Қоғам • 17 Қараша, 2020

Қар барысы – бағымызға бұйырған бренд

945 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орман шаруашылығы саласында еңбек ететін Хамит Ахметов – жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы 30-ға жуық ғылыми мақаланың авторы. Соңғы жылдары ол «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экожүйесін зерттеп, туризм мен биоалуандылықтың арасындағы тепе-теңдіктің сақталуын қадағалаумен айналысады.

Қар барысы – бағымызға бұйырған бренд

Тау жануарының саны азайып барады

Таяуда Президент Қ.Тоқаев­тың бастамасымен орман шаруа­шылығы мен жа­нуарлар әлемін қорғау саласында тұңғыш рет ұсы­нылған «Елім-ай» сыйлығын иеленген тәжірибелі маман еліміздегі флора мен фаунаны, сондай-ақ экологиялық мәдениет пен сирек кездесетін аң-құстарды сақтауға қатысты ойымен бөлісті.

«Көлсай көлдері» ұлттық пар­кінде омырт­­қалы жануарлардың 256, сүтқорек­ті­­лердің 51 түрі бар. Ха­лықаралық «Қызыл кітапқа» енген қар барысы да дәл осы аймақта мекендейді. Сол секілді Тянь-Шань қоңыр аюын, тас сусарысын, Түркістан сілеусінін де жиі кездестіруге болады. Жануарлар әлемін жіті бақылап жүрген Хамит Ахметовтің айтуынша, уақыт өт­кен сайын қар барысының саны күрт азайып, бұл ауқымды зерт­теуді қажет етеді.

«Дүниежүзілік «Қызыл кітап­қа» енген барыс Алма­ты облысындағы Көлсай Көлдері мен Іле-Алатау ұлттық табиғи парктерінде кездеседі. Биыл Ал­тын Емелде де көзге түсті. Оңтүс­тік өңірде Сайрам-Өгем ұлт­тық паркінде бар. Қазақстанда тұтастай ұзын саны 120-130 шамасында ілбіс қалды. Көлсай аума­ғында біздің есебімізге сәй­кес 16 барыс мекендейді. Биыл қарашада Қайыңды көлі маңында фототұзаққа тағы біреуі түсті. Білім және ғылым министрлігінің Зоология институтында қар бары­сын зерттеу орталығы ашылып, зерттеу жұмыстарын ұдайы жүр­гізіп келеміз. Фототұзақ тек миграция­сы мен мекен ету ортасын анықтайды. Ауқымды зерттеу жұмыстарына қомақты қаражат керек», деді Х.Ахметов. Ғылы­ми қызметкердің сөзіне сүйенсек, адам ілбіске өзі тиіспесе, жыртқыш аңнан қауіп туындамайды. Тіпті оның туристердің жүрген жеріне дейін жақындаған сәттері болған.

«Қар барысымен бетпе-бет кел­ген инс­­­пекторлар да бар. Егер адам тиіспесе, ол бірінші болып шабуыл жасамайды. Көзбен ғана бақылап тұратын жуас аң. Негізгі қорегіне – Сібір тауешкілері, елік, қабан секілді жабайы жануарлар жата­ды. Біздегі дерек бойынша туристер жүре­тін жерлерге де тү­сіп отырады. Мысалы, соңғы рет Қайыңдының тура жанына кел­ді. Бұл дегеніңіз, қар барысының ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарда қауіп төнбесе, келген жеріне оралады дегенді аңғартады. Адам мен табиғат арасындағы үйле­сім­діліктің нақты көрінісі осы деп айтуға болатын шығар», деді «Көлсай көл­дері» мемлекеттік ұлт­тық табиғи пар­кінің ғылыми қызметкері.

 

Туристік мәдениетті қалыптастыруымыз қажет

«Көлсай көлдері» ұлттық пар­кіне деген туристердің қызығу­шылығы жыл өткен сайын артып келеді. Айталық, былтыр 87 мың турист келіп, 30 млн теңге көлемінде кіріс түсті. Қазір ұлттық парк аумағында экотуризмді дамыту жобасы қолға алынып, жаяу жүргіншілерге жаңа бағыттар ашыл­мақ. Осы арқылы жергілік­ті экожүйеге түсетін жүктеме азаяды.

