Қазақстан • 23 Қараша, 2020

Қап тауындағы тұтқын

3083 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ үшін қайта соғыс басталып, телеарна жаңалықтары мен әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарағалы Бауыржанның ұйқысы қашты. Осыдан отыз жыл бұрынғы оқиғалар көз алдына келіп, түні бойы қырғын соғыстың ішінде жүреді. Қарабақ ұмытылмапты...

Қап тауындағы тұтқын

 

Бауыржан Досқалиев Орал облысы Орда ауданына қарасты Саралжын ауылында туып-өскен. 1990 жылы күзде Совет әскері қатарына шақырылды. 4-5 сыныптасымен бірге Ставрополь өлкесі Пятигорск, сол жердің жергілікті халқы – ноғайлардың тілінде Бестау қаласында жас сарбаз курсынан өтті. Екі айдан соң Бауыржанды бөліп алып, Дондағы Ростовқа жөнелтті. Бойы 180 см, сойлы жігіт еді. 45 күн ішінде бұларды әбден ширатып, дайындады. Сайдың тасындай іріктелген сарбаздар шабуылдаушы-десант әскер болып шықты. «Ыстық нүктеге» апаратыны анық еді.

1991 жыл, ақпан айы. Бір түнде дабылмен оянып, тік көтерілген десантшылар полкі тікұшақпен Степанакерт қаласына түсті. Әзербайжан ССР-інің Таулы Қарабақ облысы. Совет Одағында 1986 жылы басталған «жариялылық» Таулы Қарабақта тұратын саны басым армян ұлты өкілдеріне «тәуелсіздік» үмітін оятқан. Сөйтіп күні кеше ауылы аралас, қойы қоралас тұрған екі ұлт бір-бірімен бітіспес жауға айналған. Әскердің міндеті – бітімгершілік миссиясы, ұлтаралық қақтығыстың алдын алу, бейбіт тұрғындарды қорғау. Төлқұжат режимі, кешкі сағат 8-ден таңғы 7-ге дейін көшеге шығуға болмайды, бала болсын, қарт болсын, ескертусіз атылады. Заң қатал.

– Степанакерт қаласында педагогикалық институттың бас корпусына орналастық, казарма жетіспеді. Степанакерт, Мартакерт, Шуша, Ағдам, Ходжалы, Хазақ ауданы – Қарабақтың о шеті мен бұ шетін түгел араладық. Полкте Қазақстаннан жалғыз өзім едім. Хазақ ауданындағы «қазақтармен» танысып, әңгіме соғатынмын. Баяғы Жібек жолымен барған қазақтар, руы қожа көрінеді, қазақ дәстүрін сақтайды екен. Жалпы Қарабақ – өте әдемі, табиғаты көркем жер екен. Жеміс-жидектің небір түрі өседі. Біздің Көкшетау сияқты курортты аймақ. Соғысуға тұратын жер екен, - дейді Бауыржан.

Совет әскерінің міндеті – жергілікті халықты қорғау дегенбіз. Азербайжан да, армян да күндіз тып-тыныш. Бірақ қалай күн батып, қараңғы түсті, солай қимыл басталады. Сол кездің өзінде жалдамалы жасақтар көп болыпты. Оларға қару керек, оқ керек. Блок-бекеттерге түнде шабуыл жасайды.

Бұлар кейде күмән тудырған ауылдарға тұтқиылдан барып, жедел тінту жасайды. «Осындай «шмон» кезінде неше түрлі қару табамыз. Осы қарулардың маркасы мен шыққан зауытына қарап-ақ сол кездегі Қарабақ соғысына қатысушылардың географиясын білуге болатын еді» дейді Бауыржан.

1991 жылдың қазан айы. Бауыржанның керзі етік кигеніне бір жылдан асқан. Таулы Қарабақтың топырағын басып жүргеніне де бірнеше ай. Тәжірибелі солдат. Степанакерт қаласына кіреберіс жол бойындағы блок-бекетте 7 адам – 2 офицер, 5 солдат кезекшілікте тұрды.щзщшз

– Сақшылық кезегімді өткеріп, демалуға жатқанмын. Не болғанын ұқпай қалдым. Атыстан оянып кетсем, бірге жүрген қаруластарым жайрап жатыр. Саратов қаласынан келген Александр Недопекин деген жігіт жақын досым еді. Екеуміз ғана тірі қалыппыз. Ес жиғызбастан бізді көлікке салып, тау арасына ала жөнелді, - деп еске алады Бауыржан.

Бұларға шабуыл жасаған – армяндар жасағы екен. 9 адам. Тау ішінде үңгірге жасырынған. Шағын вагон да бар. Қолға түскен екі солдатты әбден қинады. Әсіресе Бауыржанға ерекше шүйліккен: «Сен, қазақ – мұсылмансың! Азерлерге көмектесуге келдің бе?! Міне, саған!»

Жауыздықтың да шегі жоқ екен. Бауыржан кітаптан оқыған фашистік қинаудың небір түрін өз басынан өткеріпті. Сынған саусақ, қаусаған қабырға ештеңе емес. Баскесерлер екі солдат қашып кетпеуі үшін өкше етін кесіп алып, жара орнына тұз сеуіп орап тастаған! Қол-аяқ кісенде. «Сен мұсылмансың ғой» деп келіп аузына арақ құйып кететіні өз алдына.

