Қазақстан • 09 Желтоқсан, 2020

Босағасы берік отбасы – қуатты армия тірегі

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет басшыларының оқу-әдістемелік жиыны аяқталды. Қызметті қорытындылауға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Босағасы берік отбасы – қуатты армия тірегі

Қызметтің  міндеті отбасылық құндылықтар мен моральдық-психологиялық ахуалды нығайту, әскери қызметшілер отбасыларының рухани-адамгершілік пен мәдени-тұрмыстық қажеттіліктерін зерделеу және қанағаттандыру болып табылады.

2020 жыл тек әскери қызметшілерге ғана емес, олардың отбасы мүшелеріне де сынақ болды. Төтенше жағдай кезінде барлық гарнизондарда әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау жұмыстары ұйымдастырылды.

Әскери қызметшілердің балаларын қашықтықтан оқыту мәселелері ерекше назарға алынды. Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін қосымша online-сабақтар өткізілді.  

Есептік кезеңде 114 әскери қызметшінің жұбайының жұмысқа орналасуына, 301 әскери қызметшіге қызметтік тұрғын үй алуға және оларды кеңейтуге көмек көрсетілді, 462 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Әскери қызметшілердің балалары үшін 474 үйірме мен спорт секциясы жұмыс істейді. Оған 5 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысуда.

Онлайн-форматта өткен жиын барысында психологтардың жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды, тұлға аралық қатынастар саласындағы сарапшымен шеберлік сыныбы мен тренинг өткізілді. Шара үздік қызмет басшыларын марапаттаумен аяқталды.

"Мен қызмет атынан Қорғаныс министрлігінің басшылығына біздің жұмысымызға берген жоғары бағасы үшін алғыс айтқым келеді. Баршаңызға ашық аспан, жақсылық тілеймін", деп Тыл бастығы және қару-жарақ басқармасына қарасты әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі басшының көмекшісі Светлана Картавцева алған әсерімен бөлісті.