Қазақстанда зейнетақы активтерін Ұлттық банк сенімгерлік басқаруға алғаны белгілі. Сондықтан қаржылық реттеуші қордағы соманы түрлі қаржы құралы ретінде инвестициялай алады. Тәуекелдерді азайту мақсатында қор қаржысы инвестициялық табыс табу үшін әртүрлі валютамен жұмсалады. Қазіргі уақытта инвестициялардың үштен екісі теңгемен, үштен бірі шетел валютасымен көрсетілген. Оның ішінде көп бөлігі АҚШ долларымен номиналданған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, салымшылардың жинағындағы сома зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеліп, қайта бағаланады екен. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар сыйақысы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтердің кірістері және тағы басқалары кіреді.
Осы жылдың он айында салымшылардың шоттарына 1,1 трлн теңге көлемінде таза инвестициялық кіріс есептелген. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе артық. Бір жыл бұрынғы таза инвестициялық кіріс 551,1 млрд теңгені құраған болатын. Бұл ретте өткен жылдың 1 қарашасынан осы жылдың 1 қарашасына дейінгі аралықтағы кіріс 10,88 пайызға тең болды. Осы аралықтағы инфляция 7,1 пайыз болғанын еске сала кеткен жөн. 2020 жылдың басынан бері кірістілік 9,94 пайызды көрсетсе, инфляция 5,5 пайызды құрады.
Барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 4,6 трлн теңгеге жетті. Ал зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі – 34,5 пайыз.
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі таза инвестициялық табыс 5,4 трлн теңгеден асқан. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік 596,69 пайызға, ал инфляция 485,55 пайызға тең болды. Осылайша 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы нақты табыстылығы 111,14 пайызды құрады.