Спорт • 16 Қараша, 2020

Паралимпиадашыларымыз мемлекеттік қолдауға ие

656 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде паралимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Оны жерлестеріміздің халықаралық додаларда көрсетіп жүрген нәтижелерінен-ақ байқауға болады. Мәселен, 2016 жылы Риода өткен Жазғы Паралимпия ойындарында жүзу спортынан Зүлфия Ғабидуллина алтын жүлде иеленіп, ел мерейін асырды. Екі жыл бұрын Пхёнчхандағы Қысқы Паралимпияда шаңғышы Александр Колядин алдына жан салмай, Олимпиада чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды.

Осы ретте Қазақстанның Ұлттық Паралимпиада комитетінің вице-президенті Бақыт САПАРОВПЕН тілдесіп, спортшыларымыздың алдағы Токио Паралимпиядасына дайындықтарын сұраған едік.

Паралимпиадашыларымыз мемлекеттік қолдауға ие

– Бақыт мырза, биылғы пандемия барлық федерациялардың жұмысын тұралатып, спортшыларға да ауыр соққы болғаны рас. Осы орайда каран­тин паралимпиадашыларға қанша­лықты кері әсерін тигізді?

– 2020 жылдың 30 наурызында Халықаралық Олимпиада комитеті, Халықаралық Паралимпиада комитеті және Жапония үкіметі коронавирустық пандемияға байланысты Токиода өтетін XVI жазғы Паралимпия ойындарын кейінге қалдыру туралы бірлескен шешім қабылдады. Әлемдегі жағдайды ескере отырып, ойындар 2021 жылдың 24 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында өтеді деп жоспарланған. Жаһандық пандемияға байланысты көптеген халықаралық және республикалық іс-шара кейінге шегерілді.

Дегенмен спортшыларымыз онлайн жаттығулар жасап, онлайн жарыстарға қатысуда. Пара садақ ату спортынан, пара пауэрлифтингтен спортшылары­мыз ресейлік, әлемдік кубоктарға қатыс­ты. Мысалы, пара пауэрлифтинг спортшысы Давид Дегтярев онлайн Әлем кубогында бірнеше ай жалғасып келе жатқан кезеңдерден көш бастап, фи­налға шықты. Оған жиырма шақты ел­ден спортшылар қатысуда. Онлайн жа­рыстың нәтижесі қарашаның соңында белгілі болады. Карантин уақытында қашықтықты сақтауға қойылатын талаптарды ескере отырып, барлық спорт түрі бойынша жаттығу процесі онлайн режімінде жүргізіліп, бақыланды.

Осы уақыт аралығында Пара­лим­пиадашыларға Ұлттық паралимпиада комитеті мен мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген шығар?

– Ұлттық Паралимпиада комитеті (ҰКП) карантин кезінде спортшылардың жаттығуын онлайн түрде қатаң қада­ға­лады. Паралимпиадашылар мен жаттық­тырушылар күнделікті жаттығуларын есеп ретінде жіберіп тұрды. Мемлекет тарапынан ең басты көмек – ол биыл алғаш рет ҰПК-ның мемлекеттік тапсырысқа ие болуы. Яғни 2020 жылдан бастап ұлттық құрама сапындағы паралимпиадашыларымыз толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылып, жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Оның ішіне құрама сапындағы спортшылар мен жаттықтырушылардың айлық жалақысы, спорттық құрал-жабдықтар, оқу-жаттығу жиындары мен шетелдік жарыстарға қатысу кіреді. Өкінішке қарай, биылғы көптеген жарысымыз кейінге шегерілді. Бірақ әрбір қиыншылықты басқа жа­ғы­нан қарап, оны одан сайын сапалы дайындалуға берілген уақыт деп қабылдауға тырысамыз.

Жалпы елімізде спорт саласы мемлекет тарапынан жан-жақты  қолдауға ие болып келеді. Осы орайда мемлекет тарапынан қандай жобаларыңыз қолдау тауып жатыр? Солардың ең негіз­гілерін атап айтсаңыз.

– Бүгінгі таңда паралимпиадалық спорт заңмен реттеледі. 2016 жылы Парадимпиадалық спорт түрлері Олим­пиадалық спорт түрлерімен, соның ішінде медальдар үшін сыйлық төлемдері заңды түрде Олимпиада медальдары үшін төлемдер мөлшеріне теңестірілді. 2017 жылы Ұлттық Паралимпиадалық комитет «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі No 228-V за­ңында мемлекет тарапынан ресми танылды. 2020 жылдан бастап Қазақ­стан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитеті  алғаш рет паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың спортшыларын даярлау туралы Мәдениет және спорт министрлігінен мемлекеттік тапсырма алды. Ол бойынша спортшылар республикалық, халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына барып-келуі қаржыландырылады.

Одан бөлек өңірлерде жергілікті атқа­рушы ұйымдардың қолдауымен инваклубтар дамытылып жатыр. Өңірлерде іріктелген спортшылар Қазақстан чемпионаттарына қатысып, ұлттық құрама сапында ел намысын халықаралық ареналарда қорғайды.

Спортшылардың алдағы жарыс­тарға дайындықтары туралы айтып өтсеңіз. Спортшыларымызды алда қан­дай додалар күтіп тұр?

Жылдың басында паралимпиадалық ат спортынан халықаралық рейтингтік жарыс, пара шаңғы жарысы мен пара биат­лоннан, пара дзюдо мен пара пауэрлифтингтен Әлем кубоктары, пара жүзуден Беларусь Республикасының ашық чемпионаты, сонымен қатар пара дзюдодан, пара пауэрлифтингтен, пара садақ ату спортынан, голболдан республикалық чемпионаттар өтті.

Карантин уақытында спорт­шы­ла­рымыз өздерінің тұратын жер­лерінде, спорт түріне байланысты мүмкіндігінше күнделікті жаттығу жасауда. Мүмкіндік болмаса, үйде шынығады. Күзде Токио ойындарына дайындық, әртүрлі спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындары басталды. Олар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда пандемияға байланысты қандай да бір жарыстарға қатысу тоқтатылған. Дегенмен жақында барлық санитарлық талапқа сай пара садақ ату спортынан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. 2021 жылы болатын халықаралық жарыстардан нақты хабар келмегеннен кейін, жарыстардың барлығы ойдағыдай жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Токио паралим­пиадасына пара таэквондо мен жүзуден  7 жолдама жеңіп алдыңыздар. Алдағы уақытта қай спорт түрлерінен тағы қан­­ша лицензия алуға мүмкіндік бар?

– Бүгінде пара таэквондо бойынша спортшымыз Нұрлан Домбаев Паралимпиада ойындарына алғашқы болып лицензия жеңіп алды, пара жүзуден алты орын біздікі. Барлығы 7 лицензия ұтып алынды. Мемлекеттік тапсырманы іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиада комитеті 11 спорт түрінен ұлттық құра­ма ко­мандасын алдағы Токиодағы ойын­дарға дайындайды, соның ішінде нысана көздеу, жеңіл атлетика, жүзу, дзю­до, пауэрлифтинг, таэквондо және отырып ойнау волейболы сияқты спорт түрлерінен 11 лицензияны жеңіп алуды жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»