Туризм • 20 Қараша, 2020

«Жанды сабақтар» жобасы қолға алынды

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресейде 2015 жылы іске асырылған «Жанды сабақтар» («Живые уроки») жобасына ұқсас жобаны Қазақстанда іске асыруды туроператорлар 2018 жылдан бері ұсынып келген-ді. Алайда бұл жоба тек биыл ғана қолдау тауып, 2020 жылдың сәуір айында «Атамекен» ҰКП және Kazakh Tourism арасында Туризмді дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды.

«Жанды сабақтар» жобасы қолға алынды

Үкімет тарапынан жүйе дең­гейде қолдау тапқан бағдарла­маның жуырда алғашқы қанатқақты жобасы ұйымдастырылды. Жо­ба­ға Ақмола, Жамбыл облысы және Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­сының 6-8 сыныпта оқитын 555 оқу­шы қатысты. Үш негізгі бағыт таң­далып, қатысушыларға тарих, фи­зика және биология пәні бойын­ша сабақтар ұйымдастырылды. Туристік сала өкілдері мектеп бағ­дарламасы шең­беріндегі экскур­сиялар оқу бағдар­ламасын түр­лен­діріп қана қоймай, балаларды ерте жас­тан туризмге бейімдейді деген ойда.

Kazakh Tourism ҰК АҚ басқар­ма төрағасы Ержан Еркінбаев пан­демияға байланысты сабаққа қаты­сатын балалардың саны 15-ке дейін қысқарғанын, турлар облыс аума­ғында жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бастапқыда біз Ресейдің «Жи­вые уроки» жобасын негізге алдық, онда мектеп оқушылары бір өңір­ден екінші өңірге саяхат жасайды. Бұл туған жерді тануда пайдалы тә­жірибе, экскурсияларда балалар «дұрыс» турист болып үйрене алар еді. Бала табиғатты ластамау, өрт шығуына, ағаштардың ша­былуына себепші болмауын түсініп, қоршаған ортаны қорғап, жақ­сартуды үйренеді. Бірақ пандемия бұл жоспарымызды толық жүзеге асы­руға мүмкіндік берген жоқ. Сон­дықтан бюджеттің басым бө­лігі балалардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында қорғаныш құ­рал­­дарына жұмсалды», деді Ержан Еркінбаев.

Нұр-Сұлтанда қашықтан оқыту арқылы алынған білім теміржол персоналын бағалау және дамыту жөніндегі оқу орталығында және баламалы энергия көздерінің жұмыс істеу принциптерін көрсететін «Нұр Әлем» болашақ энергетикалық музейінде бекітілді.

Оқу орталығында 8-сынып оқу­шылары тепловоз қозғалтқышы, турбокомпрессор жұмысымен танысып, цилиндр қозғалысының қағидатын білді. Балалар арнайы тренажерлар, кабиналарға мініп, машинист, машинист көмекшісі болып та көрді. «Осы бағдарлама үшін ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіремін. Мен бұл жерден көп нәрсе үйрендім. Техника жұмысымен таныстым. Алдағы уақытта да жобаның тұ­рақты қатысушысы боламыз деген үміт­­темін», деді экскурсияға қатысушы.

«Балаларға бағдарлама қатты ұнады, олар физикадан бөлек кәсіп­тік бағдар бойынша сабақ өтті. Кө­бісі болашақта машинист маман­ды­ғымен жақынырақ танысуға ын­та танытты. Сабақтарды өт­кізуде ең ма­ңыздысы – мектеп бағдар­ламасымен экскурсияны жоспарлай алатын жақсы гид табу. Бұл мәселе бойынша біз бір­неше мектептің мұғалімдерімен ке­ңесіп, соның арқасында саяхатқа ла­йықты нысандарды таңдадық», деді Gvidon Tour туристік агенттіктің бағ­дар­ла­малар менеджері Екатерина Бульда.

«Ауыл балаларына жобаға қаты­суға мүмкіндік берген ұйымдас­ты­рушыларға ризамын. Баламның алған әсері мол. Мұндай жобалар ба­ланың ой өрісін кеңейтіп, пәндерді іс жүзінде игеруге мүмкіндік береді. Бізге мамандық таңдауға көмек­теседі. Мұндай жобалар көп болуы керек деп есептеймін», деді жобаға қатысқан Полина Мамедованың анасы.

Алматы қаласындағы жобаға биология пәні бойынша қатысуға Алматы облысы мектептерінің 195 үздік оқушысы іріктеліп алын­ды. Айта кету керек, осы өңірде саны 10  адамнан аспайтын топтар жасақ­талды. Биология пәні елдегі ең ірі зообақтың бірінде өтіп, онда балалар жануарлар әле­мімен танысып, қоректену тізбегі жайында көп ақ­па­рат алды.

Ал Жамбыл облысындағы 6-сынып оқушылары Қазақстан тарихымен кеңінен танысты. Экскурсия ба­рысында балалар Қарахан мен Айша бибі кесенесіне барып, көне Тараз қазба жұмыстарын тамашалады.

«Тарихи орындарды аралау ке­зінде балалар көптеген пайдалы ақпарат алды. Балалар оқулық­тардан оқығандарын өз көзі­мен көріп-білсе, оқу процесі тиімді бо­латы­нына көз жеткіздік. «Жанды са­бақтар» жобасының жалғасы болады деп үміттенеміз», деді Жам­был облысындағы орта мектептің та­рих пәнінің мұғалімі Дидар Сер­кебаева.

«Оқушылар Қараханидтер мем­лекетінің мұрасын көрді. Бұл тақы­рыпты балалар 6-сыныпта оқиды. Ашық аспан астындағы тарих­пен танысқан балалар дән риза. Осылайша олардың бойында па­триоттық сезімі оянып, туған өлкеге деген қызығушылық артады», деді «Золотой караван» туристік ор­та­­­­лығының директоры Альбина Веймер.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова жобаны жүзеге асыру тұрғындар үшін қосымша туристік өнімді қалып­­­тастыратынын және болашақ турис­тердің экологиялық тәрбиесіне ық­пал ете­тіндігін атап өтті. Экскур­сиялар елдегі өндірістік туризмді дамытуға бастама бола алады.

Қанатқақты жоба аяқталған соң Kazakh Tourism АҚ бизнес-қоғам­дастық және ҰКП-мен бірлесіп «Жанды сабақтар» жобасын бас­қа өңірлерде іске асыратынын жеткізді.