Қоғам • 23 Қараша, 2020

Саусақ ұшындағы жарық

1307 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі жандар бізбен бірге бір қоғамда өмір сүруде. Бірақ оларды белсенді ортадан сирек көретініміз рас. Олардың өзгелер секілді өмір сүруі, жұмыс істеуі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Қазір біздің қоғам өркениетті көзқарасқа бейімделіп келеді. Арамызда мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз болашақ сыйлап, өздеріне жақын тартып, жан-жылуын беруге ниетті жанашыр жандар да аз емес.

Саусақ ұшындағы жарық

Бір нәрсеге бір нәрсе себепші болады ғой. Әдеттегідей жұмысыма қарай асығып келе жатыр едім:

– Апай, гүл сататын киоск қай бұ­рылыста еді? – деген дауыс естілді.

– Дәл осы бұрылыс қой. Сауда үйіне қа­рама-қарсы, – дедім қыз балаға бағыт сілтеп.

– Рахмет. Бүгін анама гүл сыйлайын деп едім...

– Анаңның туған күні ме? Атың кім?

– Жоқ, апай, бүгін зағиптар күні ғой. Атым – Аргүл.

Біртүрлі болып қалдым. «Бүгін өзі қай күн еді», деп тіпті сасқалақтап есіме де түсіре алмадым. Күнтізбені қарасам, 13 қараша 1984 жылдан бері Халықаралық зағиптар күні болып аталып өтеді екен. Дереу облыс орталығындағы Мүгедектер орталығына, зағиптарға арналған кітапханаға хабарласып, осы атаулы күнге орай жұмыс барысы, қызмет жағдайымен танысқым келетінін, тіпті «Аргүлдің анасын білесіздер ме?» деп сұрадым. Аргүлдің анасының өтініші бойынша оның аты-жөнін жазбадық. Тек ол кісіге амандық, саулық тілейміз.

– Бұл күн – осыдан ІІ ғасыр бұрын дүниеге келген француз тифлопедагогі Валентин Гаюидің туған күні. Әлемде бірінші рет зағиптарға арнап мектептерді ашып, білім берген адам. 1784 жылы В.Гаюи өз қаражатына зағип жандарға арналған бедерлі «Унциал» деп аталатын қаріптерді ойлап тауып, жазуға арналған құралдар жасаған. Біздің кітапхана да жыл сайын бұл күнді атап өтеді, – деді кітапхана басшысының орынбасары Ләззәт Қуантаева.

1

Жалпы, кітапхананың 2 600-ден аса оқырманы бар, соның ішінде 900-ден аса зағип жандар осы кітапханаға тіркеліпті. Облыс бойынша көз мүгедектерінің саны 3 мыңнан асады. Осыдан-ақ зағип және көздері нашар көретін жандардың қоғамдық-рухани белсенділіктері дені сау адамдардан кем емес екеніне анық көз жеткізесіз.

Кітапханада «Брайльмен жазу және оқу үйірмесі» жұмыс істейді. Үйірменің арнайы маман­дары зағип жандар­ға нүктелі-бедер­лі шрифт бойынша оқу-жазуды үйретеді. Соның бірі – Альбина Мұхамединова тиф­ло-кабинетінің («тифло» зағиптарға арналған деген сөз) кітапханашысы.

Альбина кабинетте зағип жандарға Брайльша жазуды, компью­терді қол­дануды үйретеді. 2012 жылдан бері дәс­түрлі түр­де Тұңғыш Президент күні­не орай «Брайльша оқимыз және жазамыз» байқауын ұйым­­дас­ты­рып келеді. Ал оқы­тушы Роза Құлышева болса, ар­на­йы кітап­ха­наларда көз жанарынан айы­рылған адамдарға газет, жур­нал­­дардан ақпараттар оқиды, дауыс­тап оқу сағаттарын өткізеді. Сондай-ақ тех­ник-реставра­тор Азат Түкиев кітап­ха­на­дағы бар­лық арнайы тифло-техника­ны жөн­дейді және кітаптарды оқыр­ман­дар­дың үйіне апарады, ауысты­рып алып келеді.

– Үйден шыға алмайтын зағип жандар аз емес, оларға оқи­тын кітап­­тарын үйіне апарып бере­міз. Бір жұма­да бір рет барып кітаптарды ауыстырып тұра­мыз. Қазір қызмет көрсету бөлімі «Telefone book» қызметі арқылы жұмыс істейді. Телефон арқылы сұранысы бо­йынша кітап­тарды оқиды. Сұрақтарға жауап береді, – дейді Азат.

