29 Қараша, 2013

Бұл – бірлікке бастайтын күн

1409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Тұңғыш Президент күніне орай, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – тәуелсіз мемлекеттің символы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, онда мемлекеттің қалыптасуы, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың сәтті жүзеге асырылуы, бейбітшілік пен келісімді, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Елбасының рөлі сынды мәселелер талқыланды.

Кеше Тұңғыш Президент күніне орай, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – тәуелсіз мемлекеттің символы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, онда мемлекеттің қалыптасуы, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың сәтті жүзеге асырылуы, бейбітшілік пен келісімді, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Елбасының рөлі сынды мәселелер талқыланды.

Жиынды Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетіндегі әлеуметтік ғылым­дар факультеті философия кафе­дра­сының меңгерушісі, академик Ға­ри­фолла Есім ашты.

Ғ.Есімнен кейін сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева: «1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Бұл күн – барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бас­тайтын күн. Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды», деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте, егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Президент барша қазақстандық мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған жаһандық бастамалардың авторы», дей келе, Мемлекет басшысының жетекшілігімен кең ауқымды құқықтық, экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалардың жүргізілгеніне тоқталды.

Ал Астана қаласы мәсли­ха­тының хатшысы Сансызбай Есілов: «2011 жылдың 1 желтоқсанында ел күнтізбесіне тағы бір атаулы дата – Тұңғыш Президент күні енгізілді. Қазақстан болашақтағы дамуының мықты іргетасы болып қаланған жылдар артта қалды.

Қазақстанның бүгінгі жетістіктерге жету негізін біз халықпен, Конституцияда белгіленген адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып саналатын Тұңғыш Президенттің есімімен байланыстырамыз», дей келе, мемлекеттің даму траектория­сына, елді алға жылжытқан мақсаттар шоғырына көз жүгіртіп өтті.

Бұл күні конференцияға қатысушылар күн тәртібіне қойылған тақырып бойынша сөз сөйледі. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Владимир Редкокашин «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» тақырыбында әңгіме қозғады. Оның айтуынша, ел егемендігін алған жылдардан бері мемлекеттің барлық салаларын реформалау жұмыстары жүргізілген. Ал жаңа экономикалық қатынастарды қалыптастыру, басқару, бюджет, кеден жүйелерін жандандыру, рухани-мәдени, ғылым-білім салалары бойынша жүргізілген саясатты өзгерту жаңа бастамаларды қажет еткен.

Ол: «Мұндай бастамалар тез шешімді талап етті. Елбасы тиісті Жарлықтарға қол қойып, қоғам мен мемлекеттің жаңаруына ықпал ететін бастамалардың жүзеге асуына жол ашты. Мәселен, 1995 жылы жаңа Конституция қабылданбай тұрып, өте қысқа мерзім ішінде Мемлекет басшысы 140-тан астам Жарлыққа қол қойды. Бұлардың барлығы экономиканың дамуына, банк секторының, нарықтық заңдылықтардың қалыптасуына, шетел инвестициясының тартылуына, табиғи ресурстардың тиімді пайдаланылуына мүмкіндік берді», деді өз сөзінде.

Бұдан кейінгі кезекте сөз алған жазушы, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл Тұңғыш Президент күні айтулы мереке саналатынын айта келе, оның көпэтносты Қазақстанның қалыптасуына арналғанын атап өтті. «Бұл – біздің көптеген ғасырлардан бері қарайғы қолымыз жеткен тәуелсіздіктің мерекесі. Бұл біздің бүгініміз бен ертеңіміздің мерекесі. 1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкілхалықтық сайлау өткенін білесіздер. Президент шын мәнісінде халықтың Президенті болып, өзінің тағына отырды. 10 желтоқсанда Президент халыққа ант берді. Онда: «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының қолы үш ғасырдан кейін жетіп отырған тәуелсіздігін одан әрі нығайтамын», деген еді. Бүгінде Қазақстанды бүкіл халықаралық қоғамдастық мойындады... Жалпы, Тұңғыш Президент күні мерекесі қазақстандықтарды одан әрі топтастыру үшін керек», деді А. Смайыл жиын аясында сөйлеген сөзінде.

Ал «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық сая­сат институтының директоры, саясаттанушы Саясат Нұрбек партия Доктринасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын ілге­рілетудегі орнына, Президенттің «Болашақ» бағдарламасының мән-маңызына тоқталып өтті. «Мен бұл жиынға Елбасының арқасында шетелде білім алып келген жас азамат ретінде қатысып отырмын. Биыл «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл. Сол 20 жыл ішінде осы бағдарлама аясында бірнеше мыңдаған азамат шетелдердің беделді деген оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Бүгінде «Болашақ» деген ұғым кеңінен таралуда. Мұнда Мемлекет басшысының рөлі орасан», деді С.Нұрбек өз сөзінде.

Конференция аясында «Этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырудағы Елбасының рөлі», «Қазақстандағы нарықтық экономика негіздерінің құрылуы және «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» тұжырымдамасы», «Жаңа елорда – Президент Н.Назарбаевтың әмбебап жобасы», «Тұңғыш Президент адам мен Қазақстан азаматының құқығы мен бостандығының кепілі» деген тақырыптарда баяндамалар оқылды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.