Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Жоспар жақсы, үміт мол

126 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен өткен баспасөз-конференциясында аймақ басшысы өңірде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Жоспар жақсы, үміт мол

 

Өңір басшысының айтуынша, Маң­ғыс­тау инвестиция көздерін тарту бо­йынша үздік аймақтар қатарында. Биыл облыста 99,8 млрд теңгенің 14 ин­вестициялық жобасын іске асыру жос­парланып отыр. Нәтижесінде, 1056 адам жұмыспен қамтылады. Олардың ішін­де отандық капиталдың қатысуымен 27,4 млрд теңгенің 10 жобасы, шетелдік инвес­торлардың қолдауымен 70,5 млрд теңгеге 3 жоба, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі тетігімен жүзеге асатын 1,9 млрд теңгенің 1 жобасы бар.

– Оның екеуі шетелдік инвес­тор­лар­дың қатысуымен іске қосылды. Бірі – өз­деріңізге белгілі, жазда ашылған «Риксос Ақтау» туристік қонақүй ке­ше­ні. Оның құны 60,8 млрд теңге. 635 жаңа жұмыс орны ашылды. Екіншісі, маусымда ашылған құны 8,6 млрд теңге болатын «Теңіз суын дайындау және алынған мұнай орнына су жіберу» жобасы, – деді Серікбай Трұмов.

Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғаспақ, яғни келер жылы құны 81,1 млрд теңге болатын 21 жоба­ны жүзеге асыру көзделуде. Бұл 2 мың­ға жуық адамды жұмыспен қам­ту­ға мүмкіндік береді деген сөз. 2 жоба шетелдік және 19 жоба отандық ин­вес­тор­лардың қатысуымен жүзеге асады. Өңірде ауыз су тапшылығын жою мақсатында ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту жүйелі жүргізілуде. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 75,8%-дан 86,8%-ға дейін жеткізіледі. Жалпы, ауыз сумен және кәріз желілермен қамту үшін бюджеттен 5,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

– Мәселен, құны 21,4 млрд теңге болатын «Қаражанбас» кен орнында тәу­лі­гіне 17 мың текше метр су тұщыту за­уыты салынады. Теңіз суын тұщы­та­тын екінші зауыт 2021-2022 жылдары Кен­дір­лі аймағында салынады деген жос­пар бар. Тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытады. Бұл Жаңаөзен қаласы сұ­ра­­нысын толық өтейді. Қазір тех­ни­ка­лық негіздемесі жасалып жатыр, – деді об­лыс әкімі.

 Президент Қ.Тоқаевтың қойған мін­дет­терінің бірі – кәсіпкерлікті дамы­ту арқылы жұмыс орындарын ашу. Бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі 31,8% құрады. Маңғыстаулық кәсіпкерлер 2-тоқсанда 17,6% өсім көр­сетіп, 692,6 млрд теңгенің өнімін шы­ғарды. Бүгінде шағын және орта биз­нестің 756 жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдаланды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ған­да 2 есеге артық.

– Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 312 жобаға 51,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. 1300-ден астам жаңа жұмыс орны құ­ры­­лып, 3070 жұмыс орны сақталды. Был­­тырмен салыстырғанда қолдау ал­ған жобалар саны 1,7 есеге артты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша 1,6 млрд теңгеге 317 шағын несие беріліп, 399 жұмыс орны құрылды. Қа­рапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие алуға құны 71,5 млрд теңгенің 101 жобасы мақұлданды, – деді облыс әкімі.

Әлемдік індеттің өршуіне байланыс­ты кәсібі тұралап қалған өңірдің 17 мың­ға жуық шағын және микробизнес субъектілері салық төлеуден босатылып, жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ, 404 кәсіпкерге жалпы сомасы 14,8 млрд теңгеге негізгі қарыздары мен сыйақы төлемін өтеу кейінге қалдырылды. Бұдан бөлек, бар-жоғы 1 пайызбен несие бе­ретін өңірлік «Нұр капитал» жобасы бірнеше жылдан бері жемісін беріп келеді. Биыл 548,7 млн теңгені құрайтын 26 жоба қаржыландырылып, 128 жаңа жұ­мыс орны құрылды. Бағдарлама бас­тал­ғаннан бері 2,9 млрд теңгеге 149 жоба мақұлданып, 1 126 жаңа жұмыс орны ашылды.

