17 Сәуір, 2010

КҮРДЕЛІ АТАУЛАРДЫ ТҰЖЫРЫМДАҒАН ҒАЛЫМ

5595 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақ тіл білімінде күрделі атаулар 1980 жылдарға дейінгі еңбектерде сөз тұлғасының бір түрі – күрделі сөз деген ұғымда морфо­­ло­гиялық категория ретінде қарасты­ры­лып келгені, 1989 жылдан бастап сөз­жасам жүйесінде қарала бастағаны белгілі. Күрделі атаулардың кең тараған бір түрі заттың күрделі атауларын сөз­жасам жүйесінде кешенді түрде ар­найы зерттеу профессор Балқия Қасым ең­бектерінен басталады десек, күрделі атаулардың ол жасаған басты тұжырымдамаларына тоқталып көрейік. Бірінші, күрделі атауларды анықтау жөніндегі тұжырымдамаға келсек, Б.Қасым күрделі атауларды анықтау үшін, лингвистикада қалыптасқан үш түрлі ұстаным-белгіге сүйенеді. Оның біріншісі, мағыналық тұтастық белгісі. Бұл белгі бойынша күрделі атаудың құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы әр басқа лексикалық мағынаны емес, біртұтас мағынаны білдіріп жеке атау болады (Жезқазған, көкқасқа, бозбала). Екінші, құрылымдық тұтастық белгісі. Күрделі атау да жалаң сөз тәрізді парадигмалық қатынастарға түсе алады, бірақ оның сыңарларының әрқайсысы бөлек-бөлек емес, тұтасқан күйінде түрленіп бір тұлғаға ие болады. Сыңарларының орнын ауыстырып, қалыптасқан күйін өзгертуге болмайды. Үшіншісі, синтаксистік тұтастық белгісі. Күрделі атаулар сөйлеу, қатысым әрекетінде даяр қалпында қолданылып, лексикалық бірлік ретінде сөйлемнің бір мүшесі болады. Екінші, күрделі атаулардың уәжділігіне байланысты тұжырымдама. Сөздің уәжділігі жайындағы зерттеулерге сүйене отырып, тіл білімінде бұрын негізінен синтетикалық сөзжасамда қолданылып келген уәжділік, уәждеме теориясын автор аналитикалық сөзжасамда қолданып, сөзжасамдық уәждеме теориясын әрі қарай кеңейткен. Аталымдық белгі, оны таңдау туралы тұжы­рымдамада автор атаудың пайда болуында аталатын нысанның өзіне тән белгісін анықтауға, яғни белгі таңдаудың мәні зор екеніне көңіл аударған. Күрделі атаулардың  тарихи қалып­тасуы жайындағы байламында ғалымның түсіндіруінше, қазақ тіліндегі күрделі атаулардың алғашқы қалыптасу кезеңі  көне түркі (Орхон-Енисей) заманынан басталып, одан кейінгі ортағасырлық дәуірлерде жетіліп, сараланып отырған. Күрделі атаулардың негізінде сөз тіркестері жатыр. Олардың атаулық қызметіне ауысуы сөз тіркесінің ономасио­логиялық сипатына байланысты. Мәселен, атқа міну тіркесі оно­масиологиялық негізді жасаса, осы тіркестің алдыңғы сыңары онома­сиологиялық белгіні танытады, ал одан шыққан атқамінер күрделі атау болып табылады. Осылайша сөз тіркесінен күрделі атаулық лексемалар туындайды. Күрделі атаулардың мазмұнына қарай топтастыру, сөзжасамдық типтер жайындағы тұжырымдамада Балқия Қасым күрделі атауларды “адам”, “қоғам”, “табиғат” (Ә.Қайдар бойынша) салаларына қатысты тақырыптарға жіктеп, сөзжасамдық типтерді анықтайды. Күрделі сөзжасамдық типтер туынды атаулардың сыртқы  құрылымдық тұрпатымен және ішкі семантикалық белгілерімен анықталатынын көрсетеді. Критерий ретінде олардың үш түрлі ерекшелігіне тоқтайды: Бірінші туынды атаулардың лексика-грам­матикалық ерекшелігі; екінші туынды атау мен тудырушы негіздердің мағыналық қатынасындағы ерекшелігі; үшінші туынды атаудың жасалуындағы сөзжасамдық құралдар мен тәсілдердің ерекшелігі. Күрделі атаулардың семантикасына  байланысты олардың көпмағыналы, синонимдік, омонимдік сипатын ашып көрсеткен. Сөзжасамды зерттеу­шілер күрделі атаулардың жасалуында метафо­ралардың қызметіне жете мән бермегенін ескертіп, оларды қызметіне қарай: атауыштық  метафоралар (егеуқұйрық, бізтұмсық), танымдық метафоралар (ғаламшар, тұсаукесер), экспрессивті-бағалаушы метафоралар (жексұрын, оқжылан), т.б. деп саралап зерттеген. Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімінде сөзжасамға қатысты бұрынғы теориялық тұжырымдар негізінен дара атауларға байланысты  болып келгені, бұл тұжырымдар  күрделі атаулар мәселесін толық шешуге мүмкіндік бермейтіні белгілі. Балқия Қасым еңбектерінде күрделі атаулардың теориялық негіздері екі басты мәселенің: уәждеме және аталым маңында дамытылып, күрделі атаулардың дербес лексема мәртебесіне ие болуының заңдылықтары ашылған. Жоғарыда айтылғандай, тұжырымдамаларды қазақ сөзжасамының әлі де қалыптасу үстіндегі композиттану теориясын дамытып, жетілдіруге қосылған маңызы зор үлес деп бағалауға болады. Ғ. ҚАЛИЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы.