тек осы айда ғана болатын құбылыс. Осы айда аспан әлемінде көрініс беретін Балықтар атты шоқ жұлдыз да тап осындай тізбек, ендеше біз айтып отырған «Үт» жат жұрттық емес, тап қазақтың Үті. Ақты сүт десе, ақ тозаңды «Үт» деген», дейді.

Тағы бір деректерде үт немесе хұт (ақпан) айында көрінетін шоқжұлдыз деп жазылады.

Үт сияқты жарық кешегі Алаш зиялылары дер едік. Жаны қамауда, малы талауда жәбір көрген қазаққа сәуле болып жағылған жасыл шырақ Жақаңдар мен Ақаңдар еді.

Алайда сол сәулені көлегейлеген Кеңес өкіметі көп ырысымыздан айырып, кедей­лік пен көрсоқырлыққа көгендеді. Үтке ұмтылған үміттерді тар бұғау темір торларға тоғытты. Үтке қол созған ұлттың жабырқау жанын қары қалың, аязы қақаған ит жекендерге айдады.

Желтоқсанда бұғауды сыпырып бос­тандыққа ұмтылған қазақ жастарының өршіл рухы да үт еді. Үкідей үлбіреген сол үтке де саясаттың сойылы сілтелді.

Үтке үрейлене қарайтын топтың пиғылы әлі қауіпті.