Үкімет • 18 Қараша, 2020

Онлайн қызмет өрге басады

640 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру, сондай-ақ тауарларды таңбалау және қадағалау мәселелері қаралды.

Онлайн қызмет өрге басады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Мемлекеттік қызметтердің 90%-ы онлайн болады

Бірінші мәселе – Халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету туралы баяндаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазіргі таңда мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет барын, олардың 85,5%-ы онлайн форматта көрсетілетінін айтты. «Біздің мақсатымыз – биыл осы көрсеткішті 90%-ға жеткізу. Қызметтердің көрсетілу сапасын бағалау Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзыретінде. Олар жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесі бо­йынша еліміздің өңірлерінде халықтың мемлекеттік қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін көтеру қажет екені айқын», деді Б. Мусин.

Министрдің айтуынша, ол үшін ведомствоның алдына қойылған бірқатар ашық мәселе бар. Мысалы, мемлекеттік қызмет алу үшін халық әлі де тікелей мемлекеттік органға немесе әкімдікке жүгінеді. Осындай қызметтер саны қа­зір 200-ден асады. Мәселені талдау үшін Бас прокуратурамен бірлесіп халық­тан келіп түскен өтініштер зерт­телді. Нәтижесінде азаматтардан түс­кен
2 млн-нан астам өтініштің 30%-ы мем­ле­­кеттік қызметтерді алу жөніндегі сұра­ныс болып шықты. «Мұндай қызмет­тер қағаз түріндегі қарапайым өтініш ретінде қарастырылатындықтан ХҚО-лармен салыстырғанда қарау мерзімдері бұзы­лады, өйткені бақылауға арналған ақпараттық жүйеге кірмейді. Тікелей қарым-қатынас кезінде сыбайлас жемқор­лыққа жол берілуі де мүмкін. Осы мәсе­лені шешу мақсатында барлық қызмет­терді баламасыз тек ХҚО-ларда немесе элек­тронды түрде көрсету қажет деп ше­шім қабылдауды ұсынамыз», деді Б.Мусин.

Бүгінде eGOV-та 600-ге жуық қызмет көрсетіледі. Түрлі сервистердің көптігіне байланысты, әр қызметті адамдардың ойынан шығатындай ыңғайлы жасау қиын мәселе. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, онлайн қызметтерді танымал интернет-платформаларға шығару туралы шешім қабылданды. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелу Kaspi.kz, Халық банк, Альфабанк және Сбербанк қосымшаларында қолжетімді, басқа да кең таралған қыз­меттерді шығару жос­парлануда. Сонымен қатар проблеманы Парето қағидаты – 20/80 принципі бойынша шешу тәсілі қолданылуда. Атап айтқанда, халық көп талап ететін қызметтерді оңтайландыру жүйелі түрде жүргізілуде. Мысалы, мамандандырылған ХҚО-ларға жыл сайын 3 млн-нан астам адам жүгінеді. Көп кезек туындайды. Автокөлікті тіркеу қызметі онлайн түрде қолжетімді болса да, адамдар ХҚО-ларға тікелей келіп бірнеше сағат уақытын жұмсайды. Ал жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервис қанатқақты режімде Kaspi.kz мобильдік қосымшасына шығарылды. Б.Мусин атап айтқандай, мамандандырылған ХҚО-ларда тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені ол автодромда емтихан тапсыруды талап етеді.

Қарапайым халық үшін eGOV-қа көшудегі басты қиындық ЭЦҚ-ны баптау мен мобильді базада тіркелуге байланыс­ты. Осы мәселені шешу мақсатында порталда биометрия арқылы тіркелу мүмкіндігі іске асырылды. Енді eGOV пайдаланушысы болу үшін смартфонды алдыңызға қойып өз келбетіңізді көрсетсеңіз жеткілікті. Қазір осы процесс тестіленуде, оны ағымдағы айдың соңына дейін іске қосу көзделген. «Көп талап етілетін құжаттарды EgovMobile қосымшасына шығарамыз. Цифрлы құжаттар сервисіне жеке куәлік пен АХАЖ куәліктерінен басқа, жүргізуші куәлігі мен диплом шығарылады. Осын­дай құжаттар тізімі әрі қарай көбейтіледі. Жыл соңына дейін 30-ға жуық анықтама түрін беруді алып тастау жоспарлануда», деді министр.

Сонымен қатар 1414 call-орталы­ғының үлкен жүктемесі азаматтардың наразылығын туғызады. Сапалы кеңес беру үшін ХҚО-лардың 2000 операторы осы жұмысқа жұмылдырылды. Сондай-ақ байланысты күту уақытын азайту үшін жасанды зерде арқылы жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру алгоритмдері енгізілетін болады. Бұдан басқа ауыл­дарға Интернет жеткізуді кеңейту жобасы шең­берінде министрлік операторлармен 1200 ауылдық елді мекенде Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін арнайы киоскілер орнату туралы келісімге келді. Бейнебайланыс арқылы аудан әкіміне, ХҚО-ға немесе денсаулық сақтау мекемелеріне жүгінуге болады.