«Қайыңды және Көлсай көл­де­рінің маңы туристер тоқтай­тын негізгі аумақ. Екін­ші Көлсай көліне апаратын соқпақпен шама­мен 25-26 мың адам жүреді десек, бұл рекреациялық жүктемеге сәйкес келеді. Ал оған бірінші Көл­сайды қоссақ, әрине арта тү­седі. Бүгінде Kazakh Tourism-мен бірлесіп, сыйымдылықты зерттеп жатырмыз. Содан кейін ғылыми тұжырымдама беріледі», деді Х.Ахметов.

Алайда табиғат жанашырының айтуынша, отандық туристердің экологиялық санасы қалыптаспаса, таяу болашақта табиғи байлықты сақтап қалу қиынға соғады.

«Біздің туристердің экологиялық cана-сезімі оянған жоқ. Оны мектеп қабыр­ғасынан сіңіру қажет. Тастаған тұрмыстық қалдығыңды өзіңмен алып кетудің өзі үлкен мәдениет. Қазір бұл мәдениет өте төмен десем, қателеспеймін. Мониторинг жүргізгенде шетелдік туристердің жерден бір нәрсені көтерудің өзіне рұқсат сұрайтынын байқадық. Ал жергілікті туристер салынған соқпақ жолмен жүрудің орнына айналасындағы өсімдіктерді таптап өте береді. Жылда шығарылатын қоқыс көлемінен біраз нәрсені байқауға болады. Жұма, сенбі күндері қалдық тіптен көп шығарылады. Қазақстан азаматтарының түсінігінде «Мен келіп ақша төледім. Қо­қысты инспекторлар жинауы тиіс» деген таптаурын қалыптасқан. Қынжылтатыны да осы мәселе», деді ол.

Десек те туристерді қабылдайтын жер­гілікті халықтың санасы жақсы жаққа қа­рай өзгере бастаған сыңайлы. Саты ауы­лының халқы туризм саласының отб­а­сылық бюджетке жақсы табыс әкелетінін түсініп, қонақ күтуге бейімделіп алыпты. Кездескен туриске барлығын түсіндіріп, іздеген жеріне апарып тастау мәдениеті қалыптасып келеді. Қажетті ақпаратпен бөлісуге тырысады. Алдағы 5-10 жылда Саты туристік бағытта дамып, мүлдем жақсы жағынан түрленеді деген ой бар.

 

Қазақ тіліндегі зерттеулер аз

Ғалым өзі секілді қазақ тілінде еліміздің фло­расы мен фаунасы туралы таным­дық және ғылыми материалдар әзірлейтін ма­ман­дардың жетіспеушілігі сезілетінін де жеткізді.

«Ғылыми жұмыстың барлығы орыс ті­лінде жүргізіліп келеді. Қарашада Зоология институтымен бірлесіп, ғылыми журналға алғаш рет барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы ғылыми мақала­лар шығады. Мен онда редакциялық алқа мүшесімін. Оның құрамында Қытай, Ресей, Израиль мамандары да бар. Жануарлар мен өсімдіктер туралы қазақ тіліндегі сөздіктер өте аз. Бұл мәселе де қолға алынып жатыр. Себебі болашақта студенттер қазақ тілінде еркін ғылыми мақалалар жаза алуы тиіс. Танымдық материалдар да жоқ­тың қасы. Неге десеңіз, маман жетіспейді. Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі мамандарына гранттар аз бөлінеді. Әйтпесе құландар, қар барысы, тағы бас­қа жа­нуарлар қазақ тілінде зерттеліп жатса, артық болмайтыны күмәнсіз», деді Х.Ахметов.

Сарапшының пікіріне сәйкес ішкі ту­ризмнің артуына байланысты қазір сала ма­мандарына тапшылық әлден сезі­луде. Өйткені пандемия аяқталған бойда гидтер мен аудармашы мамандардың жетіс­пеушілігі айтарлықтай білінуі мүмкін деген болжам бар. Ал білікті жастарды тарту үшін жалақы мен тұрғын үй мәселесі ше­шілуі тиіс. Бұған қоса ұлттық парктер мен қорықтарда қызметке ер адам алынса, сәйкесінше олардың отбасы мүшелері де жұмыспен қамтылуы қажет. Сондықтан ең болмағанда туризм кәсібімен айналысуға мүмкіндік берілсе, артық болмайды.