Облыс орталығының жедел қарқынмен дамуы іс басында жүрген атқарушы орган жетекшілерінен стратегиялық ойлау жүйесін ұстануды қажет ететіні де хақ. Соның ішінде мұнда соңғы жылдары ауыз су тапшылығы айқын сезіліп отырғаны оларды ойландыруға тиіс.
Осы орайда сәл шегініс жасар болсақ, бұған дейін Орал қаласын ауыз сумен қамту мәселесі 60 шақырым қашықтықтағы су көздері арқылы шешіліп келгеніне көз жеткіземіз. Олардың қатарында Январцев, Тоқпай, Көшім, Серебряков және Орал су қоймалары бар. Әйтсе де соңғы кезде аталған гидроинженерлік нысандардың тек екеуі ғана жұмыс істеп тұрғаны қалада ауызсу тапшылығының пайда болуына себепші болды десек қателесе қоймаспыз. Жоғарыда аталған екеудің бірі Орал су қоймасы десек, аталған құрылым қаланың орталығы мен солтүстік-шығыс аудандарын ауыз сумен қамтып отырғанын көреміз. Сарапшы мамандардың мәлімдеуінше, мұндағы су қорының тәуліктік жалпы өнімділігі 65 600 текше метрді құрауға тиіс. Әйтсе де қазіргі күні оның мөлшері 2-3 есеге дейін азайып кеткені болып отыр.
Тағы да су мамандарының айтқанына сүйенсек, бұл жерде көптеген су ұңғымалары бар екен. Соларды тереңдетіп қазу жұмыстары қолға алынса, ауыз су көлемін әжептәуір ұлғайтып, жылына 5 млн 600 мың текше метр су өндіруге жол ашылатын көрінеді. Сонымен бірге Орал су қоймасы маңынан тағы да бірнеше ұңғыма қазу белгіленіпті. Әрі оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптаманың қарауына жолданған. Қалған ұңғымаларға қажетті құжаттар жасақталуы үшін тиісті зерттеулер жүргізу ісі қолға алынған. Бүгінде Орал қаласының шеткері аумақтарын ауыз сумен қамтуға тиіс Серебряков су қоймасы төңірегінде де күрделі жағдайлар қалыптасып отыр. Оны реттеу мен қалпына келтіру және қосымша ұңғымалар қазу жұмыстары әзірге тек құрғақ сөз, болжам және жоспар күйінде қалып келеді. Орал қаласындағы су тапшылығын жою жөніндегі жоғарыда айтылған жайттар мүмкін тактикалық тұрғыдан тиімді де шығар, бұған талас туғызу қиын.
Әйтсе де қаланың бұдан әрі дамуы және тұрғындар санының өсуі секілді стратегиялық мәселелер тұрғысынан қарастырғанда тек ұңғымалар қазып, су көлемін ұлғайту секілді іс-шаралар тым тарлық ететінін де аңғару қиын емес. Бір сөзбен айтқанда Орал қаласын ауыз сумен үзіліссіз қамту жөніндегі проблемалық мәселеге жан-жақты әрі кешенді сипат беріліп, тың су көздері мен қорын іздестіріп тауып, оны игеруге ұмтылыс жасалса, ешқандай артықшылығы болмас еді деген ойдамыз.
Бұл үшін ең алдымен Орал қаласы маңындағы жер асты су көздерінің картасы жасақталып, соған сәйкес стратегиялық іс-қимыл бағдарламасы белгіленсе, мұның өзі шекаралық өңірдегі шаһардың одан әрі бой тіктеуіне қосылған қомақты үлес бола алатыны анық. Тұрғындарды ауыз сумен қамту ұғымының аясы өте кең екені аян. Яғни оның шеңберінде Орал қаласындағы ескірген ауыз су құбырларына күрделі жөндеулер жүргізіліп ауыстырылса, нұр үстіне нұр. Бұл бағытта атқарылған істердің сапасы жоғары болуы ұдайы назарда ұсталса – ауыз су құбырларының пайдалану мерзімі де соғұрлым ұзақ болатыны талассыз. Екіншіден мәселеге сапалық тұрғыдан келе білу қаржыны үнемді жұмсауға септігін тигізетіні де дәлелдеуді қажет етпейді. Міне, осындай жәйттер оң жолға қойылса, Орал қаласында ауыз су ресурстарының қажетті қорын толықтыру мәселесі де сатылап өз шешімін таба берер еді.
ОРАЛ