Қоғам • 16 Желтоқсан, 2020

Атамекенін аңсап жеткендер

409 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарында сағынышы байыз тап­тыр­­май, атажұртына қо­ныс аударған сырттағы қан­­дастарымыздың саны бүгінде миллионнан асты. Бұл отандастарымыздың әрқайсысының елге кел­ге­ні – қазақ баласы үшін елеулі оқиға, үлкен жаңалық. Әсі­ре­се, ұлы көштің алғашқы легімен жеткен қандастарымыздың атамекенінің топырағына табаны тиген кезі ерекше тарихи оқиға саналады.

Атамекенін аңсап жеткендер

– Шетте жүргенде атажұртты аңсаумен өмір сүрдік. Әке-шешеден бойға сіңген мұңлы әуен бізді өнер ортасына әкелді. Олар сияқты біз де әнімізбен атамекенге деген сағынышымды бастық. 1991 жылы 16 желтоқ­сан­да Қазақстанның Жоғар­ғы Кеңесі «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының тәуелсіздігі туралы» заң қабылдады. Жүректі тебіренткен сәт болды, – дейді еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң көп ұзамай атажұртына отбасымен бірге алып-ұшып жеткен Бақыт Қыдырханұлы Бақдәулет.

Осы жылы Елбасы Н.Назар­ба­ев «Алыстағы ағайын­дар­ға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады. Хатта «Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарыл­қасын» деген ақ тілектер айтылған. Осы хат шетелдегі бү­кіл қазақты рухтандырды. Баян-Өлгейге, Қобда аймағына кел­ген жүк көліктері ұлы көштің жүгін тиеп, ұшақтар тоқтаусыз ұшып жатты. Еліміздің әр облысынан Баян-Өлгейге келіп, шарт жасап, бәрімізді елге қарай әкетіп жат­ты.

– Жүрек ауыртқаны – сол жақта қалып бара жатқан ата-баба бейіттері еді. Моңғолдар салт-дәстүрлеріне сай бізді соңы­­мыз­дан сүт шашып, шыға­рып салды. Әке-шешемді, әйе­лім­ді, бір жарым жастағы Гүлнұр, Нұрболат, Нұргүл атты үшем перзенттерімді, Меңді­көл деген алты айлық нәрес­те­мізді алып, біз де атамекен­ге қарай жолға шықтық. Дәл сол жылы Өлгейде үй салып бітірген едім. Ештеңеге де қараған жоқпыз. Анамыздың өз қолымен жаса­ған алты қанат ақ киіз үйін де буып-түйіп алып келдік. Ту­ған-туыс, қалған аға­йын да осы­­лай бірімізден соң бірі­міз көш­ке ілесе елге жеттік. Бар бай­­лығымыз – қос қартымыз, 4 баламыз, перзент­теріміздің бесік­тері, қолөне­рі­міз, ән-күй­ле­рі­міз, киіз үйіміз еді. Біздер үшін 1991-1992 жылдар мәңгі есімізде қалды, – дейді Бақыт бауырымыз.

Содан, Ақсу қаласына қарас­ты Құркөл ауылына келіп, қо­ныс­­танады. Орта толтырып, Моң­ғолиядан көптеген отбасы кө­шіп келеді. Ерлер жағы келе сала қой бағуға шығады. Әйелдер үйде отырып ою ойып, сырмақ әшекейлеп, іс ті­ге­ді. Бақыттың анасы Күлилә сыбыз­ғы­шылар әулетінде өс­кендіктен, сыбыз­ғы­сымен көне әуендерді әуеле­тіп, жергі­лік­ті халықты таң­ғалды­ра­ды.

Жергілікті халықтың қалаға қарай үдере көше бастаған кезі. Бақыт Қыдырханұлы ауыл­дың клуб меңгерушісі, әрі отын жа­ғу­шысы, әрі күзетшісі, әрі еден жуушысы болады. Әйелі Күлән мек­тепте қолөнер үйір­ме­сін ашып, балаларды осы өнерге үй­рете бастады.