 

Мүгедектікті сырттай белгілеу форматы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетовтің айтуынша, мемлекеттік қызметтер тізілі­міне сәйкес әлеуметтік-еңбек саласында 44 қызмет түрін көрсету көзделген, оның 38-і электронды түрде көрсетілсе, мұ­ның 18-і проактивті түрде, яғни аза­мат­тың қатысуысыз автоматты түрде тағайындалатын төлем немесе қыз­мет. Биыл барлығы 9,5 млн қызмет көр­сетілді. Жыл соңына дейін мемлекеттік қыз­меттердің 90%-ы электронды форматқа көшірілетін болады, оны 2022 жылы 93%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестерін толық цифрландыруды тапсырған бола­тын. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, бұл жұмыстың негізгі бағыты – мүмкін­дігінше барлық қызметтерді проак­тивті форматқа көшіру, яғни қызмет көр­сету бастамашысы азамат емес, мем­лекет болады. Барлық қажетті мәлі­мет­тер, ақпараттық жүйелердің өзара іс-қи­мыл жолымен қалыптасады. Азамат қызметтерді алуға келісім ғана беруі қажет болады. «Проактивті қызмет түрі – қыз­метті берушімен алушының байланы­сын болдырмайды, қызмет көрсету уақы­тын барынша қысқартады, қағазды құжаттарды жинаудың және уәкілетті органдар қызметкерлерінің қатысу қажеттілігін жояды», деді Б. Нұрымбетов.

Мысалы, бұған дейін көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беруші қағаз түріндегі қажет­ті құжаттарымен мемлекеттік корпо­рацияға жүгінетін. Ол үшін алдын ала сол құжаттарды алуға бірнеше ұйым­дар­ға барып, уақытын кетіретін. Ал бүгін­де осы процесті автоматтандырудың нәти­жесінде министрліктің жүйесіне басқа ақпараттық жүйелерден қажетті жеке тұлға және балалардың туылуы мен саны туралы мәліметтер проактивті түрде түседі. Сол мәліметтердің негізінде автоматты түрде жәрдемақы тағайындалып, көпбалалы анаға ол туралы SMS-ха­бар­лама жіберіледі.

Жұмыспен қамту саласында Элек­тронды еңбек биржасы мүмкін­дік­терін кеңінен пайдалану көзделеді. Бүгін­гі таңда жұмыс іздеп жүрген адам жұ­­мыс­пен қамту орталығына барып, кезекте тұрып, тиісті жұмыс таңдау үшін орталық қызметкерлерімен байланыс жасасуға мәжбүр. Егер жұмыс табыл­­маса, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет және жұмыссыздыққа қатысты әлеу­меттік төлем алуға жеке өтініш беру қажеттілігі тағы бар. «Енді барлық жұ­мыс­пен қамту шаралары, құралдары, вакан­сиялар Электронды еңбек биржасында жасалатын болады. Электронды еңбек биржасының порталы жұмыс іздеп жүрген адамға дағдыларына сәй­кес автоматты түрде вакансияларды, «Ең­бек» бағдарламасының құралдарын ұсынады. Яғни шешімді ақпараттық жүйе қабылдайды. Жұмыс табылмаған жағдайда ақпараттық жүйе автоматты түрде адамды жұмыссыз ретінде тіркейді де оған тиісті жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік төлемді проактивті түрде есептеп тағайындайды. Осылайша бірнеше қызметті біріктіріп, бизнес процесін жеңілдетіп, біз «цифрлы» жұмыспен қамту орталықтарына көшу жолындамыз», деп түсіндірді Б.Нұрымбетов бұл туралы.

Келесі іске асырылып жатқан үлкен цифрлық жоба – ол мүгедектікті сырттай белгілеу жүйесі. Бүгінде өтініш бе­руші төрт түрлі органға жүгінуге мәж­бүр. Олар: емханаға барып тексеруден өту; медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде мүгедектікті белгілеу; жергілікті атқарушы органда тіркелу; жұмысқа орналасу мәселесімен жұмыспен қамту орталығына бару. Осы қызметтер толық автоматтандырылғаннан кейін өтініш берушіге тек емханаға барып, тексеруден өту жеткілікті болады. Осылайша мүгедектігі бар адамдарға қызметті пай­далану уақыты едәуір қысқарып, қыз­меттер кешенді және проактивті түрде көрсетілетін болады.

 

Қағаз анықтамалардан құтыламыз

Аталған мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, қазіргі эпидемиялық ахуал жағдайында Цифрлық даму министр­лігі бизнес процестерді оңтай­лан­дыру және автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізді. Халыққа қызмет көр­сету орталығы жұмысының форматы өзгерді, артық құжаттар талаптары алынып тасталды. Тиімді шаралардың бірі Blockchain технологиясын енгізу бол­ды, бұл мемлекеттік қызметтерді көр­сету уақытын едәуір қысқартады және деректерді үшінші тұлғаларға беру мүм­кіндігін болдырмайды.

Мемлекеттік қызметтер тізі­лі­мінде 698 мемлекеттік қызмет түрі қарас­тырылған, олардың 85,5%-ы онлайн-режімде көр­сетіледі. Осы жылдың со­ңына дейін бұл көр­сеткіш 90%-ға дейін жеткізіледі.

