Қоғам • 30 Қараша, 2020

Шала туған шақалақтар

1134 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жер жүзінде әрбір оныншы бала айы-күні жетпей, шала туады екен. Уақытынан бұрын дүниеге келген шараналар да түрлі келеді. 500 грамдық бір уыс қызылшақаның қатарға қосылуына ата-ананың да, дәрігерлердің де көп тер төгетіні бесенеден белгілі болғанымен, солардың бәрін басынан кешкендердің ауыздарынан есту бөлек әсер етеді.

Шала туған шақалақтар

Әлем бойынша әрбір оныншы бала шала туса, біздің елімізде де жыл сайын шамамен 250 мың бала уақытына жетпей дүние есігін ашады екен. Қазақ қалыбында ескіден жеткен дәстүр бойынша «Шалабай» деп ат қойып, мұн­дай нәрестелерді тымаққа салып жетілдірсе, бүгінгі заманда ондай балалар арнайы кювезде жатып, уақытын, салмағын тол­ты­рып барып шығады. Бұл орай­да еліміздегі Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығын осы істің көшбасшысы деуге болады. Ор­талық ашылғаннан бері неонатология саласы ғылыми негізде, әлемдік стандарттар мен хат­тамаларға сәйкес жұмыс атқа­румен келеді. Орталық маман­дарының айтуынша, бұрынғыдай емес, шақалақтардың қатарға қосы­лып, адам болып кетуі де жыл сайын артып келеді. Орта­лық­тың ашылуымен бұл көрсет­кіш алғашында 87 пайызға, одан 92, 93 пайызға өсіп, отбасылардың қуаныштарын көбейтуде.

Әрине, жетілмей туған әр баланың өз ерекшелігі бар: бірі­нің ас қорыту жүйесі, бірінің ты­ныс алу, енді бірінің жүрек-қан та­мырлар, ми-жұлын, сүйек-қаңқа жүйелерінде айы-күні жетпе­ген­діктен түрлі патология­лары болады. Кювезде жатып, белгілі бір дәрежеде қалыпқа түскенімен де олардың әрқайсысы үшін же­ке бағдарлама жүйесі түзіліп, тұр­ғыластарынан қалмай, бала­лықтың бал дәмін татар сапалы өмірге түсуінің ұзақ та тынымсыз жолы жасалуға тиіс.

Жетілмей туған шарананы қатарға қосу – ата-ананың ғана емес, ата-әжелердің, отбасы мен әу­леттегі өзге де мүшелерінің мойнына міндет жүктейтін, ұжым­дасқан, үндескен қимылды талап ететін жұмыс. Шарананың денесінде жылуды қалыпты ұс­тау, ылғалдықты назардан тыс қалдырмау дегеннің бар­лы­ғы жетіліп туған баладай емес, әлдеқайда күрделі, өйт­кені мұндай шарананың күтімі де өзгеше. Жуындыру, жаялы­ғын ауыстыру, қандай ретпен жат­қы­зып, оны қай қырына қалай ауыс­тырып тұру, бөлменің ылғалдығы мен температурасы сынды толып жатқан параметрлерді сақтау бір ананың қолынан келмейді.

Сол себептен алғашқы консультацияға отбасы мүшелерін тегіс шақырып, мәселен, ауаның ылғалдығы мен температурасын сақтауды отбасындағы ересек жанның бірінің міндетіне алуы қажеттігін, енді бірін әжесі, келесісін атасы, әкесі мен анасының қандай мәсе­ле­­ге жауапты екенін айқындаудың өзі маңызды. Бұл бір өте күрделі де жауапты сәт. Елордада былтырғы сәуірде №2 көпбейінді аурухана жанынан ресми ашылған «Катамнез» орталығының дәрі­герлері отбасында түсіністік пен ұйым­да­са қимылдау болған күнде ғана оң нәтижеге қол жеткізілетінін айтады.

17 қараша – әлем бойынша жетілмей туған балалардың күні болып саналады. Соған байланысты ресми ашылғанына жылдан асқан «Катамнез» орталығы мұрындық болып осындай нәрестелердің проблемаларына арналған конфереция өткіз­ген. Пандемияны есепке алған­дық­тан оған 100-ден аса адам онлайн ре­жімінде қатысса, 25-і тікелей дөң­гелек үстел басына қашықтықты сақ­тай отыра жиналған. Айтылған әңгі­ме­лердің, толғақты мәселелердің бар­лы­ғы жетілмеген шарана тұрғысында болғандықтан, конференцияға маман­дар­­мен қатар ата-аналар де белсене ара­­ласты.

Қазір жетілмей туған бөбектер түгіл, айы-күні жетіп туған нәрестелерге екпе егу мәселесі қоғамда түрлі әңгі­ме­лер ту­ды­рып жүргені шындық. Ал жетіл­ме­ген шарана үшін жұқпалы ауру­лардың алдын алатын екпе алуды толғақты емес деп кім айтар? ЮНИСЕФ өкілі Қанат Суханбердиев мұндай бала­лар­дың туабітті әлсіздігіне қарап екпеден бас тарту оларды қосымша қатерге ұшы­­ра­туы мүмкін деген. Конференцияға қа­ты­су­шыларға табыс тілеген Денсаулық сақ­тау министрлігінің бас педиатры Жанар Садуова мен бас эпидемиолог Нұршай Әзімбаева вакцина қауіпсіздігі мен оны алған баланың өмірінің сапасы­на тоқталды. Ал мамандар сөзін бір емес, екі баласы жетілмей туған ана Разия Есенбаева қостады.