– Біз келгенде жергілікті ха­лық, бала-шаға орысша сөй­лей­ді екен. Мектеп орыс тілді. Олар біздің тіршілік ырғағымызға таңырқай қарайды. Шеттегі қазақпен бірге бұрынғы салт-дәстүр, ән-күйіміз, қазақ тілі қай­та оралды. Өзім құрған «Ата­мекен­нің» алғашқы қадамы ауыл тойынан басталды. Бірнеше ескі домбыра, баян, дауыс ұлғайт­қыш аспаптар, микрофон­дар сатып алдық. Тойларда ән сал­дық. Бір күні ауыл әкімі Қар­шы­ға ағамыз: «Біздің ауылға Нұрсұлтан Назарбаев келе жатыр. Апамыздың аппақ киіз үйін құруымыз керек», демесі бар ма. Сол 1993 жылы елімізде шаруа қожалықтары енді құрылып жатқан кез. Біздің облыста алғаш рет Құркөл ауылы жекеменшік шаруа қожалықтарына бөлінген еді. Киіз үйді құрдық. Айнала қалың кісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ата-бабаларымыздың аманатын арқа­лап жеткен қасиет­ті киіз үйдің табалдырығын аттады. Анамызға амандасты, бәрімізге арман болған Нұр­сұл­тан ағамызды көріп, Алла­­ға шүкір дестік, – дейді Бақыт Қы­дыр­ханұлы өткен күндер­ді еске алып.

Айтпақшы, бұған дейін бұл киіз үйге 1980 жылы Моңғолия басшысы Ю.Цеденбал да кіріп, дәмнен ауыз тиіпті. Баян-Өлгей жағында Серікбай деген Социа­лис­тік Еңбек Ері, атақты малшы болған екен. Атқарушы билік адамдар «Серікбаймен кездесуге Ю.Цеденбал келеді» деп Күлилә анамыздан алты қанат киіз үйін сұрап алған екен...

– Біздің киіз үйімізге екі мем­­лекет­тің басшысы, көптеген жақ­сы мен жайсаң бас сұққан, – дейді Бақыт бауырымыз анасы­ның қолынан шыққан аппақ киіз үйін қадір тұтып.

Баян-Өлгей аймағы, Алтан­цөгц сұмыны Цагаантүнгэ деген жерде туып-өскен Бақыт Қыдыр­­ханұлы елге оралған соң «Ақсуым», «Жасай бер, елім Тәуелсіз!», «Астанам», «Туған жерім» және тағы басқа да 20-ға жуық ән жазады. Бір­­неше күй шығарды. Халқы­мыз­дың ұмыт бола бастаған көне ән-күйлерін қайта оралту мақсатында «Атамекен» ансам­блін құрды. Ансамбль ауыл­дық, аудандық, облыстық мәдени ша­раларға белсене қатысады. Алғашқы жылдары-ақ облыс­тық «Халықтар достығы фести­валіне», «Ауыл» жылына ар­нал­ған аймақтық байқаудың бас жүлдесін иеленді. 2008 жылы халықаралық «Түркістанды аңсау» этномәдени байқауында Павлодар облысы атынан қа­ты­­сып, 2-орын алды. Ал 2009 жылы елордада өткен еліміздің кө­р­кемөнерпаздар ұжым­да­ры­ның байқауында «Ата­ме­кен» ансамблі «Халық­тық отба­сылық ансам­блі» ата­ғын енші­леді.

Репертуарларында «Япу­рай», «Алтынай», «Пай-пай, керім», «Жанайым», «Көкем-ай», «Жеңеше-ай», «Қо­рғаш-ай» сияқты 50-ге жуық ән, «Ат келді», «Сарыала қаз», «Бей­біт­ші­лік құсы», «Сал торы» секілді 10-нан аса күй бар.

Қазір Бақыт Бақдәулет пен Күлән Хойлыбайдың отбасы Үштерек ауылында тұра­ды. Ауылдағы «Достық» мәде­ни ойын-сауық кешенінде «Ата­ме­кен» халықтық отбасылық ан­самблін басқарады. Күлән бастауыш сыныптарға сабақ береді. 1981-1985 жылдары Моңғолия Мемлекеттік уни­­­верситетінің моңғол тілі-жур­­налистика факуль­тетінде оқы­ған Бақыт та мектепте музы­ка пәнінен қосым­ша дәріс жүргізіп, ауыл балаларын өнер­ге баулуда, ұлттық аспаптарда ойнауға үйретуде.

Бұл ауылдың дені Моң­ғолия­дан ең алғашқы болып елге орал­ған ағайын. Барлығы да елге оралғандарына, бұл бақытты тағдырларына тәуелсіздік себепкер болғанына қуанады. Атаме­кен­дерінде Бақыт пен Күләннің Арай, Нұрайым, Динара, Нұр­мұ­хаммед, Аруоза, Нұрәли, Нұртуған, Ақтілек, Бекасыл деген немерелері өсіп келеді.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы,

Үштерек ауылы