С.Трұмовтың айтуынша, Маң­ғыс­тау­да құрлық, теңіз, әуе қозға­лы­сы­ның барлық түрі жолға қойылған. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдала­нып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту жұмыстары қолға алын­ған. Карантин уақытында шекара ар­қы­лы тауар тасымалында қиындық туын­да­ған­мен, теңіз қақпасы арқылы алыс-беріс тоқтамай, керісінше, байланыс жандана түскен. Ақтау, Құрық теңіз және Солтүстік терминал порттары арқы­лы 10 айда жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 4,5 млн тоннаны құрады.

Құрық порты арқылы – 1 352 мың тонна, Ақтау теңіз порты – 2 581 мың тонна, Солтүстік терминал арқылы 544 мың тонна жүк тасымалданған. 10 айда фи­дерлік жүктерді ауыстырып-тиеу 10 611 контейнерлік бірлікке жетіп (жиыр­­ма футтық эквивалент), өткен жыл­­ғы кезеңмен салыстырғанда 2,1 есе өскен.

«Әуе жолы арқылы сапалы әрі қол­же­тімді қызмет көрсету мақсатында Үкі­­меттің қолдауымен «FlyArystan» ком­паниясы «Ақтау-Алматы», «Ақтау-Нұр-Сұлтан», «Ақтау-Шымкент», «Ақтау-Атырау», «Ақтау-Қарағанды», «Ақтау-Орал» – 6 бағыт бойынша жаңа рейстерін ашты», деді ол.

Бұдан бөлек, Ақтауда ондаған жыл бойы шешімін таппаған мәселенің бірі – қоғамдық көліктердің жағдайы. Биыл қаладағы автобус парктерін жаңарту үшін 216,5 млн теңге бөлініп, отандық 18 автобус сатып алынды. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасады.

Маңғыстауда «Нұрлы жол» бағдар­ла­масының аясында 26,3 млрд теңгенің 9 инфрақұрылымдық жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ халық көптен бері көтеріп жүрген мәселелердің бірі – қала және ауыл жолдарын күрделі жөндеуден өткізу болатын. Биыл осы мәселені шешуге мүмкіндік туды. Нәти­жесінде, 10 айда 161 шақырымды қам­титын 2 жоба аясында автомобиль жолдарының реконс­трук­циясы аяқ­тал­ды. Оның ішінде 64 шақырымды құрайтын республикалық маңыздағы «Жетібай – Жаңаөзен», облыстық ма­ңыз­дағы 97 шақырым «Ата жолы» авто­мо­биль жолы бар.

Сондай-ақ биыл 477 шақырымды құ­райтын облыстық және аудандық, ауылішілік жолдардың құрылысы мен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ла­ма­сының шеңберінде Бейнеу ауданында 44 көшеге, Маңғыстау ауданында 13 көшеге, Түпқараған ауданында 25 кө­шеге асфальт төселді. «Жұ­мыспен қам­тудың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы арқылы Ақтау қала­сы­ның шағынауданішілік жолдары жөн­деу­ден өтті. Атап айтқанда, 6 бірдей ша­ғын ­аудандағы 136 мың шаршы метр жол жөнделді. Бұл да ақ­тау­лық­тар­дың көптен бері көтеріп жүрген мәсе­ле­ле­рі­нің бірі еді, – деді әкім.

Маңғыстау – еліміздегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді. Ақтау қаласында жағажай туризмін, ал аудандарда эко-этнотуризмді дамытуға мүмкіндік зор. Өңірдегі туризмді өркендету мақсатында кешенді жоспар жасақталып, саланы жетілдіру бағыттары айқындалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл өңірімізге 117 мыңнан аса турист келген. Оның 67 мыңнан астамы шілде айында ашылған «Риксос Ақтау» қонақүй демалыс кешеніне келгендер. «Риксос Ақтау» жобасы Орталық Азиядағы курорттық типтес ең ірі отель. Бұл жоба аймақ туризмінің дамуына тың серпін берді.

