Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Егін егудің тың тәсілі керек

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы көктемде пандемия қос өкпеден қысып, тұншықтыра бастаған кезде күрделі жағдайларға қарамастан, мемлекет тарапынан егіс науқанына жан-жақты көңіл бөлінді. Әрі оған қажетті материалдық-техникалық шаралар іске асырылды.

Егін егудің тың тәсілі керек

Сол тұста азық-түлік тапшылығын болдырмау мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты жолы ауылшаруашылық дақыл­дарынан алынатын өнім деңгейін төмен­детпеу екендігі ашық айтылды. Ал диқандар осы сенім мен жауапкершілік үдесінен шы­ғып, мемлекет тарапынан жасалған қол­дауға сай іс-қимыл танытты деуге болады. «Балапанды күзде санайтыны» секілді, қам­баға түскен астықтың мөлшерін таразыға тартып, сапасын саралайтын кез де күздің соңғы айларына сәйкес келді.

Ендігі әңгімені еліміздің батыс бөлігіндегі астықты өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы мысалында әрі қарай өрбіткенді жөн көреміз. Өкінішке қарай, биыл да Ақжайық аймағында ылғалдың аз түсуіне байланысты құрғақшылық белең алып, бұл теріс табиғи фактор жаздық дәнді-дақылдар мөлшерінің әжептәуір кеміп кетуіне әсерін тигізді. Әйтсе де тұқым себу мен оны күтіп-баптаудың жаңа заманауи технологиялары қолданылған агроқұрылымдарда ойдағыдай өнім алынды деуге толық негіз бар. Мысалы, облыстағы «Агросервис Батыс» ЖШС мен «Жарас» агрофермасы және «Матевосян» шаруа қожалықтары дәнді-дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 40-45 центнерден өнім жинағаны осының айқын дәлелі.

Тұтастай облыс бойынша алғанда да биылғыдай құрғақшылық қысып жіберген жылдың өзінде күздік дәнді-дақылдар егіс­тігінен тәп-тәуір өнім жиналғаны атап айтуға тұрарлық іс. Бұл жөнінде кейбір деректерге көз салсақ, егістік алқаптардан 260 мың тонна астық жиналған екен. Бұл өткен жылмен салыстарғанда 7,4 пайызға артық екені де астық өсірушілердің  аянып қалмағанын айғақтап тұрғандай. Сондай-ақ осы кезеңде орташа өнімділік 10,3-тен 11,4 центнерге өсуі де мемлекет тарапынан жасалған қолдауға іспен берілген жауап десе де болады.

Рас, биыл жаздық дәнді-дақылдар егістігі­нен алынған өнімнің орташа көлемі әр гектарға шаққанда 6,1 центнерден алынды. Әйтсе де оның қамырлылық деңгейі жоғары болғаны көңілге әжептәуір медеу. Бұған де­йінгі жинақталған тәжірибелер мен егіс салу және оны орудың нәтижелері біріне-бірі мүлдем ұқсамайтынын көрсетеді. Егер алдағы уақытта оның бәрі мұқият сараланып, сүзгіден өткізілсе, нартәуекелге негізделген егістік жағдайында да мол өнім алуға болатыны айқын аңғарылады. Бұл тұстағы – «бір кем дүние» облыстағы күздік дәнді-дақылдар егістігі алқабының аздығы, небәрі 80 мың гектар екендігі.

Сол себепті егін шаруашылығына түбе­гейлі тың тәсілдер енгізілсе, күздік егіс алқабы бұдан әрі ұлғайса, өнім тұрақтылығының негізі қаланары анық. Оның үстіне бұған дейінгі деректер мен жүргізілген зерттеулер бойынша облыста 2018 жылы күздік дәнді-дақылдар егістігінен әр гектарынан 7,3 центнерден, 2019 жылы 13,2 центнерден өнім алынса,  биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, әр гектардан 21,2 центнер өнім алуға қол жеткізілді.

Қалай дегенде де, климаты қаталдау өз­гер­­мелі, астықтың шығуы көктемгі және жаз­­ғы жаңбырға тәуелді болып келетін Орал өңі­­рінде күздік бидай өсірудің тиімді екен­дігін соңғы жылдардың тәжірибесі айқын аңғартып отыр. Ендеше, бұл фактордан аймақ­тағы астық өсіру ісінің мамандары тиісті қорытынды шығарар деген  ойдамыз.

 

 

Батыс Қазақстан облысы