Саясат • 12 Желтоқсан, 2020

Берлинде "жасыл экономика" саласындағы ынтымақтастық мәселесі қарастырылды

402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Германияға сапары шеңберінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz

Берлинде "жасыл экономика" саласындағы ынтымақтастық мәселесі қарастырылды

Елімізге қызығушылық білдіретін бірқатар неміс компанияларының басшылығымен және Германия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Мигель Бергермен кездесіп, екі мемлекет арасындағы өңірлік ынтымақтастық пен қауіпсіздік жөніндегі өзекті мәселелерін талқылады.

Сол күні отандық дипломат қазақстан-герман сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша маңызды алаң болып табылатын Берлин еуразиялық клубының 30-шы мерейтойлық отырысына қатысты. Отырыс барысында Еуропалық одақтың "Green Deal" бағдарламасын және Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру, "жасыл энергетика" және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, сондай-ақ ЕО-ның "жасыл" және цифрлық экономикаға көшуге қажетті шикізаттың сыни маңызды түрлерін жеткізу салаларындағы екіжақты қазақстан-герман ынтымақтастығы мәселелері қарастырылды.

Іс-шараны Қазақстанның Берлиндегі Елшілігі мен "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Герман экономикасының шығыс комитетімен (ГЭШК) бірлесіп ұйымдастырды. Өзекті эпидемиялық ахуалға байланысты отырыс гибрид форматында өткізілді, ал қатысушылардың іс-шараға интернет арқылы қатысуға мүмкіндігі болды.

Клуб отырысын Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, Сыртқы істер министрінің орынбасары М. Баймұхан, Германия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы М. Бергер және ГЭШК Басқарма төрағасы Оливер Гермес ашты. Тақырыптық баяндамаларды Қазақстанның Геология, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікққали Брекешев, "Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ЗТБ Атқарушы директоры Николай Радостовец, "DERA" Германияның шикізат агенттігінің жетекшісі Петер Буххольц, Неміс энергетикалық агенттігінің (dena) басшысы Андреас Кульман, Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының Басқарма төрайымы Жанна Қазжанова мен "REDPATH DEILMANN GmbH" компаниясының басқарушы директоры Йохан Грайнахер жасады.   

Пікірталасқа сонымен қатар екі елдің үкіметтік және іскерлік топтарының, салалық бизнес қауымдастықтарының өкілдері, оның ішінде  Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов, "Volkswagen", "BMW", "SAP", "Knorr-Bremse", "Deutsche Bahn", "Weidmüller Holding", "Henkel", "Linde", "Hermann Paus Maschinenfabrik GmbH", "DMT GmbH" және т.б. компаниялардың басшылары қатысты.

Өзінің кіріспе сөзінде Р.Скляр "жасыл экономиканы" дамыту Қазақстанда тиісті саясаттың негізгі бағыттарының бірі екендігін атап өтті. Ол өнеркәсіпті энергия тиімді цифрландырудың даму келешігіне, төмен көміртекті дамуда және қоршаған ортаны қорғауда энергияны үнемдеудің рөліне назар аударып, геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалар туралы баяндады.

Өз кезегінде М.Бергер 2020 жылдың 1 шілдесінде басталған Германияның ЕО Кеңесіне алты айға ротациялық төрағалығы шеңберінде қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы айтып өтті. COVID-19 пандемиясымен қатар, ең маңызды жобалардың бірі 2050 жылға дейін "климаттың бейтараптылығына" жетуге мақсатталған еуропалық "Green Deal" бағдарламасы болып табылады.

1

Сонымен бірге, М.Баймұхан еліміздің климатты қорғау жөніндегі жаһандық күш-жігеріне бейілдігін атап өтті және «жасыл» технологиялардың Қазақстанда да, «жасыл өлшемдерді» сақтауға тырысатын басқа елдерде де экономикалық өсу мен әлеуметтік әл-ауқаттың әлеуетті катализаторы ретінде маңызды рөлін атап өтті.

Панелдік пікір алмасу барысында «жасыл энергетика» саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері бойынша жемісті пікірталас өтті. Тараптар 2012 жылдың 8 ақпанында Қазақстан мен Германия арасында қол қойылған Шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық серіктестік туралы үкіметаралық келісім шеңберінде ынтымақтастықты белсендету бойынша бірлескен қадамдарды қарастырды. БЕК отырысына қатысушылар сонымен бірге пандемияның екіжаөты байланыстарға жағымсыз салдарын азайту үшін іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастыруға ниетін білдірді.

Берлин еуразиялық клубы 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германияның бұрынғы вице-канцлері, сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншердің бастамасы бойынша құрылды. Клуб бейформалды диалог алаңы ретінде Қазақстанның, Германияның және Еуропаның басқа мемлекеттерінің саясаткерлері, халықаралық байланыстар жөніндегі сарапшылары, ғылыми-қоғамдық және іскерлік топтарының өкілдері үшін ашық. 2019 жылдың желтоқсанда БЕК-тің 28-ші отырысына қатысушылардың алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, екіжақты ынтымақтастықтың қоғамдық-саяси және сауда-экономикалық мәселелерінің кең спектрін талқылау үшін БЕК-тің белгілі алаң ретіндегі маңыздылығын ерекше атап өтті. 

Агроөнеркәсіптік саласындағы ынтымақтастыққа арналған БЕК-тің алдыңғы 29-шы отырысы 2020 жылдың 24 маусымында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша неміс инвесторлармен жұмыс бойынша үкіметтік жұмыс тобына жетекшілік еткен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың төрағалығымен онлайн форматта өтті.