Кептелекті азайтатын жолайрық қажет
Көлік саны артып, көше қозғалысы күрделене түскен қазіргі кезде шаһардың басқа көшелерін айтпағанда кең Қонаев даңғылының өзінде – кептелек. Осы мәселе бойынша қала әкімдігі ұзақ уақыт зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы қалада ірі жолайрықтарды көбейтетін болып шешті. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қаладағы жол құрылысы жұмыстарына қатысты кездесуде айтып өтті. Осылайша шаһардағы кептелекті азайтпақ.
«Қазіргі таңда қала көшелеріне сараптама жүргізу нәтижесінде, жолаушылардың қолайлылығы үшін Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшелерінің қиылысына заманауи жолайрығын салу қажеттігі туындауда. Күнделікті кептелектен мезі болған тұрғындардың наразылығын байқап отырмыз», дейді Мақсұт Исахов.
Сонымен қатар биыл қаладағы 259 нысанда 416 шақырым жол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 160 көшеде 203 шақырым жол жөндеу жұмысы аяқталды. Ендігі жерде 99 көше, 213 шақырым жөндеу жұмыстары қалды.
Қыркүйектің соңына дейін бірнеше жол құрылысы мен жол өткелдерін ретке келтіру, аялдама мен бағдаршам орнату, көшені таңбалау жұмыстары аяқталады. Ал Қонаев көшесінің Түркістан көшесінен әрі қарайғы жалғасы да салынып, 1-кезеңі желтоқсан айында толық аяқталады.
Сондай-ақ М.Исахов аялдамалардың орнатылу барысын, веложолақтардың салынуын, велостансалардың орналасуы мен пайдаланылуын, қалаға кіреберіс Шымкент-Ташкент өткеліндегі жөндеу жұмыстарын таныстырды.
Қазір мәселені шешудің бір жолы ретінде қаладағы Рысқұлов көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында жолайрық салу мақсатында құрылыс жұмыстары басталды. Жоба биыл қазан айында басталып, келесі жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.
Жобаның бас мердігері – «Bazis Construction» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Саулет-SKB» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Акмол Тех Надзор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Қазіргі уақытта нысанда жасыл желектерді қайта отырғызу, газ, су құбырларының орларын қазу, жалпы саны 105 темірбетонды қадалар орнын бұрғылау, арматурамен өрілген қаңқалар орнату және бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Темірбетонды қадаларды салудағы мақсат – Қонаев даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйден топыраққа түсетін жүктемелерді ұстау. Жобаға сәйкес Қонаев даңғылы бойында ұзындығы 540 метрді құрайтын тоннель салынады. Бұл да болса жаяу жүргіншілердің көшедегі қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығына елеулі жағдай туғызатыны белгілі.
Бұл шаһардағы екінші ірі жолайрық болмақ. Алдыңғысы Темірлан тасжолы бойынан салынған еді.
Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің үлесі көп
Ел Президенті өз Жолдауында ұлт болашағы – жастарға қолдау көрсету керек екенін айтты. Бүгінде жастарға ең басты көмек баспанамен қамту болмақ. Осы түйткіл оң шешілсе, қаншама пәтер жалдап, қиналып жүрген жастардың арманына қанат бітер еді. Бұл мәселе, әсіресе жастар жиі шоғырланған ірі орталықтарда қордаланған. Жуырда жастарды толғандырған осы мәселе бойынша Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасы ақжолтай жаңалықпен бөлісті.
Ендігіде «Жастар» тұрғын үй бағытымен баспана алуға құжат қабылдау желтоқсан айында басталмақ. Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов мәлімдеді.
«Биылғы Жолдаудың 4-тармағы баспана мәселесіне тікелей байланысты. Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек екенін баса айтты. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағыты. Бұл бағыт бойынша жыл соңына дейін 300 пәтер беріледі. Ал өтініштер «Шымкент-Баспана» автоматтандырылған жүйесі арқылы желтоқсан айында қабылданады», деді Ғ.Төлепов.
Оның айтуынша, бүгінде қалалық баспана кезегіне жалпы 40 148 адам тіркелген. Оның ішінде 13 332-сі әлеуметтік жағынан әлсіз топ саналады, ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 1642-ні құраған. Осы ретте әлеуметтік жағынан әлсіз топ санатындағыларға берілетін тұрғын үйдің 20 пайызы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі. Яғни биыл 48 арендалық пәтердің кілті жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тапсырылды. Жалпы, 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алу құқығынсыз 1 596 арендалық баспана берілді.
Тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар бойынша 118 678 өңдеу жүргізіліп, иелігінде тұрғын үй тіркелген, басқа елді мекенге қоныс аударған, санатын жоғалтқан және қайтыс болу себептерімен 4 456 азамат тұрғын үй алу тізімінен шығарылған. Бұл тексеру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.
Азаматтар өз кезегі туралы мәліметті «E-gov» электронды порталы немесе басқарманың 8 700 674 20 52 WhatsApp нөмірі арқылы біле алады.
