Қоғам • 21 Желтоқсан, 2020

Эндопротез – буынның екінші өмірі

1150 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты (ТОҒЗИ) – республика бойынша травматология және ортопедия саласына маманданған бірден-бір клиника. Ашылған сәтінен бастап мұнда әлемнің 30-дан аса үздік өндірушілері жасаған ұршықбуын эндопротезі апробациядан өткізіліп, толықтай енгізілді. Институт қызметкерлерінің 20 мыңнан аса ірі буындарды имплантациялауда тәжірибесі бар.

Эндопротез – буынның екінші өмірі

Эндопротездердің танымал модель­де­рі­мен қатар ТОҒЗИ-дың өзіндік әзірлемесі – ұршықбуынның цементсіз бекітілетін «ҚазНИИТО: Н.Батпенов моделі» эндо­про­тезі сәтті қолданылады. 2015 жылдың желтоқсанында ғалымдар бұл әзірлеме үшін әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болған.

Былтыр қазан айында елордада Еуразия кеңістігінен жиналған травматолог-ортопедтердің ІІІ съезі және травматолог-ортопедтердің VII Еуразиялық конгресі өткен еді. Сонда әзербайжандық медицина ғылымының докторы, профессор Я.Джалилов Қазақстанда Нұрлан Бат­пеновтың басшылығымен Трав­ма­тология және ортопедия ғылыми-зерт­т­еу институтының ашылуы саланы дамытудағы көрегендік болғанын айтты. «Бұл жұмыс бүгінде жақсы нәтижесін беріп, жемісін көріп жатырсыздар. Біз, әзербайжандық, өзге де кеңестік кеңістіктен шыққан мамандар осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалымдардың баяндамасын тыңдау үшін қалтамыздан ақша шығарып шекара асамыз. Ал сіздердің өскендіктеріңіз сондай, саланы дамыту арқылы конференция, конгресс өткізетін жағдайдасыздар. Осы арқылы қаншама озық тәжірибелерді жүзеге асырушыларды шақырып, отандық ортопедия мен травматологияның көкжиегін кеңейтіп отырсыздар. Ал біз болсақ, осы жиындардағы баяндамалардың жинағын дәрігерлік қызметіміз барысында таптырмас анықтама, энциклопедия ретінде пайдаланамыз. Қазақстан медицинасы өз еліне ғана емес, бізге де көмегін тигізуде», деген-ді.

Иә, қиын күндерде ашылған институт бүгінде саладағы іргелі орталыққа айналды. Ғалымдар мен дәрігерлер түрлі деңгейдегі жарақатты емдеу және опе­рация жасау ісінде айтарлықтай ізде­ніс­терімен шетелдік әріптестерін де мо­йындатқан. Көп жұмыстың ішіндегі ма­ңыз­дының бірі – эндопротез, буын алмас­тыру мәселесі.

Адам ағзасы – жаратылысында өте қызық құбылыс. Мықты деген темірдің өзі уақыт өте келе қажалады, тас мүжіледі дегендей, адамның жасы ұлғаюымен оның буындарындағы сұйықтық жоғалады және буындары әбден тозып, ескіреді. Соның салдарынан үлкендер тарапынан «Аяқ басқан сайын ауырсынып, тіпті ақсап, артроз дамып, тобанаяқ болып, үйден шыға алмай отырмын» деген сөздерді жиі еститініміз рас. Дегенмен сол аяғын баса алмай қалған жандардың уақыт өте келе түк болмағандай алшаң басқанын көріп таңданғанда, мұңдай ғажаптың ТОҒЗИ қабырғасында жасалғанын естідік.

Осындағы №4 ортопедия бөлім­ше­сінің меңгерушісі, м.ғ.к. Алексей Белоко­бы­ловтан буын алмастыру жайын сұрап сөйлестік. «Жас ерекшелігіне байланысты болатын өзгерістерден басқа, буындарға кері әсер ететін көптеген аурулар бар. Оларға ревматоидтық патологиялар, подагра жатады. Сондай-ақ туа біткен патологиялар да кездеседі. Енді бір сап-сау жүрген жан жарақат салдарынан буындарына зақым келтіреді. Кез келген аурудың адамды шаршататынын өзіңіз де білесіз. Ал егер бұл ауырсыну бірнеше айға созылса, жан қинаумен қатар мүгедек болып қалу қаупін төндіреді. Міне, осы жерде пациентті эндопротездеу – науқастың зақымдалған буынын жасанды буынмен алмастыратын хирургиялық операция құтқарады. Көп жағдайда операция буын функциясын толықтай қалпына келтіреді. Ауырсыну, ақсақтық жоғалады, егер қандай да бір қисықтық болса, түзе­ті­леді, адамдар әдеттегі өмір салтына ора­­ла­ды. Әлемдік статистикаға сәйкес, жер жүзіндегі барлық ауыстырылатын буын­дардың 97 пайызы тізебуындар мен ұршықбуындар. Бұл – біздің бас­ты мәселеміз. Кез келген қарт адамды ал­са­ңыз, бәрінің тізесі ауырады. Қалған 3 па­­йызын иық буындары, саусақтары, қол­­дары, шынтақтары мазалайды», дейді дә­рігер.