Сондай-ақ техника мен тиф­­­лоқұ­ралдар көрмесі ұйым­дастырылып, кітап­ханаға нашар көретін балаларға ар­нал­ған мектеп-интернат оқушылары мен қызметкерлері де келеді. Оқу залында кез келген адамға ой салатын, «Саусақ ұшындағы әлем» атты бедерлі-графика­лық құралдар мен бедерлі және ды­быстандырылған кітап көрме­сі қойылыпты. Көпшілікке «За­ғипт­ар мен көзі көретіндер ара­­сын­дағы қарым-қатынас этика­сы» тақырыбындағы жадынама­лардың таратылуы адамдарға айналаға көз сал дегендей ой салады.

Кітапхана оқырмандары брайль сканері мен принтерін кеңінен қол­данады. Ал жастар арасында дауыстап оқитын машиналар мен арнайы компьютерлерге ықылас зор. Ауылдағы оқыр­мандардың тапсырыс­тары бойынша оларға түрлі тасымал­дағыштарға жа­зыл­ған кітаптар жеткізіледі.

– Әрине, зағип жандар үшін Луи Брайльдың орны ерекше. Зағиптарға қолайлы, нүктелі-бедерлі жазу жүйесін енгізген ғалым. Бұл – көзі көрмейтіндер үшін мүмкіндік беретін кітаптар, ноталар, математикалық белгі­лер. Луи Парижде 1809 жылы дү­ниеге келген, 3 жасында әкесі­нің шеберханасында пышақ­пен ойнап отырып, байқаусызда көзін жарақаттап алады. Содан 16 жасында зағиптарға ар­нал­ған әмбебап нүк­телі-бедерлі жазу жүйесін ойлап табады. Брайль жазу жүйесі 1870 жылы Париждегі зағиптардың ха­лық­ара­лық конгресінде ресми бекітілді. Бүкіл әлемдегі з­а­­ғип­­тар үшін жазудың және кітап ба­судың бірден-бір тиімді жү­йе­сіне айналды, – дейді Л.Қуантаева.

1

Жалпы, кітапханада 70 мың­дай кітап қоры бар болса, оның 32 мыңы – арнайы кітап­тар. Мысалы, дыбыс­танды­рылған және нүктелі-бедерлі шрифтермен жазылған кітаптар. Орыс тілінде кітаптар жеткілікті, сатып алуға болады. Мәселе – қазақ тіліндегі кітаптардың аздығы.

Ләззат Серікқызының ай­туын­­­ша, кітаптарды сатып алу­ға қаржы аз бөлінеді. Кітап­тар қымбат. Мысалы, Ә.Нұр­пейісовтің бір ғана «Қан мен тер» романы нүктелі-бе­дер­лі шрифтімен 16 дана кітап бола­ды. Өкініштісі, за­ғиптарға нағыз керекті «Нүктелі-бедер­лі шрифтімен жазылған» кітаптар елімізде шығарылмайды.

Ақан Қасымов – бірінші қазақ тифлопедагогі, 1963 жылы қазақша Брайль әрпін, нүктелі-бедерлі шрифін енгізген ғалым. Бұл кісі жайлы Ләззат мәліметтер жинастырып жүр екен. Біздің жерлесіміз 1928 жылы Ақсуда туған. Бұл кісінің өзі де өмір бойы зағип жан болған екен. Ақан Қасымов жаса­ған нүктелі-бедерлі шрифтімен жазыл­ған қазақша кітаптар 1991 жылға дейін шы­ғарылып тұрыпты. Осы кісінің жазған­дары арқылы көзі нашар көретін зағип жандар сол кездері қазақша оқи алған.

– Сондықтан қазір әр кітап­хана қазақша кітаптарды өз­дері дайындауда. Біз де 2-3 жылдан бері Брайль тәсілі бойынша кітаптарды принтермен өзі­міз шығарамыз. Бір кітап шы­ғару үшін бір жыл керек. Дыбыс­тандырылған кітаптар тезірек жасалады. Мысалы, «Қазақ даласының ауызша өнері» жобасы бойынша ертегілер, жырлар, аңыздар, «Қазақ батырлары» жобасы бойынша нүктелі-бедерлі шрифтімен жазылған кітаптар бар. Дыбыстандырылған кітаптар «Жан алауы» атты дыбыс жазу студиямызда жазылады, – дейді кітапхана басшысының орынбасары.

Алдыңғы жылы облыстағы «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кінжікованың авторлығымен Брайль қарпі­мен қазақ тілін үйре­нуге арналған кітап басылып шық­ты. Кітаптың шы­ғуына Брайль жү­йесін меңгерген арнайы кітап­хананың мамандары көмектескен.

Сонымен қатар бұрынғы об­лыс­тық Тілдерді дамыту жө­нін­дегі басқар­маның бас­­тама­сымен зағип жандарға арнал­ған «Күн сәулесі» жобасы да жал­ғасуда. Мақсаты – зағип жан­дарды қоғамдық өмірге тарту, оларды «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасы­ның бағыт-бағ­дарымен таныстыру әрі олардың өзара рухани байланыс орнатуына жағдай жасау.

Жобаға қатысушылар қазақ халқы­ның дәстүр-салтын, мәде­ниетін ар­на­йы Брайль жүйесі­не негізделген опти­калық құрылғы­лар, тифлоқұрылғы­­лар, рельеф­ті-графикалық (зағиптарға) және жазық баспалы (көзі нашар көре­тін­дер­ге) оқу құралдары және жаңа ақпа­рат­тық технологиялар арқылы үйренуде.

– И.Несторев, Д.Қасенұлы, А.Ора­зым­бетұлы, С.Тәуекелұлы, К.Әміров, В.Коссович, Б.Құдыш­қызы сияқты зағип жандар – тұрақты оқырман­дарымыз. Әрқайсысы – саусақ ұшын­дағы жарыққа тәуелді тағдыр­лар, әрқайсысы ақын, әнші, гитарашы, домбырашы жандар. Кі­тап­ханамыздың ардагерлері Исләм Қайырбекұлы, Наталья Мазурина, Наталья Бочкарева, Жібек Баширова, Наталья Касат­кина сияқты бұрынғы басшы­ларды да зағип жандармен жұмыс істеген жанашыр жандар ретінде еске аламыз, – деді Л.Қуантаева.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында кітап­ханада «Біз тұратын өңір» жобасы жүзеге асырылуда. Зағип және мүгедек жандарға арнал­ған бұл әлеуметтік жоба респуб­ликалық жобаға енгізілген. Мүгедектер дегенде барлық санаттағы мүге­дек­тер қамтылады, көз мүгедек­тері, арбадағы, саңырау, мылқау, сақау жандар бар ғой арамызда. Сондықтан жобалар көріп, сипалап қарап, суретті дүниелер­ді ұстап, сезіне алатындай етіп жасалған.

– Өңірдің картасын жасадық, ол тактильді (қолға сезімді), жа­рықталған (нашар көретін аза­маттар жарықты көреді), нүк­телі-бедерлі шрифтімен жазыл­­ған және жалпақ басылымда үлкен шрифтімен жазылған кітап­тармен және аудиожазбамен то­лық­тырылған. Енді мүгедек ба­ла­л­арға арналған «Балалар өл­кетануы» деген жобаны бастаймыз, – дейді Л.Серікқызы.

Облыс картасының жаңа нұсқасы және көздері нашар көретін жандарға арналған қа­сиетті жерлердің нұсқаулы­ғы жа­ңар­тылыпты. Кітапхана оқыр­­мандары үшін облыстың сәу­леттік құрылымдарының ма­кеттері жасалған. Оқырмандар нұс­қаулықты әртүрлі формада таң­дай алады: қазақ және орыс тіл­деріндегі аудионұсқасын немесе бедерлі суреттермен, так­тильді мәтінмен және көзі нашар көре­тіндерге арналған жазуы үлкен түсініктемелері бар кітап арқылы да қарауға мүмкіндіктері бар. Жинақ жарықтандырылған картамен толықтырылуда.

Л.Қуантаеваның айтуынша, мүм­кіндігі шектеулі оқыр­ман­дарды елі­міздің, өңірдің қасиетті жерлерімен таныс­тырып, рухани, мәдени, геогра­фиялық қызы­ғушылықтарына көмек­тесу қолға алынған. Оқыр­мандардың арасында еліміздің қасиетті, көрікті жерлеріне бара алмайтын, көре алмайтын зағип жандар, мүгедектер арбасында отырған жандар да бар. Сондықтан жобалар көріп, сипалап қарап, суретті дүниелерді ұстап, сезіне алатындай етіп жасалған.

Биыл «Біз тұратын өңір» әлеу­­­меттік туризм жобасы ар­қы­­лы кітапханада Баянауыл­дағы Жасы­бай көлінің, Мәш­һүр Жүсіп меші­тінің шағын көрі­нісі ағаш­тан жасалып, қойылды.

– Жоба әлеуметтік туризм­ді да­мыту­ға мүмкіндік береді. Туризм мүмкін­дігі шектеулі жан­дар­ға да қолже­тімді болады. Біз күз айында өз кітапханамыз­дың оқыр­мандарымен, қарттар үйі­­нің қамқоршыларымен және бас­қа да мүмкіндігі шектеулі жан­дар­мен бірге Ертіс өзені жағалауы­на бардық. Сол кезде олар көздері­не жас алып, ұзақ уақыттан бері  өзенді, суды көруге енді шы­ғып тұрғандарын айтты. Ал­­да­ғы уақытта әлеуметтік туризмді дамыту жобасы арқылы оқыр­мандарымызға осындай сәтті мүмкіндіктер сыйлаймыз, – дейді кітапханашы.

 

Павлодар облысы