Бұған қоса шаһардағы баспанаға шын мұқтаж 101 азаматқа тұрғын үй сертификаты берілді. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25», «2-10-20» және «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» тұрғын үй бағыттарын автоматтандыру мақсатында «Шымкент-Баспана» ақпараттық жүйесінің жұмысы қалыптасты.
Сондай-ақ басқарма басшысы кредиттік тұрғын үй бағыттарының орындалу барысымен таныстырды. Оның айтуынша, «2-10-20» тұрғын үй бағыты бойынша 224 отбасы әлеуметтік несиелендіру шартымен тұрғын үйге қол жеткізді. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 114, толық емес отбасылар – 60, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасы – 50. Сонымен қатар «2-10-20» – «Бақытты отбасы» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша бастапқы жарнасының бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде жергілікті бюджет есебінен бөлінген 100 млн теңгеге 101 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді.
1 қазандағы жағдайға сәйкес, «7-20-25» тұрғын үй бағыты бойынша 885 азамат жаңа пәтердің кілтін алған. Жыл соңына дейін «7-20-25», «2-10-20» бағыттары бойынша 4 несиелік үй, «5-20-25» бағыты бойынша «Қазақстанныңтұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы ЖАО-да кезекте тұрғандарға 16 несиелік үй, «Қазақстанныңтұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ бағыты бойынша банк салымшыларына (ЖАО-да кезекте тұрғандарға – 50 пайыз, салымшыларға – 50 пайыз) 6 кредиттік үй пайдалануға беріледі. Қуантарлығы, Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 9 айда 20 тұрғын үй пайдалануға берілген.
Шымкент – құрылысы қайнаған алып шаһар. Үшінші мегаполисте биыл 9 айда құрылыс саласында бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл жылы 154 нысанның құрылысы жоспарланған. Салада негізінен көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына басымдық берілуде. Атап айтқанда, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бюджет есебінен 92 үйдің құрылысы іске асырылуда. 9 айда 20 үй пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде Әкімшілік-іскерлік орталығында 528 пәтерлік 8 тұрғын үй, «Шымкент сити» шағын ауданында 888 пәтерлі 12 тұрғын үй бар. Қазан айында «Шымкент сити» шағын ауданындағы 160 пәтерлі 4 үй, желтоқсанда «Тұран» шағын ауданында 1708 пәтерлі 27 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жыл аяғында жалпы 3 284 отбасы өз баспанасын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Биыл қосымша 5 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, 280 пәтер тапсырылады. Бұдан бөлек, қарашада нарықтан 696 пәтер сатып алынады. Нәтижесінде, жалпы 976 арендалық пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Оның ішінде 378-і – көпбалалы отбасыларға, 298-і – әлеуметтік осал топтарға, 300-і жұмыс істейтін жастарға беріледі.
Құрылыс басқармасының айтуынша, 9 айда 357, 2 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 118 пайызды құрады. Жыл соңына дейін 254,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 201 көпқабатты тұрғын үйді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 34 нысанның құрылысы жүргізілуде. 1 нысанның құрылысы аяқталып, 39 тұрғын үй және 1 мектеп қажетті инфрақұрылыммен қамтылған.
Медицина құралдарын өндіруді қолға алды
Індет асқынып тұрған жаз басында Шымкент қаласының медициналық мекемелері біраз сынақпен бетпе-бет келді. Әсіресе жасанды тыныс алдыру аппаратының жетіспеушілігі байқалды.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шаһардағы «Қазмедприбор» мекемесі науқастарға арналған бірегей құрылғы жасап шығара бастады. Шаһардағы медициналық ұжымдарға алдағы уақытта 100-ден аса жасанды тыныстандыру құралы жеткізілмек. Пандемия кезінде науқастардың өмірін сақтауға ең қажетті құрылғы жасап шығаратын кәсіпорынның жұмысымен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов танысты. Covid-19 індетінің ықтимал жаңа толқынына дайындық барысын, жаңа аппараттардың өндіріс қуатын пысықтады.
«Қазмедприбор» мекемесінде жасанды тыныстандыру аппаратын құрастыру мәселесі коронавирус індеті өршіп тұрған жазда көтерілген. Сол уақытта қалалық әкімдік пен компания жетекшілері вирус жұқтырып, соның салдарынан өкпесі қабынған науқастарды емдеуге аса қажет жасанды тыныстандыру аппараттарын өзімізде шығару мәселесін талқылаған болатын. Сол келісім нәтижесін беріп, компанияда арнайы аппараттарды құрастыратын желі ашылды. Мұнда 30-ға жуық маман жұмыс істейді. Желінің өндіріс қуаты тәулігіне 20-25 аппарат шығаруға жетеді.
«Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарын құрастыратын мамандарымыз арнайы дайындықтан өткен. Бұл аппарат жабдығының 60 пайызы Қазақстанда жасалған, қалған бөлшектері АҚШ, Қытай және Германиядан жеткізіледі. Өзімізде шығарылған соң, бағасы басқа баламаларынан 20 пайызға төмен. Алдағы уақытта Шымкент қаласына ғана емес, еліміздің басқа да қалаларына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, Алматы, Қарағанды, Атырау қалаларының әкімдіктерімен келісімшарт жасадық. Жалпы, осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық өңіріне біздің компанияның 50 млрд-тан аса медициналық құрал-жабдығы жеткізілген», дейді «Қазмедприбор» ЖШС директоры Қаныбек Қанатбекұлы.