– Биылғы 2-ші тоқсанда туризм сала­сында 1 млрд теңгенің қызметі көр­сетілді, өңірге 177 мың турист келді. Ақтау қаласының «Жылы жаға­жай» теңіз курорттық аймағын ин­фра­құры­лым­мен қамту мақсатында Үкі­меттің қолдауымен 17 млрд теңгеге 31 ша­қырым жол салынды. 2020 жылдың 1-жар­тысының қорытындысымен туризм саласына салынған инвестиция көле­мі 68,7 млрд теңгені құрап, 3,7 есеге артты, – деді С.Трұмов.

Өңірде жылы жағажайда жобаларды іске асырудың екінші кезеңі басталды. Қазір салынады деп жоспарланған 5 қонақ­үйдің үшеуінің құрылысы басталып кетті. Жылы жағадайда жаңа қонақүйлер, гольф-клуб, тақырыптық ойын-сауық саябағын салу жоспарланған, жалпы жоба құны 1,2 млрд доллар.

Журналистерге арналған баспа­сөз конференциясында әкім коро­на­ви­рустық инфекцияның екінші тол­қынына белсенді дайындық бары­сында аймақтағы медициналық ұйымдарда материалдық-техникалық базалардың барынша жасақталғанын айтты. Соң­ғы үлгідегі 200 төсектік орынмен жаб­дық­тал­ған модульдік стационар ашылды. Қосымша 11 инфекциялық стационар толығымен жабдықталып, резервте дайын тұр. Онда 2452 инфекциялық және 131 реанимациялық орын бар. 7 компьютерлік және 4 магнитті-резонансты томограф алынды. 2 жылжымалы медициналық кешен, 1 жылжымалы зертхана бар.

– Медициналық ұйымдар 260 ИВЛ аппараттарымен және 638 оттегі концентраторларымен толықтай қамтылды. Ең бастысы, облыстағы жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз жаңарып, 85 санитарлық көлікпен толықты. Қазір Маңғыстауда жағдай тұрақты. «Жасыл» аймақтамыз. Облыс көлемінде арнайы мониторинг топтары құрылып, тамыз айынан бері 800-ге жуық рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Осындай қатаң карантиндік шаралардың арқасында өңірдегі жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – деді С.Трұмов.

Маңғыстауда жеке тұрғын үй құ­ры­лысы мен мемлекеттік бағдар­ла­малар тиімді жүргізілуде. Дәлірек айт­қан­да, көрсеткіш 13,5%-ға өсіп, 151,9 млрд теңгені құрады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 7400 пәтер. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 1,2 млн шаршы метрге жеткізу жоспары бар. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 154 отбасы баспаналы болды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 130 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді. Жыл соңында тағы 419 отбасына пәтер беру жоспарлануда. Биыл Маңғыстауда жыл соңына дейін бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысандарды ашу жоспарланып отыр. Солардың бірі – Түпқараған ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабрика. Бұл 5 млрд теңгенің жобасы, 100-ге тарта адамды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ осы ауданда құрама жем зауыты, Жаңаөзенде газ өңдеу зауытына қажетті энергия өндіретін кәсіпорын, Жетібайда жел электрстансалары ашылады.

– Бұдан бөлек, құрылысы бірнеше жылға созылған онкологиялық дис­пан­сер­ді де аяқтап, пайдалануға береміз. Ақтауда жұқпалы аурулар ауруханасы, 900 орындық жаңа мектеп, кітапхана мен көпсалалы спорт кешенін ашып, халықтың игілігіне береміз, – деді облыс әкімі. Халық арасында кең талқыланып, маң­ғыстаулықтар үшін маңызды тақы­рып­қа айналған Бозжыра шатқалы ма­ңынан салынатын қонақүй туралы түсі­нік берген облыс басшысы брифингте өзге де сауалдарға жауап берді.

 

Маңғыстау облысы