Руханият • 11 Желтоқсан, 2020

Сөз сойыл №97

1037 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүкендегі  қыран-топан күлкі

Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, қазақ жастарына тәрбиелік мәні зор «Қырық сұрақ» кітабын жазған әйгілі ғалым-дәрігер Ишанбай Қарақұлов әзіл мен қалжыңға келгенде алдына жан салмайтын өткір, тілге де шешен кісі болған екен.

Сөз сойыл №97

Ишекең жетпістің төріне шыққан шағында, бірде таяғын тықылдатып Алматының көшесін қыдырып жүріп, қызықтап «Мұхит» дүкеніне кіріп кетеді. Заманның кең кезі ғой, бір бұрышта суға толы бөшкелерді бірінен соң бірін тізіп қойып, ішінде жүзіп жүрген балықтарды ожаумен сүзіп, тірі күйінде шоршытып сатып жатады. Кезек те көп емес екен, Ишекең де қатарға тұра қалады. Кезегі келген кезде бөшкеде жүзіп жүрген балықтарды шұқып көрсетіп:

 – Девушка, скажите пожалуйста, у вас эти рыбы свежие? – деп сұрапты.

 Сатушы қыздың басына қан шапшып, көзі атыздай айналып, шамданып қалады.

 – Вы что, старик, не видите что ли, они же живые? – дейді шаптығып.

 Сонда Ишекең келіспегендей басын шайқап, сабырмен:

 – Ну и что же? У меня дома старуха есть... Она тоже живая, но далеко не свежая, – депті де, кезекте тұрған жұртты қыран-топан күлкіге батырып, дүкеннен шығып жөнеліпті.

 

Сыншы ақынға сын

Ақын Жақан Сыздықов пен жазушы Ғабдол Сланов екеуі бірде – қар еріп, көктем шығып жатқан лайсаң мезгілде көшеде кездесіп қалып, біраз жерге дейін бірге барыпты. Жақан допша домаланған шағын денелі, кішкентай кісі екен. Жол бойы өлеңдерін оқып, Ғабдолды шаршатып жіберсе керек. Қоштасар шақта Ғабдол:

 – Жақа, осы сіз ылғи да жұртты сынап өлең шығарасыз. Бұл жолы мен сізге өлең шығардым, – дейді.

 – Иә, оқы ендеше! – деп Жақан жақындай түседі.

 Сонда Ғабдол былай деген екен:

 – Басып батпақ-балшықты,

Шашыратып шалшықты,

Базар жаққа баруға,

Үйден шидей шал шықты.

Жол бойы оқып өлеңін

Құлағымды сарсытты.

 

Сәрсенбінің сәті

Халқымызға аты мәшһүр әйгілі атбегі, ұзақ жыл ел басқарған ардагер, шежіре ақсақал, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев таяғын тықылдатып бірде Алматының көшесінде келе жатса, алдынан әдебиет сыншысы әрі композитор Тұрсынжан Шапаев кездесе кетеді. Аман-саулықтан соң Бошекең:

 – Иә, Тұрсынжан, мынау өмірде не жаңалық? – деп сұрайды.

 – Не жаңалық болушы еді... Тыныштық!.. – дейді Тұрсынжан не айтарын білмей.

 – Қайдағы тыныштық? Горбачев отстав­каға­ кетейін деп жатыр емес пе?!

 – Е, ол кісі ертең ғой... Ертең, сәрсенбі күні кешкі сағат 10-да теледидардан мәлімдеме береді деп естідім.

 – Бүгін емес, ертең сөйлемек пе?

 – Ертең, Бош-аға, ертең дейді...

 Сонда Бошекең:

 – Япырмай, бұған қарағанда Михаил Сергеевич те сәрсенбінің сәтін күтейін деген екен ғой, – деп таңдана басын шайқапты.

Әлібек АСҚАР

Нұр-Сұлтан

  

Білгір шәкірттер

1

Мұғалім ең ересегі он жасқа толар-толмас оқушыларының бас­тауыш сыныпты бітіретін соңғы сабағын өткізіп жатып, тұлымды түлектерінің білім деңгейін, ой-өрелерін байқамақ болып, соңғы сұрағын қояды.

