Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Пандемия өндірісті тоқтатқан жоқ
Айталық, Kaz Minerals тобына қарасты кәсіпорындарда жоғары өндірістік көрсеткіштер тіркелді. Мәселен, тоғыз айда 230 мың тонна мыс өндіріліп (2019 жылғы көрсеткіш 230,5 мың тонна), COVID-19-ға байланысты қиындықтарға қарамастан, компания мыс пен алтын өндірісінде жоспарлы диапазонның жоғарғы межесіне жетуді көздеуде. Болжам бойынша күміс пен мырыш өндірісінің көлемі де жоғарыламақ. Десе де компания қызметкерлер мен мердігерлердің қауіпсіздігіне, сондай-ақ денсаулығы мен әл-ауқатына жіті көңіл бөлуді бірінші кезекке қойып отыр. Тұтас персоналды қорғауға және өндірістік іркіліс тәуекелдерін төмендетуге жан-жақты шаралар қарастырылған.
Шығыс Қазақстанның Ақтоғай кенішіндегі кен өндіру көлемі 27%-ға немесе 9,06 млн тоннаға дейін ұлғайды. Тоғыз айда өндірілген шикізат 28,7 млн тоннаға жетіп, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 27%-ға аз. Бұған негізінен оксидті кен өндірудің көлемін қысқарту ықпал етті. Өйткені жылдың басында өндіріс жұмыстары бұдан бұрын өндірілген шикізатты қайта тазартуға бағытталған еді.
Сульфидті кеннен мыс өндіру үшінші тоқсанда өңдеу көлемінің 9%-ға қысқару есебінен 8%-ға, яғни 26,5 мың тоннаға дейін төмендеп, мыс құрамының орташа мөлшерінің 0,56%-ға дейін ұлғаюымен жартылай өтелді.
Техникалық қызмет көрсету мерзімдері мен кендегі металдың аздығы, сондай-ақ 2020 жылдың бірінші тоқсанында өңдеу коэффициентінің уақытша төмен болуы салдарынан тоғыз айда сульфидті кен 82,6 мың тонна өндіріліп, былтырғы тоғыз аймен салыстырғанда 11%-ға аз көрсеткіш тіркелді.
Үшінші тоқсанда оксидті кеннен катодты мыс өндіру көлемі 5,2 мың тоннаны құрады, 2019 жылдағы тоқсанмен салыстырғанда бұл 4%-ға төмен. Жыл соңына қарай Ақтоғайда катодты мыс өндірісінің жоспарланған бағдарына жету көзделмек. Ол шамамен 20 мың тоннаны құрайды.
Аталған тоқсандағы мыс өндірісінің жалпы көлемі – 31,7 мың тонна. Осы көрсеткіш негізінен сульфид фабрикасына техникалық қызмет көрсету мерзімі мен ұзақтығына байланысты өндіріс индексінің 8%-ға төмендегенін көрсетті. Төртінші тоқсанда сульфидті кендегі мыстың орташа мөлшерінің төмендеуі мен COVID-19-ға қатысты шектеулердің салдарынан бірінші жартыжылдықта кейінге қалдырылған техникалық қызмет көрсетуге байланысты өндіріс көлемі төмендейді деп болжануда.
Павлодар облысындағы «Бозшакөлде» кен өндіру динамикасы байыту фабрикалардың қажеттіліктерін 22%-ға өтеп, 8 млн тоннаға дейін жетті. Атап айтқанда, сульфидті және каолинді фабрикалар тоқсан бойы толық қуатында жұмыс істеді. Десе де биылғы тоғыз айда кен өндіру бірінші жартыжылдықтағы қоймадағы каолинді кенді қайта өңдеу есебінен 16%-ға немесе 22,3 млн тоннаға дейін қысқарды.
