Экономика • 03 Желтоқсан, 2020

Еаэо нарығындағы кедергілер азайды

141 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одақ нарығында анықталған 62 кедергінің 51-і жойылды. Осының нәтижесінде ортақ нарықтың әлеуеті арта түсті.

Еаэо нарығындағы кедергілер азайды

Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кү­шікованың айтуынша, одақ­қа ортақ нарықтың дамуына кедергі келтіретін бірнеше фак­­тор бар. Бұл ретте, ең алды­­мен өзара саудадағы кедер­гілер ойға оралады. 

– Әлбетте, экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бәрі ең алдымен Ресей нары­ғына шығуды жоспарлайды. Сондықтан біз сол елдегі құ­қықтық кедергілерді анықтауға тырысамыз. Ал анықталған мәселелер халықаралық алаңда талқыланады. Оны жоюдың жолдары қарастырылады, – деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Белгілі болғандай, кейбір ел­дер ЕАЭО аясында қабыл­дан­ған міндеттемелерді дұрыс орындамайды. Десе де, олар­дың бәрі кеңінен талқыланып, көп жағдайда оң шешіледі.

– Мәселен, мемлекеттік са­тып алулар нарығына кіру құ­қы­ғына қатысты мәселені алайық. Бұған дейін жекелеген серіктес елдердің мемлекет­тік сатып алуларының қол жетім­ді емес екенін айтқанбыз. Шектеулер бар. Бұған кейбір мемлекеттерде электронды форматтың жолға қойыл­мауы да кедергі келтіріп отыр. Бұдан бөлек мемлекеттердің тағы бір бөлігі жоғары талап қойып, субъективті себептерді туын­датады. Тиісінше біздің тауарлар бәсекеге сай болмай, аталған тендерлерге қатыса алмай жатады, – деді Ж.Күшікова.

Бұл ретте, вице-министр Қазақстан Еуразиялық эконо­микалық комиссияға қатысу құқығын арттыру үшін тиісті хаттама әзірленгенін атап өтті. Оған экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қоймақ.

– Аталған хаттамаға комиссия қызметкерлерін бекітуде біліктілік бойынша міндетті ірік­теу енгізу, ол үшін аттестат­тау өткізу нормаларын, шұ­ғыл келісімшарттар бойынша талаптар енгіздік. Біз комиссияға жұмыс істеуге баратын қыз­меткерлерді біліктілік бойынша іріктеуден өткіземіз, – деп нақтылады Ж.Күшікова.

Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері Қазақ­стан­ның серіктес мемлекет­тер­мен арадағы өзара саудасы 33 пайызға өскен. Қа­зақ­стандық экспорттың нақты көлемі 4 пайызға ұлғай­ған. Бұл ретте экспорт құ­ры­лы­мында өңделген өнім­нің үлесі артып келеді. Бүгін­де ол 58 пайызға тең. Сон­дай-ақ елдің экспорттық қор­жы­ны­ның ассортименті 2 есеге көбейді. ЕАЭО елдері инвес­ти­ция­ларының үлесі тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 6 пайызы­на дейін өсті. Мүше мем­лекет­тер­дің қатысуымен кәсіп­орындар саны да 2 есе артты.

– Қазақстан үшін ЕАЭО-ның бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, бұл дегені­міз – 184 млн адамды құрай­тын ауқымды тұтыну нары­ғы. Бұл бізге тауарлар мен қызметтер экспортын ұлғай­туға мүмкіндік береді. Екін­ші­ден, ЕАЭО-ға мүше мемлекет­терде еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде білім құжаттары өзара мойындалады. Елге келген күннен бастап 30 тәулік бойы тіркеусіз жүру мерзімі белгіленген. Сондай-ақ жұ­мысқа орналастыруда шектеу жоқ. Осы орайда 53 секторда бірыңғай қызмет көрсету нарығының жұмысы бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді, – деді вице-министр.

Бұдан бөлек, ЕАЭО үшінші елдермен өткізу нарығын кеңейтуге жол ашады.

– ЕАЭО арқылы біз өзге на­рықтарға айтарлықтай тар­тымды бола бастадық. Вьетнам, Сербия, Иран, Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісімдер жасалды. Бұл біздің өнімдерге бажсыз немесе кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері бойынша қолжеткізуге мүмкіндік береді, – деді Ж.Күшікова.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму вице-ми­нистрі Динара Щеглова Еуразиялық экономикалық одаққа енгелі бері Қазақстан мен Ресейдің базалық көрсет­кіштеріне тоқталды. 2016-2019 жылдары Ресейдің өңдеуші өнеркәсібіндегі жалпы им­портындағы Қазақстанның үлесі 60 пайызға дейін ұл­ғайып, 1,5 млрд доллардан 2,5 млрд долларға жеткен.

– Аталған кезеңде Ресей Қазақстанның өңдеу өнеркәсі­бі импорты құрылымындағы үлесті 65 пайыздан 70 пайыз­ға дейін арттырды. Ақшаға шақ­сақ, 6 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін ұлғайды, – деді ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайыр­беков­тің мәліметінше, 5 жыл ішінде Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер нарығына көкөніс экспортының көлемін – 9 есе, жеміс экспортын – 4,5 есе, сүт өнімдері экспортын 2 есе ұлғайтты және мұнымен тоқтамақ емес. Өйткені, еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерін, терең өңделген өнімдерді экспорттау көлемін ұлғайту бо­йынша үлкен әлеуетке ие.

– Алайда қалыптасқан оң үрдіске қарамастан, іс жүзінде қазақстандық тауарлардың еркін қозғалысына қатысты проблемалар әлі де туындауда. Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына теріс әсер ететін 20-дан астам кедер­гі бар. Бұл кедергілер негізі­нен фито­санитарлық және вете­ри­нарлық-сани­тар­лық бақы­лау, сондай-ақ техни­калық рет­теу салаларына қатысты, – деді ол.

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов ЕАЭО елдері транзиттік жүк тасымалын толығымен электронды фор­матқа көшіруді көздеп отыр­ғанын жеткізді.

– Транзиттік жүктерге онлайн режімде мониторинг жүргізу мақсатында навигациялық пломбаларды пайдалану жоспарланып отыр. Жаңа технологияларды қолдану арқылы бірың­ғай транзиттік жүйені дұрыс құра отырып, біз қазақ­стан­дық тасымалдаушыларға экономикалық одақтың бүкіл аумағы бойынша транзит еркіндігін қамтамасыз етеміз. Олар санаулы күннің ішінде тауарын еш кедергісіз жеткізуге мүмкіндік алады, – деді Қ.Баеділов.