– Екі ұлым да 34-ші аптада дүниеге келді. Тұңғышым өздігінен дем ала алмағандықтан бірден жан сақтау бөлі­мі­не жіберілді. Перзентханадан шық­қанда дұрыс еме алмайтын, денесі сап-сары, күннен-күнге салмақ қосудың орны­на азайып бара жатқанын көріп жан­таластық. Ұйқы жоқ, күні-түні жы­лай­ды. Ал «Катамнез» орталығына Балжан Нұрланқызына келгенде ол кісі тәулік бойы кеңесін беріп, ғылыми негіз­делген әдіспен бізге арналған толық іс-қимылдың бағдарламасын жасады. Салмақ қосу үшін арнайы тамақтандыру мәзірін де жасады. «Баланың салмағы көтерілген кезде сарылығы да азаяды» деген ол әрбір жасайтын жаттығуға де­йін екшеп берді. Балжан Нұрланқызы төрт айдан кейін ұлыма екпе салу керек дегенде қатты таңдандым, әрі невропотолог дамуында аздап кейінге қалу бар деп екпе алуды шегергендіктен бір жылға дейін екпе салуға келіспедім. Ал екінші ұлым туардан бұрын шетелге қо­ныс аудардық. Барғанда неге балада екпе жоқ деген сауал алдымнан әлденеше шықты. Сол кездерде Балжан Нұрланқызының рұқсатын елемегеніме өкіндім. Екінші ұлымды уақыты жетпей 34 аптада Сиднейде туғанда да перзентханада екпе саламыз деді. Мен жетілмей туғандықтан екпені шегере тұрыңыздар дегеніме: «Қайта жетілмей туған әлсіз бала үшін екпе салу өте маңызды, әйт­пе­генде бөбек жұқпалы ауруларға төтеп бере алмайды», деді. Шынында да екпе алмаған ұлым жұқпалы ауру паракоклюшпен ауырды. Ал керісінше, екпе алған кіші ұлымды жұқпалы аурулар айналып өтеді. Аустралия мен Араб Әмір­ліктерінде жүріп мен Балжан Нұр­лан­қызының қандай жоғары дә­ре­же­дегі маман екенін түйсініп, отандық дәрі­гер­лердің білігіне сүйсіндім, әрі мақ­тан­дым. Қазір екі ұлым да қатар­ла­рын толық қуып жетті, биыл үлкенім мектепке барады. Осының барлығы «Ка­та­мнез» орталығының, ондағы дәрі­гер­лердің тынымсыз еңбегінің жемісі, – деді Р.Есенбаева.

Шынында орталықта өз істеріне бар пейілдерімен берілген бірнеше ма­ман дәрігерлер жұмыс істейді. Кар­ди­олог, невропатолог, ортопед, хирург, ме­дициналық генетик, медицина­лық реа­би­литолог, педиатр жұмылған жұ­ды­рық­тай бірлесе еңбек етіп, бала­ның мү­ге­дек болмай толық қатарға қо­сы­луына тер төгуде.

Әдетте айы-күні толған баланың қа­лып­ты дамыған көзінде толық қалып­тас­қан көз торы болады. Көз торын қуатпен қамтамасыз етуші қан тамырлары құрсақтық дамудың 16 аптасынан бас­тап өсе бастайды да және 39-40 аптаға жақын дамуы аяқталады. Осылайша бала туған кезден бастап көз торы қан тамырларының қалыптасуы аяқталуы тиіс. Ал уақыт жетпей туғандықтан шала туған шақалақта көздің торлы қабығы мен шыны тәрізді денесінің жетілуіне де уақыт жетпей қалатыны түсінікті. Конференцияда дәрігер-офтальмолог Динара Саукенова мұндай балаларға ск­рининг жасаудың маңыздылығына тоқталса, сурдолог маман да скринингті жүр­гізудің мұндай балалар үшін аса қа­жетті іс екеніне мән берді.

Бала өмірінің сапасын арттыру көп еңбекті қажет етеді. Себебі шақалақтың салмағының кемдігіне қоса, оның терісі мен ішкі ағзасында толып жатқан же­тілмеушіліктер болады. Тыныс алу, зәр шығару, қан айналу, тірек-қимыл жүйелеріндегі уақыты жетпей туғаннан жетілмей қалған органдар жұмысы баланың қатарынан кем болмай, сапалы өмір сүруіне көп тосқауыл келтіреді. Ор­талыққа күніне келетін 7-8, кейде жағдайлары жеңілдеу болса, 10-ға дейін шақалақты қабылдап, әлемдік стандарттар бойынша бекітілген хаттамалармен ем жасаумен бірге, тыныс алуға қажетті, неврологиялық тұрғыдан керек жаттығулар, өзге де кешенді жұмыстар атқарудың берері мол.

– Біз отандастармыздың шетел жа­ға­ламай, қымбат уақыты мен қара­жа­­тын жоғалтпай баласын қатарға өз елін­­де қосуына пейілдіміз. Сол жолда бір­­лесе қимылдап, табысқа жететімізге де сенімдіміз, – дейді дәрігер Балжан Тәтібекова.