Тоқсандық бөліністе алтын өндіру көлемі 37 мың унцияға дейін төмендеді. Бірақ тоғыз айдың ішінде «Бозшакөлде» бағалы металды өндіру 120,3 мың унцияға дейін ұлғайып, жылдық жоспарлы диапазонның жоғарғы шегіне, атап айтқанда, 140-150 мың унцияға жету межесі қойылған.
«Востокцветмет» (Шығыс Қазақстан) шахталарында және «Бозымшақ» (Қырғызстан) кенішінде кен өндіру үшінші тоқсанда 6%-ға немесе 997 мың тоннаға дейін қысқарды. Тоғыз айда 3,06 млн тонна кен өндірілді, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5%-ға жоғары. Шығыстағы кен өндірудің төмен көрсеткіші жерасты өндіріс жұмыстарына көшуге байланысты «Бозымшақтағы» өндіру көлемінің ұлғаюымен өтелді.
Операциялық ақша ағындарының артуы мен шикізат бағасының жоғарылауына байланысты Kaz Minerals тобының таза қарызы маусымдағы 2 797 млн доллардан қыркүйектегі жағдайға сәйкес, 2 654 млн долларға дейін азайды. Қарызды азайту күрделі шығындармен, нақты айтқанда «Ақтоғай» және «Баимская» мыс жобасын кеңейтумен, сондай-ақ топтың Қытайдың мемлекеттік даму банкі алдындағы борыштық міндеттемелері бойынша жартыжылдық сыйақы төлемдерімен және кәсіпкерлік-жеке тұлғаларға арналған ай сайынғы пайыздық төлемдермен, жер бетіндегі орындардың биіктік айырмасын белгілеумен жартылай өтелді. Төлемдердің жалпы сомасы 71 млн долларды құрады. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, роялти (лицензиялық сыйақының түрі) және табыс салығы бойынша төлемдер үшінші тоқсанда 28 млн долларды құрап, ол бүгінге дейін ҚҚС өтеумен ынталандырылып келеді.
«COVID-19-бен байланысты қиындықтарға қарамастан, Kaz Minerals үшінші тоқсанда да жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізді. Мыс өндірісі биыл үздіксіз жалғасып, қазір өндіріс көлемі 2019 жылғы деңгейде сақталуда. Ал ілеспе өнім өндірісі бұрынғы көрсеткіштерден айтарлықтай асып түсті. Мыс пен алтын өндірісінің жоспарлы диапазондарының жоғарғы шегіне жетуге жақын тұрмыз, сондай-ақ күміс пен мырыш өндірісінің жылдық жоспарлы көрсеткіштері жақсарды», деді Kaz Minerals тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.
«Бақыршықтағы» алтын қоры 25%-ға ұлғайды
Еліміздегі алтынның тағы бір ірі мол қоры Шығыс Қазақстандағы «Бақыршық» кен орнына тиесілі. Бұл аймақта жер қойнауын игеріп жатқан ресейлік «Полиметалл» компаниясы «Қызыл» жобасы аясында кен қоры 25%-ға ұлғайғанын, атап айтқанда, алтын көлемі 10,3 млн унцияға дейін өскенін хабарлады. Компаниялар тобының бас атқарушы директоры Виталий Несистің айтуынша, «Шығыс Бақыршықтағы» шикізаттың айтарлықтай қоры «Қызылдың» өндірістік циклын 30 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ашық өндіру жұмыстары 2036 жылға дейін жалғасатынын айта кеткен орынды.
JORC кодексіне сәйкес «Шығыс Бақыршықтағы» (Қызылдың 2-ші аймағы) кен қорының бастапқы бағалауы сәуірдегі жағдай бойынша 3,7 г/т өлшемдегі орташа құрамдағы алтынның жалпы көлемі 2,2 млн унцияны немесе 18,8 млн тоннаны құрады. Оның 80%-ы жерасты тәсілімен өндірілмек. Тиісінше «Қызылдағы» жалпы кен қоры 5,4 г/т орташа құрамдағы алтынның тұтастай көлемі 10,3 млн унцияға, демек 59,3 млн тоннаға дейін ұлғайды. Осылайша алтынның мөлшері 2019 жылдағы есеппен салыстырғанда 25%-ға өсті.
