Қоғам • 25 Қараша, 2020

Азаматтық қоғамды дамыту – басым бағыт

198 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын Азаматтық форумының тоғызыншы отырысы болып жатыр. Биылғы жиын әлемдегі ахуалға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Министрлер, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері бес күн бойы бүгіннің өзекті мәселелерін талқыламақ.

Азаматтық қоғамды дамыту – басым бағыт

«Қоғам және мемлекет: #Bir­gemiz әріп­тестік пен дамудың 30 жылы» деп аталған тоғызыншы оты­рыстың ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қаты­сып, еліміздегі азаматтық қоғам­ның дамуы мен үкіметтік емес ұйым­дардың маңызы туралы айтты.

Алғашқы күннің жұмысы аймақтық фо­рум­дарға шолудан бас­талды. Одан кейін үкімет­тік емес ұйым өкілдерінің қаты­суымен «Ресурстық орталықтар – азаматтық бастамаларды тарту орталықтары» тақырыбында подкаст жүргізілді.

Аида Балаева және Қазақ­станның Азамат­тық Альянсының пре­зиденті Бану Нұрғазиева «Аза­мат­тық қоғам. Мәселелер мен алдыңғы көрініс» атты сараптама алаң­ында үкіметтік емес ұйым өкіл­дерімен кездесу-талқылау өткіз­ді. Пікірталас барысында қаты­су­шылар спикерлермен ашық әңгімелесіп, өздерін толған­дыр­ған сұрақтарын қойды.

Бұған қоса ұйымдас­ты­ру­шылар Азамат­тық форум аясында министрлік басшы­лары­ның үкі­меттік емес ұйымдар өкілдері­мен 12 салалық онлайн-кездесу өткізу жос­пар­ланғанын айтты.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шол­панқұлов, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұ­рым­бетов, Цифрлық даму, инновация­лар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ішкі істер министрінің орынбасары Арыс­танғани Заппаров қоғамдық ұйым басшыларымен кездесулерін өткізді. Олар өздері бас­қарып отырған министрліктер азаматтық қоғамның дамуына қандай үлес қосып жат­қанын баяндады. Бір­жан Нұрымбетов үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу кезінде әлеуметтік қызметтер пор­талы­ның жұмысы туралы айтты. Ал Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өндірісі министрі Бағдат Мусин ұялы байланыс операторларын интернет жылдамдығының төменгі шегін белгілеуге міндеттеу көзделіп отырғанын хабарлады. «Біз байланыс сапасының төменгі шегін мін­детті түрде реттейтін боламыз. Әрине, ұялы байланыс оператор­лары бұған наразы. Бірақ кез келген жағдайда біз халықаралық тәжі­рибені зерттейміз және «сапаның төменгі шегі» ұғымын енгіземіз. Себебі бүгінгі таңда, мысалы опе­ратор 10 мегабит ұсынса, ол қан­­шадан екенін айтпайды. Сон­дықтан біз мін­детті түрде сапа­ның төменгі шегін бекітеміз. Егер төменгі шекке сай болмаса, айып­пұл салынады», деді министр.

Алдағы уақытта форум барысында қоғам­дық ұйымдардың басшыларымен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлта­нов, Әділет министрі Марат Бекетаев, Ауыл ша­руашылығы министрі Сапархан Омаров, Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Төтен­ше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Мемле­кеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, Сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов кездеседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кез­де­сулерді өткізудің мақсаты – орталық мемле­кеттік ор­ган­дар басшыларының үкімет­тік емес сектор өкілдерімен ашық диалог орнату.

– Форум аясында ҮЕҰ-мен кездесулер өткізу мемлекеттік органдар қызметінің транспаренттілігін және мемлекет іске асыратын бағ­дарламалар мен бастамалар туралы жұртшылықтың хабарын арттыруға ықпал етеді. ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл мемлекеттік орган­дарға жедел әрекет етуге және халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, – дейді Азаматтық қоғам істері коми­тетінің төрағасы Мадияр Қожах­метов.

Одан кейін жастар ұйым­да­ры­ның өкілдері мен белсенді жас­тар миллениалдардың қоғам­ды қалай өзгертетінін талқы­лады. Олар «Миллениалдар ұрпа­ғы қоғамның әлеуметтік-эконо­ми­калық және саяси дамуын қалай өзгерте алады?», «Қоғам­да қандай әлеуметтік-мәдени проб­лемалар бар?», «Қандай мүмкін­діктер ашылады және қандай ке­дергілерден өту керек?» сын­ды сұрақтарға жауап іздеп, пі­кір білдірді. Пікірталасқа прези­дент­тік кадрлық резерв мүшелері шақыр­тылды.

Президенттік кадрлық резерв мүшесі Зульфия Сүлейменова миллениалдардың ұрпағы шетелде оқып, әлемдегі жаңа тренд­терді меңгеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ендігі міндет – осы білімді еліміздің игілігіне пайдалану.

Бүгінде Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар депар­таменті директорының орынбасары болып қызмет ететін Зульфия Сүлейменова «Біз бәріміз ерек­шеміз. Әртүрлі нәрсеге сенеміз, әртүрлі нәрсені көреміз, әртүрлі қабылдаймыз. Меніңше, біздің буын, яғни миллениал ұрпа­ғы, жаһанданудың алғашқы буыны болып саналамыз. Бүгінге дейін жинаған біліміміз бен тәжірибемізді азаматтық қоғамға арнау керек», деп атап өтті.

Британдық Кеңестің Қазақ­стан­дағы білім беру және әлеуметтік бағдарламаларының жетекшісі Данияр Мұқитановтың пікірінше, барлық қазақстандық үшін отбасылық дәстүр мен құн­дылықтар маңызды. Бұл халықты біріктіруші фактор болуы керек.

Кездесулер барысында мемлекет пен аза­мат­тық қоғамның денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ бас бостан­ды­ғынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адам­дарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өзара іс-қимыл, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті ұсынымдар мен бірлескен іс-әрекеттер жос­парларын әзірлеу, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін дайындау жөніндегі тәсілдерді қарау және басқа да мәселелерді талқылау жоспарлануда.

Министрлермен кездесу үшін респуб­ли­калық және өңір­лік ҮЕҰ, сараптамалық қоғам­дас­тықтардың, «Адалдық алаңы» жоба­лық офистерінің өкілдері, ар­найы мони­торингтік топтар шақы­рылуда.

Форумның бірінші күні қаты­сушылар «Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы азаматтық қоғам» сарап­тама алаңында форум қатысу­шылары парақорлықпен күресу­дің тиімді әдістерін және қоғ­амда осы әлеуметтік зұлым­дыққа төзбеушілікті қалып­тас­тыру тәсілдерін талқылады. Сон­дай-ақ «Қоғамдық кеңестердің тиім­ділігін арттыру тәжірибесі мен прак­тикасы», «Пікір көшбас­шы­ларының аудитория алдын­дағы азаматтық жауапкершілігі» тақырыптарында пікірталастар өтті.