Буынның тозғанының азабын тартқан жанның бірі көкшетаулық Мұрат Ыдырыс­ұлы бастан кешкенін баяндап берді. «Бір жыл көлемінде қатты қиналдым. Түркияға бардым, елордада қытайлық дәрігерлерге қаралдым, Шымкентте жаңа базар деген жерде ғаламат емші бар дегенді естіп сол жаққа да жол тарттым. Түнде ұйқы жоқ, ауырсынып баса алмай, бара-бара бал­дақсыз қозғала алмайтын болдым. Нев­рология бөлімшелерінде бірнеше рет жатып та шықтым. Еш көмек жоқ. Диаг­нозды дұрыс қою қиынға түсті. Әркім әрқалай айтады. Содан баламның жол­дасы ТОҒЗИ-ға қаралу жөнінде кеңес берді. Мұнда қаралуға келгенде КТ, рентгеннен өткен соң диагнозымды бірден қойып, бір аптадан кейін ауруханаға жатқызды. Жаныма батқаны соншалық, квота күте алмайтын едім. Ақылы түрде 2020 жылдың 3 ақпанында жатып, 5-інде операция жасады. Алексей Белокобылов пен Валерий Серікбаев бастаған жігіттер ойдағыдай атқарып, ертеңіне-ақ «аяғыңызды басыңыз» деген. Қазір күніне 10 мың, 15 мың қадам жер жүремін. Жазда өздері шақырып тексерді, алда тағы бір тексерілуім бар. Ауырған буынның қай жерде екенін ұмыттым» дейді.

Алексей Александровичтен жалпы медициналық тәжірибеде қандай буын­дарды ауыстыруға болатынын сұра­дық. Ол «ТОҒЗИ көп салалы институт бол­ған­дықтан, мұнда травматология мен ортопедияға қатысты көптеген манипуляциялар жасалады. Біз кез келген қиын жағдайды жеңе аламыз. Көбінесе ревматоидты артритпен ауыратын, бірнеше жылдан бері төсектен тұрмаған, бір емес бірнеше буыны, тізесі мен жамбасы зақымданған адамдар келеді. Ондай жандарға кезең-кезеңімен үш-төрт операция жасаймыз, кейіннен ол жүре бастайды. Бұл ғажап емес пе? Шындығында, адам ағзасын ауыстырғанға тең таңғажайып дүние. Сонымен қатар өте күрделі операциялар жасаймыз. Елестетіп көріңізші, ауырған, іске жарамайтын буынды алып тастап, жасанды буын имплантациялаймыз, артынша ол сол адамның өз ағза­сын­дай жұмыс істейді. Бәрі жақсы бол­ған жағдайда біздің науқастарымыз спортпен де шұғылданады және өздерін ешнәрседен шектемейді. Бұл шындық, өйткені біздің пациенттердің арасында әскер адамдары, полиция қызметкерлері және ауыр физикалық күш түсетін жұ­мыс атқаратын адамдар да бар» дейді А.Белокобылов

Дәрігерлердің ескірген буынды алмас­тыру бойынша айтарлары біраз көрінеді. Негізі буынның ауыратынын тұрақты түрде ауырсынудың тууынан, қозғалыста шектеулер болғаннан-ақ білуге болады екен. Мысалы, егер тізеңізді толықтай түзете алмасаңыз, отырып-тұруыңыз қиындап, ауырсынсаңыз, тіркелген жеріңіз немесе тұрғылықты мекенжайыңыз бо­йынша емханадағы травматолог-ортопед дәрігерге қаралуыңыз керек. Тексеріліп, зақымданған буынның рентгенография­­сы жасалғаннан кейін дәрігер одан әрі емдеу тактикасын анықтайды. Ауру­дың алғашқы кезеңінде, әдетте, кон­сервативті ем тағайындалады. Кон­сер­вативті жолмен емдеу дәрменсіз бол­ған жағдайда хирургиялық араласуға жү­гі­не­ді. Буындарында ауыр аурулары бар науқастар үшін эндопротез салу – бұл то­лыққанды өмірге оралудың жалғыз мүм­кіндігі.