Биылғы жылдың соңына дейін элек­тронды форматтағы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтер көр­сеткіші 90%-ға дейін жеткізіледі. Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша электронды мемлекеттік қыз­­меттерді енгізу бойынша Ақмола, Қызыл­орда, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары алда келеді. Ал Алматы облысы мен Шымкентте тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ.

Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызметтер көр­сету сапасына қанағаттану деңгейін ке­мінде 80%-ға жеткізуді, сондай-ақ ТКШ қызметтері бойынша астаналық IQalа жобасы үлгісімен тиімді шешімдер енгізуді тапсырды. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov mobile-ға ауыстыру жоспарын бекіту тапсырылды. «Халыққа жұмыстың нақ­ты нәтижелері қажет. 2021 жылы қағаз анықтамалар сұрауды толығымен жойып, «Азаматтарға арналған үкі­мет» корпорациясынан қызметтерді жет­кізуді қамтамасыз етіп, барлық он­лайн қыз­меттер мен сервистердің қол­же­тімділігін 100%-ға дейін арттыруымыз керек» деді А.Мамин.

Денсаулық сақтау министрлігіне азаматтарға қажетті электронды меди­­­ци­налық мәліметтерді беруді қамта­­масыз ету, Еңбек министрлігіне мемле­­кеттік органдармен бірлесіп, зейнет­ақы мен жәрдемақыларды беруді тағай­ындау процестерін цифрландыру үшін қажетті деректерді толық цифрландыру мен жаңартуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Премьер-Министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға барлық ақпараттық жүйелердің тиімді интеграциялануын және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, олардың жұмыс сапасын және халық үшін пайдалануға же­ңілдігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Үкімет басшы­сы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы жаңалықтар бо­йын­ша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет­тігіне ерекше назар аударды.

 

Тауарларды таңбалау және қадағалау мәселесі

Үкімет отырысында тауарларды таң­балау және қадағалау мәселелері қарал­ды. Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов, Қаржы министрі Е.Жамау­баев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Есекеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов баян­дама жасады.

Қазақстан ЕАЭО-ның интеграциялық процестері аясында тері бұйымдары мен темекі өнімдерін міндетті таңбалауды енгізді, дәрілерді, алкогольді, аяқкиім мен сүт өнімдерін таңбалау жөніндегі қанатқақты жобаларды іске қосты. Ел аумағында тауар қозғалысының ашық­тығын қамтамасыз ету үшін импорттан немесе өндірістен бастап бөлшек саудада өткізуге дейінгі бүкіл тізбек бойынша Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылды. Осының арқасында биылғы 10 айдың ішінде кеден баждарының, ҚҚС мен акциздердің қосымша түсімдері 132 млрд теңгені құрады, ал 2025 жылға дейін жалпы нәтиже 2,6 трлн теңгеден асуы мүмкін.

Бірыңғай оператор – «Қазақтелеком» АҚ «Тауарларды таңбалау және қада­ғалау» ақпараттық жүйесін әзірледі. Таң­баланған тауар айналымын есепке алу және тауарлардың «заңдылығын» тексеру үшін «Naqty Sauda» және «Naqty Onim» тегін мобильді қосымшалары енгізіледі. Бөлшек сауда орындарын сканерлермен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде (34 мың данадан астам). «Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу қазақстандық нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, азаматтардың денсаулығын сақтауға, отандық өндірушілердің ЕАЭО нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді» деді А.Ма­мин осы жайында.

Үкімет басшысы ЕАЭО мемле­кет­терінде аталған жұмысты ілгерілетуді ескере отырып, таңбаланған тауарлар тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті, бұл кедергісіз өзара сауданы дамытуға ықпал ететін болады. Бұл ретте ЕАЭО мемлекеттерінің бақылау-сәйкестендіру белгілерін өзара тануы маңызды мәселе болып табылады. «Бизнес өндірілетін және сатылатын тауарлардың сапасын арттыруға, оның ішінде өз өнімдеріне таңба салуға мүдделі болуы тиіс. Таң­ба­лаусыз шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігі болмайды. Таңбалау сатылымды, оның ішінде ЕАЭО-да сатуды кеңейтуге, өндірістің артуына, жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді», деді А. Мамин.

Үкімет басшысы бизнес-қоғамдас­тықты кеңінен хабардар ете отырып, тауарларды таңбалау жүйесіне қаты­­су­шылардың барлығының өзара үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін енгізу адал салық төлеушілер үшін бизнес жүргізудің бәсекелестік жағдайларын арттыруға, өндіріс, сауда көлемін ұлғайтуға, көлеңкелі айналымды азайтуға жол ашатынын атап өтті. Қаржы министрлігіне тауарларды қадағалау жүйесін жетілдіру және таңбаланған тауарлардың айналымын бақылау жұмысын жалғастыру, Цифр­лық даму министрлігіне «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп, ақпараттық жүйе­лердің, оның ішінде тегін мобильді қосым­шалардың тұрақты жұмыс істеуін, оларды техникалық қолдауды және жылдамдығы жоғары мобильді интернет сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.