«Хабар» агенттігінің Тәуелсіздік күніне тарту етіп, ел намысын қорғап жүрген айтулы азаматтардың құрметіне арналған мерекелік клипін көрермендер өте жылы қабылдауда.
Бейнебаян Алматы қаласындағы Қазақфильм киностудиясында түсірілген. «Қазақтың ұлдары» деп аталатын әннің сөзін ақын Рахат Әбдірахманов, ал музыкасын Ерболат Досболатұлы жазған.
Максим туралы көзіқарақты көрермен қауым жақсы білуі тиіс. Жас өрен былтырғы өткен «Junior Eurovision-2019» халықаралық ән байқауында Қазақстанның намысын қорғап, екінші орын иемденген болатын. «Бұл клип мереке қарсаңында жақсы тарту болды деп ойлаймын. Өйткені бұл өлең де, бейнебаян да қазақ тарландарына арналған. Бейбіт еліміздің бүгінгі батырларына көрсетілген құрмет. Біз өз тарапымыздан Ержан Максимді қолдау мақсатында осындай бейнематериалды түсіруді жөн санадық», деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина.
Клипке Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, кәсіби боксшы Жанқош Тұраров бастаған спортшылар мен бір топ әнші түскен. Режиссері – Нұрсерік Қамбар. Тың туынды туралы Максимнің өзі: «Қазақтың жігіттері бір-бірін қолдап жүрсін деген ниетпен осы әнді шығардық. Түсірілім барысы өте керемет өтті. Өзімізге қатты ұнады және де клип өте қызық болды. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», деп ризашылық білдіруде.