Ашық кен байыту жұмыстарына арналған шикізат қоры 9%-ға немесе 4,9 г/т орташа құрамды алтынның көлемі 4,3 млн унцияға дейін өсіп, сәйкесінше жерасты тау-кен жұмыстарына бағытталған қордың көлемі 40%-ға ұлғайды және 5,8 г/т орташа құрамды бағалы металдың унциясы 6,0 млн-ға дейін артты. Жаңартылған күнтізбе байыту фабрикасындағы өндіріс қуатының артуымен ескеріліп дайындалса керек. Соған сәйкес кәсіпорын 2022 жылға қарай өндірілген өнім көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін жеткізбек ниетте. Аталған кен орнындағы бағалау жұмыстары 2015-2020 жылдарға арналған жалпы көлемі 29,9 шақырымды құрайтын (168 ұңғыма) геологиялық барлаудың деректері негізінде іске асырылғанын айта кеткен орынды.
Кәсіпорындардың тілегі ескерілуі тиіс
Қазақстан табиғи ресурстардың жиынтық көлемі бойынша әлемдік рейтингте алтыншы орында тұр. Жуырда өткен Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің IV отырысында осылай деген «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Жандос Темірғали елімізде әлі де зерттелмеген кен орындары аз емес екенін айтты.
«Қазақстан табиғи ресурстардың жиынтық көлемі бойынша әлемде алтыншы орын алады. Зерттеушілердің бағалауына сенсек, елімізде жалпы сомасы 46 трлн доллардан асатын 5 мыңнан артық барлау жүргізілмеген кен орны бар. Бүгінде Қазақстан литий, никель, кобальт, марганец және басқа да сирек кездесетін элементтерге байланысты инновациялық өндірістерді дамытуды көздеп отыр», деді Ж.Темірғали.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишевтің айтуынша, 2017 жылы елімізде Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданып, сол арқылы мемлекеттік реттеудің ашық және түсінікті әдістерін қамтамасыз етуде озық халықаралық тәжірибе ескерілді. Бұл заңда қарастырылған негізгі қағидаттың бірі – «Бірінші келген – бірінші игереді». Сонымен қоса мемлекеттік қолдау тетігі инвестициялық субсидиялар, салық преференциялары және басқа да жеңілдік түрінде қамтылған деді ведомство өкілі.
«Әлемдегі өзгерістерді ескеріп, Қазақстан халықаралық талаптарға сай кен байыту саласында инвестициялық және инновациялық әлеуетті жақсартуға бағытталған маңызды бастамаларды қабылдады. Әсіресе өндіруші салалардың ашықтығы бастамасына ерекше көңіл бөлінеді. Еліміз бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Шикізат пен металдардың ірі тұтынушысы – Қытайдың географиялық жақындығы, елдің транзиттік әлеуеті, энергия шығындарының төмен тарифі, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар еліміздің осы саладағы артықшылығын көрсетіп отыр», деді вице-министр.
Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының (ТМКҚ) атқарушы директоры Николай Радостовецтің пікіріне сүйенсек, салалық ведомствоға роялти (лицензиялық сыйақының түрі) мәселесінде Канаданың тәжірибесіне сүйенген артық болмайды. Ол пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықпен жұмыс істейтін компанияларға қолданыстағы мөлшерлемені сақтай отырып, кәсіпорындарға роялтиге ерікті түрде көшуге мүмкіндік берілу керектігін жеткізді. Қауымдастық жаңа кен орындары бойынша роялти мөлшерлемесі республиканың теңізден қашықта орналасқандығы, сондай-ақ көлік аспектісі ескеріліп, тартымды болуға тиіс деген ұстанымда.