«Адам ажалмен бетпе-бет келгенде өзгеріп кетеді екен. Өкшемді пышақпен жонып жатқанда ауырсынғаным есімде жоқ. Мылтықтың дүмі тигенде тұманданып кететін сана біраздан кейін қайта оралады. Бірақ сол күндері бұл азаптан аман шығамын деп ойлаған жоқпыз» дейді Бауыржан.

Бітпестей болған бұл тозақ дәл бір аптаға созылған. Содан кейін Бауыржанды қаруластары құтқарыпты. Тау ішіндегі қырғын соғыста баскесер жасақтар да барынша қарсылық көрсеткен. 9 адамның жетеуі оққа ұшыпты. Бір өкініштісі, қаңғыған оқтың бірі Сашаны тапты. Бауыржан ғана аман.

...Степанакерт қаласындағы әскери госпитальда емделіп жатқан Бауыржан Досқалиевты Қазақстаннан екі адам – генерал-майор Орыналы Боранбаев пен «Халық кеңесі» газетінің тілшісі Болат Оңғарбай іздеп келіпті. Генерал Боранбаев 1991 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен Таулы Қарабақ автономиялы облысында ұлтаралық татулықты қалпына келтіруге байланысты Қазақстаннан жіберілген бақылау тобының мүшесі екен. Ажалдың аузынан аман шыққан Бауыржан алыстан іздеп келген қандастарын көргенде қалай қуанғанын айтып жеткізу қиын. Бірақ журналистке шындықты айта алмады. Өйткені болған оқиғаны 10 жылға дейін ешкімге айтпауға ант алып, қолын қойдырып алған еді. Блок-бекетке шабуыл, солдаттардың өлімі туралы бір ауыз айтуға болмайды. «Демалысқа (увольнение) шығып, қала көшесінде газет оқып тұр едім, бейтаныс адамдар алып кетті» - «Халық кеңесі» газетіне осы өтірік жарияланса керек.

Степанакертте айдан артық емделген Бауыржанды кейін Баку қаласына ауруханаға ауыстырған. Ол жерде әзербайжандар төбесіне көтеріп сыйлап, халық батырындай болыпты. Екі айдан соң Алматыға ауысқан Бауыржан көп кешікпей комиссияның шешімімен үйіне жіберілді.

– Ауылға қос балдақпен, ІІ топ мүгедегі деген құжатпен оралдым. Бастан алған соққының әсері, контузия тағы бар. Тура келген ажалдан шыбын жан аман қалғаны ғана көңілге медет еді, - дейді Бауыржан.лдл

...Арада 10 жыл жылжып, әскери ант мерзімі өткен соң Бауыржан өзінің жауынгерлік мәртебесі туралы ойлана бастапты. Бір қызығы, оның әскери борышын «ыстық нүктеде» өткергені, ауыр жарақат алып, мүгедек болғаны туралы еш құжат жоқ. Оны айтасыз, қазір Бауыржанның қолында әскери киіммен түскен бір сурет те қалмаған.

- Қарабақта болғанымды дәлелдеу үшін әскери комиссариатқа, Қорғаныс министрлігіне, Ресей мұрағаттарына, Подольск архивіне жазған хаттарым босқа кетті. «Сіз сұраған құжаттар табылмады» деген жаттанды жауап. Сөйтсем, біз қатысқан сол операциялардың құпиялығы әлі алынбаған екен, - дейді жауынгер.

2002 жылы Бауыржан Алматы қаласына барып, генерал-майор Орынәлі Боранбаев пен журналист Болат Оңғарбайды іздеп тауып алыпты. Баяғы қиын кезде іздеп келгені үшін арнайы рахмет айтыпты. Сол жолы «Хабар» телеарнасына, Қазақ радиосына сұқбат берген. Бірақ Бауыржан Досқалиевтің ол кездегі әңгімесі ешкімді иландырмайтын. Қарабақ ардагерлерінің арнайы статусы да жоқ еді. Тек биыл ғана жаңадан қабылданған «Ардагерлер туралы» Заңда әскери қақтығыстарға қатысқан жауынгерлер ардагерлер тізіміне енгізіліп, Бауыржанның талай жылғы арманы орындалды. Қазір Орал қаласында тұратын Қарабақ ардагерлері өздерінің қоғамдық ұйымын тіркеу қамында жүр.

...Бауыржан Досқалиев қазір ІІІ топтағы мүгедектігі үшін айына 60 мың теңге зейнетақы алады. Көбірек жүрсе, аяғын ала алмай, шаршап қалатыны, ұмытшақтығы – Қарабақтан қалған естелік. 2004 жылы тіркелген үй кезегі биыл межеге жетер деген үміті бар екен. Отыз жылға жуық сергелдеңі аяқталып, ресми түрде ардагер атанғанына разы. «Кавказдағы әскери қимылдардың ардагері», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» медальдарымен марапатталыпты. Отбасылы, жалғыз қызын ұзатып, жиен сүйіп үлгерген.

Иә, арада талай жыл өтті ғой. Бірақ Бауыржан Қарабақтағы әр күнін, әр сәтін ұмытпайды. Қарулы қақтығыс, қанды соғыстың зардабын әлі күнге тартып келе жатыр. Анық ұққаны – ешбір соғыс нақақ төгілген қанға, жылаған ана мен баланың көз жасына тұрмайды! Алыстағы Қазақстанда отырып бүгінгі Таулы Қарабақта бітім жасалып, тыныштық орнай бастағанына қуанады. Лайым тыныштық болсын!  

 

Батыс Қазақстан облысы