– Соңғы екі-үш жылда Атырауда 100 мың адамға шаққанда онкологиялық аурулар көрсеткіші жасарып бара жатқанын біліп отырмыз. Қазір онкологиялық ауруға шалдыққан 4 100-ден аса адам бар. Оның 3 мыңнан астамы емдеу курсынан өтті. Осындай науқастарды емдеу үшін рентген, цифрлы маммография, компьютерлік томография, МРТ аппараттары бір жүйеге қосылды. Бұл жүйе онкологиялық ауруды ерте сатыда анықтап, науқасты дер уақытында емдеуге мүмкіндік береді, – дейді өңір басшысы.
Қазір өкпе обырын, сүт безі қатерлі ісігін, тіпті COVID-19 салдарынан пайда болған өкпе қабынуын бастапқы сатыда анықтауға қолданылатын жасанды интеллект бар радиологиялық зерттеулерді орталықтандыратын жаңа жоба ұсынылып отыр. Бұл жоба облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «WDSOFT» ЖШС компаниясы арасындағы мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылды. «PACS» бірыңғай медициналық ақпарат жүйесі арқылы 20 медициналық мекемені бір арнаға енгізілді.
«PACS» жүйесіне компьютерлік бағдарламалар, серверлер, бағдарламалық қамтамасыз ету кіреді. Цифрлы радиологиялық түсірілімдерді архивте сақтауға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде, бұл жүйеге қосылған ауруханалар медициналық цифрлық көрсетілімге қол жеткізеді. Мәселен, науқасты бір медициналық мекемеден екіншісіне, тіпті ауданнан облыс орталығына жібергенде пленкалы немесе қағаз түріндегі түсірілімдердің қажеті болмай қалады. Аурудың өршу қарқынын бақылауға мүмкіндік туады. WDSOFT компаниясының өкілі Ренат Сәрсембаевтың айтуынша, жасанды интеллект дәрігерлердің жүктемесін азайтып, диагнозды нақтылай түседі.
– Бұл – өте тиімді жоба. Өйткені компьютерлік томография, МРТ, рентген, маммография сынды көптеген радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруға болады. Бірден бірнеше мәселені шешуге септігін тигізеді. Соның ішінде қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауды, радиолог-дәрігерлердің жетіспеушілігін, цифрлы денсаулық сақтау жүйесін дамытуды оңтайландырады. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдану арқылы жеделдік артады. Мәселен, ауданда жасалған түсірілім сол күні облыстағы мамандарға жеткізіліп, олар дер кезінде тиісті қорытындыны жедел шығара алады. «Акгюн» халықаралық ұйымының қолдауы арқылы коронавирус инфекциясы туындатқан өкпе қабынуын анықтауға арналған жасанды интеллектіге қол жеткіздік. Қауіпті індеттің шарықтау кезінде көптеген адам кеудеге компьютерлік томография түсірілімін орынсыз жасата берген. Жасанды интеллект адамның өкпесі қабынғанын, не қабынбағанын лезде анықтап береді. Егер ауру белгісі табылса, оны компьтерлік томография сараптамасына жолдап, өкпенің қабыну деңгейін анықтайды, – дейді Р.Сәрсембаев.
Атырау облысы