Шымкенттік өндіруші жыл соңына дейін еліміз бойынша 500 жасанды тыныстандыру аппаратын жеткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен негізгі тұтынушы Шымкент қаласы болмақ. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшілерінің айтуынша, үшінші мегаполисте құрастырылған алғашқы жасанды тыныстандыру аппаратын №1 ауруханада сынақтан өткізіпті.
«Коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайындық барысында Шымкенттегі медициналық мекемелердің құрылғыларға деген сұранысының негізін осы жергілікті өндіруші қамтамасыз етіп отыр. Осы айдың соңына дейін 126 жасанды тыныстандыру аппараты денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады. Одан бөлек бізге қажет «Бобров» аппараты, реанимациялық кереуеттер мен жабдықтар да осында шығарылады. Ең бастысы – отандық өнімдердің тиісті лицензиясы бар», дейді шаһардың бас дәрігері Бақытжан Позилов.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан қала әкімі М.Әйтенов науқастарды емдеуде отандық медицина өнімдерін де пайдалануға шақырды. Сондай-ақ қажетті провизорлық төсектік орын осы эпидемиялық ахуалға байланысты әзірленетінін жеткізді.
«Осыдан 3-4 ай бұрын, жаздағы жағдайға байланысты «Қазмедприбор» мекемесінің басшылығымен кездесуде жасанды аппарат шығарамыз деп еді. Міне, сол күнге жетіп отырмыз. Осы аптаның соңына дейін қаладағы медициналық мекемелерге 88 аппарат жеткізіледі. Бұған қоса 200-дей мониторға, басқа да қажет өнімдерге тапсырыс бердік. Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласын дамытып, арнайы медициналық құрал-жабдықтар сатып алу үшін биыл жергілікті бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлінді. Бұл – 2019 жылғы қаржымен салыстырғанда 6 есе көп. Осылайша Мемлекет басшысының тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасын орындап жатырмыз. Жаздағы індет кезінде қалада провизорлық орындарда барлығы 3 810 төсектік орынға жеткізіп едік. Ал қазір 5 мыңнан аса төсектік орынға дайынбыз. Материалдық тұрғыдан дайындалып, қосымша 3 компьютерлік томография аппаратын алдырдық, бүгінде олардың саны 17-ге жетті. Біздің есеп бойынша күніне 1500-2000 адам КТ-дан тексеруден өте алады. Бұған қоса оттегі нүктелерін қарастырып, жансақтау бөлімдерін дайындадық. Қазіргі таңда Шымкент бойынша коронавирус індетімен күреске арналған 1 060 төсектік орын бар. Жаман айтпай, жақсы жоқ, жағдай ушыға түссе, бес сағаттың ішінде 4 мың орынға, ал тәуліктің ішінде 5 мың орынға жеткізе аламыз. Сонымен қатар №2 ауруханада күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде, ол жерде індетке шалдыққандарды емдеу үшін қосымша 500 орын қаралады», деді М.Әйтенов.
Қала әкімі шаһардағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жүйелі жұмыс істеліп жатқанын, инфекция ошақтары және вирус жұқтырған науқастармен байланыста болған адамдар амбулаторлық бақылауға алынғанын, ол үшін жергілікті емханаларда 200-ден аса мобильді бригада жасақталғанын айтты.
Көгалдандыруға баса көңіл бөлінеді
Ірі қалалар үшін бірінші кезекте экология мәселесі, оның ішінде таза ауа өте маңызды. Жағдайды қалыпта ұстап тұру үшін қаланың өсімдік жамылғысын күтіп-баптап, жасыл белдеуін кеңейте түсу қажет-ақ.
Бүгінде осы бағытта Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірқатар жұмыс атқарған. Соның бірі «Жасыл белдеу» мекемесінің мамандары биыл 250 гектар аумаққа орман патологиялық тексерулерін жүргізді. Сондай-ақ орман өртінің алдын алу мақсатында мың гектарға жуық жер учаскесінің 30 шақырымына минералды жолақ салған.
70 гектар жер жыртылып, 60 гектар аумақтағы ағаштар кесіліп, кесілген шырпылар сыртқа шығарылған. 20 гектар аумаққа суғару арықтары жасалған және 25 гектарға егілген көшеттер арасы қопсытылған. Ал 25 гектар жерде арам шөптер шабылған. Бүгінде 396 гектар жер учаскесі толығымен жыртылып, ағаш егуге дайындалыпты.
Сонымен қатар «Бадам орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» ММ-не қарасты орман тұқымбағында егілген ағаш-көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары жүргізілген. 9 ай көлемінде жалпы 2 гектар жерге суғару, арам шөптерден тазарту және минералды тыңайтқыш енгізілген. Одан өзге, басқарма мамандарының мәліметінше, 11 гектарды алып жатқан Шымсая шатқалында да егілген ағаш-көшеттерге күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент