Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2020 жылы республика аумағында қолма-қол ақша көлемі 25,8%-ға көбейіп, соңғы төрт жылда ең жоғары нәтиже тіркелді. Ақша айналымының мұндай өсіміне дағдарысқа байланысты мемлекеттің халық пен ШОБ-ты қаржылай қолдау амалдары негіз болды.
Қолма-қол ақшаға қатысты тәуекелдердің бірі – жалған ақша айналымы. Әлем елдерінде секілді Қазақстанда да жалған ақша жасау кең таралған қылмыстың түрі. Алайда осы жылы жалған купюралар саны екі есе азайғанын айта кеткен орынды. Айталық, жеті айда 1,2 млн теңгені құрайтын 381 жалған банкнот анықталды. Осы кезеңде жалған монеталар табылған жоқ. Жыл басынан бері жалған ақша белгілерінің саны былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,9%-ға төмендеді (718 банкнот және алты монета теңге). Бұл ретте 2020 жылы номиналы 2000 (41,47 %) және 5000 теңгелік (31,5%) банкноттар жиі қолдан жасалғанын еске сала кетейік.
Жалған купюралар санының азаюы оларды жасаудағы қиындықтармен байланысты. Өйткені теңге әлем валюталарының арасында қолдан жасаудан мықтап қорғалған ақшаның бірі.
Еліміздегі жалған банкноттардың басым бөлігі түпнұсқа ақшаның нақты бір белгілерін ғана ұқсататын жеңіл технология бойынша дайындалады. Жалған купюраларды арнайы жабдықсыз анықтауға болады. Ұлттық валюта банкноттары арнайы қорғау элементтеріне ие. Әр купюрада кем дегенде 6 қорғаныс элементі бар.
Қазақстанның ұлттық валютасының банкноттары әлемдегі ең әдемі және стильді банкноттардың бірі саналады. Халықаралық банкноттық қауымдастық (IBNS) жыл сайын әлемдегі әдемі валюталарды іріктеп, бағалаудың басты талабына ақшаның көркемдігі мен инновациялық қауіпсіздік элементтерінің үйлесімдігі жатады.
Кейінгі он жылда теңгенің үш банкноты «Жыл банкнотасы» аталымын жеңіп алды. Бұл орайда еліміздің төл ақшасы бұл атақты үш жыл қатарынан иеленді. Осылайша, 2011 жылы IBNS нұсқасы бойынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10000 теңгелік банкнот жылдың ең үздік банкноты ретінде танылды.