Жарайды, эндопротез жасау керектігі анық екен, ал оның жасалмайтын кездері, операцияға қарсы көрсетілімдері бар ма? Дәрігердің айтуынша, операцияға қарсы көрсетілімдер абсолютті және салыс­тыр­малы болып бөлінеді. Бірінші топқа жіті және созылмалы жұқпалы ауру­лар, қатты бір неврологиялық аурулар, асқыну сатысындағы психикалық аурулар жатады. Артық салмақ пен бұлшықет атрофиясы, әдетте салыстырмалы қарсы көрсетілімдер деп аталады, себебі оларды түзетуге болады.

Маңғыстау облысы Шетпеден келіп эндопротез жасатушы пациент Асан Оңайтжанұлы 2003 жылы жамбасына эндопротез жасатқан екен. Былтыр жол апатына түскенде протезі тайып кетіпті. Енді соны түзеттірген Асан: «Екі сағатта жасалған операцияда жамбастың жілікпен бекитін ойығын үлкейтіп, соған протез салды. Институтқа жан-жақтан қаншама адам балдақпен келіп, өз аяғымен жүріп кетеді, бұл үлкен көмек қой, осындай күрделі дүниелердің елімізде жасалғаны қандай қуаныш», дейді.

Қазіргі эндопротез берік төзімді қорытпалардан жасалады. Бірнеше металл бөлігі – титан, хром, кобальт және басқа да сырғымалы қасиеттерді бойына жинақтаған протездердегі бір-бірімен жанасатын бөлшектерді амортизациялау және үйкелістен тозбауын жақсарту үшін полиэтиленнен немесе керамикадан істелінген қосымша астар да пайдаланылатын көрінеді. Эндопротездің орташа қызмет ету мерзімі пациент дәрігердің барлық ұсынымын сақтаған жағдайда шамамен 15-20 жылды құрайды.

Қай істің де қиюын келістіру соны атқарушы маманның білігі мен біліміне, кәсібилігіне, тәжірибесіне байланысты екені анық. Ал орталықта ондай мамандар баршылық. Тіпті институт тарихында сонау кеңестік үлгідегі ұршықбуын эндопротезінің пациентке шамамен 40 жыл қызмет еткені сақталған. Және ол пациент кәсіби түрде күреспен айналысып, эндопротезден кейін де республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болған жан болса, оны қондырып берген ТОҒЗИ негізін қалаушы және алғашқы директоры, ҰҒА академигі, республиканың травматология-ортопедия саласының дамуына зор үлес қосқан, сол кездегі жас дәрігер, еңбек жолын Целиноград қаласының облыстық клиникалық ауруханасында бастаған марқұм Нұрлан Батпенов еді. Ол – 1996 жылы Қазақстанда алғаш рет ұршықбуынды заманауи неміс және швейцариялық эндопротездермен эндопротездеу, ал 2003 жылы тізе буынын эндопротездеу әдісін қолданған жан.

ТОҒЗИ ашылған күннен бастап АҚШ, Швейцария, Германия, Франция, Түркиядан келген үздік әлемдік өндіру­ші­лердің ұршықбуыны мен тізебуыны эндопротездерінің 30-дан аса моделін сынақтан өткізіп, енгізіпті. Соңғы жылдары ТОҒЗИ-дың үш клиникалық бөлім­ше­сін­де ашылған Республикалық эндопротездеу орталығында жыл сайын тізе және ұршықбуынын эндопротездеудің 1500-ден аса операциясы жасалады, оның жартысынан көбі күрделі және ревизиялық протездеуге тиесілі.

Сирек кездесетін түсті металдардың эндопротездеудегі орнын білдік. Осы рет­те отандық өнертабысты өндіру про­це­сін қан­шалықты жолға қоюға болатыны қызық­тырады. Елімізде аталған ба­ғытта жұмыс басталып кеткен. Бірақ бұл тек материалдардың болуын ғана емес, сонымен қатар жоғары білікті кадр­­­­­ларды да қажет етеді. Медициналық мақ­сат­тағы бұйымдар өндірісін ашу үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Д.Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан техникалық университеті мен ТОҒЗИ «Травматология және ортопедия арасында одан әрі пайдалану үшін титан және сирек кездесетін металдардан өнім шығару» бойынша жол картасы әзірленді. Травматология және ортопедия үшін қажетті бұрандалар, пластиналар, өзектерді қамтитын бірінші кезектегі импланттардың алдын ала тізбесі жасалды. Травматология және ортопедия ҒЗИ жағдайында қорытпа үлгілері бойынша клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізілді. Жақын арада клиникалық зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.