12 Желтоқсан, 2020

"Қазақстан жастары – 2020" Ұлттық баяндамасы сараптамалық талқылаудан өтті.

358 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін, 12 желтоқсанда, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Ораловтың қатысуымен "Қазақстан жастары – 2020" ұлттық баяндамасының сараптамалық талқылауы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

"Қазақстан жастары – 2020" Ұлттық баяндамасы сараптамалық талқылаудан өтті.

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен "Қазақстан жастары" ұлттық баяндамасының сегізінші басылымын дайындады. Баяндама соңғы ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік органдардың тиісті ресми статистикасын талдауға сүйене отырып жасалған. Баяндама жалпы 6000 респондентті қамтыған 3 бұқаралық әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелеріне негізделген. Қазақстан жастары туралы ұлттық баяндамада 8 бөлім бар және сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарын ескере отырып, талқылау нәтижелері бойынша пысықталып, көпшілікке ұсынылмақ.

Биыл COVID-19 коронавирустық инфекция әлемдік пандемиясының қазақстандық жастардың жағдайы мен тіршілігіне әсері зерттелгенін атап өткен жөн. Ұлттық баяндама уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті практикалық ұсынымдар мен ұсыныстар дайындады. Сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы, фокус-топтық зерттеулер негізінде нақты шаралар әзірленген. Ұлттық баяндаманың сараптамалық талқылауына қазақстандық сарапшылар – "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының негізін қалаушы әрі ғылыми кеңесші Б.И. Ракишева, саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі А.А. Сарым, BTS Education білім беру жобаларының жетекшісі С. Нұрбек, "Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры А. Чеботарев, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығының вице-президенті Ж.М. Сәбитов, сонымен қатар шетелдік сарапшылар – Питцер-колледжінің ұйымдастырушылық зерттеулер кафедрасының адъюнкт-профессоры Барбара Джунисбай (Калифорния, АҚШ), Назарбаев Университетінің доценті Каса Рита (Рига, Латвия) және т.б. қатысты.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі: "Ұлттық баяндама – бұл зерттеу тобының кешенді жұмысының және де әртүрлі саладағы мамандардың өзара әрекеттесуінің нәтижесі. Құжаттың басты ерекшелігі – жастардың ұстанымдарын ескере отырып жасалғандығында. Жастардың пікірі – әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесі. Сол нәтижеге сүйене отырып қазақстандық жастардың өмірінің негізгі салаларындағы жағдайы зерттелді, біздің жастарымызды толғандыратын мәселелер айқындалып, шешу жолдары ұсынылды, жастар саласын одан әрі дамытудың тенденциялары анықталды", деп атап өтті.

BTS Education білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек қазақстандық жастар бойынша ұлттық баяндаманың қолданбалы аспектісіне назар аудару қажет екендігіне тоқталды. Айдос Сарымның пікірінше, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы – бірегей орталық, сондықтан оның негізінде қазақстандық жастардың мәселелері бойынша барлық зерттеулер жинақталатын ортақ платформа құру керек. Али Авджу Сейт, Йылдырым Беязыт университетінің PhD профессорының (Анкара, Түркия) пайымдауынша, Қазақстанның білім беру жүйесінде бірнеше мәселе бар. Мұғалімдердің жалақысы төмен. Оқушылар мұғалім мамандығын көбірек таңдауы үшін мұғалім мен педагог мамандығы тартымды болуы керек.

"Мен үкіметтің бұл проблемаларды білетініне және оларды шешу үшін шаралар қабылдап жатқанына қуаныштымын», деді ол. Питцер-колледжінің ұйымдастырушылық зерттеулер кафедрасының адъюнкт-профессоры Барбара Джунисбай, (Калифорния, АҚШ) болса, "жастарды атқарылған істің «соңғы пайдаланушысы" немесе "пайда көрушілері" деп қарастырғаннан гөрі, оларды неге басынан бастап шешім іздеу үдерісіне қатыстырмасқа?", деді ол.

Бұл екі оң нәтижеге: 1) бағдарлама нәтижелерінің одан әрі жақсаруына; 2) жастарға саясатты құруға саяси, азаматтық және жеке қатысуға қажетті мүмкіндіктер беріп, сол арқылы осы процестің әр кезеңінде елдің дамуына үлес қосуыне жеткізуі мүмкін.

Ал Назарбаев Университетінің доценті Каса Рита (Рига, Латвия): "Ұлттық білім беру – бұл қоғам өмірінің басқа салаларымен тығыз байланысты экожүйе. Жүйе бойынша білім беру сапасын арттыру білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту мен көшбасшылық үдерістерін жақсарту және оқытудың формальды және формальды емес тәсілдерін енгізу бойынша бір мезгілде және үйлесімді әрекетті талап етеді, бұл "Қазақстан жастары – 2020" баяндамасында ұсынылған", деді.

баяндама – сарапшылар мен барлық деңгейдегі әртүрлі саланың өкілдері арасындағы кешенді жұмыс пен өзара әрекеттің нәтижесі. "Қазақстан жастары – 2020" ұлттық баяндамасының жаңалығы мен өзектілігі: бұл – құжатта сарапшылар мемлекет пен азаматтық қоғам жаһандық коронавирус пандемиясы аясында жастарға қалай және қандай көмек бере алады деген сұрақтарға жауап табуға талпыныс.