Әлем • 07 Желтоқсан, 2020

Қазақстандық дипломат ЕҚЫҰ-ның Бас комиссары болып сайланды

549 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­­мына қатысушы мем­ле­кеттердің Сыртқы істер ми­нистрлері кеңесінің 27-ші отырысы алғаш рет бейне­конференция форматында өтті.

Қазақстандық дипломат ЕҚЫҰ-ның Бас комиссары болып сайланды

Отырысқа 57 елдің сыртқы сая­сат ведомстволарының басшылары қа­тысты. Албания­ның төр­аға­лығымен өткен жиынға қаты­су­­шылар ұйым­ның ағымдағы жыл­дағы жұмысының қоры­тын­дылары және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) кеңіс­тігіндегі геосаяси ахуал­дың өзек­ті мәселелерін талқылады. Қазақ­­стан делегациясын еліміздің Сыртқы істер ми­нистрі Мұхтар Тілеуберді бас­қарды.

Отырыстың маңызды мәсе­лелерінің бірі ЕҚЫҰ жаңа бас­шыларын – Бас хатшыны, ДИАҚБ басшысын, Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар­ды және БАҚ мәселелері жөніндегі өкілді сайлау болды. Министр М.Тілеубер­ді өз сө­зінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаевтың саяси және әлеуметтік-эко­номикалық реформалары туралы ха­бардар етіп, елдегі 2021 жылғы 10 қаң­тарда өтетін Парламент Мәжілі­сі­нің сайлауына дайындық туралы әңгімеледі.

Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистрі ЕҚЫҰ Астана Сам­ми­тінің 10 жылдығын атап өтіп, ортақ еуразия­лық және еуро­атлантикалық қауіпсіздік ке­ңіс­тігін қалыптастыру үшін күш-жі­герді жұмылдыруға шақыр­ды. Оты­рыста Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастың ұйы­мының соңғы 6 айға созылған инс­ти­туционалдық дағ­дарысы аяқ­талғаны хабарланды. Ағымдағы жылдың шілде айында ұйым­ның барлық 4 басшысының – Бас хат­шының, ДИАҚБ басшысының, Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғар­ғы комиссардың және БАҚ бос­тан­ды­ғы жөніндегі өкілдің мандаттары тоқ­татылған-ды.

Ұзақ іріктеу және келісу про­це­сінің қорытын­дылары бо­йынша қа­тысушылар ортақ ше­шімге келіп, он­лайн режімде шара барысында жаңа басшы­ларды сайлады. Сайлау про­це­сінің басынан бастап негізгі лауа­­зымдардың біріне – ЕҚЫҰ Аз ұлт­­тар істері жө­ніндегі Жоғарғы комис­сары лауазымына (ЕҚЫҰ АҰЖК) – Қазақстан өзі­нің Швециядағы Елшісі Қай­рат Әбдірахмановтың кандида­турасын ұсынды. Елші Қ.Әбдірах­ма­новтың кандидатурасын ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер де қол­дады. Осылайша ашық конкурс­та қазақстандық дипломат жаңа лауазымға сайланды. Қайрат Әбді­рах­мановтың Сыртқы істер ми­нистрі, БҰҰ жанындағы және ЕҚЫҰ жанын­дағы Тұрақты өкі­лі лауазымында айтарлықтай дипло­матиялық жұмыс тәжірибесі бар.

Бұған дейін ТМД және Ор­та­­лық Азияны қоса алғанда, «Ве­на­­дан Шығысқа» қарай орна­лас­қан елдердің өкілдері ешқа­шан ЕҚЫҰ бас­шы­лы­ғының құра­мын­да бол­маға­нын атап өту ке­рек. Қазақстанның көп­ұлт­ты және көпконфессиялы қоғам­дағы бей­­біт­шілік пен келісімді қолдау жө­ніндегі тәжірибесі нақ осы қазақ­стандық кандидатты таңдауға ықпал ет­кені сөзсіз.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді биылғы жылдың ұйым үшін оңай болмағанын мәлімдеді.

«3-4 желтоқсан күндері онлайн фор­матта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлерінің 27-ші отырысы өтті. Ол жиында ұйымға қатысушы елдер оның мандатына қатысты маңызды мә­се­лелерді талқылады. Өздеріңіз бі­летіндей, 2020 жыл ЕҚЫҰ үшін оңай болған жоқ. Себебі ке­йінгі жылдары бұл ұйым басшы­сыз жұмыс істеп келді. Атап айтқанда, шілде айында төрт басшының бәрі бірдей өз мандаттарынан айырылған болатын. Біз бұл кезеңге институционалдық дағдарыс ретінде қарадық. Бүгін бұл мәселе шешімін тауып, консенсус орнап, жаңа басшылар сайланды», деді Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша, Қайрат Әб­ді­рахмановтың Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының Жо­ғарғы комиссары лауазымына сайлануы – тарихи оқиға, өйткені ТМД мен Орталық Азиядағы елдердің ішінен бұл ұйымның басшылығына ешкім сайланбаған.

«Бұл тұрғыда Қазақстан Аз ұлт­тар істері жөнін­дегі Жоғарғы комиссар лауазымына тәжірибелі қазақ­стан­дық дипломат, біздің елдің Шве­ция мен Даниядағы елшісі Қайрат Құ­дай­бергенұлы Әбді­рахмановты ұсы­ну туралы шешім қабылдады. Қай­рат Әбдірахмановтың ұсынылуын ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер жы­лы қа­былдады. Осылайша Қазақ­стан біздің кандидатура бойынша үлкен қолдауға ие болды», деп атап өтті министр.

Халықаралық ұйымың басшысына айналған дипломат енді ұйым­ның жарғысына сәйкес, өз елін­дегі бүкіл ұлттық лауазым­дар­дан босатылып, өз қызметін­де тә­­­уел­­сіз әрі объективті болуы ке­рек.