– Еліміз ілгері озып, бұдан да тәуір тұрмыс орнау үшін нен­дей өзгерістер қажет деп ой­лайсыздар? – деп еді, бүткіл бала қол көтеріп: «Мен айтайын­шы» деп жарыса шула­ған­да, мұғалім «Қандай ғажап!» деп мәртебесі өсіп, марқайып қалды.

Не дер екен деп, сыныптағы үлгерімі өте нашар оқушысына алғаш рет мейірім төге ілтипат­пен «Сен айта ғой» деп еді, кідірмей айта жөнелді.

– Экономикамыз түзелді. Ендігі жерде саяси реформа қа­жет. Билік халыққа жақындап, көп­тің мұң-мұқтажын тыңдаға­ны жөн. Коррупцияны ауыздық­тап, әділ де тәуелсіз сот үстемдік құрып, нағыз демократия жолымен нық қадам басуымыз қажет, – дегенінде, мұғалім: «Ай­налдым, айтқаның келсін, қыс­қа да нұсқа қандай ғажап тұ­жырым айтылды» деп оны әрі қарай айтқызбай отырғыза салды.

– Ал кейін өздерің халыққа қайтып қызмет еткен жөн деп санайсыңдар? – деп еді, ойпыр-ай, бар оқушысы қол көтере, кейбірі «Мен айтайыншы» деп ентелеп орындарынан тұрып кетіпті.

Артқы жақта ылғида жым-жырт өзімен өзі отыратын мау­бас оқушысының да селқос кө­те­рілген қолын байқап: «Сен айта ғой» деп жанына тақап барып тұрды.

– Депутат болған жөн... Біз есейгенге дейін депутаттардың өкілеттігі артып, Үкіметті толық айтқанына көндіретініне сенім­дімін. Сонда халықтың жағдайы жақсарады, нағыз демократия­лы ел болуға қадам жасалады, – дегенінде мұғалім бұл оқу­шысының басынан сипап, маң­дайынан сүйді.

Мұғалім бір сәт: «Ойпыр-ай, сыныптағы маубастың жауабы мынау, ал қалған қағылез де қағып алма жиырма шәкірті бұл сұрақтың майын тамызып, түбін түсірері сөзсіз-ақ!» деген ойға беріліп, ер кезегі үшке дейін – сырт әлемнен сырғып сыныбына еніп, «Қалай болар екен, не дер екен...» деп жүрексіне білгір саналатын оқушыларына:

– «Кел балалар оқылық,

Оқығанды көңілге –

Ықыласпен тоқылық!» – деген өлеңді қай аталарың айтып еді? – деп еді, ойпыр-ай, үнсіздіктен шыбын ызыңы естілгендей.

Мұғалім мына үнсіздіктен ыңғайсызданып, оның үстіне бүгінгі бастауыш сыныпты бітірер соңғы сағаттарында тығырыққа тіремей-ақ қояйын деп: «Олай болса, бастауышпен қоштасар сәтте, біріңнен соң бірің тұрып, екіліктен тартып ондықпен аяқталар «көбейту кестесін» айтып жіберіңдер» деп еді, жым-жырт... шыбынның да ызыңы естілмейді...

Мұғалім бір сәт орнай қал­ған өлі тыныштықтан өзі де қобал­жып: «Ата заңға қандай өз­ге­рістер енгізген жөн?» деп қал­ғанын аңғармай да қалды. «Мен айтайыншы!» деген айқай­дан селт етіп, сол сәт айна­лайын қоңырау соғылып, мұға­лім білгір шәкірттеріне риза кейіп­пен: «Алдыларыңнан жа­рыл­қасын, осыларыңнан тан­баңдар!» деп батасын беріп қала берді.

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан

 

Қала көшелерінің бі­рін­­де жүк көлігін тоқ­тат­қан МАИ қыз­мет­кері жүр­гізушіге:

– Мен сені бұған дейін де үш рет тоқ­та­тып, көлігіңнің жүк сал­­ғы­шынан бірдеме тө­­­­­гіліп жүргенін айтып ескерт­тім емес пе?

– Он рет тоқтатсаң да айтайын саған: мен жолға топырақ пен құм сеуіп жүрмін, түсіндің бе?

1

 *  *  *

Екі ер адамның әңгімесі:

– Көшеде көлікпен келе жат­қан­да әскерилер, ішіп алғандар мен мотоцикл мінгендер қа­уіп­ті.

