Туризм • 24 Желтоқсан, 2020

«Қызылоба» – Алтын Орданың 750 жылдығына үлкен сый

665 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр Солтүстік Қазақстанның Уәлиханов ауданындағы Береке ауылының маңындағы «Қызылоба» деген жерден Алтын Орда хандары мен ханшалары және басқа да төрелері жерленген оба табылғанын оқырмандар жақсы біледі. Еліміздің барлық ақпарат құралында бұл туралы кеңінен жазылды. Өзіміз де «Егеменнің» бетінде ол туралы 2-3 рет жаздық. Оны қазуды Павлодар мемлекеттік университетінің Margulan centre орталығынан Тимур Смағұлов пен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Анатолий Плешаков бастаған археологиялық орталықтар бастаған еді.

«Қызылоба» – Алтын Орданың 750 жылдығына үлкен сый

Ақмола облысында ағатын Сілеті өзенінің бойында ортағасыр­лық архитектураның, мәдениеттің ескерткіштері бар екенін ал­ғаш рет Әлихан Бөкейханов өзі­нің «Ақмола уезі Қорғалжын бо­лысындағы Сілеті өзеніндегі обалар тізімі» деген еңбегінде айтып кеткен болатын. Артынан академик Ә.Марғұлан да оны растаған. Өткен ғасырдың 80-90-жылдары осы жерлерді Солтүстік Қазақстан уни­верситетінің А.Плешаков бас­таған архитектуралық тобы бір­шама зерттеген. Бірақ қазба жұмыстарын жүргізбеген. Өйт­кені мұндай обаларды зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізуге Ке­ңес Одағында 1944 жылы қатаң тыйым салынған. Барлық тарихты, өркениетті өмірді тек өздерінен бастағысы келген компартия билі­гі ежелгі тарихтың бәрін жоққа шы­ға­руды қалап, осындай шешім жасаған екен.

Ал еліміз Тәуелсіздігін алған соң, 2003-2007 жылдары бұл жерді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінен археолог Т.Смағұлов бастаған экс­педиция қазған болатын. Алай­да олардың қазбаларынан айтар­лықтай ескерткіштер табылмай, тек былтырғы қазба ғана нәтижелі болып, бұл жерден кірпіш күй­діретін өндіріс орны, бірнеше тө­релер мен хандардың мавзолейі, сонымен қатар әйелдердің әшекей бұйымдары сияқты артефактар табылған. Археолог Т.Смағұлов оларды 14-16-ғасырларда өмір сүрген Жошы хан династиясының хан-сұлтандары мен төрелері және олардың ханшалары деп бол­жаған. Қабірлерге жерлеу дәстүрі мұсылманша болғандығы да Алтын Орданың Ислам дінін қабылдағаннан кейінгі зираттар екенін де айқындаған.

Сонымен бірге мұнда жерді суару жабдықтарының сілемдері де табылды. Қазылған арықтар, су тартатын шығырдың іздері соны айқындайды. Мұндай жаб­дықтар спутникпен және пилотсыз аппараттармен түсірілген фото­лардан да көрініп тұр. Кера­­микалық ыдыстардың қал­дық­­тары, құмыралар да көп­теп табыл­ған. Ашық далада жат­қан­нан болуы керек, бұл обаларға бағалы заттарды қазып алуды ғана көздейтін «қаражүрек ар­хео­логтердің» қолы жетпеген екен. Тың көтеруге келген ұры-қа­рылар да бұл обаға тиісе алмапты.  Тимур Смағұлов бұл жерде 14-16-ғасырларда өмір сүрген кем дегенде 7 билеушінің өзі мен отбасы мүшелерінің мавзолейлері бар деген болжам айтып отыр. Осы жеті қорғанның әзірге солтүстік-шығысындағысы ғана қазылды.

Биылғы қазба жұмыстары мавзолейдің конструкциялары ортағасырлық құрылыстарға жататынын дәлелдей түсті. Жаман індеттің кесірінен жарияланған карантиннің жұмысты тежеуіне қарамай  қазба жұмыстары жаз бойы жүргізілген. Жуырда биылғы қазба жұмыстарының есебі жасалды. Былтыр ені мен көлденеңі 30 және 40 метрді құрайтын обаның өзі қазылған болса, биыл оның сол­түстік секторындағы 100 шар­­­шы метр алаң қазылды. Ол мав­зо­лейдің қабырғасы 25х25х5, 25х24х5, 24х24х5 см көлеміндегі кірпіштерден қаланғанын анық­тады. Обаның кірпіштерін қалаған материалдар балшық және алебас­тер құйындылары екен. Солтүстік қабырғаның қалыңдығы 2,45 м, шығыс қабырғасынікі 2,3 м, биіктігі 0,92 м. Әйел адамның қал­дықтары табылған бір обадан салпыншағы бар жарты ай тәріз­дес алтын сырға, күміс оқалар та­былды. 

Солтүстік Қазақстан универ­си­тетінің профессоры А.Плеша­ковтың айтуына қара­ғанда, ен­дігі қазбалар жерленген мүрде­лердің өзін қазуға арналады. Бұл жұмыстар келесі көктемде бас­тал­мақшы. Ғалымның айтуына қарағанда, сол кезде табылған артефактар Қазақстанның оңтүстік-батысында табылған қазба өнім­деріне ұқсас болуға тиісті.

Соңғы жылдары Солтүстік Қазақ­стан аумағында 100-ден аса нысанға қазба жұмыстары жүр­гізілді, нәтижесінде ежелгі адамдардың материалдық және рухани мәдениетін көрсететін көптеген коллекция жиналды. Атақты Ботай, Долматово сияқты археологиялық ескерткіш орындары республикалық мәдени мұра қорына енгізілді. 2020-2021 оқу жы­лының көктемінде университет студенттерін Қызылобаға экс­курсияға апару жоспарланған. Ал 2021 жылғы қазба жұмыстарына «Тарих» және «география-тарих» маман­дықтарын оқитын студенттер мен магистранттар қатысатын болады.

М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан универ­ситеті­нің проректоры, тарих ғылымда­рының докторы Ақмарал Ыбы­раева­ның айтуына қарағанда, ар­хео­лог­тердің олжалары біз құра­мында болған Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтетін биылғы жыл­ға үлкен сыйлық болды. Оның билеушілерінің Қазақстан аума­ғында өмір сүргендігінің айқын көрінісі әрі негізгі орталығы бізде болғандығының бұлтартпас дәлелі  болып отыр.

Бұл қазба олжалары Қазақстан­ның солтүстігіне келетін турис­тер санын молайтуға игі әсерін тигізеді деп болжауға болады.