– Неге? Ал рульдегі әйелдер ше?

– Әйелдер сол ішіп алып мото­цикл мінетін ә­скерилер­мен бірдей ғой...

 *  *  *

Жүруден мүлде қалған көлік­те­рін итеріп келе жатқан ерлі-зайыпты арасындағы әңгіме.

– Мына пәлекетті бізге сатқан иесі шынын айтқан-ақ екен...

– Не деп еді?

– Бұл көлік жанар-жағар майды ғажап үнемдейді.. – деп еді.

 

Қаншама «талант» болса да...

Кейбір біздің жігіттер,

Көзге қораш «күйіктер»,

Рөлінде әйелдің,

Ойнап та жүр бірауық,

Қорсалаңдап жылауық.

 

Аузы-басын қызартып,

Шашын бұйралап ұзартып,

Тарғыл дауысты,

Сахнаға ауысты.

 

Мағына жоқ, мәні жоқ,

Тұзы да жоқ, дәмі жоқ,

Бірдеме айтып жүреді,

Жұрт күлмейді алдымен,

Өзді-өзі кеп күледі.

 

Әйел құрып қалғандай,

Құдай басқа салғандай,

Бұл не деген ерсілік,

Көргенде біз ұялдық,

Маңдайымыз тершігіп.

 

Мұндайларға соншама,

Көңіл шіркін толмайды,

Қаншама «талант» болса да,

«Құдайберген» болмайды.

Арақ емес, «Арекем-ау...»

Мен айтайын өз басымнан шындықты,

Тыңдаңыздар қалтаңдаған мұңдықты.

Арақты мен «Арекем» деп «пір» тұттым,

Дей көрмеңіз, «шығарды ғой сұмдықты».

Сыңғырлаған стаканды соғыстырып,

Жеті атасын көрістіріп көп іштім.

Меніменен «спорласып» қалғанда,

Қылжаң етті «сары нары» орыстың.

«Жынды су» деп, «тентек су» деп

айтпаймын,

Айтқанымнан «как мужчина» қайтпаймын.

«Пахмельмен» көзімді аштым қырық жыл,

Қайтіп қана ақиқаттан аттаймын.

«Арекем-ау» көз нұрымдай шамшырақ,

Сен дегенде көрмейді ешкім қамшылап.

Әне бір жыл құртамын деп арақты.

Горбачев та қалған жоқ па қаңсылап.

Оңайлықпен қолымызға түспедің,

Әлі есімде «әдиколон» ішкенім.

Жеті басты жылан бар ғой ішімде,

«Зәкөскіге« итжуаны тістедім.

Арекем-ау, аяқты алшаң басасың,

Патшаның да тәбетін сен ашасың.

Сталин де ішкен екен жарықтық,

Грузиннің «хан» көтеріп шашасын.

«Арекем-ау» алпыс аттық күшің бар,

Болмасты да болдыратын ісің бар,

Арыстанның ашуы бар өзіңде,

Саған қарсы келетін кім, кісің бар.

Арекем-ау, шештің небір дауды да,

Сонда жүгің теріс қарап ауды ма.

Пойыз өтті өз «инеңнің» көзінен,

Қажет болса төңкересің тауды да.

Арекем-ау, әнші де сен сырнайлы,

Тойханалар аузын ашып тыңдайды.

Ақын біткен тойып алып, қалайша,

«Шайтан су» деп шартарапқа жырлайды.

Дағдарыста, мынау заман нарықта,

Арекем-ау, шығып жатсың жарыққа.

«Астана» деп, «Парламент» деп мың түрлі,

Емін еркін еркелейсің халыққа.

Жыл өткенде бағаң жатыр қымбаттап,

Өзіңді өзің аялай бер құндақтап.

«Шорт побери» шопырлардан сақ болшы,

Абыройды кетіреді бұлғақтап.

Қартайдым ғой, көздің жасы бұршақтап,

Дей көрмеңіз, жазғандары құр шатпақ.

Арекем-ау, аспандамай аман жүр,

Мен байғұсты «қарттар үйі» тұр сақтап...

 

Әзірбайжан Қонарбаев

Маңғыстау облысы

1

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР